Алтайдың әппақ бұлтын ән көтеріп
«Сөз — маржан, дауысым дауыл, әнім асқақ…». Бұдан бір жарым ғасырдай бұрын шыққан бұл сөздің мән-мағынасын бұрнағы күні білдік.
Бұндай биіктік бүгінде Димашқа жарасар. Қазірде күллі әлем үшін ән өнерінде жан бармаған биіктік болса – адам дауысының сұлулығы мен кеңдігінде шын мәніндегі құбылыс болса – егер оны жаһандағы сегіз миллиард кісіден бір адам ғана жасаса – сол сегіз миллиардтан бір бірлік – ол біздің ұл – Димаш Құдайберген!
Қатон-Қарағайға – Төр Алтайдағы Бұқтырманың бойына өнерлі нөкерлерімен көшіп келген Димаш Қанатұлы байтақ Отанының ту шығысында, алып кеменің ұшар басында, айдарында айқайлатып тұрып, ғажайып концерт қойды.
Концерт болғанда да біз одан Нью-Йорктегі «Madison Square Garden», Мехикодағы «Palacio de los Deportes», Барселонадағы «Olimpic Arena Badalona» (бұл аренада болып ем), Лондондағы «OVO Arena Wembley», Берлиндегі «Max-Schmeling-Halle» тағы сондай әлемнің ең ірі шаһарларындағы концерттері сияқты тартымды бағдарламамен керемет құлшыныстағы Димашты көрдік. Димашымыздың біз әлгінде атаған қалалардан гөрі Қатон-Қарағайын қаттырақ сүйетінін көрдік.
Ұлымыздың ғажайып дауысынан, әр қимыл, әр сөзінен қазағына, Қазақстанына, оның сонау қиыр түкпіріндегі ауылына, күллі түркінің Алтайына деген алып ұшып тұрған махаббатты көрдік.
Дала жағдайына құрған алып сахнаның алдында теңіздей толқыған қазақты, оның рухын, оның өз ұлына, оның биік өнерге деген өлшеусіз құрметін көрдік.
Біздің ұлттың топтаса алатынын, жинала алатынын, жақсылыққа талпынысын, көркемдікке құлшынысын, ең қызығы сол үшін осыншама қиянға қиналмай жететін қазақтың көптігін, қатарының қалыңдығын көрдік. Кеңсірігіміз ашып, көзіміз бұлдырап, ақын жүрегіміз атқалақтап толқып тұрдық.
Біздің ән ұранымызда Жұмекен айтқандай, «туған жерім менің – Қазақстаным» деп соғып тұрған жүректі көрдік. Сол Жұмекен туған Қиғаштан, Құдайберген туған Қобдаға, одан осы Оралхан туған Бұқтырмаға дейінгі кез-келген ауыл осындағы әр қазақтың туған жері екенін сезіп тұрдық. Егер өз туған жеріндей биік қастерлемесе Димаш Қанатұлының Барселонада өткен концерті бұл Бұқтырмада өтпес пе еді?..
«Бұлбұлмын, даусым көкте дамылдаған» деп әнші Әсет ән салғанда дауысы алты қырдан ары кетеді дейтін көрген қариялар.
Бүгін мұнда Димаш ән шырқағанда Алтайдың қою бұлттары ағарып, әппақ шүкеге айналып, қалықтап шың басындағы қарға қарай баяу жылжып бара жатқанын көрдік.
Өркенің өссін, Димаш ұл!
Қосымша: Тұсымыздан өтіп бара жатқан Димаш ұл сәлем бергенде, Жүрсін аға әлде нені есіне алып, ойланып қалғанын әлеуметтік желіден байқадыңыздар. Димашты көргенде жапа-тармағай телефонын көлденең ұстаған жұрт тына қалғанда, Жүкең сұраулы жүзіме қарап сәл жымиып сөз бастады.
— Димаштың Астанадағы тұңғыш концертінде Асаналі екеуміз «луджада» отыр едік, Иманғали кіріп келді. Қасында Игорь бар екен, таныстырып жатыр. Мен сәлемін елеусіз алған кейіпте біздің бала болмаса, сенің «крутой» түгің де жоқ екен дедім,— деп жымиды.
Жүрсін аға жалпылдап амандасып, балпылдап бата беретін диуана рәуішті шал емес. Есесіне ТМД-ның Игорь Крутойына: «Біздің ұлдың қасында ешкім емессің», - дейтін адам. Бата бермеді дей ме?! Одан ондай кейіп күтпеңдер.
Өрел — Өскемен — Алматы
Алмас Ахметбекұлы
Abai.kz