«Біздің идеология – Ата Заң» – Ерлан Қаринның көлемді мақаласы жарық көрді
Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалар мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртумен қатар, қоғамдық сананы өзгертуге және жаңа құндылықтарды орнықтыруға бағытталған. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин «Жас Алаш» газетінде жарияланған мақаласында жазды.
Оның айтуынша, елде басталған өзгерістердің мәні тек жаңа мемлекеттік институттарды құруда немесе саяси жүйені жаңартуда ғана емес.
«Алдағы кезеңдегі ең үлкен маңызды бетбұрыс – қоғамдық сананың, қоғамдық саясаттың кезекті рет жаңғырып, жаңаруы», – дейді Ерлан Қарин.
Мемлекеттік кеңесші жаңартылған Конституцияны тәуелсіз Қазақстанның жаңа даму кезеңін айқындайтын басты құжат ретінде бағалады. Оның пікірінше, Ата заңда елдің тарихи тамыры, ұлттық болмысы мен мемлекеттік дамудың негізгі бағдарлары нақты көрініс тапқан.
«Бұдан былай «Біз ұстанатын құндылықтарға не жатады?», «Идеологиямыз қандай?» деген сұрақтарға анық әрі сенімді жауапты Ата Заңнан табамыз», – деп атап өтті ол.
Қарин Конституцияда ұлттық бірегейлікке ерекше мән берілгенін айтты. Атап айтқанда, тарихи сабақтастық, аумақтық тұтастық, зайырлылық, дәстүрлі отбасы құндылықтары, мәдени мұраны сақтау және ғылым мен білімді дамыту мәселелері Негізгі заң деңгейінде бекітілген.
«Ұлтты ұйыстыратын құндылықтар да Ата Заңда айқын көрсетілуі қажет. Сондықтан оның преамбуласында, негізгі бөлімдері мен баптарында ұлттық болмысымыз бен бағдарымыз нақты бекітілген», – деді Мемлекеттік кеңесші.
Оның пікірінше, Конституция тек құқықтық нормалар жиынтығы емес, қоғамның құндылықтық бағдары мен даму бағытын айқындайтын маңызды құжатқа айналып отыр. Осы арқылы мемлекет ұлттық мүдде мен заманауи даму талаптарының арасындағы тепе-теңдікті сақтауды көздейді.
Сондай-ақ мақалада адам капиталының рөліне ерекше назар аударылған. Ерлан Қариннің сөзінше, мемлекеттің стратегиялық дамуының негізі табиғи ресурстар емес, ең алдымен азаматтардың білімі, қабілеті мен еңбегі болуы тиіс.
«Халық – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі. Сондықтан адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді», – дейді ол.
Мемлекеттік кеңесші соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан реформалардың қоғамдағы көзқарастар мен мінез-құлыққа әсер ете бастағанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы үнемі көтеріп жүрген әдептілік, үнемділік, тазалық, тәртіптілік секілді ұстанымдарды бүгінде жұртшылық жақсы қабылдап, қоғам болып оны әрі қарай іліп алып кетуде», – деді Ерлан Қарин.
Оның айтуынша, заң мен тәртіп қағидатын нығайту, қоғамдық мәдениетті арттыру және жауапты азаматтық ұстанымды қалыптастыру ішкі саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды.
«Президент реформаларының ең үлкен жемісі институционалдық өзгерістермен қатар, қоғамдық санадағы сілкініс дер едік», – дейді ол.
Мемлекеттік кеңесші қазіргі таңда қоғамды білімділікке, мәдениеттілікке және жасампаз отаншылдыққа бағыттау аса маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, патриотизм ең алдымен азаматтардың күнделікті іс-әрекетінен, заңға құрметінен және қоғамдық жауапкершілігінен көрінуі тиіс.
«Қоғамды мәдениеттілікке, еңбекқорлыққа, білім-ғылымға, жауапты әрі жасампаз отаншылдыққа шақыру маңызды», – деді Ерлан Қарин.
Сонымен бірге ол соңғы жылдары ішкі саясат саласында нақты тәртіп пен жүйелілік қалыптаса бастағанын атап өтті. Әсіресе ономастика, ескерткіштер орнату, түрлі марапаттарды тағайындау сияқты мәселелер бойынша бірыңғай талаптар енгізіліп, бұрынғы жүйесіздіктерді жоюға басымдық берілген.
«Ономастикада, ескерткіштер орнатуда, ведомстволық наградаларды тағайындауда нақты регламенттер бекітілді. Тіпті киноны прокатқа шығаруға қатысты да арнайы критерийлер енгізілді», – дейді Мемлекеттік кеңесші.
Оның айтуынша, мұндай өзгерістер қоғамдық кеңістікте ортақ тәртіп қалыптастыруға және мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтау үшін құқықтық мәдениетті арттырудың маңызы ерекше екені айтылды. Оның сөзінше, көптеген дау-дамай мен түсініспеушілік азаматтардың қарапайым әдеп нормаларын сақтамауынан туындайды.
«Қоғамдағы кез келген кикілжіңнің, кез келген даудың алдын алудың бірден бір жолы – жеке бастың мәдениетін дамыту», – деді Ерлан Қарин.
Ол білімділік, мәдениеттілік, еңбекқорлық және жауапкершілік қасиеттері өркениетті қоғамның негізін қалайтынын атап өтті. Сондықтан жастардың тәрбиесіне, тарихи сананы қалыптастыруға және кітап оқу мәдениетін дамытуға ерекше назар аударылып отыр.
Мемлекеттік кеңесші қоғамдағы сапалы өзгерістер қысқа уақыт ішінде жүзеге аспайтынын, бірақ бұл бағыттағы жұмысты кейінге қалдыруға болмайтынын айтты.
«Ұлт сапасын арттыру, азаматтардың мінез-құлқын өзгерту, жаңа әдеттерді қалыптастыру бір күндік шаруа емес», – дейді ол.
Оның пайымдауынша, Қазақстанның алдағы дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен емес, азаматтардың мәдениетімен, заңға құрметімен және қоғамдық жауапкершілігімен де өлшенеді. Сондықтан қоғамда мемлекетшілдік сананы нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ортақ жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру жұмыстары жалғаса береді.
Сөз соңында Ерлан Қарин мемлекеттік идеология жалаң ұрандар мен формалды насихатқа емес, нақты нәтижеге негізделуі керектігін атап өтті.
«Құрғақ ұран, жалаң үгіт-насихат – біздің жолымыз емес», – деп түйіндеді Мемлекеттік кеңесші.
Оның пікірінше, бүгінде Қазақстанда институционалдық реформалармен қатар қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үдерісі жүріп жатыр. Заң мен тәртіпке құрмет, тазалық, жауапкершілік, білім мен ғылымға ұмтылыс және мемлекетшілдік сана қоғамның жаңа сапасын қалыптастырудың негізгі факторларына айналуы тиіс.
Abai.kz