Жұма, 25 Қыркүйек 2026
Ақмылтық 209 0 пікір 25 Қыркүйек, 2026 сағат 15:23

Бүгін – адам өмірінің қадірі туралы ойланатын күн!

Суреттер: adebiportal.kz, el.kz, qazaquni.kz сайттарынан алынды.

Бейбіт күнде сарбаздарымыз суға кетті. 14 сарбаздың денесі табылды. Тағы 3-еуі құтқарылды. Бүгін Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды...

Үкіметтік комиссия құрылып, қылмыстық іс қозғалды десек те, қаза тапқан әрбір сарбаздың қаралы хабары әрбіріміздің қабырғамызды қайыстырып тастағаны рас...

Сурет: qazaquni.kz сайтынан алынды.

Бүгін – қарыз бен парызды пайымдайтын күн!

Талғат Теменов:

Маңғыстауда қыршын кеткен 14 ұланның қазасы қабырғамызды қайыстырды ау...

Мұндайда не дерсің? Сөз жетпейді.

Тамағыма өксік тығылып, ішімді өртеген жалыннан жанымды қоярға жер таппай отырмын...

Аңыраған аналардың зары. Әкелердің үнсіз түнсіз тұрғаны. Қарындастың ашы үні мен бауырының көз жасы…

Баяғыда «Атам деп жылатсаң – жылат, ботам деп жылатпа» деген екен қазақ. Бүгін он төрт шаңырақтың оты өшті. Қаншама арман, қиял, қаншама махаббат пен үміт желге ұшты…

Ең өкініштісі – адам өмірінің ең қымбат екенін біз оны жоғалтқан кезде ғана сезінетініміз.

Осындай қасіретті сәтте қаралы хабарды суық темір қақпаның ар жағынан, форма киген шенеуніктердің құрғақ жеткізуі жанға батады. Қайғыны естіртудің де мәдениеті мен салты бар емес пе?!

Осы тұста Стивен Спилбергтің «Қатардағы жауынгер Райанды құтқару» фильмі еріксіз еске түседі. Фильмнің ең үлкен сұрағы – соғыстың өзі емес.

Адам өмірінің құны қанша?

Бір жауынгерді аман алып қалу үшін қанша адамның өмірін қатерге тігуге болады?

Бұл – киноның сұрағы емес. Бұл – адамзаттың сұрағы. Бүгін бізде де осы сұрақ.

Бүгін театрлар үнсіз. Концерт залдары бос. Сахналарда музыка естілмейді. Бүгін ешкімнің күлгісі жоқ. Бүгін – күлетін емес.

Бүгін – қарыз бен парызды пайымдайтын күн. Бүгін – адам өмірінің қадірі мен қасиеті туралы ойланатын күн.

Қадірлі ағайын, құрметті туыстар!

Сіздердің қайғыларыңызға қалың қазақ ортақ. Бұл – бір отбасының ғана емес, бір әулеттің ғана емес, бүкіл Қазақ елінің қайғысы.

Біз сіздермен біргеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бүгінгі күнді Аза тұту күні деп жариялауы – осы ортақ қасіреттің Халықтық деңгейдегі белгісі.

Айналайын ағайын…

Осы ауыр сын сағатта сіздерге сабыр мен күш, жүректеріңізге медет тілеймін. Қыршын кеткен боздақтардың жаны жәннатта, рухтары пейіште шалқысын. Алланың ісіне шара бар ма? Арты қайырлы болсын..

Ал біз тірілер… Олардың арманын, есімін ұмытпауға тиіспіз.

Сурет: el.kz сайтынан алынды.

Олардың әрқайсысы - бір әулеттің үміті, бір отбасының тірегі еді...

Бекжан Тұрыс:

Бүгін - жалпыұлттық аза тұту күні. Айдың-күннің аманында оқу-жаттығу кезінде он төрт сарбаздан айырылу - жай ғана қаралы хабар емес, қоғам болып үнсіз өте салуға болмайтын ауыр қасірет. Осы хабарды естігенде ойыма еріксіз Арқанкерген оқиғасы оралды. Ол кезде де ел он бес сарбазынан бір күнде айырылды. Арада жылдар өтті. Ресми тергеу жүргізіліп, сот болды. Кейбір сауалдарға жауап берілгенімен, халықтың көкейінде жауабы табылмаған сұрақтар әлі де бар. Он төрт сарбаздың қазасы да ертең кезекті жаңалықтың көлеңкесінде қалып қоймауы тиіс.

Әскери тәртіпте кейде қателіктің құны адам өмірімен өлшенеді. Сондықтан «тосын жағдай болды», «табиғаттың мінезі өзгерді» деген түсініктеме қоғамның барлық сауалына жауап бола алмайды. Сарбаздардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік болды ма? Болса, неге ол мүмкіндік пайдаланылмады? Оқу-жаттығуды тоқтатуға немесе кейінге қалдыруға не кедергі болды? Қандай шешім қабылданды және сол шешімге не негіз болды? Халық осы сұрақтардың жауабын білгісі келеді. Бұл - жай қызығушылық емес, он төрт азаматтың, олардың ата-анасы мен туған-туыстарының алдындағы елдің сауалы.Сарбаздың өмірі - статистика емес. Оның артында ата-ана, бала-шаға, бауыр, бүтін бір шаңырақ тұр. Сондықтан әрбір сарбаздың қазасына қатысты шындық толық айтылып, қоғам жауап алуға лайық.

Он төрт сарбаз…

Он төрт тағдыр…

Олардың әрқайсысы - бір әулеттің үміті, бір отбасының тірегі еді. Бүгінгі жұма күні мешіттерде жас сарбаздардың рухына Құран бағышталып, дұға жасалса екен. Жатқан жерлері жайлы болсын. Артында қалған ата-анасына, туған-туысына, бала-шағасына Алла сабыр берсін. Қара жамылып, қайғы жұтып отырған барша жақындарына көңіл айтамын.

Сурет: adebiportal.kz сайтынан алынды.

Тас - түскен жеріне ауыр!

Берік Жүсіпов:

Тас - түскен жеріне ауыр! Ата-ана үшін бауыр еті баласын Отан-Ана алдындағы борышын өтеуге үкілі үмітпен шығарып салып, орнына табытын күтіп алудан асқан қасірет болсайшы?! Құдай бетін әрі қылсын, дүние дидарын өрт қапқан соғыстың кезі болса бір сәрі, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт күнде сөнген шырақтың өкініші естен кетер ме, мұндай қайғының сірә, орны толар ма? Е, амал қанша, қандай қағажу көріп, опық жегізген ісінен де қорытынды шығарып, пәм алмайтын бейқам елге айналдық. Кейінгі жылдары осындай, ойға сиымсыз нәрселерден көз ашпайтын болып кеттік. Сөйтіп отырып қарапайым халыққа өкпелейміз-ау, кейде. Айтшы, оның өлген баласының ойсыраған орнын немен толтырмақсың? Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін жұмылған, «жұмылдырған» әрекет-әрканның кімге керегі бар енді? Жан Алла Қазақияның басындағы азат күнін шуақты еткей! Амал нешік, ата-бабалары аңсаған азат мемлекетінің бейбітшілігін, қазақ елінің шырын ұйқысының тыныштығын күзетемін деп көз шырымын алмай, кірпік ілмей жүріп, болмашыдан опат болған қыршын сарбаздардың қазасына қайғырып, қапияда жай түскендей болған әрбір қаралы шаңыраққа, аңырап қалған ата-анаға, туыс-бауырға, күллі қарға тамырлы қазаққа көңіл айтамын. Мұндай жағдайдың жайын басына түскен жан ғана біледі…

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Үзілген 12 өмірдің, 12 үміттің қайғысы ауыр...

Қуанышбек Қари:

Әскер, қорғаныс саласындағы жыр таусылатын емес. Қайталай естілетін кісі өлімі ауыр.

Совет одағы ыдырағанда тәуелсіздікті кеш жариялаған президент Назарбаев әуелде «ортақ әскер» идеясынан ажырамай жүріп алды.

Қазақстанның қарулы күштері тәуелсіздіктен кейін 5 айдан соң құрылды. Құрылғанда да саланы басқару тәуелсіздікке сенбейтін адамдардың қолына тапсырылды. Кейін оларды алмастыруға тура келді. Саланың қалыптасуы осылай басталған.

Тағы бір жыл өткенде теңіз күштері құрылды.

Кеше, 11 жылдан кейін қайталанған трагедияны тексеруге әуелде министр бастатқан комиссияның баратыны хабарланды. Кейін премьердің орынбасары Қанат Бозымбаевтың үкіметтік комиссиясы белгілі болды.

Оның лауазымдық міндетіне қарасақ, ресми реті мынандай: өңірлік саясат мәселелері; тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту мәселелері; су ресурстары және ирригация мәселелері; төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мәселелері.

Каспий жағалауында кем дегенде 12 жастың қаза тапқаны - дәштінің билігі үшін төтенше жағдай. Әуелде оған қай комиссияны жіберерін білмей дағдарған әрекеттің өзі көп нәрседен хабар береді.

Бейбіт күндегі әскер өлімі жүйенің апаты ретінде танылмай, осы кеткені кеткен. «Ұнамаса, көшіп кет» деген тексерілуі керек экс-министр таяуда жаңа құрылымға мүше болды. Ондай жалғыз емес, экс-министрлердің ішінде мұртын балта шапқаны жоқ.

Ал саладағы құрылымдық тартыстың өзі жеке тақырып.

Қазақстанда Каспий теңізі жалғыз болса, елдегі әскери теңіз флоты да жалғыз. Жоғарғы бас қолбасшы сарай терезесінен бақыламай, оқиға болған жерге өзі баратын, өз көзімен көріп, өз жанымен сезініп, жағдаймен танысатын жөні бар.

Үзілген 12 өмірдің, 12 үміттің қайғысы ауыр. Естіртудің түрі анау.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1470
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 3090
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 1094
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 1022