Азанама...
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бекжан Әшірбаев 52 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Әшiрбаев Бекжан Төребекұлы 1974 жылы Оңтүстiк Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, «Ленин жолы» ұжымшарында дүниеге келген.
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң журналистика факультетiн үздiк бiтiрген. Сол жылдан берi аталмыш бiлiм ордасында қызмет атқарып келді. Журналистика саласында елеулі еңбек етті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың республикаға тарайтын «Қазақ университетi» газетiнiң бас редакторы (2002-2006); Республикалық «Azamat.kz» қоғамдық-саяси апталығы бас редакторының бiрiншi орынбасары (2005-2006); Республикалық «Ел мен Жер» қоғамдық-саяси апталығының бас редакторы (2006); Республикалық «Жас қазақ үнi» газетi бас редакторының орынбасары (2007); Қазақстан Жазушылар Одағына қарасты республикалық «Қазақ әдебиетi» газетi бас редакторының бiрiншi орынбасары т.б. қызметтерді атқарды.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесi. Республикалық «Қазақ әдебиетi», «Жұлдыз», Жас қазақ үнi», «Azamat.kz», «Парасат» басылымдарында топтама өлеңдерi жарияланды. 2008 жылы «Жазушы» баспасынан мемлекеттік тапсырыс бойынша жарық көрген «Қоңыр әуен» өлеңдер кітабының және өзге де жыр жинақтарының авторы.
«Абай» ақпараттық порталы ұжымы марқұмның туған-туысқандары мен жақындарына, қалың оқырман қауымға қайғырып көңіл айтады.
Қасымқан Бегман:
«Оның ақындық әлемі де ерекше болатын. «Қоңыр әуен» атты жыр жинағы оқырманға жол тартса, айтыс өнеріндегі өрнекті сөздері, сазгерлік қыры мен ел арасына кең тараған әндері шығармашылық болмысының сан қырлы екенін танытты. Өмірінің соңына дейін әдебиет пен журналистикаға қызмет етіп, артында өшпес із қалдырды.
2009 жылы Бекжан Әшірбаевты Санкт-Петербург қаласына жасаған «Мұстафа Шоқай жолымен» атты экспедицияма бірге ертіп барған едім. Сол сапар барысында оның ақындық, журналистік қырымен қатар, ізденімпаз зерттеушілік қабілетіне де жақыннан куә болдым.
Осы өткен шілде айының 16-шы жұлдызы күні Қазақстан Жазушылар одағына, менің жұмыс кабинетіме Бекжан өзі бас болып, Сәкен Сыбанбай, Ермахан Шайқы, Асқар Дүйсенбі төртеуі арнайы іздеп келіп, кабинетте бір сағаттай, сосын дәмханаға барып, түстеніп, төрт сағаттай армансыз сырласып едік.
Сол күні мен Бекжан бауырымды соңғы рет көріп тұрғанымды білген жоқ едім. Одан кейін тек телефонмен ғана сөйлесіп жүрдік. Соңғы рет хабарласқанында: «Қас - аға, Таразда сіздің шығармашылығыңыз жайлы жазып жүрген Гүлсара Байданова деген сыншы қарындасымыз бар. Сол жас сыншының мақаласын сізге жіберемін»,- деп өзіме бейтаныс қыздың мақаласын жіберген еді.
Бекжан бауырым әлеуметтік желіге ең соңғы постын бес күн бұрын жазып, «Көктөбеге шақыру» деген өлеңін салған екен.
КӨКТӨБЕГЕ ШАҚЫРУ
Алматы – әсем жәннатым,
Ғашықтар әнін табатын.
Жұлдызды түнде жазу бар
Біз ғана оқи алатын.
Көктөбе жақта көп қызық,
Қайтайық, айнам, көк сүзіп.
Жаңа ашылған гүлдердің
Тұсаукесерін өткізіп.
Бақытты сәттер тым сараң,
Сыйлайын бәрін бір саған.
Көктемнің киген көйлегін
Көбелек қушы қырқадан.
Бөктері таудың тоңданып,
Ойнайды ызғар қол қарып.
Ұмтылғанымда сүюге
Тұрарсың әлсіз қорғанып.
(Бекжан Әшірбаев)
Бүкіл халықты Көктебеге шақырып, ең соңғы өлеңін жазған ақын өзі де жеті қат көкке ұшып кетті...
Бекжан бауырымның жарқын бейнесі, азаматтық болмысы, ақындық үні мен қаламгерлік мұрасы оны қадірлеген қалың жұрттың жадында ұзақ сақталары сөзсіз.
Алла алдынан жарылқап, иманы саламат болсын. Жаны жәннатта, рухы пейіште шалқысын. Артында арманда қалған ата-анасына, өз отбасы мен туған-туыстарына, бауырларына, үзеңгілестеріне сабыр мен төзім тілеймін».
Досан Кенжетай:
«Бекжан бауырымды сырттай құрметтедім. Ол ақын еді. Сонау 90 -шы жылдары лек легімен қазақ айтыс сахнасына келген жас ақындар ұлттың ертеңіне қанат серметкен, қиялын көкке өрлеткен нағыз жыршы, ақын еді.. Бірде бір тойда “Көршінің қызы” әнің нағыз лирика болды, рахмет дегенімде, е ол ән де сөзі де көп сынға ұшырады. Жаныма жақын емес, жастықтың бір күйлері ғой дегені бар. Мейлі жұрт не десе о десін бауырым, менің есімде сол әніңмен ақ қымбатсың! Жатқан жерің жайлы болсын! Жаның жұмақта шалқысын! Орның ойсырап қалды ау…».
Берік Жүсіпов:
«Бірдеңе жазуға да қолымның бармай отырғанын қарашы. Ойпырмай, өткенде ғана еді ғой Бауыржанның шақыртуымен Жайыққа бірге барып, біраз нәрсені базарлап қайтқанымыз. Барғанша, қайтқанша ағымыздан ақтарылып, ағыл-тегіл әңгіме айтып, жасанды зерденің жайын қозғап. Екеуміз бұрын-соңды бүйтіп сапарлас болмаған екенбіз. Қу тіршіліктен қолымыз қалт етіп, ұзақ сөйлескеніміз де сол екен. Оның үстіне, қайтар бағытымыз да бір болып шықты. Содан, үйінің тұсына дейін алып келдім. Жол бойы тағы да сол, таусылмайтын ұзақ сонар әңгіменің сорабына түсіп алып. Сыртқа сырын аша бермейтін Бекжан болмысқа сонда таңырқағанмын, парасат, пайымдарына таңғалып. Көліктен түсіп бара жатып: «Аға, араласып тұрайық та», — деп еді-ау, айналайын. Көлеңкеңнің қасынан жылыстап есіл өмірің өтіп бара жатыр екен да. Іштей араласып тұруды ойлағанмын сонда. Бірақ, бұл адам пенденің қай ойы іске асып, дегені болыпты? Енді, міне, «Бақұл бол!» деуге де тілім келмей тұр. Пырағың көкке көтеріліп кетіпті. Асыл Бекжан-ай, бауырым-ай…».
Серік Әбікен:
«Қайран, Бекең… Алаштың аяулы ақыны Бекжан Әшірбаев көз жұмды деген хабар келді. Назарбаев кезінде “Комсомолдар орнына нансоғарлар келді ғой” деп сыпайы сойған айтыскер, соңғы жылдары қаламына сүйеніп, оқшаулау күйде жырмен сырласқан сырбаз лирик Бекеңнің елудің асуынан енді асқанда тұз-дәмі түгесіліпті. Өткенде: Секе, ЖИ-ге ән жаздырдым, — деп “Жалған куәліктің” өлеңі мен музыкасын жіберіп еді. Сонда:
Адамда болмас аз арман,
Ай күзеткенше төбесін.
Құтылған кім бар ажалдан,
Көп болса жүзге келесің…— деген жолдар бар. ҚазҰУ қалашығы тұсында шылым шегіп тұрып “Кей жолы ауыр екен” — дегем. Жүрегің бір сұмдықты сезгендей ме, жүзге дейін әлі көп бар еді ғой, Беке?! Иманды бол. Алла алдыңнан жарылқасын!».
Abai.kz