Қазақ отбасы дағдарыста ма, әлде жаңа кезеңге өтті ме?
Қазақ қоғамында отбасы тақырыбы қозғала қалса, пікір екіге жарылады. Бірі – «заман өзгерді» дейді, енді бірі – «дәстүрден алыстадық» деп дабыл қағады.
Алайда мәселе бір ғана тараптан емес. Отбасындағы түсініспеушілік, ерлі-зайыптылар арасындағы жауапкершіліктің әлсіреуі, жастардың үйленуге асықпауы, жалғыздықтың қалыпты құбылысқа айналуы – бүгінгі қоғамның ортақ мәселесіне айналып отыр.
Осы және қазақ қоғамындағы өзге де өзекті мәселелерді медиатор, авторлық курстардың жетекшісі Қарлығаш Бекпатшақызы «Шешім» YouTube арнасына берген сұхбатында ашық талқылады.
Маманның пікірінше, қазіргі қоғамда отбасы мәселесіне келгенде әйелдермен қатар ер азаматтарға да көбірек көңіл бөлу қажет. Себебі осы уақытқа дейін отбасылық мәселелерді шешуде әйелдер тарапынан сұраныс басым болғанымен, бүгінгі таңда бұл проблеманың тек әйелге ғана қатысты еместігі анық байқалып отыр.
«Ер азаматтарымыз да әйелдермен бірге дамуы керек. Оларға да көңіл бөлу қажет. Әйелдер бұл бағытта белсенді болып келеді. Ал ер азаматтарымыз кейде сәл саяда қалып қояды», – дейді Қарлығаш Бекпатшақызы.
Оның айтуынша, қоғам алдында жүрген, білімі мен тәжірибесі мол азаматтардың өзі отбасылық мәселеге келгенде тығырыққа тіреліп қалатын кездер болады. Яғни өзгеге ақыл айтып, бағыт көрсете алатын адамның өзінің жеке өміріндегі түйткілді шешуге қауқары жетпей қалуы мүмкін.
Сондықтан медиатордың пікірінше, отбасы мәселесін тек жеке адамның проблемасы ретінде қарауға болмайды. Бұл – қоғамның психологиялық және әлеуметтік ахуалымен тікелей байланысты мәселе.
Сұхбат барысында маман жастардың отбасын құруға асықпауының себептеріне де тоқталды. Оның пікірінше, бүгінгі қоғамда материалдық жағдайдың бірінші орынға шығуы жастардың отбасы құру туралы шешіміне айтарлықтай әсер етіп отыр.
«Үйім болсын, содан кейін үйленемін», «үйім болса ғана күйеуге шығамын» деген ұстаным қалыптасты. Ал бұл бұрынғы қазақы түсінікке тән емес еді. Бұрын жастар материалдық жағдайды күтпей, бір-біріне сеніп, шаңырақ көтеретін. Перзенттің несібесін де Алла береді деген түсінік болған», – дейді ол.
Қарлығаш Бекпатшақызы қазақ қоғамындағы жалғыздық мәселесін де айналып өтпеді. Оның сөзінше, қазақ үшін жалғыздық ешқашан қалыпты құбылыс болмаған. Ал бүгінде үйленбей жүрген жастардың, жалғызбасты ерлер мен әйелдердің саны артып, бұл мәселе қоғамда жиі талқылана бастады.
Маман бұл жерде дәстүрлі қоғамдағы жеңгелер институтының маңызын да атап өтті.« Бұрын қыз бен жігіттің мінезін, отбасын, әлеуметтік жағдайын жақсы білетін жеңгелер екі жастың басын қосуға ықпал еткен. Яғни қазіргі таңда түрлі танысу орталықтары мен мамандар атқаратын қызметтің белгілі бір бөлігін бұрын жеңгелер институты атқарған.»
Алайда дәстүрдің заманға қарай өзгеретінін де ескерген жөн. Бүгінгі қоғамда оның бұрынғы формасын сол күйінде қайталау мүмкін емес. Дегенмен дәстүрдің озығын сақтап, оны қазіргі заманға бейімдеу – маңызды міндет.
Сұхбатта медиатор жастар арасындағы коммуникация мәселесіне де ерекше тоқталды. Оның пікірінше, қазіргі жастардың бір-бірімен танысуы мен ашық қарым-қатынас орнатуына кедергі болатын фактордың бірі – өзара сөйлесуден қорқу.
«Адамдар бір-бірімен араласуы керек. Бір-бірімен сөйлесуден, танысудан қорықпау қажет. Адамдар қарым-қатынас жасап, бір-бірін түсініп барып отбасын құрады. Сондықтан қазіргі жастар үшін коммуникацияны дамыту өте маңызды», – дейді Қарлығаш Бекпатшақызы.
Маманның пайымынша, бүгінгі қоғамда қыздар да, жігіттер де өз өміріне жауапкершілікпен қарап, белсенді әрекет етуі керек. «Мені біреу тауып алады» деп күтудің орнына, адамдар өзара қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырып, бір-бірін түсінуге ұмтылғаны жөн.
Қарлығаш Бекпатшақызының «Шешім» YouTube арнасына берген сұхбатында бұдан бөлек, «Ата дәстүр» клубының жұмысы, көп әйел алу мәселесі, ер азаматтың отбасындағы рөлі, әйелдің рухани дамуы, бала тәрбиесі және медиацияның отбасыны сақтап қалудағы мүмкіндігі туралы да маңызды пікірлер айтылды.
Бір сөзбен айтқанда, сұхбаттың өзегі – отбасы мәселесін бір ғана әйелдің немесе ер адамның проблемасы ретінде емес, тұтас қоғамның мәселесі ретінде қарау қажеттігі. Себебі шаңырақтағы бір ғана түсініспеушілік уақытында шешілмесе, оның салдары бір отбасының шеңберінен шығып, ұрпақ тәрбиесіне дейін әсер етуі мүмкін.
Ал отбасы институтын сақтау үшін бүгінгі қоғамға ең алдымен бір-бірін тыңдай алатын, сөйлесе білетін және өз жауапкершілігін сезінетін адамдар қажет.
Abai.kz