БҰҰ комитетіне сайлауда Ләззат Қалтаеваның кандидатурасын 157 мемлекет қолдады
Қалтаева Қазақстанда 20 жылдан астам уақыт бойы инклюзия мәселелерімен және мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғаумен айналысып келеді.
Қазақстан өкілі Ләззат Қалтаева 2027–2030 жылдарға арналған БҰҰ-ның Мүгедектер құқықтары жөніндегі комитетінің мүшесі болып сайланды. Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға (CRPD) қатысушы мемлекеттер конференциясының 19-сессиясы аясында өткен сайлауда ол 157 мемлекеттің қолдауына ие болып, барлық үміткерлер арасындағы ең жоғары нәтижені көрсетті.
Қазақстан өкілімен бірге Комитет құрамына Армения, Бенин, Иордания, Қытай, Литва, Палау, Самоа және Эфиопия елдерінің кандидаттары да сайланды.
20 жылдан астам уақыт бойы мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғаумен айналысып келеді.
Ләззат Қалтаева – Қазақстандағы инклюзия және мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау саласындағы ең танымал қоғам қайраткерлерінің бірі.
2024 жылғы қазан айынан бастап ол Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының кеңесшісі және Сенат жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңестің төрайымы қызметін атқарып келеді. Бұған дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі болды.
Ләззат Қалтаева жиырма жылдан астам уақыт бойы «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығы қоғамдық бірлестігін басқарды. Сондай-ақ ол Алматы қаласының мүгедектер ұйымдары қауымдастығының төрайымы болып табылады.
Бұдан бөлек, Қалтаева Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның құрамына кіреді.
БҰҰ-ның Мүгедектер құқықтары жөніндегі комитеті – мемлекеттердің Мүгедектердің құқықтары туралы конвенция талаптарын орындауын қадағалайтын және мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын халықаралық деңгейде ілгерілетуге ықпал ететін тәуелсіз сарапшылар органы.
Abai.kz