Бейсенбі, 23 Шілде 2026
Анық-қанығы 3012 0 пікір 21 Шілде, 2026 сағат 19:14

Қазақ мұнайына кім шабуылдады? Украина ма, Ресей ме?..

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Каспий құбыр консорциумының маңайында ушыққан шиеленіс пен Қазақстанның қара алтыны - мұнайдың тағдыры қазір бүкіл елдің назарын өзіне аударып отыр, өйткені бұл жай ғана геосаяси тартыс емес, Қазақстанның экономикасына әсер етер маңызды оқиға.

Қара теңіз айдынындағы Новороссийск терминалында кезек-кезек орын алған дрон шабуылдары мен сонан соң туындаған үрейлі болжамдар Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі мәселесін тығырыққа тіреп тұр. Еліміздің мұнай экспортының басым бөлігі өтетін негізгі күретамырдың қауіпсіздігіне сызат түсті. Бұл ретте Қазақстан мен Украинаның ұстанымдары? Бұл – басты сұрақ!

Мәселенің өзегіне үңілсек: Осы айдың ортасында Новороссийскідегі КҚК терминалдарына қатысты қауіпті оқиғалар легі басталды. Шілденің 17-сі, 19-ы және 20-сы күндері жүк тиеу кезіндегі танкерлерге дрондар соққы жасады.

Алдымен «Yasa Polaris» және «Nordic Zenith» кемелері соққыға іліксе, кейін Энергетика министрлігі «NELSA» танкерінің де шабуылға ұшырағанын ресми түрде растады.

Бұл жағдайдан кейін Астана шұғыл түрде алаңдаушылық білдіріп, КҚК нысандарына жасалып жатқан шабуылдарды тоқтатуға үндеді, өйткені бұл бағыт – Қазақстан мұнайының әлемдік нарыққа шығатын басты қақпасы, барлық экспортымыздың шамамен 80 пайызы осы құбыр арқылы жүзеге асады.

ҚАЗАҚСТАН МҰНАЙЫНА ҚАУІП ТӨНДІ!

Осы тұста «Bloomberg» агенттігі жағдайдың тіпті ушыға түсетінін хабарлап, әлемдік қауымдастықты дүрліктірді. Ақпарат көздеріне сүйенген басылым танкер иелерінің қауіпсіздіктен қорқып, Новороссийскіге барудан бас тартып жатқанын, салдарынан КҚК қазақстандық мұнайды қабылдауды шектеуге мәжбүр болатынын жазды.

Егер бұл болжам шындыққа айналса, өндірілген мұнайды сақтайтын орын болмағандықтан, Қазақстан қара алтын өндіру көлемін амалсыз қысқартуға тиіс болады. Басылымның мәліметінше, мұндай қадам шілденің 21-інен басталып, аптаның соңына дейін созылуы мүмкін. Дегенмен, КҚК басшылығы мен Қазақстанның Энергетика министрлігі бұл ақпаратқа қатысты әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ, ал бұл үнсіздік қоғамдағы күдікті одан сайын күшейте түсуде.

КИЕВ НЕ ДЕЙДІ? ЕЛШІ МАЙКО НЕ ДЕЙДІ?

Ал Киев тарапы бұл айыптаулардың бәрін қатаң түрде жоққа шығарып отыр. Украинаның Қазақстандағы елшісі Виктор Майко Астананың алаңдаушылығын жақсы түсінетіндерін айта келе, бұл шабуылдарға Украинаның ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді (Елшінің мәлімдемесін Азаттық радиосы жариялады).

Оның айтуынша, Украина қарулы күштері тек қана әскери нысандарды соққылауда. Ал Қазақстанның экономикалық мүдделері мен инфрақұрылымы ешқашан әскери мақсат ретінде қарастырылмаған.

Сонымен қатар, елші Майко Ресей тарапы украиналық дрондарды радиоэлектрондық қорғаныс құралдарымен қағып алып, арандату мақсатында өздері қолдануы ықтимал деген нұсқаны да алға тартып, бұл жағдайды жан-жақты тергеу қажеттігін жеткізді.

Қалай болғанда да, қара теңіз жағалауындағы күрделі ахуал мен дрон шабуылдары қазақстандық мұнайдың еркін тасымалына үлкен қатер төндіріп тұр. Елшілік тарапынан ақталулар мен халықаралық агенттіктердің дабыл қаққан болжамдары қатар жүріп жатқан тұста, отандық энергетика саласының болашағы мен экспорттық тұрақтылығы сын сағатты бастан кешуде.

Осы туралы пікіріңізді Abai.kz ақпараттық порталының Telegram-дағы парақшасына жазыңыз...

Аяна Қазтай

Abai.kz

0 пікір