Бейсенбі, 23 Шілде 2026
Жөн-ақ 250 0 пікір 23 Шілде, 2026 сағат 13:25

Реформа: Маңызды бағыт – қаржы және банк жүйесі!

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Бұл саладағы өзгерістер туралы көп айтыла бермейді. Бірақ ішінде жүрген мамандар жақсы біледі: соңғы жылдары дәл осы бағытта ең жүйелі реформалар жүзеге асты.

Ең алдымен, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» жаңа заң күшіне енді.

Жаңа заң арқылы:

  • базалық және әмбебап банктік лицензиялар енгізілді;
  • банк нарығындағы бәсекелестік күшейтілді;
  • корпоративтік басқаруға қойылатын талаптар артты;
  • халықаралық банк қадағалау стандарттары енгізілді;
  • исламдық қаржыландыруды дамытуға мүмкіндік жасалды;
  • цифрлық қаржы активтері мен финтех қызметтері құқықтық тұрғыдан реттеле бастады
  • банк клиенттерінің құқықтарын қорғауға бұрынғы жылдарға қарағанде ерекше көңіл бөліне бастады.

Кредиттік алаяқтыққа қарсы жаңа механизмдер енгізіліп жатыр. Биометриялық сәйкестендіру кеңейтілді, бөтен адамның атына несие рәсімдеуді қиындататын қосымша қорғаныс құралдары енгізілуде.

Соттан тыс банкроттық рәсімдері жеңілдетілді, қарыздарды қайта құрылымдау мүмкіндіктері кеңейді, жеке тұлғалардың проблемалық қарыздарын коллекторларға сатуға қойылған шектеулер ұзартылды, халықтың борыштық жүктемесін төмендетуге арналған жаңа құралдар енгізілді.

Әрине, алаяқтық толық жойылды деуге болмайды. Бірақ қабылданған заңдардың нәтижесі бір күнде көрінбейді. Бұған уақыт қажет. Сонымен қатар халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жұмыстары әлі де жалғасуы тиіс.

Тағы бір үлкен өзгеріс – цифрлық қаржы жүйесінің дамуы. Қазір Қазақстан қолма-қол ақшасыз төлемдер бойынша әлемдегі көшбасшылардың біріне айналды. Қысқа уақыт ішінде:

  • мобильді төлемдер;
  • QR арқылы төлем жасау;
  • онлайн кредит беру;
  • мемлекеттік цифрлық қызметтер;
  • банктердің цифрлық экожүйелері қарқынды дамыды.
  • Бірыңғай QR жүйесі іске қосылды.
  • Цифрлық теңге айналымға енгізілді.
  • Alatau City жобасында цифрлық төлем құралдарын енгізу негізгі міндеттердің бірі ретінде айқындалды.

Банктер мен финтех-компаниялар арасындағы бәсекелестік миллиондаған қазақстандық күнделікті пайдаланатын әрі әлемде баламасы жоқ жаңа сервистердің пайда болуына жол ашты.

Президент жүктеген тағы бір міндет - банк нарығындағы жоғары шоғырлануды азайту болды. Сол үшін екі деңгейлі лицензиялау жүйесі енгізіліп, жаңа банктердің нарыққа келуіне жағдай жасалуда. Ұзақ уақыттаағы үзілістен кейін алғашқы жаңа банктік лицензиялар беріле бастады.

Пандемияға, әлемдік инфляцияға және геосаяси тұрақсыздыққа қарамастан, Қазақстанның банк жүйесі тұрақтылығын сақтап қалды. Қазір банк активтері өсіп келеді, экономиканы кредиттеу көлемі артып жатыр, проблемалық кредиттердің үлесі халықаралық деңгеймен салыстырғанда төмен күйінде қалып отыр.

Әрине, шешімін күткен мәселелер әлі де жеткілікті. Дегенмен соңғы бес-жеті жылда Қазақстанның қаржы жүйесі айтарлықтай өзгерді. Меніңше, бұл өзгерістердің басым бөлігі Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттігі кезеңінде тікелей талап етуімен жүзеге асты және қазір жалғасып жатыр. Мұны қабылданған заңдар мен іске асқан жобаларға сүйенген нақты реформалардың нәтижесі ретінде қарастырған дұрыс.

БАҚ, сарапшылар осы екі саладағы өте ауқымды өзгерістерге ағымдағы жаңалық түрінде ғана мән беріп, тиянақты айтылмай жүргендіктен, бәрінің басын қосып, осындай ұзын пост жазуға тура келді. Дәл осы екі саладағы өзгерістер көбірек айтылуы керек.

Ербол Азанбек

Abai.kz

0 пікір