Жаңа мамандықтар, ЖИ және кәсіпкерлік
Қазақстандағы IT Aiel және Aqyl Tech жобаларының қорытындылары
IT Aiel және Aqyl Tech білім беру жобаларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтіп, бірнеше жылдық жұмыстың қорытындылары шығарылды.
Жобаларға Қазақстанның түкпір-түкпірінен IT Aiel бағдарламасында 21 мыңнан астам әйел, Aqyl Tech бағдарламасында 12 мыңнан астам қатысушы білім алды. Бағдарламалар цифрлық және қаржылық құзыреттерді дамытуға, жасанды интеллект құралдарын меңгеруге, киберқауіпсіздық дағдыларын арттыруға, сондай-ақ кәсіби даму, жұмыспен қамту және кәсіпкерлік үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға бағытталған.
2026 жылы IT Aiel бағдарламасына қатысуға 11 162 өтінім келіп түсті — бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,92 есе көп. Бағдарламаға 5 646 адам тіркеліп, білім алды.
Жобаның негізгі нәтижелерінің бірі — қатысушы әйелдердің кәсіби ілгерілеуі. 2026 жылы 1 533 әйел IT және технологиялық секторда жұмысқа орналасты немесе фриланс бағытында жұмыс істей бастады. 2025 жылғы 1 334 адам көрсеткішімен салыстырғанда өсім 14,9%-ды құрады.
2026 жылы IT Aiel қатысушыларының ең үлкен жас тобын 36–45 жастағы әйелдер — 35,5% құрады. Қатысушылардың 63,2%-ының жоғары білімі бар. Оқу басталғанға дейін олардың 41%-дан астамы жұмыс істемеген немесе бала күтімі бойынша демалыста болған. Бағдарламада жасанды интеллектке ерекше назар аударылды: қатысушылардың 65,8%-ы ЖИ құралдарын іс жүзінде қолдана бастаған.
Қаржылық мінез-құлықта да оң өзгерістер тіркелді. Несие құнын түсінетін қатысушылардың үлесі 22,3%-дан 60%-ға, бюджетті тұрақты жоспарлайтындардың үлесі 49,6%-дан 72,3%-ға өсті. Қаржылық есеп жүргізу үшін Excel немесе Google Sheets қолданатындардың үлесі 5%-дан 33,5%-ға, ал қаржылық қоры бар қатысушылардың үлесі 36,8%-дан 53,4%-ға артты.
Ең көп сұранысқа ие практикалық құзыреттердің қатарында жасанды интеллект, нейрожелілер және промптинг бар. Қатысушылар сондай-ақ AI-видео және дизайн құралдарын, қаржылық сауаттылық құралдарын қолданады, vibe coding және no-code арқылы сайттар жасайды, автоматтандыру мен чат-боттарды енгізеді, киберқауіпсіздік құралдарын пайдаланады.
Білім беру циклі үш негізгі бағытты біріктіреді: қаржылық сауаттылық және кәсіпкерлік; цифрлық мамандықтар және жасанды интеллект; киберқауіпсіздік және цифрлық гигиена.
Қатысушылар бюджеттеу, салықтар, кәсіпкерлік негіздері және юнит-экономиканы оқып, ЖИ және автоматтандыру құралдарымен жұмыс істейді, чат-боттар жасауды, AI-дизайн мен видео әзірлеуді, бағдарламалық қамтамасыз етуді тестілеуді, промпт-инжинирингті, vibe coding және no-code технологияларын меңгереді. Жеке блок цифрлық қауіпсіздікке — аккаунттар мен смартфондарды қорғауға, фишинг пен дипфейктерге қарсы әрекет етуге, қауіпсіз онлайн-сатып алуға, цифрлық ізді басқаруға және балаларды интернеттегі қауіптерден қорғауға арналған.
Aqyl Tech жобасы жастардың, оның ішінде өңірлерде және ауылдық жерлерде тұратын жастардың қаржылық сауаттылығы мен цифрлық құзыреттерін дамытуға бағытталған. Жоба аясында 12 мыңнан астам адам білім алды. 2025 жылы Aqyl Tech аудиториясының 93%-ын 35 жасқа дейінгі жастар құрады.
Жобаның географиясы 17 өңір мен республикалық маңызы бар үш қаланы қамтиды. Қатысушылар қатарында кәсіпкерлер, бағдарламашылар, оқытушылар, инженерлер, медицина және ветеринария мамандары, бизнес-аналитиктер, дизайнерлер және AI-креаторлар бар.
Жобалардың жалпы көрсеткіштерінің артында нақты кәсіби траекториялар тұр. IT Aiel қатысушылары оқу аяқталғаннан кейін IT саласында білімін жалғастыруға гранттар алып, дәстүрлі мамандықтардан цифрлық салаға ауысып, AI-контент бағытында жеке брендтерін қалыптастырып, AI-ассистенттер әзірлеп, бизнес-процестерді автоматтандыруда.
Aqyl Tech қатысушылары өз бизнесіне арналған CRM-жүйелер құрып, технологиялық стартаптарды іске қосуда, инженерия мен медицинада ЖИ және автоматтандыру құралдарын пайдалануда, қаржылық тәртібін күшейтіп, жаңа цифрлық мамандықтарды меңгеруде.
2026 жылы қатысушылардың ең көп саны Астанада — 1 742 адам, Алматыда — 1 180, Шымкентте — 317, Алматы облысында — 289, Қарағанды облысында — 273, Ақтөбе облысында — 214 және Қостанай облысында — 202 адам болып тіркелді.
Өңірлік форумдарға 596 адам қатысты. Тағы 230 адам Астана, Алматы, Шымкент, Өскемен, Орал, Қызылорда, Қостанай және Атырау қалаларында өткен «IT-шай» форматындағы кездесулерге қатысты. Жалпы алғанда, «Мүмкіндіктер маршруттары» каталогына Қазақстанның 17 қаласынан 56 оқиға енгізілген.
Жобаны «TechnoWomen» КЕҰ Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ және Astana Hub қолдауымен жүзеге асырды.
«TechnoWomen» КЕҰ әйелдер мен жастардың технологиялық салаға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге және цифрлық құзыреттерін дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асырады. IT Aiel және Aqyl Tech жобаларынан бөлек, ұйым материалдарында әйелдердің цифрлық қауіпсіздігі мен кибергигиенасына арналған Cyber Safe for Women, жасөспірім қыздарға арналған TechGirls, әйел-инноваторлар мен стартаптарды қолдауға бағытталған #SheInnovator, сондай-ақ робототехника және IT саласындағы Robotechnogirls білім беру жобалары ұсынылған.
Abai.kz