Сейсенбі, 26 Мамыр 2026
Маңызды 204 0 пікір 26 Мамыр, 2026 сағат 13:13

Ежелгі Грек философиясы және Түркілік дүниетаным

Суреттер: abai.kz, vk.com сайттарынан алынды.

Бірінші дәріс: Ежелгі Грек философиясы және Әл-Фараби ілімі

ФИЛОСОФИЯЛЫҚ САБАҚТАР: ЕЖЕЛГІ ГРЕК ФИЛОСОФИЯСЫ ЖӘНЕ КӨНЕ ТҮРКІЛІК ДҮНИЕТАНЫМ

Алдыңғы сабағымызда біз Ежелгі Грек философиясына жалпы сипаттама беріп, ол оның ең соңғы өкілі, грек философиясын түйіндеген, біздің даламыздан шыққан философ – Әл‑Фарабидің философиялық ойларына қалай, не себептен ықпал еткенін баяндаған едік.

Әрине, Әл‑Фараби адамзат тарихындағы ұлы тұлға. Алайда, Әл‑Фарабиді дүниетанымдық деңгейде өзінен мың жылға жуық өмір сүрген алыптар: Аристотельге, Платонға, Сократқа «алып келген» көнетүркілік дүниетаныым туралы әңгімені келесі кезекке қалдырған едік... Міне, бүгінгі сабақта осы тақырыпты көтергелі отырымыз.

Тақырыптың өзектілігі неде? 

Жалпы, философияны о бастан дұрыс меңгеру үшін  оның генезисін, яғни, бастапқы стийхиялық даму кезеңін оқып‑білуден  бастау керектігі айқын. Онда: әуелгі философиялық категориялар қалай пайда болды, олар нені түсіндірді, ол қандай зерттеулерге жол ашты, философияда қарапайым ойдан күрделіге қарай қадам басу қалай жүзеге асады деген сұрақтар көтеріледі, әрі, оған жауап беріледі.

Философияны өмірлік мақсат еткен кез келген шәкірт, болашақ ойшыл өзінің білімін осы дүниетанымдық білімді игеруден бастаса ‑  бастапқы кезден‑ақ санасында категориялық ойлау негіздерін қалыптастырып, әрбір категорияның белгілі бір өмір сүру, не болмаса, шексіз табиғаттың даму заңдарымен тығыз байланысты екеніне назар аударып, өзі де небір күрделі құбылыстардың философиялық мәнін ашуға қабілетті бола бастайды.

Бұл – болашақта философқа өзіндік философиялық конструкциялар, философиялық мектептер, ағымдар мен бағыттар құруға қақпаны ашатын күшті құрал болып қалыптасады.

Сол себепті, біз «Философиялық сабақтар» аясында  философия тарихына ерекше мән беру керек, оны шәкірттерге тереңдете оқыту керек деп санап, осы тақырыпты көтердік.

Ежелгі Грек философиясындағы философиялық принциптердің көнетүркілік интерпретациясы (баяндамасы)

«Философиялық идеялар табиғат, адам және құдайларды біртұтас космостық жүйеде біріктіруге бағытталған ерекше бірлік пен міндетті бағыттылықты көрсетеді. Бұл грек философиясының көпқұдайлық (политеистік) бастауларымен де байланысты».

Дәл осындай тұжырымды көнетүркілік дүниетанымға да қатысты айтуға болады. Мәселен, біздің түркілік санамызда, тіптен, қазіргі «қазақы  санамызда» Табиғат пен Адам, Жұлдыздар әлемі мен Көк Аспан, Жер мен Су біртұтас шексіздікті құрайды. Мұнда, Адам Табиғаттың бір бөлігі, оның физикасы табиғаттың даму заңдарымен және табиғаттың қозғалысымен тығыз байланысты. Қазақ санасы табиғатты бақылайды және оның өзгерістері туралы – мысалы, ауа‑райы, жыл мезгілдерінің ерекшеліктері, айдың тууы, күннің шығуы мен батуы, жұлдыздардың орналасуы және т.т. – болжамдар жасай отырып, өз тіршілігін сонымен орайластырады. Яғни, санамызда «Табиғат пен Адам бірлігі» туралы түсінік осы арқылы қалыптасады. Бұл жерде табиғаттың құдыреттілігінің бастапқы екендігі толық мойындалады.

Дәл осылай ойлай отырып, қазақ санасы әлемге әйгілі «Не бірінші: материя ма, әлде, сана ма?» деген дуалистік сұраққа жол бермейді. Себебі, «адам» түсінігін «материя» категориясының ауқымында түсінуге еш кедергі жоқ. Оған өзімізге белгілі Тән мен Жан категориялары арқылы нақты жауап табылып тұр: Тән – топырақ, Жан – аруақ.

Міне,  осы сипаттағы баян көптеген сана қайшылықтарын жеңіп, адам үшін ең құнды дүние ‑ «Тән мен Жан бірлігі болған дүние» деген қорытындыға келеді.  Яғни, ежелгі Грек философиясы мұны қалай дәріптесе, қазіргі қазақ санасы да ӨМІР категориясын бастапқы орынға қояды:

Адамның мына дүниені білмегі, ол туралы ойламағы – оның Тәні мен Жанының бірлігінде ғана мүмкін.

Ал, Тән ‑  топырақ, Жан – аруақ болған сәттен бұл «бірлік» түгесіліп, әрқайсысы өз әлеміне жол тартады: тән – топыраққа, жан – аруаққа.

Ол жақта «Жан мен Тән біріккендегідей» өмір жоқ, болуы да мүмкін емес. Себебі, «Өмір категориясын» ол кезде «Өлім категориясы» алмастырған болатын...

Міне, сондықтан, қазақ санасы «Өлімде «өмірдің» болуы,  яғни, өмірге ғана тән жұмақ не тозақ болуы мүмкін» деген болжамның өзін қабылдай алмай келеді... (Иә, оны қабылдау үшін де қазақ санасы өз табиғатын өзгертіп, өзге дүниетаным, өзге мәдениет аумағына өтуі тиіс еді: мысалы, ислам діні)

Шынында да, тән мен жан ажыраған соң бұрынғы өмір мәнін жойды, адам өлімге кірді. Тән – жанға тәуелді емес, жан – тәнге тәуелді емес. Тән – топырақ болды, Жан – аруаққа айналды...

Тән ‑ егер жан болмаса – «жұмақ‑тозақтағы» ыстық‑суықты және нешетүрлі «тән ләззатын» (қор қызы, шарап өзені, мәңгілік субтропик және т.т.) сезінбейді.

Ал, Жан – тірілердің санасындағы «энергетикалық өріс» күйіне көшеді...  Оның өмір сүру ареалы – тірілердің тарихи жады болып қалады: тірілер «аруақты еске алу» арқылы оған қуат береді, өзі де қуаттанады.

Мінеки, біз «табиғат тұтастығы» аясында Тән мен Жан туралы Ежелгі Грек мифологиясы мен Көне түркілік дүниетанымы арасындағы синкретті дамудың (қатар даму) қаншалықты ұқсас екендігін осыдан байқаймыз.

Мұндай синкреттілік Құдайлар туралы түсінікте де жалғасады...

Көне түркілер адамзат тарихындағы ең алғашқы боп монотеистік наным‑сенімнің негізін қалап берген, ол гректерде – Зевс құдай, ал, көнетүркілерде – Көк Тәңірі!

Дегенмен, ежелгі біздің арғы тегіміз тіршілік атаулының екі бастаудан түратынын жоққа шығармаған: бірі – Аталық бастау, екіншісі – Аналық бастау. Мұндай дуализм қарапайым санадан басталып, Құдайлар туралы түсінікке транформацияланған. Яғни, Көк Тәңірі – жоғарыда тұрады, ол – тіршілікке қуат (от) беретін Аталық бастау болса,  жердегі тіршілікке нәр мен құнар беретін – Аналық бастау Ұмай Ана!

Ал, Ежелгі Гректе бұл Зевс пен Гера образ арқылы көрініс тапқан...

(Ескерту: Тәңірлік түсінік жердегі ең көне Құдай идеясы. Ол – философия тілімен айтқанда Субстанция формасында баяндалады. Мұндай философия Қытай философиясында Инь‑Янь қалыбында әлі де сақталып тұр. Одан кейінгі пайда болған діндер оны қайталайды. Бірақ, соңғы діндерде Құдай образы мейлінше субъектіленіп, «адам кейпіне» енгендей қалыпқа кірген).

Аталық пен Аналық «қосындысы» тіршіліктің неше түрін (ұрпақ) туындатады. Олар, өз кезегінде «өзіне тиесілінің» Иесіне (не Киесіне) айналады. Олар: мал Киелері (Шопан ата, Ойсыл Қара, Қамбар ата, Зеңгі баба, Сесек ата және т.б.), Дәл осындай Құдайлар туралы түсінікті Ежелгі Гректер де қайталайды. Ежелгі Гректерде табиғат пен адам жанының Киелері (Эрос, Нике, Танатос, Гипнос, Дионис, Гермес және т.т.) жалғасады.

Бүгінгі сабақтың қорытынды түйіні:

Біз, оқырманға арналған философиялық ойды «лақ еткізіп төге салу» тиісті нәтиже бермейді, оны «там‑тұмдап беру», сананы «тамшылап суару»  әлдеқайда пайдалы деп санағандықтан, осы «философиялық сабақтарымды» сол әдіспен жүргізуді жөн көрдім.

Әзірге, өзіміздің түркілік, әсіресе «қазақы санамызға» тән ойлардың «адамзат өркениетінің белді буыны» саналатын Ежелгі Грек мифологиясымен және философиясымен қалай үйлесетіні туралы ойды көтердік. Себебі, бұл екі бағыттағы сәйкестік пен ұқсастық арқылы мен өзінің пайда болуы жағынан әлдеқайда ерте болып саналатын (Аттылар мәдениеті, Көшпенділер мәдениеті және т.т.) Көнетүркілік дүниетанымның бүкіл адамзаттың ақыл‑ойы мен санасына қандай әсері мен ықпалы болғанын көрсетуді мақсат еттім.

Әзірге, біз осы «әліпбидің» «А‑Ә» атты бастапқы бөлімін бастадық. Келесіде өзге де терең философияны жалғастыра беру ойда тұр...

Әбдірашит Бәкірұлы, философ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 3170
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 2259