Болмыс мәні және ғарыштағы саналы жалғыздық...
Құдайтану баяны неше мыңжылдықтарда өзектілігін жоймай, жаратушы мен жаратылыс арасындағы нәзік байланысқа негізделген сауалдар, болмыс пен бейболмыс туралы талас-тартыстар бірде-бір толастар емес.
Керісінше, жылдар өткен сайын көркейе-көлемдене түсуде. Тақырып философиялық, діни, ғылыми болғандығымен ғана тартымды емес, адам тіршілігіне қажетті өмір сүру модельдерін ұсынумен, қауымның ұйымдаса отырып дамуына керекті қызмет түрлерімен қамтамасыз етумен және басқа да қоғамдық өмірдің салаларында оның ажырағысыз бөлшегіне айналумен дін тақырыбына үн қатушылардың дабыры құлақ тұндырады. Ол түсінікті де. Рене Декарттың «күмәндануына» шама келтірмейтіндей, пікірталаста алдына жан салмайтын софистерді сөйлетпейтіндей дәлдікпен дәйек келтіру қаншалықты күрделі болғанымен, санаға сәуле түсірер логикалық байламдар мен ғылыми ережелерге сүйене отырып ой қорытылса, сөйтіп мыңжылдықтар дилеммасынан сүбе алып, оған үлес қосу тумысы мен табиғатынан мән іздеген әрбір саналыға тән қасиет болғандығынан шығар.
Болмыс пен бейболмыс дилеммасы: Дін мен ғылымның тоғысқан жері
Адам жаратылысы туралы діни тұжырымдарды ғылыми тәсілмен түсіндіру кез келген таласушы мен күмәнданушыны, сұраушы мен сұралушыны, тыңдаушы мен баяндаушыға да қызық көрінері анық. Өйткені діни тұжырымды қисын мен ғылымилық арқылы негіздеудің рационалдылықта, экзистенциалдықта құндылығы бар. Себебі, діни мәтіндерде кезігетін дәлел-дәйектерді қайталай бергеннен, бір мезет сана көмегімен ойлап жететін, парықтайтын дүниелерге тоқталған жөн. Яғни, жаратылыстың түпкі мақсатына үңіле отырып, одан саналылықтың ізін іздесек, ақиқатты тек болмыстан таппай, оны бейболмыспен арадағы нәрсе сипатында тани аламыз. Ұқсас көзқарастар ежелгі грек және орта ғасырлық батыс, шығыс философтарының еңбектерінде негізделген. Мәселен, Аристотель, жанның бар екенін адам өлгенде денені тастап, оны бос қалдыруы оның барлығына дәлел ретінде дәйектеген. Платон адам жанының мәңгілік екенін және оның материалдыққа дейін идеялар әлемінде өмір сүргенін пайымдайды. Рене Декарт болса Құдай туралы біздің түсінігіміздің өзі өзінен-өзі пайда бола алмайтынын, оны біздің ойымызға Абсолют қана салатынын тұжырымдайды. Ибн Синаның «Ұшатын адам» атты атақты ой эксперименті бойынша, егер адам кенеттен жаратылып, сыртқы дүниемен көру, есту, сезу арқылы болатын байланыстың бәрінен шектелсе де, ол өз «Менінің» бар екенін анық сезінер еді дейді. Бұл жанның денеден тыс дербес субстанция екенін көрсетеді. Дегенмен, бүгінгі таным көкжиегінен қарағанда әрі қоғамдағы бүгінгі ахуал Жаратушы ілімін жүйелейтін дінді адамның рухани бөлігі тұтынатын қажеттілік ретінде емес, оны ықпал етуші құрал ретінде көруге және оған басқа да мән-мағына үстеуге бейім.
Жалпы оқу құралдарында мифология, дін, философияны үздік-созық сатылап жеткен адам ой дамуының нәтижесі ретінде қарастыруға бейім. Мұндай жіктеумен мүлдем келісуге болмайды. Мифология бүгінде бар және оның орнын фантастикалық жанр басты. Харри Поттер ең көп сатылатын кітап болса, оның оқырмандарын ерте кезең адамының «ойлау» дәрежесіне түсті деп айта алмаймыз ғой. Ежелгі адамдар да қиялдауды ұнатты және оның жемісі ретінде түрлі ғажайып әңгімелер мен қоғамдық салт-дәстүрге, сенімге негіз болған таным түрлерін қалдыра білді. Философия әлі күнге дейін оқытылады және оның құндылығы бір мысқалдай да кемімеді. Ал дін адамның өмір-тіршілігінің ұстыны, бағыт-бағдары. Әрқайсысы ақиқатты әртүрлі жолмен іздейді және әрқилы жауап ұсынады.
Сонымен, жаратылыстың мәнінен мақсаттылық немесе кездейсоқтықты анықтауға шыққан сапарымызға қайта оралайық. Мұндай сапардағы ізденістер алдымен жаратылыстың бойынан қандай да бір мақсаттылықтың белгісі бар ма деген сауалға жауап табуға жетелейді. Болмыстың, оның ішінде адам жаратылысының мақсаты бар болса, онда қандай да бір саналылыққа да орын бар, сәйкесінше ол жерден қисында табылады. Жаратылыс туралы білім жинақтағанда тек эмпиризмге бас шұлғып қоймай, жаратылыстың өн бойынан саналылық пен түпкі мақсатты көре білгенде ғана адамның көкірек көзі ашылып, оған ілім сәулесі құйылар еді. Осы шарттар орындалса, адам мен оны қоршаған ортаның мақсатты жаратылыс екендігіне пайымдау көмегімен көз жеткіземіз және адам мен қоршаған ортаның болмысында сана бар деген тұжырымға келеміз.
Сонымен адам мақсатты жаратылыс болатын болса, тарих оқулықтарындағыдай алғашқы адамдарды мәдени белгілеріне қарай епті-епсіз, саналы-санасыз деп бөлудің өзі қаншалықты орынды. Егер ол мақсатты жаратылыс болса, оның өз болмысында ғана емес, өзі өмір сүріп отырған қоршаған орта болмысында да сол мақсаттылықтың ізі айқын білінуі тиіс. Бұл сауалдарға сана арқылы жетіп-білу үшін, келесі мәтін жолдарына зер салып көрелік.
Кездейсоқтық па, әлде Ұлы жоспар ма?
Алдымен, күн жүйесіндегі жердің алатын орны мен оның центристік ролі туралы пайымдаймыз. Физика және астрономия ғылымы түсіндіретін космостың пайда болуы туралы гипотеза үлкен жарылыс теориясына арқа сүйейтіндігі белгілі. Сәйкесінше, күн жүйесіндегі сегіз планетаның да ретке келіп, қалыптасуы осы ортақ құбылысқа бағынады. Алайда, пайда болу жолы бір болғанымен, жердің «бауырлас» планеталардан айырмашылығы, оның тіршілікке жарамды болып, адам секілді саналы жаратылыстың осы жерде ғана өсіп-өнуі оның мақсатты жаратылыс екендігіне айғақ болады. Тірі организмнің дүниеге келуіне және өмір сүруіне тікелей әсері бар күн сәулесі осы күн жүйесіндегі барлық планеталарға таралады, ал тіршілікке нәр беретін судың үлкен қоры кейбіреулерінде тіпті мұздықтар күйінде сақтаулы. Егер кездейсоқтық дейін десек, басқа ғаламдарды қоспағанда, бір өзінде миллиондаған планеталар мен жұлдыздары бар Құс жолы галактикасында бірде-бір тіршілік белгісінің білінбеуі қандай кездейсоқтық қисынына келеді. Кездейсоқтық принципі жұмыс жасаса, тіршілік «ұшып» түсіп, басқа да жерлерде пайда болуы керек еді. Жақсы, жер күн жүйесінде «ыңғайлы», «алтын ортада» орналасқан деген уәж айтар болсақ, эволюция теориясына сәйкес, миллиондаған жылда сол орталарға бейімделген тіршіліктің бір белгісі болуы керек еді ғой.
Жердің мақсатты жаратылыс екендігін күшейтетін дәйекті оның күн жүйесіндегі орнынанда айқын көруге болады. Астрономия күн жүйесіндегі өзге планеталардың жерге тигізетін әсерін әлі де толық ашпағанымен, олардың қандай да бір «қызметі» туралы идеяны қазірден айта берсе болады. Күн мен айдың жерге қызметі белгілі және қалған денелерден олардың үлесі әлдеқайда көп. Ал күн жүйесіндегі жердің орналасуына мән берсек, жан-жағы берік қамалмен қорғалған нысанды көреміз. Шындығында, астероид, камета сынды «қаңғыбас» аспан денелері «биік қорған» Юпитер мен Сатурн секілді алып планеталарға соқтығысуынан жерге жетпеуі немесе олардың гравитациялық күшінің жат объектілерді сыртқа теуіп жіберу ықтималдылығы жоғары. Дәл сол сияқты, күн жүйесіндегі басқа планеталардың жерге «қызметі» дәлелденген сайын, оның мақсатты жаратылыс екендігі туралы тұжырым да дәйектеле түсетін болады.
Алғашқы адам қоныстары сыр шертеді
Келесі кезекте, алғашқы адамдар тіршілік құрған мекендерден мақсатты бомысты іздеп көрелік. Сонымен, тарихшылар мен археологтар адамзат тарихы алғаш рет Африкадан басталды деген ұстанымда бірлікте. Әрі қарай, алдымызда бірнеше ескі қоныстар табылған Африка континенті алғашқы адам зәузаты үшін кездейсоқ таңдалған мекен бе, әлде одан мақсатты іс-әрекет, қандай да қисын көруге болады ма деген сауал тұрады. Қисынға сүйеніп бажайлар болсақ, кездейсоқтыққа жатқызу үшін алғашқы адамдар тек оңтүстік полюске жақын аймақтарда ғана пайда болмай, тіршілікке жарамды болған басқа да жерлер де іздерін қалдыруы керек еді. Сол секілді, солтүстік полюске жақын маңдардан неге ежелгі адамдардың алғашқы аяқ табын таппаймыз. Барлық кілтипан осы жерде. Алғашқы адамдардың өмірлік тәжірибесі аз, өмір сүруге қажетті құралдары дамымаған, оның үстіне жер бетінде күн кешуді енді үйрену үстінде еді. Жанға жайлы, суы мен нуы мол ыстық мекендер базалық қажеттіліктерді өтеуге таптырмас орын болатын. Ал бір сәт, жері қар жамылған, үскірік пен жауын-жашыны мол солтүстік аймақтарда олардың өмір-тіршілігін жалғастыруы қанша уақытқа созылатындығын ойланып көрейікші. Әлбетте, жарты жылға да жуықтамас еді. Яғни, айтпағымыз, оңтүстік континентте алғашқы адам зәузаттарының тіршілік құруы саналы іс-әрекеттің жемісі, мақсатты құрылған жоспардың көрінісі.
Сыртқы көріністің жабайылануы ішкі сананың жойылғанын білдірмейді
Одан әрі баянымызды жалғастырмас бұрын, алғашқы адамдардың білімі мен санасына қатысты мәселеде бірер сөз арнап, түсіндірме бере кеткен орынды. Алдыңғы мәтінде айтылғандай, алғашқы адамдардың өмірлік тәжірибесі мен біліміннің аздығы олардың саналы болмағандығын білдірмейді. Білім - формасы жағынан қордаланатын, жинақталатын нәрсе. Бүгінгі адамзаттың молшылықта, материалдық ізгілікке толы әлемде өмір сүруінің өзі ғасырлар бойына жинақтаған тәжірибе мен білімінің жемісі. Мыңжылдықтарды артқа тастап біздер бүгінгі ізгіліктерді еркін тұтынып отырсақ, ол үшін өзімізге дейінгі ғұмыр кешкен әрбір ұрпаққа қарыздармыз. Енді, алғашқы адамдар білімді болмаса да саналы болды деген мәселеге келер болсақ, оны келесідей түсіндіруге болады.
Бүгінгі адамды кванттық физиканың әлеуетімен осыдан бірнеше он ғасыр өмір кешкен алғашқы адамдар қоныстарына жіберіп ой экспериментін жасап көрсек қайтеді. Жарайды, уақыт аралық машинаның көмегінсіз, нақты уақытта адам тіршілік етпейтін орман мен тау-тасы, суы бар аралға тастап, үстіндегі лыпадан басқа қолына ештеңе бермей, ойша екі ай бақылау жүргізіп көрейік. Бүгінгі заманауи, білімді деген адамның өзі өмірін сақтау үшін сол алғашқы адамдар жасаған амал-тәсілдерді айнытпай жасаған болар еді. Алдымен суы бар жерді іздеп тауып, шөлін қандырған соң, келесі ретте қарнын асқа қалай толтыруды ойлайды. Етке тәбеті тартып, елік, қоян секілді жануарлардың ізін шалады. Бірақ, оларды қанша қусада жете алмасын біліп, талдан жеміс-жидек теріп жейтін болар. Қарын тойдырумен бірге қауіп-қатер мәселесі туындайды. Сөйтіп, қолына таяқ, тас алуды жөн санайды. Осылай күндер өтіп, жел мен жаңбыр, суықтан үстіндегі киімінің тоз-тозы шыққанын өзі де сезбей қалады. Сақал-мұрты жалбырап, шашы ебедейсіз өсіп, түрі ұсқынсызданып кеткенін өзен суына үңілгенде бірақ көреді. Бір уақытта алдынан зыта қашқан еліктің баласын көріп, қуа жөнеледі. Мұндай оңай олжаға кезіге бермесін біліп, барын салып, әйтеуір таспен ұрып ұстап алады. Енді оның терісін сыпырайын десе пышағы жоқ, бір қыры үшкірлеу біткен таспен қайзалап, союға кіріседі. Әйтеуір, етін жеуге келетіндей етіп бөлшектеп болған соң, оттығының жоқ екендігі есіне түседі. Осы мезетте, тасты тасқа ұрғылап от шығаруға болады деген тарих пәні оқытушысының айтқаны есіне түсіп, оны амал етіп көреді, бірақ бәрі де бекер. Амал нешік, аш қарын шұрқырағанда мәдениеттілігін ысырып қойып, еліктің лағын шикілей жеуге кіріседі. Енді дәл осы уақытта достарың немесе жақындарың келіп, сыртыңнан бақылап тұрса сен туралы олардың алғашқы ойы не болар еді. Әрине, сенің жабайыға айналып шыға келгеніңді сөз ететініне күмән жоқ. Олар сенің шыбын жаның үшін негеде дайын болғаныңды қайдан түсінсін. Көпке дейін көзімен көргендеріне өздері сенбей, ауық-ауық сенің қандай біртүрлі екеніңді айтып, майын тамызып әңгімелері анық. Мінекей, тарих оқулықтары алғашқы адамдарды баяндағанда «жабайылығына» әлгі сенің жақындарыңның көзімен қарайды. Шындығында, алғашқы адамдардың өмір үшін күнде арпалысып, әр күнін тәуекелмен өткізгенін қайдан білесің. Олардың отбасын құрып, оның мүшелері үшін қам жегенін, басқа қауіп-қатерден қорғанудың жолын іздеп, биіктеу тал немесе тасты паналағанын, жақындарына жақсылық жасауға тырысқанын, өзінің міндетін тиісінше орындай алмағанына ұялғанын, яғни саналы адамдарға тән іс-әрекеттің барлық белгілері тарих оқулықтарында айтылмағандықтан оларды санасыз, жабайылар көретініміз заңды да. Тарихшылар мен археологтарға герменевтиканы жақсылап меңгеруге кеңес бергеннен басқа айтарымыз жоқ.
Осыдан төрт жыл бұрын Астана қаласындағы ұлттық музейге барып, Қазақстан жерінен табылған тас ғасырына жататын артефактілерді екі сағаттай жүріп араладым. Ол жерде сол кезеңге тән тас құралдары, қару-жарақ түрлері және басқа да алғашқы адамдар қолданған заттар қойылған екен. Менің назарымды ерекше аударғаны, ең ежелгі адамдардың тас құралдарының қасында бірнеше жерден табылған кәдімгі ағаштан жасалып тасқа айналған немесе тастан кескінделген кәдімгі киім тігетін иненің қойылуы еді. Жәй көзбен қарасақ, онда тұрған не бар дерсіз. Бірақ ине – саналы адамның қолында болатын құрал ғой. Ине тек киім тігу емес, сонымен бірге ептілік, өнерге деген, әдемілікке деген құштарлық, ұятты жерлерді жабу, яғни саналы адамға тән іс-қимылдың жинағы. Инеге қажеттілікті сезіне алудың өзі не тұрады. Жабайы, санасыз адам киімді неғылсын.
Өзендер - адамзат көшінің алғашқы миграциялық дәлізі
Сонымен, мақсатты жаратылысты, болмыстың басты мекендеушісі адамның саналылығына қатысты жеткілікті дәлелдер келтірдік деп ойлаймыз. Әрі қарай, жердің адамның өмір-тіршілігіне қолайлы орта ретінде мақсатты жаратылыс екенін дәлелдейтін соңғы дәйекке тоқталайық. Жалпы, өркениеттерді шығыстық және батыстық деп бөлу кең тараған. Сол секілді, адамзат шығыстан батысқа тарай отырып, жерге иелік еткендігі белгілі. Осы жерде, осынау ұлы көшке себеп болған түрткі жай туралы айтыла бермейді. Біздің ойымызша, осынау жерді мекендеу үрдісіне өзендер көп рөл ойнады. Алғашқы адамдар негізінен өзен-көлдерге жақын отырғанын білеміз және оның бойымен бойлай отырып өзіне басқа да еңістіктер мен алаңдарды, мекендерді ашып отырған. Алғашқы адамдар мекендеген африка континентіндегі өзендердің ішіндегі ең ірісі Ніл өзенінің оңтүстіктен солтүстікке қарай бойлап ағатынын ескерсек, шығыстан батысқа қарай қоныстану логикасы түсінікті болар еді. Бұл жерде де, өзендердің ағысы мен бағытында мақсаттылық жатыр деген болжамымыз негізсіз емес. Өзендер тіршіліктің көзі болып қана қоймай, алғашқы жердің қоныстанушыларына құдды миграциялық дәліз болған деп пайымдаймыз. Жалпы осы логика желісімен, солтүстік бағыт «Африка – Ніл – Синай – Левант – Анадолы - Еуропа» тізбегін құрады. Оңтүстік бағыт «Шығыс Африка – Қызыл теңіз – Арабия – Парсы шығанағы – Иран – Оралық Азия» тізбегі арқылы қалыптасты деп айтуға болады. Археологиялық дәлелдерде осы тізбекті растай түседі.
Мақсатты ұғынған сана
Жаратылыстың өн бойынан кездейсоқтық емес, айқын мақсат пен ұлы жоспарды іздеу біздің рухымыздың түпкі табиғатында жатқан қажеттілік. Әрбір галактиканың үйлесімінде, жердің ғарыштағы қауіпсіз мекенінде, ата-бабаларымыздың тас үңгірлерде қалдырған алғашқы инесі мен жүріп өткен жолдарында саналы іс-әрекеттің ізі сайрап жатыр. Бұл дүниеде ешнәрсе босқа жаралмағаны сияқты, сіз бен біздің де бұл өмірге келуіміздің артында қайталанбас миссия мен үлкен мән жатыр. Бұл мақаланың жолдары әрбір оқырманның жүрек төріндегі ұмытыла бастаған жарықты оятып, өз болмысына терең үңілуге, өмірдің әр сәтін мағыналы өткізуге түрткі болар деген сенімдеміз. Өйткені, мақсатты ұғынған сана ғана өмірді бағалай алады, ал мақсатты жаратылыс қана мәңгілікке жол табады.
Нұрғиса Кушеров,
Тұран универитеті
Abai.kz