Бейсенбі, 24 Қыркүйек 2026
Деп жатыр 187 0 пікір 24 Қыркүйек, 2026 сағат 14:42

ЖИ – жасанды емес, жоғарғы интеллект...

Сурет: theins.ru сайтынан алынды.

Бұдан былай ЖИ-ді  – жасанды интеллект емес, жоғарғы интеллект деп атаудың қисыны бар секілді. БҰҰ Бас ассамблеясының 81-ші сессиясында АҚШ Президенті Д. Трамп осындай ұсыныс жасады. Ол «жасанды» деген сөздің «жасанды» естілетінін айтып, «жоғарғы интеллект» атауының мейлінше нақты термин екеніне назар аударды. Шынында да, өнеркәсіптік революцияның ғажайып жетістігін адам ақылының «жемісі» болған соң ғана «жасанды интеллект» деп атаудың жетімсіз екені кәміл.   

Адам ақыл-ойының нәтижесі: ғылым мен жаңа технологиялардың арқасында «дүниеге келген» ЖИ, іс жүзінде, тиісті бағдарлама аясында ғана жұмыс жасап қоймай, өзін-өзі үздіксіз жетілдіру мен басқару мүмкіндігіне ие. Демек, жасанды интеллект терминінің аясы тарлығымен,  оның ЖИ-дің «жаратылысын» ашып көрсете алмайтынымен келіссек керек.  Өзін-өзі  басқарып қана қоймай, ғылым мен технологияға соны өріс ашып, оны алға «жетелейтін» интеллектіге  жоғарғы интеллект атауы лайық.

Сондықтан бастапқыда адамның ақыл-ойымен жасалған бағдарлама аясында жұмыс істей отырып, ақпаратты өңдеу, талдау арқылы  дербес әрі шапшаң шешім қабылдай алатын интеллектіні «жасанды» емес, «жоғарғы» интеллект деп атаудың, оның «миссиясын» мейлінше дәлді көрсететінін мойындаған абзал. Бірақ, жоғарғы интеллектінің  адамға бағынбай кетуінің деректерін келтіріп, оның дамуын баяулатпаса, мұның адамзат үшін аса қатерлі екенімен «үркітіп», дабыл қағушылар  да аз емес.

Осы орайда тағы да сол Трамп мырза ЖИ-ді бақылаудың кең көлемді амал-шарғысын жасауға тырысудың кез-келген түріне АҚШ-тың үзілді-кесілді қарсы екенін және жол бермейтінін айқын аңғартты. Жалпы,   жаңа технологиялардың қолданысқа енгізілуінің қашанда оңай емесі мәлім. Бұл  ЖИ-ге де тікелей қатысты. Кезінде «жаһандық жылынудың апатымен  ақырзаманды таятып қойғандардың енді ЖИ адамдарға шабуыл жасап, өміріне қатер төндіреді деуге көшкенінің» куәсі екеніміз де рас.

Алайда, қазір біз планетаның қайта салқындай бастағанын көріп отырмыз. Олай болса, жаңағыдай  құлазу мен пессимистік болжамдарға тосқауыл қоюдың да, әлбетте кесіп айтудан аулақпыз, жөні бар сияқты.  Егер  жоғарғы интеллектінің ақылы толысып, адамнан кем соқпаса, тіпті жылдамдық пен дәлдік жағынан бізден асып түссе,  гуманистік, адамгершіл ұстанымдар оған да жат болмаса керек. Адамзат дамуының «тізгінін» ЖИ-ді тез әрі іскер меңгерген мемлекеттің ғана қолына алары даусыз.

Жоғарғы интеллектінің өнеркәсіптік революция мен интернеттен де асып түскен ұлы табыс екені де ақиқат. Осы тұрғыдан келгенде біздің республикамызда да жоғарғы интеллектіні дамытуға мемлекет басшысының  баса көңіл бөліп отырғаны ғылыми-техникалық революция табысының еліміздің тәуелсіздігін одан әрі нығайтудың кепіліне айналатынына сендіреді. Ал,  ЖИ – жоғарғы интеллект,  қазіргі интернет төменгі интеллект болса, ортадағы интеллект қайсы немесе кім?..

Сайып келгенде, супер интеллектінің де өмірімізге араласатын күні көп күттіре қоймайтын сияқты. Олай болса, әсіресе жас ұрпақтың, біздіңше, бесінші өнеркәсіптік революцияның табыстарын игеруіне игі ықпал етіп, оларды осы салаға белсенді түрде жұмылдыру Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Жасанды (?) интеллект және цифрлық даму  министрліктерінің тікелей әрі аса жауапты міндеті. Бұл  жауапкершілікті дұрыс түсіну барша қауым, әсіресе ата-ана  үшін де абыройлы парыз.

Болат Жүнісбеков, жазушы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1438
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 3014
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 1079
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 1006