Мо Янь. Романның иісі...
Әлемге әйгілі қытай жазушысы, әдебиет аталымы бойынша Нобель сыйлығының иегері Мо Янь Қазақстанға алғаш рет келгелі отыр.
Жазушы ҚР Мәдениет ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен 22 маусым күні Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің бас ғимаратында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас қаламгерлерге шеберлік дәрісін оқиды.
Шығармалары әлем оқырмандарының ыстық ықыласына бөленген Мо Янмен бірге Қытай Мемлекеттік сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы, аудармашы Әкбар Мәжит, Бейжің Тіл және Мәдениет университетінің профессоры, ғалым Лю Шицинь қазақ топырағына ат басын бұрады.
Аталған шаралар 2024 жылдан бері Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің стратегиялық әріптестігі аясында жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Жас жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» курсының аясында жүзеге асады.
РОМАННЫҢ ИІСІ
(Париждегі Франция Ұлттық кітапханасында сөйлеген сөзі)
Наполеон бірде «Туған жерім – Корсика аралын көзімді таңып тастаса да иіскеп жүріп табаредім», – деген екен. Өйткені Корсикада ерекше өсімдік өсетін көрінеді, жел оның жұпарын жан-жаққа таратады екен.
Орыс жазушысы Михаил Шолохов та өзінің «Тынық Дон» романында иіс сезу қабілетінің ерекше дамығанын көрсетті. Ол Дон суының, дала шөптерінің, жас пішен мен шіріген шөптің, ат терінің, казактар мен казак әйелдерінің иісін шебер суреттеген. Романның эпиграфында «Шіркін, біздің қарт әкеміз тынық Дон!» деп жазылған. Донның иісі, казак даласының иісі, шын мәнісінде, оның өз Отанының иісі еді.
Уссури өзенінде тіршілік ететін кета балығы мұхитқа аттанып, сонда жетіліп, ірі балыққа айналады. Уылдырық шашатын шақ таяғанда,өз ұрпағын жалғастыру үшін туған жеріне қайта оралады. Олар осы жолда сансыз кедергіден өтіп, мыңдаған шақырым қашықтықты артқа тастай алады. Балықтардың бұл таңғажайып қасиеті шынымен де таңдай қақтырады.
Кейінгі жылдары ихтиологтар мұның себебін анықтапты: балықтарда мұрын болмаса да,олардың иіс сезу қабілеті жақсы дамыған әрі иістерді есте сақтай алады екен. Дәл осы қабілеті мен туған өзенінің иісін есте сақтау арқылы олар асау мұхит толқындарымен алысып, жолда жантәсілім етуден де қорықпай ағысқа қарсы жүзіп, алға ұмтылады. Аман қалған балықтар атамекеніне оралып, ұрпақ өрбіту парызын орындаған соң еш өкінішсіз көз жұмады. Туған өзенінің иісі оларға бағыт қана сілтеп қоймай, қиындықтармен күресуге күш береді.
Кета балығының тіршілігі жазушының өміріне өте қатты ұқсайды. Әдеби шығармашылық та – Отанның иісі жайлы естеліктерге сүйене отырып, оны іздеу процесі.
Бүгінгі диктофон, бейнекамера мен интернет заманында заттарды, табиғат көрінісі мен бояуларды сипаттау дейтін романның негізгі қызметі үлкен сынақ алдында тұр. Сөзіңіз қаншалықты бай әрі нақты болса да, ол бейнекамераның объективінен асып түсе алмайды. алайда,иіс – камера әлі күнге дейін жеткізе алмайтын жалғыз нәрсе. Бұл – біздің, қазіргі прозашылардың ең соңғы еркін аймағы.
Бірақ, меніңше, бұл да ұзаққа бармайды: жуырда ғалымдар иісті жазып алатын құрылғы ойлап табады. Иісті жеткізе алатын кино мен телевизия өте жақын арада пайда болады. Ондай машиналар әлі жасалмай тұрғанда, біз иістердің бай палитрасына толы романдар жазуға асығуымыз керек.
Маған иісі бар кітаптарды оқыған ұнайды. Бойында иісі бар прозаны – жақсы проза деп есептеймін. Өзіне тән бірегей иісі бар роман – ең үздік проза. Өз туындыларын түрлі иіспен байыта білген жазушы – жақсы жазушы, ал кітаптарынан қайталанбас иіс шығатын жазушы – жазушылардың ішіндегі ең үздігі.
Жазушыға иісшіл мұрын керек, бірақ бұл мұрны иісшіл адамның бәрі бірдей жазушы бола береді деген сөз емес.Иттің де иіс сезу қабілеті өте мықты, бірақ ол жазушы емес қой. Небір талантты жазушы тұмаумен ауыруы мүмкін, бірақ бұл олардың бірегей иісі бар романдар жазуына еш кедергі келтірмейді. Менің айтпағым, жазушының иістерге келгенде қиялы ұшқыр болуы тиіс. Шығармашылық қуаты мықты жазушы жазу барысында кейіпкерлермен табиғат көріністеріне тән иістерді сезіндіре алуы керек. Тіпті иісі жоқ жансыз нәрселерге де өз қиялымен иіс дарыту қажет.Мұндай мысалдар жетіп артылады.
Неміс жазушысы Патрик Зюскинд өзінің «Парфюмер» романында ғаламат иіс сезу қабілеті бар адам жайлы жазады. Ол иіс атаулыны тауып, әтір жасаудың нағыз шебері болатын әрі мұндай данышпан тек Парижде ғана дүниеге кeлуі мүмкін еді. Оның есінде дүниедегі бар нәрсенің иісі сақталған. Ол барлық иісті салыстыра келе, әлемдегі ең ғажап иіс – жас қыздардың иісі деген қорытындыға келеді. Сөйтіп өзінің ғаламат иіс сезу қабілетіне сүйене отырып, мінсіз әтір жасау үшін жиырма төрт арудың өмірін жалмайды. Осы бір керемет әтірді сепкенде адамдар оның ұсқынсыздығын ұмытып, оған естері кете ғашық болады. Бұлтартпас айғақтарға қарамастан, оның қатыгез қанішер екеніне ешкімнің сенгісі келмеді. Тіпті қазатапқан қыздың әкесі де оны өз перзентінен артық жақсы көріп кетеді. Ол адамдардың иіс сезу сезімін басқара алатын жан – бүкіл әлемге иелік етеді деп есептеді.
Габриель Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романында кейіпкерлерден шығатын иістің жағымсыздығы сондай, одан гүлдердің өзі солып қалатын. Алайда олар дәл осы иіс сезу қабілетінің арқасында тас қараңғы түнде адаспай, сүйікті әйелдеріне барар жолды дәл табатын.
Уильям Фолкнердің «Шу мен ашу» романындағы кейіпкерлердің бірі тіпті суықтың иісін де сезе алатын. Негізі суықтың иісі болмайды ғой, бірақ Фолкнер дәл осылай жазған, әрі біз мұны ешқандай әсірелеу деп санамаймыз. Керісінше, бұл өте терең әсер қалдырып, таңғаларлықтай шынайы көрінеді. Ал мұның сыры суықтың иісін сезетін кейіпкердің ақыл-есі кем болуында еді.
Осы мысалдар мен қысқаша талдауға сүйене отырып, көркем прозада іс жүзінде иіспен жұмыс істеудің екі түрі немесе екі әдісі бар екенін байқауға болады. Біріншісі – жазушының өмірлік тәжірибесіне, әсіресе туған жер туралы естеліктеріне негізделген реалистік әдіс. Мұнда автор өзі сипаттайтын заттарға белгілі бір иіс береді немесе олардың мәнін иіс арқылы ашады. Екінші әдіс көркем қиялға сүйенеді: жазушы иісі жоқ нәрселерге иіс береді немесе заттардың табиғи иісін басқаша өзгертеді. Суықтың иісі жоқ, өйткені ол материалдық нысан емес. Бірақ Фолкнер батыл түрде суықты иіспен сипаттады. Өлімнің де иісі болмайды, алайда Маркес кейіпкерлеріне өлім иісін сезіндіре алды.
Әрине, тек иістер ғана роман жазуға жеткіліксіз. Жазушы жазу барысында өзінің барлық сезу мүшесін – дәм сезу, көру, есту, сипап сезуді, сондай-ақ үйреншікті қабылданбайтын басқа да ғажайып түйсіктерді іске қосуы тиіс. Сонда ғана кітабыңыз тіршілік тынысына ие болуы мүмкін. Ол тек өлі таңбалардың жиынтығы болудан қалып, бойында иісі, үні, жылуы, пішіні мен сезімі бар тірі ағзаға айналады.
Жас авторлар мынадай парадоксқа жиі тап болып жатады: өмірдегі шынайы оқиға өте шиеленісті әрі әсерлі болуы мүмкін, бірақ оны романға сөзбе-сөз көшіргенде, мәтін жасанды көрініп,әсеретукүшінжоғалтады. Сонымен бірге ұлы шығармалардың көбісі жазушының қиялынан туса да, жүрегімізді терең тебірентеді. Бұл неліктен? Себебі, нақты оқиғаларды қағазға түсіргенде біЗ жаратушылық рөлімізді ұмытып, иіс сезу, көру, есту және басқа да сезімдерімізді толық пайдаланбаймыз. Ал ұлы шеберлердің ойдан шығарған әлемдері шынайы көрінеді, өйткені авторлар барлық түйсігін жұмылдырып, қиялын жаңа, кейде таңғажайып сезімдер жасауға бағыттаған. Міне, дәл осы себепті біз адамның қоңызға айналуы еш мүмкін еместігін жақсы түсінсек те, Франц Кафканың «Құбылу» повесін оқығанда қайран қаламыз.
Кинематограф мамандығы пайда болған сәттен бастап адамдар әдебиеттің болашағына алаңдаумен келеді. Осыдан жарты ғасыр бұрын Қытайда роман жанрының жуық арада жойылатыны сөз болған, бірақ ол әлі күнге дейін өмір сүріп келеді. Теледидар әр үйдің төрінен орын алғанда, кітаптардың тағдыры тіпті бұлыңғыр көрінген. Экрандар оқырмандардың айтарлықтай бөлігін өзіне тартып әкеткенімен, адамдар әлі де кітап оқуды жалғастырып келеді, сондықтан романның жуық арада «көз жұмуы» неғайбыл. Интернеттің пайда болуы бұдан да қатерлі сынақ туғызды, бірақ желі тек мәтін жазудың баламалы тәсілі мен кітап таратудың басқаша жолын ғана ұсынады.
Роман жазудан басқа ештеңе қолынан келмейтін адам ретінде, мен әдебиет тығырыққа тірелсе де, оның жойылып кететінін еш мойындай алмаймын. Бұдан бөлек, мен романды ешқандай өнер де, технология да алмастыра алмайды деп есептеймін. Тіпті иіс жазатын аппараттың ойлап табылуы да бұған қауқарсыз. Өйткені мұндай құрылғы тек шынайы өмірде бар иістерді ғана тіркей алады. Бейнекамера тек нақты нысандарды түсіріп, беймәлім нәрсені бейнелей алмайтыны секілді ол да жоқ нәрсені жасай алмайды. Ал жазушының қиялы жоқтан бар жасайды. Шексіз қиял күшіне сүйене отырып, автор өмірде жоқ иістер мен әлемдерді тудыра алады. Біздің мәңгі өлмейтін мамандығымыздың негізі де,міне, осында жатыр.
Кезінде неміс жазушысы Томас Манн Альберт Эйнштейнге Кафканың кітабын сыйға тартыпты. Алайда физик келесі күні-ақ: «Адам миы мұншалықты күрделі емес», – деп кітапты қайтарып беріпті. Біздің Кафка әлемнің ең ұлы ғалымынан асып түсті, бұл – біздің қаламгерлер қауымы үшін зор мәртебе.
Ендеше, бойында тынысы мен иісі, жылуы мен дауысы, ең бастысы – ғажайып ой қуаты бар туындылар жасау үшін барлық сезімімізді батыл іске қосайық.
Әлбетте, жазушы шығарма жазу барысында тіл құдіретіне сүйенуі тиіс. Иістер, түстер, температура мен пішіндер сөз арқылы жасалады, сөз арқылы таралады. Тілсіз ештеңе жоқ. Әдеби шығармалардың өзге тілдерге аударылуы да тілдің ішкі мазмұнына байланысты. Аударманың сәтті шығуы үшін жазушы нақты әсерлер жасай отырып, сезім түйсіктерін дәл жеткізуге ұмтылуы тиіс. Тек сезіну арқылы ғана шынайы сезімдер туады. Онсыз кітап оқырман жүрегіне ешқашан жол таба алмайды.
Ендеше, Уссури өзеніндегі кета балығы секілді, туған жеріміздің иісіне ілесіп, алға ұмтылайық.
Ойлап көрейікші, жер бетінде мыңдаған алып динозаврлар өмір сүрген көне дәуірлерде жердің иісі қандай болды екен. Ол кезде айналаны қолқаны қабатын сұмдық жағымсыз иіс алып тұратын еді; тіпті кейбіреулер динозаврлар өздерінен шыққан иіске өздері тұншығып қырылып қалды деп әзілдейді.
Мен туған елімде өтетін Олимпиада ойындарына жауапты басшыларға мынадай бір ұсыныс тастадым: 2008 жылы Олимпиада алауы тұтанған сәтте айналаға жүз түрлі гүлдің, жүз түрлі ағаштың және жүз түрлі таңдаулы шараптың хош иісін таратсақ, бұл Олимпиаданы хош иісті шараға айналдырар еді.
Қанеки, жадымызда барлық иісті жаңғыртып, солардың ізімен көзден бұлбұл ұшқан өткен өмірімізді: махаббатымызды, қайғымызды, қуанышымызды, жалғыздығымызды, бозбала шағымызды, аналарымызды іздеуге аттанайық... Бір ғана мадлен печеньесі арқылы өткен шағына оралған Марсель Пруст секілді, бүкіл болмысымызды құрап тұрған дүниелерді іздеп табайық.
Біздің ұлы жазушымыз Пу Сунлин өзінің өлмес туындысы – «Ляо Чжайдың таңғажайып хикаяларында» әдеби шығармалардың деңгейін мұрнымен-ақ сезіп, анықтай алатын соқыр монах жайлы баяндайды. Емтихан тапсырушылар оған иіскеп көрсін деп өз шығармаларын әкеліп беретін. Нашар шығарманы иіскеген сәтте монахтың құсқысы келіп, сыртқа қарай тұра ұмтылатын. Ол нашар шығармадан қолқаны қабатын сұмдық сасық иіс шығады дейтін көрінеді.
Алайда, кейін оның жүрегін айнытқан жұмыстар іріктеуден сәтті өтіп, жеңімпаз атанатын да, хош иісті деп тапқан шығармалар мүлдем іске алғысыз болып қалатын. Бунун1 (1Бунундар–Аустронезия халықтарына жататын байырғы этнос.) халқында мынадай бір аңыз бар: кәдімгі ауылдардың бірі орналасқан жердің астында иіс сезу қабілеті керемет дамыған бір тайпа өмір сүреді екен. Олар таңғажайып хош иісті тағамдар әзірлейтін шебер аспаздар көрінеді. Бірақ өздері оны жемейді. Тамақ дайын бола салысымен арнайы тұғырға қояды да, бүкіл тайпа астың айналасына жиналып, ауаны тоқтаусыз мұрындарымен тарта бастайды. Олар тек иіспен ғана қоректенеді. Жер бетіндегі адамдар жиі-жиі жерастына түсіп,иісі жоқ тамақтарды ұрлап әкетеді екен.
Кезінде мен бұл аңызды әңгімеге арқау етіп, өзгенің асын ұрлау үшін жер астына түсетін бала жайлы жазғанмын. Ол бала өзім едім. Алайда шығарма жарық көрген соң қатты өкіндім. Мен бұл оқиғаны қарапайым адамның емес, иіспен қоректенетін тайпа тұрғынының атынан жазуым керек еді. Егер мен өзімді осы жерасты тайпасының баласы ретінде елестеткенімде, әңгіме әлдеқайда тартымды шығар еді.
14 желтоқсан, 2001 жыл, Париж, Франция
Аударған: Әлихан Махаш
Abai.kz