Дүйсенбі, 5 Қазан 2026
Жаңалықтар 185 0 пікір 5 Қазан, 2026 сағат 15:42

Казахстан ең ауасы лас 30 елдің қатарына енді

Сурет: rg.ru сайтынан алынды.

Қазақстан PM2.5 ұсақ дисперсті шаңымен (диаметрі 2,5 микронға дейінгі бөлшектер) ауаның ластануы бойынша 143 елдің ішінде 29-орынға тұрақтады. Ауадағы зиянды заттардың жылдық концентрациясы 55%-ға өсіп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) бекіткен нормасынан беске жуық есе асып түсті. 

2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық қалалардағы ұсақ дисперсті шаңның концентрациясы текше метріне 23,4 мкг-ды құрады. Ал ДДҰ бекіткен қауіпсіз стандарт — 5 мкг.

Қазақстан 2021 жылдан бастап бұл көрсеткішті жыл сайын жақсартып, тұрақты төмендеу қарқынына жақындап қалған еді. Алайда өткен жылы жағдай қайта нашарлап, ластану деңгейі 15,1 мкг-дан бірден 23,4 мкг-ға дейін шұғыл көтерілді.

Ең нашар көрсеткіштер Пакистанда (67,3 мкг), Бангладеште (66,1 мкг) және Тәжікстанда (57,3 мкг) тіркелді. Ал ең таза ауа Француз Полинезиясында (1,8 мкг) байқалған.

Өңірдегі төрт мемлекет ең ауасы лас 30 елдің қатарына кірді:

  • Тәжікстан — 3-орын (57,3 мкг, нормадан 10 есе жоғары);

  • Өзбекстан — 10-орын (38,1 мкг);

  • Қырғызстан — 19-орын (30 мкг).

Қазақстан аймақтағы ең үздік нәтижені көрсеткенімен, ластану қарқыны бойынша көш бастап, бірден 55%-ға өсті. Қырғызстанда бұл өсім 40,8%-ды, Тәжікстанда 23,8%-ды құрады. Өзбекстан — Орталық Азиядағы жағдайы нашарламаған жалғыз ел. Ал Түркіменстан бойынша деректер жоқ.

IQAir платформасы Қазақстанның 17 қаласында мониторинг жүргізеді. PM2.5 бөлшектерінің ең жоғары концентрациясы Қарағандыда тіркелді: бұл көрсеткіш 2024 жылы 104,8 мкг-ға жетсе, 2025 жылы 72,6 мкг-ға дейін төмендегенімен, әлі де өте жоғары ластану аймағында қалып отыр.

Алматы, Өскемен және Темиртау қалаларында да ауаның ластануы нормадан кем дегенде үш есе асып түседі. Ал бұл фондық көрсеткіштердің қасында Астанадағы көрсеткіш текше метріне 16,8 мкг-ды құрады.

Дүниежүзілік банктің (Халықаралық қайта құру және даму банкі) бағалауынша, ауаның ластануы Орталық Азияға аймақтық ЖҰӨ-нің (Жалпы ұлттық өнім) 3–5%-ы көлемінде шығын келтіреді. 2022 жылы бұл шығын жылына 15,2 млрд-тан 21,7 млрд долларға дейін бағаланды. Негізгі зиян халық сырқаттанушылығының артуымен, өмір сүру сапасының төмендеуімен және миграциялық ағынмен тығыз байланысты.

Орталық Азия елдеріндегі ұсақ дисперсті шаңның 50-ден 80%-ға дейінгі бөлігі адам факторынан (көлік қозғалысы, көмір мен өзге де отын түрлерін жағу, жергілікті өндірістік шығарындылар) туындайды. Қалған 20–50%-ы топырақ пен шөл шаңдарына тиесілі. Қазақстан мен Қырғызстанда табиғи шаңның үлесі төменірек (30%-ға дейін), ал Өзбекстан мен Тәжікстанда жоғары (50–60%).

Осыдан үш жыл бұрын Дүниежүзілік банктің сарапшылары Алматы мен Астананың 2030 жылға дейінгі болашағын бағалаған болатын. Егер ештеңе өзгермейтін болса, Алматыдағы ластану деңгейі текше метріне 63 мкг-ға, ал Астанада 32,5 мкг-ға дейін өседі. Алайда жүйелі шаралар қабылданса, бұл көрсеткіштерді тиісінше 18 және 8 мкг-ға дейін төмендетуге болады.

Ұсынылған негізгі шаралар:

  • Көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО-ларды газ-турбиналы қондырғыларға ауыстыру;

  • Электр станцияларының шығарындыларына қойылатын нормаларды қатаңдату;

  • Жеке секторды көмірден газға көшіру;

  • Транзиттік жүк көліктерін қалаларды айналып өтетін бағыттарға бағыттау.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен экологиялық саммитте экология дамушы елдерге қысым жасау құралына айналмауы тиіс екенін мәлімдеген болатын:

«БҰҰ Жарғысы жоғары асхананың мәзірі емес, одан тек өзіңізге ұнайтын тағамды ғана таңдап ала алмайсыз», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы әділ энергетикалық өтуге шақырып, аймақтағы су тапшылығынан бастап ауаның ластануына дейінгі экологиялық проблемаларды жеке-жеке шешу мүмкін еместігін баса айтты.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 780
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1082