Ежелгі Грек философиясы және Әл-Фараби ілімі
ФИЛОСОФИЯЛЫҚ САБАҚТАР: ЕЖЕЛГІ ГРЕК ФИЛОСОФИЯСЫ ЖӘНЕ ӘЛ-ФАРАБИ ІЛІМІНІҢ НЕГІЗДЕРІ ТУРАЛЫ ОЙЛАР
Адамзат тарихында айтулы із қалдырған бірнеше өркениеттер ошағы болғаны белгілі. Соның бірегейі – «Ежелгі Грекия философиясы» деген атпен тарихқа енген өркениет. Ол – біздің заманымызға дейінгі VI ғасырдан бастап біздің заманымыздың VI ғасырына дейін (Иония мен Италия жағалауларында архаикалық полистердің қалыптасуынан басталатын, сол заманда‑ақ демократиялық Афинаның (полис) өркендеуіне жол ашқан, соңынан мен полистің құлдырауына дейін жалғасқан ілімдердің жиынтығы.
Жалпы сипаттамасы
Әдетте ежелгі грек философиясының бастауы Милеттік Фалес (б.з.д. 625–547 жж.) есімімен байланыстырылса, оның соңы – рим императоры Юстинианның Афинадағы философиялық мектептерді жабу туралы декретімен (б.з. 529 ж.) аяқталады.
Осы мыңжылдық даму кезеңінде философиялық идеялар табиғат, адам және құдайларды біртұтас космостық жүйеде біріктіруге бағытталған ерекше бірлік пен міндетті бағыттылықты көрсетеді. Бұл грек философиясының көпқұдайлық (политеистік) бастауларымен байланысты.
Ежелгі гректер үшін табиғат – ең жоғарғы құндылық: оны құдайлар жаратпаған, керек десеңіз – құдайлардың өзі де табиғаттың бір бөлігі болып табылады және оның негізгі элементтерін бейнелейтін болған.
Адам – ол да Құдайлар сынды ‑ табиғатпен бастапқы байланысын жоғалтпайды, бірақ тек «табиғат заңымен» ғана емес, сонымен бірге «заңды орнатуымен» (ақылға негізделген) өмір сүреді.
Осы тезисті ұстану арқылы Ежелгі гректердің «ақыл‑ойы» Құдайлар билігінен босады: грек құдайларды құрметтейді және оларды ренжітпейді. Бірақ күнделікті өмірінде өз ақылына сүйеніп, өзіне сенеді және адам Құдайлардың сүйіспеншілігінен бақытты емес, керісінше, адам бақытты болғандықтан, Құдайлар оны сүйеді деп біледі.
Ежелгі гректер үшін ақыл-ойдың ең маңызды жаңалығы – заң (номос). Номос – бұл қаланың барлық тұрғындары – азаматтары қабылдаған және барлығына міндетті ақылға негізделген ережелер. Сондықтан мұндай қала мемлекетті білдіреді (қала-мемлекет – полис).
Грек өмірінің полистік сипаты: халық жиналысының рөлі, көпшілік алдында сөйлеу жарыстары және т.б. ‑ гректердің ақыл-ой мен теорияға деген сенімін түсіндіреді, ал Табиғатқа табыну (дерексіз абсолют) физика (табиғат туралы ілімнің) мен метафизиканың (болмыстың негізі туралы ілімнің) үздіксіз жақындығы мен бөлінбеуін көрсетеді.
Қоғамдық өмірдің азаматтық сипаты және тұлғалық бастаманың рөлі этикада көрініс тапты. Ол ‑ адамның белгілі бір мінез-құлық үлгілеріне бағытталған практикалық философиясы болып қалыптасты. Бұл ілім адамгершілік қасиеттер мен адамның өмір сүруінің лайықты өлшемін анықтайды: Оның басты принципі ‑ мазмұнды ойлау. Мазмұнды ойлаудың нәтижесінде адамдар табиғаттың, құдайлардың және адамның бірлігіндегі дүниетаным мәселелерін қарастыруға қол жеткізді. Ол – адам өмірінің нормаларын, оның дүниедегі орнын, тақуалыққа, әділдікке және жеке бақытқа жету жолдарын негіздеуге қызмет етті.
Ежелгі грек натурфилософиясының негізін қалаушылар – Фалес, Анаксимандр, Анаксимен, Пифагор және оның мектебі, Гераклит, Парменид – ғаламның табиғатын түсіндіру арқылы адам табиғатын анықтады. Космостық үйлесім мәселесі алдыңғы қатарға шығып, адам өмірінің үйлесімімен үйлестірілді, ол көбінесе парасаттылық және әділдік ретінде қабылданды.
Дегенмен, ол замандарда адамдардың әлеуметтік жағдайы екіге жарылған еді: бірі – полистің еркін азаматтары, екіншісі – соғыстарда қолға түскен құлдар. Осы жіктелуге байланысты, Афина демократиясының өзі шектеулі сипатқа ие болды. Онда «еркін азаматтар» полисті демкоратиялық жолмен басқарады, ал, «құлдар» – адамды зат ретінде бағалауға, оны сатуға, құрал ретінде қолдануға мүмкіндік береді. Мінеки, сол кездегі демократияның қақ жарылуы, бір‑біріне қайшы келетін екі түрге бөлінуі – гүлденген полисті күйретіп тынды.
Ежелгі грек натурфилософиясы – physis (табиғат) негізгі рөл атқаратын дүниетаным мен философиялау тәсілі, ол әлем құрылымын, табиғат пен адамды, табиғат пен құдайларды біріктіреді.
Бірақ табиғат дербес және арнайы зерттеу объектісі ретінде де, адамдық мәннің көрінісі ретінде де оқшауланбайды. Ол адамның айналасындағы заттардан ажыратылмайды – panta ta onta (барлық нәрселер).
Ежелгі Грек философиясы мен Прототүркі дүниетанымдарының синкреттілігі (қатар дамуы) туралы
Әдетте, біз Әл‑Фарабиді «Ортағасырлық ислам философиясы өкілі» деп әлемге таныстырамыз. Иә, оның шындығы осы – Әбунасыр Әл Фараби ислам діні өркендеген Араб Халифатының астанасы – Бағдат қаласында өз ілімін дүниеге әкелген. Сонымен қатар, ол Бағдат тұрғыны ретінде Ислам дінін қабылдаған, Алланы мойындаған, оны өзінің өмірімен ұштастырған.
Алайда, мұқият зерделейтін болсақ, Әл‑Фараби бабамыз уақыт өте келе әлемге «екінші Аристотель», яғни, «екінші Ұстаз» атымен танылды. Ол туралы Әл‑Фарабидің өз еңбектерінде ашық айтылады: «Бірінші ұстаз – Аристотель» деп...
Кейін, «Қайта өрлеу» дәуіріне бет бұрған Еуропа түпнұсқаларының көбі жойылып кеткен Ұлы Аристотельдің еңбектерімен Әл‑Фараби зарттеулері арқылы Аристотельмен «қайта табысты» деуге болады.
Қазақ үшін қазақ жазушысы Әнуар Әлімжанов «Ұстаздың оралуы» атты кітап жазды. Онда Әл‑Фараби ұстаздың өзінің туған жері – Қазақ жеріне «қайта оралуы» сөз болады.
Ал, ортағасырлық Еуропа үшін біздің Әл‑Фараби бабамыз өзінің "ұстаздың оралуы" еңбектерін жазып, "Бірінші ұстаз Аристотельге» мәңгілік ескерткіш орнатып кетті. Онда, Аристотель‑ұстаз өзінің өркениет ошағы –Еуропаға Әл‑ Фараби арқылы «қайта оралуы» мәселесі туындайды.
Олай болса, қазіргі заманда біздің алдымызда «Әл‑Фарабиді қай заманның, не болмаса, қай өркениеттің өкілі?» деген қиын сұрақ туады. Біз осыған не деп жауап берер едік?
Әрине, ол өзінің өмірбаяны тұрғыда – өркендей бастаған Араб Халифаты мемлекетінің өкілі. Тума жағынан – қазіргі Қазақ аталған халықтың өкілі. Ал, Әл‑Фараби өзінің ілімі мен теорясы жағынан – Ежелгі Грек философиясының өкілі деп сеніммен айтуға болар еді...
Ендеше, біз жоғарыда аталғандай «Ежелгі Грек филолсофисы дәуірі б.з. 529 жылмен аяқталады (Рим императоры Юстианның жарлығы шыққан жыл) деуіміз – шындыққа толық сай еместігін көреміз.
Нақтысында, «Ежелгі Грек философиясының дәуірі қазақ даласынан шыққан Ұлы философ, «Әлемнің екінші ұстазы» ‑ Әл‑Фараби өмір сүрген заманмен аяқталады» дегеніміз – нағыз шындық болар еді. Сол арқылы, біз Әл‑Фарабидің Аристотель ілімін зерттеушісі ғана емес, Әл‑Фараби Ежелгі Грек философиясы ілімін түйіндеушісі» деген қорытындыға келеді екенбіз.
Қазіргі қазақ философиясы, өкінішке орай, осы позицияны назардан тыс қалдырып, Әл‑Фарабиді «Араби Халифат өркениеті» (оны кейде қателікпен «Ислам өркениеті» деп те атайды: өркениетті діндер тудырмайды, өркениетті – мемлекеттер туындатады) өкілі деп мақтанышпен айтып жүрміз.
Сол арқылы, қазақ философиясы Әл‑Фараби бабамыздың адамзаттың философиялық, ақыл‑ой дамуындағы ролін шектеп, оны тек «араб әлеміне» байлап қойдық. Ал, шын мәнісінде, біз «Әл‑Фараби бүкіл әлемге ортақ құндылықа айналған Ежелгі Грек философиясын түйіндеуші Ұлы тұлға, сол өркениеттің ең соңғы буыны» деп айтуға тиістіміз!
Өйткені, бұл ақиқатты Әл‑Фараби бабамыздың өзі жазып кеткен, ол өзін «Мен Аристотель іліміне комментарий жазушымын» деп мойындаған. Бірақ, ол Аристотельден мың жылға жуық кейінгі замандарда өмір кешкендіктен, әрі, Ежелгі Гректердің «көпқұдайлық аңыздары» «моноқұдайлық дінмен» алмасқан соң – Әл‑Фараби философиясы көп жағдайда «жаңа ілім» болып шығады. Монотеистік дін, астарлы түрде Аристотельдің «төрт архэ» туралы ойын, оның «форма» туралы ілімін «Бір Жаратуышы» тезисімен түйіндеді. Ал, егер, осы екі Философтардың ілімін жалпы бағалайтын болсақ, онда Әл‑Фарабиді «Аристотельдің «Ликей» деп аталған перипатетикалық мектеп академисяның шәкірті» деп атауға әбден болады екен...
Ендігі кезекте, Әл1Фараби бабамыз есейген шағында Бағдатқа келгенде, «Не себептен араб тіліне аударылып жатқан Аристотель мен Платонның, Сократтың және өзге Ежелгі Грек философтарының еңбектерін жан‑тәнімен қабылдады?». «Не себептен, осыдан кейінгі бүкіл ғұмырын Аристотель мен өзге грек философтарын зерттеуге арнады?» деген сұрақтар туады...
Бәлкім, бұның жұмбағы Әл‑Фараби бабамыздың Түркілік дүниетанымы мен Ежелгі Грек философиясы арасында қандай да бір синергетика, дүниетанымдық сингармонизм болуынан болар?
Бұл сұрақ үнем көкейде тұрады. Келесіде осыған жауап іздейтін боламыз!
Әбдірашит Бәкірұлы, философ
Abai.kz