Қазақстан мен Кения ОА мен Африкаға көпір болмақ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізге мемлекеттік сапармен келген Кения Республикасының Президенті Уильям Рутоны Тәуелсіздік сарайында ресми қарсы алу рәсімі өтті.
Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында екі елдің сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын дамыту перспективасы талқыланады. Сонымен қатар бірқатар құжатқа қол қойылады деп жоспарланып отыр.
— Кения — Қазақстанның Африка құрлығындағы аса маңызды әрі сенімді серіктесі. 1993 жылы елдеріміз арасында дипломатиялық қатынас орнаған сәттен бастап, өзара құрмет пен ортақ мүдделерге негізделген берік әріптестік қалыптастырдық. Сіздің мемлекеттік сапарыңыз екіжақты қатынастарды дамытудағы тарихи кезеңді білдіреді. Халықтарымыз арасындағы достық байланыстарды нығайтуға деген Сіздің жеке ұстанымыңызды жоғары бағалаймын. Нью-Йорктегі алғашқы кездесуіміз бүгінгі тарихи күнге бастау болған дер кезінде жасалған маңызды қадам болды. Мықты көшбасшылықтың арқасында Африка таланттар, шексіз инновациялар мен бірегей мүмкіндіктер құрлығына айналып келеді. Бізді үлкен қашықтық бөліп тұрғанымен, рухани жақындық, жаңғыруға деген ұмтылыс және болашаққа деген сенім біріктіреді. Қазақстан Еуразияның дәл жүрегінде орналасса, Кения — Шығыс Африканың көшбасшы елдерінің бірі, — деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысының пайымынша, бұл жайт екі елдің әріптестігіне екіжақты қатынастар аясынан да әлдеқайда кең маңыз береді. Қазақстан мен Кения бірігіп, Орталық Азия мен Африканы жалғайтын берік көпір құрып, нарықтарды, көлік бағыттарын, инвестициялық ағындарды және жаңа мүмкіндіктерді байланыстыра алады.
— Қазір ғана екіжақты ынтымақтастықтың негізгі перспективаларын талқылап, халықаралық аренадағы өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмастық. Сізге алғыс айтамын. Әңгімеміз өте мазмұнды болды. Егер уағдаласқанымыздай, ынтымақтастығымызды дамытуға қуатты серпін беру үшін бірлескен күш-жігер мен нақты қадамды жалғастыра берсек, мемлекеттеріміз арасындағы достықты нығайтуға қатысты барлық бағытта табысқа жететінімізге сенімдімін. Елдеріміз бейбітсүйгіш әрі белсенді сыртқы саясат ұстанып, көпжақты әлемдік тәртіпті қолдайды. Қазақстан ортақ көзқарасымызды нақты әрі өзара тиімді жобаларға айналдыруға дайын. Сіздің сапарыңыз барысында қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстан мен Кения арасындағы қатынастарды жаңа деңгейге көтеретініне сенімдімін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Abai.kz