Қазақстан қорынан алтын сата бастады
Қазақстан Ұлттық банкі соңғы бір жарым жылда алғаш рет алтын сатуға кірісті. Резервтердегі бағалы металдың үлесі 78%-ға дейін өскен. Енді реттеуші жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 75%-ға дейін төмендетуді көздеп отыр.
Алтын не үшін сатылып жатыр?
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында инвестициялық стратегияның өзгеруіне АҚШ мемлекеттік облигациялары кірістілігінің өсуі себеп болғанын түсіндірді. Алдыңғы аптада АҚШ-тың 10 жылдық қазынашылық облигацияларының кірістілігі соңғы 24 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті.
«Мұндай жоғары көрсеткішті көптен бері көрген жоқпыз. Бұл доллардың инвестициялық құнын арттырып, алтынға инвестиция салудың тиімділігін төмендетеді», – деді Ә. Молдабекова.
Оның айтуынша, қазіргі жағдайда алтынның үлесі тым жоғары болғандықтан, Қазақстанның резервтері бір ғана активке тәуелді портфельге ұқсап барады.
«Алтынның мұндай жоғары үлесімен резервтеріміз жалғыз активтен тұратын портфельге ұқсай бастайды. Ал валюталық резервтер ең алдымен өтімділігін сақтауы тиіс», – деп атап өтті Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Қазақстанның алтын қоры қанша?
Ұлттық банк елде өндірілген алтынның барлығын сатып алуға басым құқыққа ие. Қазақстан алтын өндіру көлемі бойынша әлемде сегізінші орында тұр.
2025 жылғы ақпанда алтын сатуды тоқтатқаннан кейін елдің алтын қоры 386 тоннаға дейін өсті. Қыркүйек айының соңындағы жағдай бойынша Қазақстанның халықаралық резервтері 66,4 млрд долларды құрады, оның 78%-ы алтын үлесіне тиесілі.
Алтын үлесін қысқартудың жартысы опциондарды сату арқылы, ал қалған жартысы физикалық алтынды тікелей сату есебінен жүзеге асырылады.
Сонымен қатар Ә. Молдабекова алтынның бір унциясы 4 мың доллардан төмендесе, оның резервтердегі үлесі белгіленген мақсатты деңгейге өздігінен де төмендеуі мүмкін екенін айтты.
Алтын бағасы қалай өзгеруде?
Ақпан айының соңында АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс басталғалы алтын бағасы шамамен 20%-ға арзандады. Таяу Шығыстан энергия ресурстарын жеткізудегі іркілістер инфляцияны үдетіп, облигациялардың кірістілігін арттырды. Бұл пайыздық табыс әкелмейтін алтынның инвестициялық тартымдылығын төмендетті.
Қаңтар айында алтынның бір унциясының бағасы рекордтық 5 600 долларға жеткен еді. Қазір ол шамамен 4 172 доллар деңгейінде саудаланып жатыр.
Маусым айынан бері алтын бағасы 4 000–4 300 доллар аралығында тұрақталды.
Алтын сату шараларына қарамастан, Әлия Молдабекова оның бағасы алдағы уақытта қайта өсуі мүмкін деп есептейді:
«Нарықтағы белгісіздік деңгейі әлі де жоғары. Соған қарамастан, алтын бағасы сәл де болса өседі деп күтіп отырмыз. Сондықтан ұзақ мерзімді кесімді жоспарлар құрмаймыз. Алдымен алтынның резервтердегі үлесін 75%-ға дейін төмендетіп, одан кейінгі нарық конъюнктурасын бақылайтын боламыз», – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Abai.kz