Сәрсенбі, 10 Маусым 2026
Бәрекелді! 218 0 пікір 10 Маусым, 2026 сағат 11:42

Қайрат Қабышев 100 ән орындамақ!

Сурет: автордың фейсбук парақшасынан алынды

 

 

Ақан, Біржандарды айтпағанда, қазақ өнерінің кейінгі тарихында 100 ән айтамын деп тәуекелге барған – Құрманбек Жандарбеков қана. 1925 сәуір айында Ғани Мұратбаев дүниеден өтіп, маусым айының басында оған ескерткіш қоюға шешім шығады. Ғанидың ескерткішіне қаржы жинау мақсатында "Құрманбек Жандарбеков 101 ән айтады" деп жарнама жасалып, оған айтатын әндердің тізіміне дейін жазылады (Ол кездерде концерттерден түсетін қаржы үкіметке өткізіліп, игілікті істерге жұмсалатын). Концертте Құрманбек Жандарбеков 68 ән айтады...

Бес концерттің репертуарын бір деммен бір мезетте айтып шығуға кез-келген әншінің бірі бара бермейді. "Ән айтасың, жаныңды жеп айтасың" дегендей, әр ән айтқан сайын бір төбелеске кіргендей боласың...

Міне, биыл Құрманбектің 101 ән айту оқиғасына тура 101 жыл өтіпті.

Осыдан тура екі жарым жыл бұрын (12.11.2024) семейлік әнші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Кайрат Кабышев Құрманбек Жандарбековтің ізімен GUINNESS WORLD RECORD'S кітабына ену үшін 100 ән айтуға тәуекел етіп, соның алдындағы жолдама концертін бермек болып еді. Бірақ белгісіз себептермен кейінге қалдырылған болатын.

Құрметті ағайын, осы тарихи оқиғаны қайта жаңғыртатын уақыт 10.06.2026 күнге белгіленіпті. Бұл еліміздегі мәдени-тарихи оқиға. Ендігі дүрендетіп, дүрілдетіп, Қайраттың аты аталып, бүкіл жұрттың құлағы Семей жаққа түріліп, журналистер жарыса жазып, үлкендер батасын беріп жату керек еді. Бірақ...

Облыстық Мәдениет басқармасы бұл оқиғаны таспаға басып, республика бойынша әлеуметтік желіден тікелей көрсетілім жасауға мүмкіндік жасаса дейміз.

Қайратқа қайрат қосып, демеу жасап, әнін тыңдап, тарихи оқиғаның куәсі боламын десеңіздер, 10 маусым күні сағат 10:00-де Ә. Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармония залында өтетін әннің аламанына келіңіздер!

Қайреке, дауысың дауылдап, үнің үдеп, көмейіңе күміс қоңырау ілінсін! Құдай жар болсын!

Еркін Шүкіман

Abai.kz

 

0 пікір