Аида Балаева «Қазақфильмнің» жеріне қатысты дауға ашық жауап берді
Кейінгі күндері әлеуметтік желіде өнертанушы, дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай «Қазақфильмнің» жеріне қатысты бірқатар мәселе көтеріп, жазба жариялады. Өнер қайраткері Алматы қаласы әкімдігінің «Қазақфильм» аумағына «Кинематографистер паркін» салу бастамасына қарсы шығып, назарылығын білдірді.
Осы мәселенің анық-қанығын білу мақсатында біз Премьер-министрдің орынбасары – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға хабарласып, мәселенің мән-жайын сұрап білдік.
«Ерлан Төлеутай ағамызды ұлттық өнердің дамуына зор үлес қосып жүрген азамат ретінде жақсы білеміз. Алайда ел ағасына айналған азаматтың бұл даудағы мақсатын еш түсіне алмай-ақ қойдым. Маған деген бас араздығы бар ма, әлде басқалай пиғылы бар ма, білмедім. «Қазақфильмді» желеу қылып қанша уақыттан бері ертелі-кеш менімен алысып келеді. Бұл жерде айта кетер дүние көп. Біріншіден, «Әбіл» Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен түсірілді. «Әбіл» - Қазақфильмнің туындысы. Бірақ неге екенін білмеймін, Ерлан Төлеутай ағамыз фильмнің мемлекеттің қолдауымен түсірілгені жөнінде жақ ашпайды.
Сондықтан мемлекеттік қолдау туралы сөз болғанда, барлық дүниені жан-жақты айту қажет. Ал енді «мені құттықтамады» деп ренжуі тіпті ақылға сыймайды. Бұдан үлкен мәселе жасау ұят секілді. Өткен жылы шет елден жүлделердің бірін алғанда министрліктің ресми парақшасында арнайы құттықтадық. Егер барлық мәселе құттықтауға ғана келіп тірелсе, ағамыз сол кезде-ақ тынышталар еді. Бірақ мәселе онда емес секілді», - деді А.Балаева.
Сондай-ақ вице-премьер Ерлан Төлеутайдың «қара тізімге» қатысты сөзіне де жауап берді.
«Ерлан Төлеутай айтқандай бізде «қара тізім» деген мәселе жоқ. Мұны анық айту керек. Кино саласында, кез келген шығармашылық ортадағыдай буын алмасуы үздіксіз жүріп отырады. Қазір салаға жаңа режиссерлер, продюсерлер келіп жатыр. Сараптамалық комиссиялардың құрамы да тұрақты түрде жаңартылып отырады. Белгілі бір кезеңде қандай да бір марапаттан немесе жобадан тыс қалу – «қара тізімге» енді деген сөз емес. Мұндай тұжырым жасау негізсіз. Егер Ерлан Төлеутай ұлттық киноның дамуы жолында бірлесе жұмыс істеймін десе, біз әрдайым дайынбыз. Қажет болса, жұмыс та табылады», - деді ол.
Сонымен қатар Аида Балаева «Қазақанимацияға» қатысты мәселеде нақты фактілерге сүйену керек екенін атап өтті.
«Бұл ұйым 2022 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оған дейін қордаланған мәселелер аз болған жоқ. Ашығын айту керек, бір ғана «Алтын адам» деген жобаны бес жыл бойы бітіре алмай, қаржысын талан-таражыға салған екен. Мен қызметке келгеннен кейін осы жобаны толық аяқтадық. Біз алда «Қазақанимацияға» жаңа тыныс бергіміз келеді», - деді ол.
Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен алынды.
Сонымен қатар таяуда Алматы қаласына келген сапарында «Қазақфильмнің» жағдайымен танысып, аумақты аралағанын атап өтті.
«Жалпы біз бәріміз «Қазақфильмнің» дамуына мүдделіміз. Кеше ғана мен өзім арнайы барып, аумағын аралап көрдім. Қараусыз қалған, қалың шөп басқан аумақтар бар. Осындай жерлерді ретке келтіріп, халыққа қолжетімді саябаққа айналдыруға қарсы болу – қаншалықты дұрыс? Керісінше, бұл аумақты абаттандырып, отандық кино өнерінің тарихына арналған заманауи тақырыптық парк салудың маңызы зор деп есептеймін.
Біз қазір киностудия аумағын тұтастай жаңғырту мәселесін пысықтап жатырмыз. Ғимараттар мен инженерлік желілерді күрделі жөндеуден өткізу керек. Қол қусырып қарап отыра алмаймыз. Мұның бәрі «Қазақфильмді» сақтау, оны жаңа деңгейге шығару үшін жасалып жатқанын түсінуге тиіспіз», - деді А.Балаева.
Айта кетсек, Қазақстан киногерлер одағының басқарма мүшесі Ерлан Төлеутай «Қазақфильм» аумағына «Кинематографистер паркін» салу мәселесіне қатысты ҚР Премьер-министрінің орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа үндеу жасаған болатын. Әлеуметтік желідегі жарияланымдарға қатысты Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ ресми мәлімдеме жасап, саябақтың жалпы жұртшылыққа арналғанын, аумақта ешқандай жеке немесе коммерциялық нысандар салу көзделмеген хабарлады.
Одан бөлек киностудия өздері жайлы жалған ақпарат таратқан азаматтар бойынша құқық қорғау органдарына және сотқа жүгінетінін хабарлады.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz
