Сенбі, 17 Қазан 2026
Жаңалықтар 338 0 пікір 16 Қазан, 2026 сағат 16:25

CAWS 2026 қорытындысы...

Сурет: Шара ұйымдастырушыларынан алынды.

Орталық Азияның қойма нарығы болжамдарды нақты деректермен салыстырды: CAWS 2026 қорытындысы...

Қандай қоймалар сұранысқа ие болады, жобалардың экономикасы қалай өзгеруде және инвестиция тарту үшін не қажет? Бұл мәселелер Central Asia Warehouse Summit 2026 саммитінің күн тәртібін аде талқыланды. Саммит Орталық Азия нарығына қатысушылар мен халықаралық инвесторларды саланың болашағын зерттеулер мен практикалық тәжірибе негізінде талқылау үшін біріктірді.

Іс-шара 15 қазанда Алматы қаласындағы The Ritz-Carlton қонақ үйінде өтті. IBC Global консалтинг компаниясы жыл сайын ұйымдастыратын саммитке 13 елден 350-ден астам қатысушы жиналды. Олардың қатарында девелоперлер мен қойма иелері, жалға алушылар, логистикалық операторлар, банктердің, инвестициялық қорлардың, халықаралық қаржы институттарының және мемлекеттік органдардың өкілдері болды. Биылғы саммиттің негізгі тақырыбы – «Қазақстанның қойма нарығы: 2026-2027. Енді жалға алушылардың уақыты ма?».

«Қойма инфрақұрылымын дамыту ішкі сауда, экспорттық жеткізулер және Қазақстанның транзиттік әлеуетін іске асыру үшін маңызды. Инвестиция жұмылдыру үшін жұмыс істеудің болжамды жағдайлары және инфрақұрылымдық әрі әкімшілік мәселелерді жүйелі шешу қажет», – дейді Kazlogistics Қазақстан көлікшілер одағы Президиумының мүшесі Ерхат Искалиев.

«Қазпошта» жалпы ауданы кемінде 50 мың м² болатын қойма және логистикалық хабтарды кезең-кезеңімен құру жоспарын таныстырды. Нысандар халықаралық жөнелтілімдерді өңдеу, тауарларды тарату және фулфилмент қызметтерін ұйымдастыру үшін еліміздің бірнеше өңірінде орналастырылады. «Қазпошта» АҚ Инфрақұрылымды басқару дирекциясы филиалының басшысы Салтанат Төлекованың айтуынша, компания халық пен бизнеске қызмет көрсету желісін де дамытып келеді.

Саммиттің маңызды оқиғаларының бірі IBC Global компаниясы әзірлеген Орталық Азия қойма нарығының ахуалын бағалайтын, аймақтың төрт еліндегі 100-ден астам компанияның бағалауына негізделген жаңа көрсеткіш – «Орталық Азия қойма нарығының тынысы» зерттеуін таныстыру болды.

2026 жылдың III тоқсанының қорытындысы бойынша көрсеткіш 100 балдың 48,1 балын құрады. Бейтарап деңгей – 50 балл. Сауалнамаға қатысқандардың 52%-ы бір жылдан кейін сұраныс пен ұсыныс теңеседі деп күтеді. Сонымен қатар девелоперлердің 81%-ы жаңа жобаларды іске қосуды жоспарлап отыр. Дегенмен, жалға алушылар тарапынан сұраныстың әлсіздігі әлі де негізгі шектеуші фактор болып қалуда.

Жаңа қойма нысандарының бизнестің қажеттілігіне сәйкестігі пікіралмасудың басты тақырыптарының біріне айналды. Девелоперлер орналасу орнының, инженерлік жабдықталудың және құрылыс сапасының сұранысқа ықпалын, сондай-ақ, маркетплейстер мен сауда желілерінің талаптарын талқылады.

Шағын және орта бизнеске арналған Light Industrial форматындағы екі кешен таныстырылды. Жиынтық инвестиция көлемі 60 млн АҚШ долларына дейін жететін бұл жобалар – Астанадағы CRED Group компаниясының Business Park AQJOL жобасы және Бішкек маңындағы MEGA UNITS by DSKA кешені. Бұл формат өндіріс, қойма және кеңсе қызметтерін бір жерде ұйымдастыруға мүмкіндік беретін, ортақ инфрақұрылым мен қызмет көрсету жүйесі бар автономды блоктарды қамтиды.

Қазақстанда ірі жалға алушыларға арналған ауқымды қойма кешендері салынып жатыр. Солардың бірі – халықаралық девелопер Griffin Partners Еуразиялық даму банкінің қолдауымен жүзеге асырып жатқан «Griffin Логопарк Алматы» жобасы. Кешеннің жалпы ауданы 125 мың м²-ден асады.

IBC Global компаниясы Қазақстандағы А класты қоймалардың ірі меншік иелері рейтингінің нәтижелерін де жариялады. Іріктеуге қатысқан 30 компанияның ішінен Continental Logistics, Focus Logistics, Imagine Apple Logistics, Mercury Solutions және «Еуразиялық Логистикалық Парк» жеңімпаз атанды. Олардың жиынтық қойма портфелі шамамен 400 мың м² құрайды.

«Еуразиялық Логистикалық Парк» «Жыл жаңалығы» номинациясы бойынша марапатталды. Ал Sky Logistics Corporation BREEAM стандарты бойынша сертификатталған кешені үшін жаңа экологиялық номинацияда жеңіске жетті.

Бағдарламаның практикалық бөлімі қойма құрылысының экономикасына арналды. Standart жобалау бюросының, «Техностиль» компаниялар тобының, жиһаз және үйге арналған тауарлар гипермаркеттер желісі Hoff пен сөре жүйелерін өндіруші AVETO компаниясының өкілдері құрылыстың құнына, энергия тиімділігіне және технологиялық жабдықталуға әсер ететін шешімдерді қарастырды. Қатысушылар бастапқы инвестицияларды ғана емес, нысанды болашақта пайдалану шығындарын да бірге бағалау қажеттігін атап өтті.

Кадрлар нарығындағы жағдайды саммиттің аналитикалық және ақпараттық серіктесі hh.kz таныстырды. 2026 жылдың бірінші жарты жылдығындағы шолуға сәйкес, «Көлік, логистика, тасымалдау» сегментінде бір бос жұмыс орнына 6,7 түйіндемеден келеді. Сонымен бірге ұсынылатын медианалық жалақы бір жылда 16,4%-ға өскен. Ozon, Facility Management Central Asia және ALT University компанияларының өкілдері үміткерлер санының жеткілікті болуы біліктілік мәселесін толық шешпейтінін, сондай-ақ, практикалық оқыту мен еңбек жағдайларының маңызын талқылады.

Қаржы сессиясында банктердің, даму институттарының және инвесторлардың өкілдері жобаларға қойылатын талаптарды, қарыз қаржысының құнын және валюталық тәуекелдерді қарастырды. ЕҚДБ мен Еуразиялық даму банкінің өкілдері қатысқан талқылауларда қаржыландыру шарттары, инвестициялық қорлардың даму мүмкіндігі және дайын қойма нысандарымен жасалатын мәмілелер мәселелері көтерілді.

Саммит IBC Global компаниясының Орталық Азиядағы қойма нарығын дамыту болжамын таныстырумен аяқталды.

«Орталық Азияның қойма нарығы қалыптасу мүмкіндігін ғана талқылайтын кезеңнен өтті. Бүгінде нарыққа қатысушылар тек даму туралы емес, оны шектейтін факторлар туралы да ашық айтады. Нарықтың кемелденуі дәл осылай көрінеді», – деп атап өтті IBC Global компаниясының басқарушы серіктесі Станислав Ахмедзянов.

CAWS 2026 серіктестерінің қатарында Business Park AQJOL, Standart жобалау бюросы, Griffin Partners, «Техностиль» компаниялар тобы, MEGA UNITS by DSKA, «Дордой» қауымдастығы, «А-Сталь Азия», Facility Management Central Asia және AVETO компаниялары болды. Саммиттің аналитикалық және ақпараттық серіктесі – hh.kz.

Саммит «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Almaty Invest ұйымының, Қазақстан логистер клубының және «Метрикон» ақпараттық цифрлық платформасының қолдауымен өтті.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 1042
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1395