Қазақстанда Иранның 3 азаматы сотталды
Иранның үш азаматы Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткені үшін сотталды...
Иранның үш азаматы Каспий теңізі арқылы Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткені үшін елден шығарып жіберу жазасымен бірге бір жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
«Ағымдағы жылдың 24 шілдесінде Ислам Республикасының үш азаматы балық аулау кезінде Каспий теңізі арқылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткен. Аталған азаматтарды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери қызметшілері ұстады.
Осы факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 392-бабының 1-1-бөлігі, яғни Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінен тыс жерде адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен Мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өтуі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қарақия аудандық сотының үкімімен Иран Ислам Республикасының үш азаматы кінәлі деп танылды. Оларға Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жібере отырып, 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», — делінген хабарламада.
Abai.kz