Бейсенбі, 13 Тамыз 2026
Ақмылтық 1655 0 пікір 11 Тамыз, 2026 сағат 15:52

Жолбарыс оралды. Рухымызға пайдасы бар ма?

Сурет: massaget.kz сайтынан алынды.

Қазақтың киелі қызыл түкті жолбарысы, Шекті Жанқожа батырдың қос жолбарысы, Табын Бұқарбай батырдың қос жолбарысы, Кете Жиенбай жыраудың жолбарысы, Сүйінбай ақынның қызыл шұбар жолбарысы — қазақ танымында батырлар мен ақындарға жәрдемдескен киелі күштің бейнесі ретінде айтылады. Жиенбайдың киелі жолбарысы кейін немересі Көшенейге, Сүйінбайдың қызыл шұбар жолбарысы кейін шәкірті Жамбылға көшкен деген де әңгіме бар.

Қазақ ұғымында киелі күштер біз қадір тұтып, әрі сескенетін жыртқыштардың бейнесіне еніп, адам өміріне араласа алады. Сондықтан жолбарыстың бейнесі де жай ғана аң емес, тылсым дүниемен байланысты рухани нышан ретінде қабылданған. Егер мұндай аң белгілі бір топырақта болмаса, киелі күш те сол жерге оның бейнесімен келе алмайды деген түсінік бар.

Бұрын менің оқырмандарымның арасында батыр мінезді бір әйел болатын. Оның түсіне үнемі жолбарыстар кіріп, жақындай түсіп, бірақ тиіспей, қайта алыстап кетіп жүріпті. Меніңше, бұл — қазақ жадында сақталған баяғы киелі жолбарыс туралы түсініктің бүгінге жеткен әлсіз елестері.

Ендеше, жолбарыс қазақ жеріне қайта оралып, осы топыраққа жерсініп, көбейе бастаса, оның табиғи ғана емес, рухани мәні де қайта жандануы үміттендіреді. Жыртқыштың айбаты мен киесі сол өңірдің рухани кеңістігіне қайта еніп, бір күні сол жерде дүниеге келген бір сәбидің бойына батырлықтың рухын қондыруы мүмкін.

Қазақ жерінің жыртқыштарының келімсектерге тобымен шабуыл жасауы — айта қаларлық таңғаларлық құбылыс. Қасқырлардың немесе жолбарыстардың қазақ елді мекендеріне топтасып шабуыл жасауы тарихта болмаған. Енді қызығы, Алтайдың Көктоғай ауданындағы Қарабұлғын ауылында қасқырлардың қытай қоржасына тобымен шабуыл жасап, ту-талақайын шығарғаны туралы оқиға әлеуметтік желіде кеңінен тараған.

Осындай бір оқиға Іле бойының қопасында болған деседі. Жолбарыстар тобы орыс жасағына тұтқиылдан шабуыл жасап, әскерді әбігерге түсірген. 1892 жылдан бастап Іле, Шу және Сыр бойындағы қопаларда орыс жасақтарының жолбарыстарды жаппай қыруы күшейген.

Ресейден Алматыға жер аударылып келген Троцкий 1928 жылы Іле өзенінің қопасындағы жолбарыстарды көріп, олардың көзін жоймай, қорғаудың маңыздылығы туралы жазған.

2019 жылы қағазға түскен «Жолбарыстың рухы» деген әңгімем бар. Онда Алматы облысы Балқаш ауданының орталығы Шоқпар ( қазіргі Бақанас) жеріндегі ашаршылық жылдары болған көтеріліс айтылады. Шығарма 1930 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық пен кеңестік қуғын-сүргін тұсындағы халық қарсылығын суреттейді. Елдің мал-мүлкін тартып алып, халықты аштыққа ұшыратқан билікке қарсы Тілеуқұл Саурықбай бастаған бес жүзден астам адам көтеріліске шығады. Көтерілісшілер жергілікті кеңес өкілдерін тұтқындап, өз басқару жүйесін құрып, қаруланады.

Тілеуқұл елді жазалаушы әскердің қырғынынан құтқару үшін Іле бойымен Қытайға қарай алып кетпек болады. Бірақ елдің тағдырына алаңдап, қайта оралады. Осы кезде оның түсіне ежелгі алып жолбарыс кіріп, жол көрсетіп, қауіптен сақтап жүреді. Тілеуқұл мен оның серіктері жолбарысты киелі рухтың белгісі деп қабылдайды.

Көтерілісшілер ұзақ уақыт жауға төтеп береді. Алайда олардың арасынан Мөртібай деген адам сатқындық жасап, Тілеуқұлға жолбарыстың көмектесіп жүргенін жазалаушы әскерге айтып қояды. Кеңес әскері енді Тілеуқұлды емес, алдымен оның киелі жолбарысын өлтіруді көздейді.

Шешуші шайқаста жолбарыс Тілеуқұлды жау оғынан құтқарып, өзі оққа ұшады. Жолбарысының өлімін көрген Тілеуқұл қатты күйзеліп, бұрынғыдан бетер қаһарланып соғысады. Ол өзінің соңғы сәті жақындағанын сезіп, жас сыбызғышы Кермалайды аман алып қалу үшін оны құмға жасырып, өзі жауға қарсы кетеді. Ақырында Тілеуқұл да қаза табады.

Соғыстан кейін Тілеуқұлдың моласы жолбарыс түстес сары-шұбар тастармен қаланады. Моланың төрт бұрышына Кермалай төрт сыбызғы шаншып кетеді. Бұл — Тілеуқұл мен оның киелі жолбарысына деген соңғы құрметтің белгісі.

Шығарманың соңғы бөлігінде мен жолбарыс бейнесін қазақ даласының ежелгі рухымен байланыстырамын. Тұран жолбарысы — ерлік, күш, еркіндік пен батырлықтың символына айналады. Бірақ жолбарыс та, сол дәуірдің батырлары да біртіндеп жоғалады. Соңында қыран бұлаққа қарап, су бетінен жолбарыстың бейнесін көреді. Қыран суды шоқып қалғанда, жолбарыстың соңғы сұлбасы да өшеді. Ал түнде қыранның түсіне кірген қызыл-қоңыр жолбарыс ұзақ ырылдап, қоштасады.

Көкбөрі Мүбарак

Abai.kz

0 пікір