Әдебиет сыны туралы: Шындық –шығарманың жаны!
Сын жазу, сынға әуестену әдебиетте буын ауысқан сайын «қызуы» бір көтеріліп барып басылатын құбылыс. Әр буын өзінің ерекше пайымын, эстетикалық танымын ортаға салып әдеби процес пен құбылысқа сол заманның биігінен қарап көреді.
Халқымыз «сын түзелмей мін түзелмейді» деген ұлағатты пікірін тым ертеде айтқан. Осы мағынадан алып айтқанда, бұл қуануға, қолдауға татитын жақсы құбылыс. Ендеше, әдебиетті өнер деп түсінсек, оның маңызды бір тармағы болған әдебиет сыны да кез-келген жұмыр басты пенденің маңдайына бұйыра бермейтін мехнаты да, ләззәті де мол өнер. Дегенмен осы өнер босағасын әркім әртүрлі аттайды. Біреулер тамаша дарын, үлкен дайындықпен келіп, табалдырықтан сыпайы аттап, ұзаққа жүгірсе, біреулер көрсеқызарлықпен кимедей кіріп, қайтадан артына қайта алмай өнердің қасиетін қашырып, өзін де, өзгені де мезі ғып жүреді. Енді біреулер кірген бойда жұдырық жұмсап, жаға жыртып, күндердің бірінде қатардан шығып жатады. Қысқасы, адам өнерді емес, өнер адамды талдайтын дәуір келгендіктен сынмен айналысам деушілер сын жөнінде дұрыс танымға келіп, өз шанағын шақтап барып айналысқаны жөн. Төменде біз арғы-бергі, бұрынғы-соңғы материалдарға үңіле отырып, әдебиет сыны жөнінде ойлап, түйгенімізді сарапқа саламыз.
СЫН ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамзаттың бүгінгі дамып жеткен өресі осы барыста қолға келтірген рухани және заттық мәдениетінің табыстары тынбай ізденудің, әр нәрседен күмандана қарап жаңалық ашудың жемісі. Әрине, ақиқатты дәлелдеу, жаңалық ашу оп-оңай қолдан келетін жұмыс емес. Ол үшін ауыр жан азабы мен тән азабына төзу тиіс. Тіпті сол жолда бас кетуі де мүмкін. Әлемде қатып семген мәңгілік ақиқат жоқ. Мәлім мезгілдің, мәлім кеңістіктің, мәлім жүйенің шеңберінеен шыға алғанда ғана ақиқаттың шұғыласын көре аламыз. Ал, мына күрделі дүниені тану, түсіндіру бір ауыз сөзбен немесе бір дәуірдің төрелік айтуымен нүктесі қойылмайды. «Ақиқатқа баратын жол әртүрлі, қалауыңды өзің біл» демекші әртүрлі мезгілдік, кеңістіктік сипат алған көзқарастар қатар өмір сүреді. Ендеше сөз өнері жөніндегі ғылымның бір тармағы болған әдеби сын да осындай. Оның сырын-сипатын айтып, тегін тектеп, бір ауыз сөзбен,бір мақаламен қортынды шығара салу тым асығыстық. Ол жөнінде айтылған көптеген сипаттамалар, байымдаулар баршылық. Қолда бар оқулықтарға жүгінсек «Әдебиет сыны дегеніміз - әдеби ләззәттану негізінде, белгілі обьективті өлшемге сүйеніп мәлім әдеби құбылысқа идеялық және көркемдік тұрғыдан ғылыми баға беру болып табылады». Әдебиет сынының қамтитын көлемі біршама кең. Әдебиет - көркемөнер қозғалысы, әдебиет ағымы (мектеп), көркем шығарма міне, мұның бәрі де әдебиет сынының зерттеу обьективтері. Ал, әдебиет теориясы әдебиеттің мәні мен ерекшелігін, жарыққа келуі мен дамуын, түрлі жанрлар мен стилдердің қалыптасуын өзінің зерттеу обьектісі етеді. Жинақтап айтқанда, сөз өнерінің дамуындағы мәлім заңдылыққа ие мәселелерді сараптап, қортындылап, белгілі теориялық жүйе қалыптастырады.
Енді әдебиет сыны мен әдебиет тарихына келсек бұл екеуін де кейбір мамандар бір-бірімен парықтандырады. Мысалы, АҚШ-тың әдебиет танушысы Б. У. Батесонның пікіріне жүгінсек; «Әдебиет тарихы «А-ның» «Б-дан» келіп шыққанын айтса, әдебиет сыны «А-ның» «Б-дан» артық екенін айқындайды. Ендеше, бұдан мынаны байқаймыз. Әдебиет тарихы – анықтауға болатын шындықты тілге тиек етсе, әдебиет сыны – көзқарас, сенім жөнінде кеңінен пікір қозғайды». Ұзын сөздің қысқасы әдеби сынды бір ауыз сөзбен, бір мақаламен жинақтап, қортындылап, қатпарына үңіліп, тереңіне бойлаймыз деп айта алмаймыз. Десе де тым сырлы дүние емес. Өнер адамдарының күнделікті өмірінде кем болмайтын құбылыс. Сынсыз өсу жоқ. Өнерпаздардың жасампаздықтарын жан-жақтылы бағалап, құпиясын ашып, нағыз өнер туындыларының салтанат құруы, кем нәрсенің толықтануы үшін әрі соңғы ұрпақтың «табылмаған жоқты табуы үшін» қашан да сын керек.
ӘДЕБИ СЫННЫҢ ӨЛШЕМІ БАР МА?
Ең алдымен әдеби сында өлшем болу керек не жоқ мәселесіне келейік. Егер өлшем бар десек, ол қандай өлшем? Кейбіреулер әдеби сында өлшем жоқ, сыншы өз таным-білігі негізінде баға айтады. Кез-келген шығарманы әр қырынан түсіндіруге болады, ол үшін айырықша бас қатырып, ереже-өлшемнің қалыбына түсіріп алудың қажеті жоқ деп қарайды. Бізше былай үзілді-кесілді кесім айту келіспейді. Дүние заңдылықтан құралған десек, әдебиет сынында да шартты түрде белгілі өлшем бар деп қарау ақиқатқа жанасады. Қолда бар оқулықтарды парақтасақ, әдеби сынның идеялық өлшем, көркемдік өлшем деген қағидаларын көреміз. Бір шығарманың тұтас тұлғасына баға бергенде осы екі өлшемді негіз етіп, аталмыш шығарманың дәні мен қауызын, озығы мен тозығын айырады. Мұнда айтылған идеялық өлшемде шығарманың өзекжарды ойы, қоғамдық рөлі, көтерген тақырыбы қамтылады. Бұрынғы-соңғы қоғамдық түзімдегі билік басындағылар идеялық өлшемді басты орынға қойып, оған айырықша назар аударып, әдебиет-көркемөнерді өз мүддесін қорғаудың құралы етіп келді. Бұл жақта біздің де басымыздан өткен ашынышты сабақтар баршылық. Тұрпай социологияның жолы болып, жалған реализм дәуірлеп тұрған жылдарда көптеген келеңсіз жағдайлар жарыққа шықты. Мысалы, Абайдың, Бұқардың шығармаларынан халықтық сипат іздеп даурықтық. Тарихи шығармаларды феодализмнің, капитализмнің еншісіне беріп жіберіп, өзіміз тақырға отырып қалдық. Ал, көркемдік өлшемнің аясына шығарманың көркемдік формасы, автордың жазу стилі, көркемдік тәрбиеленуі, эстетикалық талғамы қатарлылар кіреді. Бірақ бұл өлшем ұлттың, таптың, дәуірдің шектемесіне ұшырайды. Энгелс 1859 жылы Лассалға жазған хатында Гетенің өлеңін талдап, Лассалдың драммасын сындай келе «эстетикалық көзқарас, тарихи көзқарас деген пікірін ортаға қойды». Мұнда Энгелс өзінің сынның өлшемі жөніндегі ойын былайша таратып айтады; «Бір жақсы немесе тәуірлеу шығарманың жалпы көркемдік ерекшедігі кісіні ә дегенде-ақ баурай жөнелетін қуатқа ие болуы тиіс. Сонымен бірге ол белгілі кезеңдегі тарихи даму заңдылығын бейнелеп, адамдарға біртүрлі тарихи шындық пен реал сезім бағыштауы тиіс. Міне бұл екеуінің тығыз қабысуы-қабыспауы сол шығарманың артықшылығы мен кемшілігін бейнелейді».
Жоғарыда сөз еткеніміз әдеби сынның өлшемі жөнінде айтылған әртүрлі көзқарастар. Енді өз пікірімізге көшсек, әдеби сынның өлшемі шындық, ізгілік, әсемдік болу керек. Осы үшеуінің тұрғысынан қарағанда ғана бір шығармаға ойдағыдай баға беріп, оның көркемдік қасиетін танимыз. Әрине, бұл өлшемді ойдан жаратып отырғамыз жоқ, алдыңғы буынның тағылымына негізделіп айтып отырмыз.
Әртүрлі жік, әртүрлі дәуір адамдары бір обьективке баға бергенде олардың көзқарасында мынандай бір ұқсастық болады. Ол – шындық. Шындық –шығарманың жаны дейміз. Әдебиет тарихында әрқандай бір кесек шығарманың құны дәуір шындығын шынайы бейнелеуінде жатыр. Әрине , кез-келген өмір шындығы шығармаға материал болмайды әрі өнер шындығы өмір шындығынан жоғары тұрады. Десе де өмірдің бет-бейнесі қағыс қалмайды, қамтылып жатады. Гюго былай дейді: «Ұлылық пен шындық осы екеуінде бәріде қамтылып жатады. Шындық дегеніміз морал десек, ұлылық дегеніміз әсемдік». Өнер жазушының өмір жөніндегі дара ойларынан туындайды. Осы барыста жазушы өзінің сезіміне, әсеріне, қызғындығына сүйенеді. Сондықтан біз шындықтың рухы сіңіп, ақиқаттың жалауын желбіреткен көркем шығарманы құмарлана оқимыз әрі «Өлең тарихтан да шын», «Образ реалдықтан да жоғары» деп айта аламыз.
Ізгілік ежелден адамзаттың ұлы мұраты болып келеді, бірақ ізгілік пен жексұрындық егіз өмір сүріп келе жатыр, екеуі қашанда өліспей-беріспей майдандасады. Өйткені, жексұрындық адамзаттың бойында обьективті түрде өмір сүріп отыр. Сондықтан өмірдің жексұрынды бейнесі әдебиетке кіруі тиіс. Мұнда басты мәселе жазушының оған қалай позиция ұстауында, қалай қортынды шығаруында жатыр. Әдебиетте ізгілікті жырлау, жексұрындықты даттау –мәңгілік тақырып. Сондықтан, бір шығармаға баға бергенде сол шығарманың өн-бойынан ізгілік рухын іздеуіміз керек.
Әсемдікке қызықпайтын пенде жоқ. Дегенмен бір ауыз сөзбен әсемдікті айтып жеткізу қиын. Әсемдік бүкіл өміріміздің мәні, мағынасы, олсыз өмір сүру мүмкін емес. Бәлкім кей адамдардың әсемдік жөніндегі талғамы ұқсамайтын шығар, бірақ бәріміз ортақ мойындайтын, табынатын әсемдік бар. Ендеше, адам тану ғылымы атанған әдебиет арқылы өмірдегі әсемдікті табу, тану, әйгілеу,жырлау жазушының қасиетті борышы болмақ.
Сөзіміздің түйініне көшсек, шындық, ізгілік, әсемдік әдебиет сынының бірден бір өлшемі болмаса да маңызды өлшемі. Адам өмірінде бұл үш өлшем кем болса тіршілік тым сүреңсізденеді. Сондықтан көркем шығарма да айтылған шындық, бейнеленген ізгілік, жырланған әсемдіктің деңгейіне қарай сол шығармаға талдау жасап, баға беруіміз керек.
ӘДЕБИ СЫННЫҢ НЕМЕСЕ СЫНШЫНЫҢ МІНДЕТІ НЕ?
Айхай-сүреннен аулақ, таязға емес тереңге бойлайтын, немқұрайдылыққа салынбайтын, сауаты, санасы жоғары нағыз сыншының міндеті ең әуелі – оқырманға шығарманы түсіндіріп беру, әрі өз тарабынан баға айту, сол арқылы аталмыш шығарманы оқырманның дұрыс түсінуіне, қабылдауына көпір болу болып табылады.Пікірімізді орыс сыншысы Черчиновскидің сөзімен толықтай түссек «Сынның мақсаты – әдеби шығарманың кемшілігі мен жақсылығы туралы озық қауымның ой пікірін қалың көпшілік арасына жеткізіп беру болып табылады. Әлбетте, ол мақсат тұра, нысана айқын болған жерде ойдағыдай іске асады».
Сыншының мақсаты сөз болғанда, мына екі істен аулақ болған жөн.
Бірінші, әдебиеттің идеялығын саяси өлшем деп түсінбеу тиіс. Солшылдық кәріне мініп, тұрпайы социология дәурендеп тұрған жылдарда, бұл жалған принсивтің зиянын әбден тарттық. Саясат өнердің, саясилық шындықтың, дүниеге көзқарас жасампаздық әдістің орнын басты. Сонымен төңкерістік реализм мен төңкерістік романтизмнің бірлесуі дегендер айналысқа түсіп, бас қаһарман өлмеу, мақаббатты жазбау, өзекті ойды алдымен айту деген теореялар басты ағымға айналды. Осының кесірінен жазушыларымыз жасампаздық практикада өз таланттын толық сәулелендіре алмады. Оның есесіне көптеген жасық, нәрсіз шығармалар дүниеге келді. Міне бұдан мақсат айқын, таным дұрыс болмаса әдебиет сынының әдеби жасампаздықтың кең арнада дамуына барынша тұсау болатындығын көреміз.
Екінші, өнерді таза тәсіл деп қарамау тиіс. Өнерге әрине, шеберлік керек. Бірақ, өнер бастанаяқ шеберлік салыстырып, түр қуалаудан тұрмайды. Әрине, бұл көзқарасты әдебиеттің қоғамдық рөлімен (танымдық, тәрбиелік ) санаспайтын «өнер – өнер үшін» деп жүрген бір бөлім адамдар жақтайды. Әдебиет қоғамдық өмірдің туындысы екен, ендеше оның қоғамдық рөлін жоққа шығаруға болмайды. Мысалы, Балзак өзін 19 –ші ғасырдағы франсуз қоғамының мінез-құлқын, салт-санасын архивке түсіріп отыратын хатшысымын деп қараса, М. Әуезов өзінің эпопиясы арқылы 19 –шы ғасырдың соңғы жартысындағы қазақ өмірінің сан-саласын шынай бейнелеп, әдебиеттің өмір танытқыштығын яғыни қоғамдық рөлін тағы бір рет дәлелдеп шықты.
Әдебиет сынды дүниеге алып келді. Ал, сын қайтадан айналып келіп әдебиеттің өркендеуіне белсенді рөл ойнады. Сөзіміздің соңын сыншы Есмағамбет Смайыловтың мына бір сөзімен доғарайық. «Сын тек кемшілікті айтумен ғана өрістемейді, әдебиеттің даму заңдылықтарын, ақын-жазушылардың творчестволық өсу жолдарын, аса күрделі шығармаларды жан-жақты тексеріп,кеңінен ашып көрсету арқылы да өзінің есейгенін танытады». Дүние әдебиетінің асыл қазынасына айналған күрделі, кесек шығармалардың көбінің тағдыры бұралаң болған. Мысалы, АҚШ-тың жаңашыл ақыны Уолт Уитменнің өлеңдері салт-сананы бұзды, ұрпақты теріс жолға аздырды деп айыпталса, Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігі» ә дегенде суық қабылданған, М.Әуезовтың шығармалары да талай ит сілікпеге түскен. Бұл күнде аты дүркіреп тұрған Кафканың шығармалары өз заманында оқырманын таппаған. Сыншының талабы жәй оқырманнан жоғары, ой-өрісі кең, білімі ұшан-теңіз болғанда ғана шын асылдың шымырлап жатқан тереңіне бойлап, қалтарысын көре алады. Сонда ғана өзінің қасиетті борышын ойдағыдай адақтайды.
ҚАНДАЙ АДАМ СЫНШЫ БОЛА АЛАДЫ?
Ең әуелі, сыншы болу үшін әдебиетті білу керек. Әдебиетті білмейінше көркемдік талғам қалыптаспайды. Әрине, көркемдік талғам дегеніміз күрделі ұғым. Ол жөнінде түрлі-түсті керағар пікірлер қалыптасқан дегенмен мына бір ақиқатты – әрқандай бір адамның тумысынан белгілі көркемдік талғам қабілетіне ие екендігін ортақ мойындаймыз. Бір ғұлама «өнердің обьективтілігі жұртшылықтың көркемдік талғамын жаратты», - деп тауып айтқан. Сондықтан сыншы бай білімге ие болумен бірге, сөзсіз әдебиетті «білуі» тиіс. Бұл жерде «білу» деген сөздің мағынасы терең. Мұнда жай оқырман мен сыншының арасындағы парық меңзеліп отыр. Кей оқырман үщін Конан Дойылдан артық жазушы болмауы мүмкін. Ал, сыншы шығарманың мінсіз сыртқы тұлғасына, қабысып келген оқиғасына қарап таңдайын қағып, бәрекелді демеуі лазым. Оның ішкі мәніне, көтерген тақырыбына, жәй адам бара бермейтін астарына үңілуі керек. Бұл өреге сезімтал, қиялшыл, ойшыл болғанда ғана көтеріледі. Ленин Чеховтың «Алтыншы палата» атты повестьын оқыған соң «Меніңше бүкіл Ресей алтыншы палатаға ұқсайды» деп жазған. Міне бұл ойлау мен салыстыра білу кеңістігінің қаншалық шексіз екенін білдіреді.
Екінші, сыншының білімі бай-мазмұнды, жан-жақтылы болғаны жөн. Жазушының шабыт қайнары төте өмір тәжірибесі болса, сыншы үшін көп білу, көп көру керек. Сыншының өрісі жеке шығармаларды зерттеумен шектелмейді, қайта салыстырып зерттеу, тарихи зерттеу және заман ауқымын, дәуір тынысын жете қадағалауды қамтиды. Бұдан сырт сыншыда берік сенім,тасыған жігер болуы керек. Бұлай болмағанда бағыт-бағдар, мақсат-мұрат айқын болмайды.
Үшінші, сыншы алдымен жазушының оқырманы. Ол мәлім шығарманы бастан-аяқ оқып шыққан соң ғана сол шығарма жөнінде пікір көтеріп, баға айтады. Сондықтанда белгілі нысайдан, өзгеше пікірден, айырықша сезімнен ада бола алмайды. Әрине, бұл кемшілік емес, қайта басқаның жетегінде кетпей, дербес пікірде болып сын мінбесінен өз орнын алуы үшін шешуші шарт болып табылады. Осы барыста сыншы жазушы ойламағанды ойлап, айтпағанды ишаралап, автордан асып түсуі мүмкін. Бірақ, жазушыдан айрыла алмайды. Міне бұдан орыстардың «Пушкин мен Гоголь шықса, Белинский өздігінен туады» деген әзіл сөзінің тым бекер айтылмағанын байқаймыз.
Төртінші, жаңалыққа құштар, қатып-семген пікірден аулақ адам ғана жақсы сыншы бола алады. Белинский «сын жылжымалы – эстетика», - дейді. Осы сөзді айтқан сыншының бүкіл ғұмыры толассыз ізденіспен өткен. Ол өзінен бұрынғы Шелин, Гегел, Фейербахтың еңбектерін зер сала үйреніп, дүниеге деген көзқарасын үздіксіз жаңалап отырған. Әне, сондықтан да орыс эстетика тарихында өшпес із қалтырды.
Бесінші, сыншының жолы күрделі жол. Тарихта өткен әйгілі сыншылардың барлығы да билік басындағылардың айтқанына көніп, заман желінің ығында жүре бермеген. Қайта өз майданында берік тұрып, келешегіне үміт үзбей, заман шындығын жасқанбай айтып, халықтың рухани өсуіне, азаматтық тұрғыдан оянуына айырықша үлес қосқан. Ал, оның есесіне қаққы-соққы көрген, жер аударылған абақтыға қамалған. Сондықтан да сыншыға зор парасат ғана емес, берік ирада, үлкен жүрек керек.
Алтыншы, бұрынғы-соңғы өткен әйгілі сыншылардың ортақ бір ерекшелігі бар. Ол саналы, санасыз түрде жазушының адал оқырманы, аяулы ұстазы бола білген. Бізше бұл ең маңызды шарт болса керек. Сыншы Мұхаметжан Қаратаев бұл ұғымды былай ашалап айтып бередің: «Сыншы болу үшін бір-ақ шарт керек, әдебиетті білетін, сүйетін, жаны ашитын қайраткер болу керек». Бағанадан айтқан сөзіміздің түйіні осыдан шықса керек.
ЖАЗУШЫ МЕН СЫНШЫНЫҢ ҚАТЫНАСЫ
Жазушылардың басым бөлігі сынға оң қабақ таныта бермейді. Оның да жөні бар. Шығарма қанша дегенмен іштен шыққан шыбар жылан емес пе! Оның ыстық-суығын бастан өткермеген қайдағы біреу сырттан кесіп-пішіп пікір айтып, ит сілікпесін шығарып жатса, оған кім төзсін! Алайда, сыншының аты сойылшы емес. Бұл қағиданы бәріміз білеміз, білгенді қойып бәріміз тебіреніп, еміреніп айтамыз. Солай бола тұра, сыңар езуленіп кетіп, тырнақ астынан кір іздейтін, ретін тауып шер шығаратындар баршылық. Бұл керағар құбылыс біздің әдеби сынымыз да ғана емес, жазба мәдениеті ерте қалыптасқан өркениетті елдердің әдеби сынында да өмір сүріп отыр. Сондықтан да болар Лев Толстой «сыншы деген әлі келмейтін іске ақыл айтқан ақымақ» десе, Эрнест Хемингуэй одан асып түсіп сыншыны аш битке теңеген. Екі әдебиет алыбының осынша қатты кетуіне қарап, сыншы мен жазушыны бір-бірімен от пен судай отаспайтын қарама-қарсы жаулар деуге келмейді. Жақсы сыншы қашанда жазушының ұстазы, насихатшысы бола біледі. Гончаровтың «Обломов» романы дүниеге келген соң, әйгілі орыс сыншысы Доборолиовтың «Обломовшылдық дегеніміз не?» деген мақаласында Ресей қоғамын кеңінен талдап көрсетіп, аталмыш романның оқырман арасында кеңінен аңыс тудыруына себепші болды. Әйгілі қытай саясаткері әрі әдебиетшісі Сюй Цю-бай өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Лу Синь шығармаларына тұңғыш рет жаңаша методика тұрғысынан талдау жасап, жетістіктерін, кемшіліктерін, қайшылықтарын атап айтты. Сонымен бірге жазушының «төртінші мамыр» қозғалысынан кейін Қытай әдебиет тарихында ұстайтын орнын тұрақтандырды. Мұндай мысал тізе берсек сандап табылады. Міне, бұдан сыншының жазушының жасампаздығына белгілі дәрежеде ықпал ете алатындығын, сынсыз өсу жоқ екендігін көре аламыз. Кейде жақсы сыншы жазушының өзі болатын жағдай да жоқ емес. Шолоховтың «Тынық дон» романы баспадан шыққан соң газет-журнал бетінде түрлі-түсті талас-тартыс көтеріліп, ұзаққа созылады. Біреу мақтап, біреу даттап жатады. Кейін кезекті жазушылар сьезінде Шолохов өз шығармасы туралы аялдап былай деген екен. «Мен адамның ерлігі мен баурағыштығын жаздым. Одан басқа ештеңе де жоқ». Әрине, мұндай өтімді, кескін пікірді одан бұрын да, одан кейін де ешкім айтқан жоқ. Хемингуэйдің «Кәрия мен теңіз» атты повестьы дүниені дүр сілкінткен соң, ол жөнінде де түрлі-түсті топшылаулар түтін үзбей көтеріліп талас-тартыс тудырды. Кейін жазушы бір досына жазған хатында өзінің жасампаздық нысанасын былай байымдап жазды. «Бір адамның төзімінің қаншалық дәрежеге жететіндігін, адам рухының ұжданын суреттедім. Ешқандай символдық нәрсе жоқ, теңіз дегеніміз теңіз, шал дегеніміз шал, бала дегеніміз бала, балық дегеніміз балық...».
Сыншылық пен жазушылық сынды қос қасиетті бойына тең сіңіру кез-келген қалам иесінің қолынан келе бермейді. Мұндай егей таланттар мыңның ішінен, жүздің арасынан әрең табылады. Сондықтан да белгілі бір мәдени сәуиясы жоғары, әдебиетті білетін адамның бар ғұмырын саналы түрде әдеби сынға арнауы заңды құбылыс. Қолдауға әбден татиды. Жақсы сыншы жазушының ұрпақтар жағынан дұрыс түсінілуі үшін көпірлік рөл атқарса, әдебиет тарихынан өз орнын алуы үшін насихатшы болады. Әрі ұлттар мен ұлттар арасырдағы ауыс-күйіс, барыс-келіске де мұрындық болады. Жазушы жақтырмайды екен деп, жағымды образға еніп «бадырақ көз сен тиіспесең, мен де тиіспеймін» деп өрлі-қырлы, оңды-солды домалай беруде сыншы үшін жақсы қасиет емес. Ендеше, сыншы өз пікірін батыл айта алатын, жазушы өз әлсіздігін танып, тәжірибе-сабақ қортындылай алатын болғанда ғана екеуінің ара қатынасы ойдағыдай шешіліп, ұлт әдебиетінің дамуынан зор үміт күтуге болады. Бұл үшін жазушы да, сыншы да өзін этикалық, моралдық жақтан үздіксіз тәрбиелеп, толықтырып отыруы керек.
Омарәлі Әділбекұлы
Abai.kz