Сахнада да шек болуы керек!
Елімізде тұрмыстық және физикалық зорлық-зомбылық мәселесі өткір тұрған кезде, сахна төрінен ер адамды теуіп, күш көрсетуді батылдық немесе «крутой» бейне ретінде көрсету -агрессияны насихаттаумен тең.
Дәстүрлі қазақ қоғамында ер адамға ғана емес, жалпы адам баласына аяқ көтеру, тебу -өрескел қылық, үлкен әдепсіздік және қорлау болып саналған. Көптеген көрермендердің бұл сахналық қойылымға дәл осылай шамдануының астарында ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық менталитет пен әдеп нормалары жатыр.
Қазақ халқында «Еркектің басы -елдің басы» деген түсінік бар. Әйел затының ер адамды ардақтауы, оның мәртебесін биік ұстауы отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның беріктігінің кепілі ретінде қабылданған.
Қазақта тіпті ер адамның киімін, бас киімін аттауға, оған дауыс көтеріп, құрметсіздік танытуға тыйым салынған. Сол себепті көпшілік үшін сахнадағы «тебу» қимылы жай ғана би емес, ұлттық кодқа, сыйластық үлгісіне жасалған шабуыл сияқты көрінді.
KeshYou концертіндегі жағдай -батыстық эпатаждық, агрессивті поп-мәдениет элементтері мен қазақы тәрбие институттарының арасындағы үлкен қақтығыстың көрінісі.
Продюсерлер заманауи трендтерді бидегі агрессияны, доминация көрсетуді ұсынуы мүмкін. Бірақ оның бәрі қазақ халқының болмысына үйлесе бермейді.
Зорлық-зомбылық пен қорлаудың кез келген түрі, мейлі ол ер адамға, мейлі әйел адамға бағытталсын, сахналанбауы тиіс. Бұл сахна мәдениетіне де жат. Қазақ сахнасының өзіндік тәрбиелік және эстетикалық рөлі болуы керек.
Ал енді ұлттық ою-өрнекке келейік. Жартылай жалаңаш денеге немесе тым ашық сахналық киімдерге қазақтың қасиетті ұлттық ою-өрнегін салу -ұлттық құндылықтарды қорлау деп қабылдануы заңды.
Қазақ мәдениетінде ою-өрнек -жай ғана декорация немесе сән элементі емес. Ол -ұлттың тарихы, дүниетанымы, рухани жадын танытатын мәдени код.
Ұлттық нақыштар мен киелі нышандарды, әсіресе сәукеле, бөрік сияқты бас киімдерді немесе символикалық оюларды тым ашық, жалаңаш тәнмен байланыстыруды эстетика деп қабылдау қиын. Бұл -рухани құндылықтарды аяқасты ету сияқты көрінеді.
Қазіргі поп-мәдениет өкілдері мұны батыстық стильдегі өнер, бостандық, боди-арт немесе заманауи дизайн деп түсіндіруі мүмкін. Бірақ дәстүрлі қазақ этикасында әйел тәнінің жалаңаштығы ұлттық нышандармен қатар қойылмаған.
Сахналық ашықтықтың да ұлттық намысқа тимейтін шекарасы болуы керек. Мұндай трендтер жастардың санасында қасиетті ұғымдардың қадірін кетіруі мүмкін.
Әрине, өнер туындысында ұлттық нақыштарды заманауи стильге бейімдеуге болады. Стильді заманауи кәжекейлер, шапандар, жаңа үлгідегі ұлттық киімдер -мұның бәрі өнердің дамуы.
Бірақ ұлттық құндылықтарды жалаңаштықпен немесе арзан эпатажбен араластыру -талғам мәселесі.
Ендеше не істеу керек?
Мәдениет саласына жауапты министрлік тарапынан кәсіби мамандар, этнографтар, өнертанушылар, дизайнерлер мен қоғам өкілдері қатысатын арнайы көркемдік кеңес немесе сараптамалық тетік болғаны жөн деп ойлаймын.
Өйткені мемлекеттік деңгейдегі сахналар мен ауқымды ареналар -қоғамның үлкен аудиториясымен жұмыс істейтін орта.
Шекараны белгілеу керек. Бұл -сөз бостандығын шектеу емес. Бұл -мәдениетті хайп пен талғамсыздықтан қорғау сүзгісі.
Қазірдің өзінде Қазақстан заңнамасында мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушыларға көрерменмен қарым-қатынаста әртістердің әдепсіз, аморальды мінез-құлқына жол бермеу жөніндегі талаптар бар. Сондықтан мәселе тек жаңа тыйым енгізуде емес, бар талаптардың сахна мәдениетіне қалай қолданылып, қалай орындалатынында да.
Барлық әртіске бірдей қолданылатын «Сахналық этика кодексі» сияқты нақты кәсіби құжаттың болғаны артық емес.
Егер біз бүгін үнсіз қалып, мұның бәрін «заманауи тренд» деп қабылдай берсек, келешек ұрпақ қазақтың оюын қасиетті бойтұмар емес, жай ғана шоудың киімі деп түсінуі мүмкін.
Сондықтан халықтың бұған наразылығы - ұлттық намыстың тірі екендігінің белгісі.
Өз құндылығын құрметтемеген, қасиеттісін қадірлей алмаған ұлт өзінің рухани болмысынан, мәдени дербестігінен айырылуы мүмкін.
Өзіңді өзің құрметтемесең, басқа сені қайтсін?!
Егер біз өз мәдениетімізді, ою-өрнегімізді, ата-бабадан қалған әдеп нормаларын тек «сахналық шоу» немесе «арзан тренд» үшін құрбан ете берсек, ұлттық кодтың жойылуына жол ашамыз.
Ұлтты тек территориясы ғана емес, оның ортақ құндылықтары, тыйымдары мен тәрбиесі біріктіреді.
Егер ең қасиетті дүниелер -сәукеле, ою-өрнек, үлкенді сыйлау, ер адам мен әйел арасындағы құрмет -мазаққа айналса, қоғамның ішкі темірқазығы бұзылады.
Бұл -рухани тамырдан ажырау қаупі.
Шетелдік шоулардың ең арзан, эпатажды және агрессивті тұстарын көшіріп алып, оны «заманауи өнер» деп тықпалау -өз мәдениетіңді төмен санаудың белгісі болуы мүмкін.
Нағыз өнер ұлттық құндылықты қорламай, қайта оны асқақтатуы тиіс. Осы жерде әлемді қазақтығымен, қазақылығымен бағындырып жүрген ДИМАШ баламыздан үлгі алыңдар дегім келеді.
Қасиетті құндылықтарды хайп үшін қолданған әртістер мен продюсерлерге заң жүзінде де, моральдық тұрғыдан да жауапкершілік мәселесі қаралуы тиіс. Мұндай талаптар басқа өнер иелеріне де сабақ болып, сахна мәдениетін қалыптастыруға көмектесер еді.
Бізге шетелдің бәріне еліктеу емес, әлемдік өнердің жақсысын алып, оны өз болмысымызбен сабақтастыра білу керек.
Қазақ болу -оюды жапсырып алу ғана емес. Қазақ болу -дүниені қазақы өлшеммен тани білу.
Сахна -жай ғана көңіл көтеретін орын емес, ол - қоғамның талғамын тәрбиелейтін үлкен орта.
Сондықтан сахнаның да әдебі болуы керек.
Тұрар Сәттарқызы Шәкен,
Тарихшы, этнограф, журналист
Abai.kz