Бейсенбі, 22 Қазан 2026
Ғибырат 255 0 пікір 22 Қазан, 2026 сағат 16:30

«Есіңде ме Қарабұтақ, Тахауи?!»

Сурет: qamshy.kz сайтынан алынды.

Туған жердің топырағында тарихтың ізі, сол топырақтан түлеген тұдғалардың тағдырында тұтас бір дәуірдің шежіресі жатады. Қазақ әдебиетінде өз қолтаңбасын қалдырған қаламгердің бірі – Шаңғытбаев Қуаңдық Төлегенұлы. Өмір жолы туған жерінің тарихымен, замандастарының тағдырымен және өзі ғұмыр кешкен кезеңнің рухани тынысымен тығыз сабақтақан. Сол бір әдеби орта мен дәуірдің шежіресін таныту мақсатында Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын әрі аудармашы Қуаңдық Шаңғытбаевтың өмірі мен шығармашылығына қысқаша шолу жасап өтпекпіз.

«Кешір мені, Жарөткел мен Шабаған!»

Қазақстанның халық жазушысы Шаңғытбаев Қуандық Төлегенұлы 1925 жылы 21 наурызда қазіргі Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Қарабұтақ ауылының Жарөткел елді мекенінде дүниеге келген. Атасы Шаңғытбай Қарабұтақ өңіріндегі беделді, байқуатты, дәулетті, қайырымды кісі болған. Меккеге қажылыққа барған, әулие жан болыпты. Жырттың бәрі «қажы ата» атап, ерекше құрметтеп сыйлаған. Шаңғытбай 1933 жылы қайтыс болады да, қазіргі Сары ишан қорымына ең алғаш болып жерленеді. Тіпті, бір кездері бұл қорым «Шаңғытбай қорымы» деп аталған деген дерек те бар. Шаңғытбайдың әкесінің аты – Сырым. Сырымнан 4 ұл тарағанға ұқсайды: Нұрмұхаммед, Шаңғытбай, Айтмұхаммед, Баймұхаммед. Шаңғытбайдың 4 баласы болған. Үлкен ұлы – Тоймағанбет туралы дерек түрлі нұсқада айтылады. Бір нұсқада бала кезінде дүниеден озғаң делінсе, бір нұсқасында репрессия кезінде қуғын-сүргінге ұшырады делінген. Ал екінші ұлы Жоныс «жапон тыңшысы», «халық жауы» деп ұсталып, Ақтөбе түрмесінде атылады. Ал Шаңғытбайдың үшінші баласы Төлегенде ел ішінде ақ пейілді, беделді кісі болған.

1937 жылы бала Қуандық 12 жасқа толғанда әкесі Төлеген «халық жауы» ретінде ұсталып Ярославль облысына айдалып, 1941 жылы сол жерде қаза табады. Шаңғытбайдың кенже баласы Ідіріс орта шаруа болғандықтан қуғын-сүргіннен аман қалады. Шаңғытбайдың үшінші ұлы Төлегеннің 3 әйелі болған. Бірінші әйелінің есімі белгісіз, деректер сақталмаған. Дүниеден ертерек өтіп кеткен. Жалғыз қызы – Бексұлу Шаңғытбаева(Гильманова). Оның қызы – Тілеулес  Бахиткереева кезінде Т.Жүргенов ауылында тұрған. Қуандық ақынның туған қарындасы Әлима Төлегенованың қызы Зәуре Нәубетиярова былай деп еске алады: «Бексұлу әже менің есімде. Кішкентай кезімде Қарабұтақтың орталық көшесінде, клубқа жақын жерде тұратын. Бәрі «жылаулық кемпір» деп атайтын. «Мен жетім қалдым», - деп жиі жылаушы еді. Сонда Манар әжемнің: «Қайдағы жетім, артында қызың бар ғой!», - деп кейістік танытатыны есімде».

Екінші әйелі Батимадан Қуандық дүниеге келеді. Жастайынан білімге зерек баланың болашақ тағдыры ашаршылық, қуғын сүргінге тұспа-тұс келеді. Төлегеннің ағасы Жоныс пен Қуандықтың нағашы ағасы Сау да атылады. Бала Қуандық пионер қатарынан шығарылады. Мектепте үздік оқыған Қуандық 15 жасында Алматыға келіп, Қазақтың мемлекеттік университетінің филология фаультетіне оқуға түседі. Сол 1940 жылы бірінші курстың студенті Қуандықтың тұңғыш кітабы шығады. Ол кітап – ұстазы Мәулен Балақаевпен (профессор, ҚҒА корреспондент мүшесі) бірлесіп жазған бастауыш сыныптарға арналған қазақ тілі оқулығы. Алғашқы қаламақысын 16 жасар Қуандық ит жеккенде жүрген әкесіне арнап, қазыға тығып жібереді. 1942 жылы 2-ші курстың студенті Қуандық Қазақтың мелекеттік баспасына (сол уақыттағы Қазақстандағы жалғыз баспа) жұмысқа алынады.

«Тәңірім – ар!»

Тұңғыш өлеңдерін жаза бастаған болашақ ақын Мұхтар Әуезов, Бейсембай Кенжебаев, Әбу Сәрсенбаев секілді тұлғалармен танысады. Сол жылы Қуандық «Қазақ жүрегі» (кейіннен «АР») атты бірінші өлең жинағын баспаға тапсырады. Осы уақытта редактор Қуандыққа бастығы Бейсембай Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының қолжазбасын жасырын береді. Партия орталық комиттетінің адамдары кітаптың шығуына қарсы болғасын, Бейсембай Кенжебаев пен Қуандық Шаңғытбаев кітапты ешкімге білдірмей жасырын шығарады.

1942 жылдың 26 шілдесінде «Социалистік Қазақстан» газетінде бірігіп рецензия жазады. Одан кейін Бейсембай Кенжебаев бас редакторлық қызметінен «өз еркімен» кетуге мәжбүр болады. Ал 3-курстың үздік студенті Қуандық, Нүрпейіс Байғанинге қатысты партия қаулысы шыққаннан кейін, Ақтөбеге Байғаниннің әдеби хатшысы ретінде кетеді. «АР» баспадан шықпай қалады. Тәкәппар жас ақын (итжеккенде жүрген «халық жауының» баласы) сол тұңғыш жинағына «Мен – қазақ!» деген өлеңін кіргізеді.

Сталиннің кезінде олай жазу – ерлік болды. «АР» өлеңінде Шаңғытбаев:

«Тәңірім – ар, соған ғана бағынам,

Жалбырынам, жалғыз соған жалынам.

Патша тәжі жолда жатса, қайырылмай,

Теуіп өтіп, алдыңа кеп табынам», - деп жазады.

Осы ісі үшін Алматыдан қуғындалған талантты жас ақынды құтқарып қалуға қазақ тарландарының «ауыр артиллериясы» партияның белсенділерімен күреске шықты. 1943 жылы Мұхтар Әуезов Ақтөбеде жүрген Қуандықтың баспада жатқан «Қазақ жүрегі»(«АР») кітабына алғысөз жазды. Қаныш Сәтбаев Қуандықты 3-курстан жаңа ғана құрылған Қазақ ғылым академиясының аспирантурасына экстернат етіп бірден көшіру туралы шешім шығарады. Шешімге соғыс кезіндегі Алматыда тұрған белгілі ғалым С.И.Малов қол қояды.

Негізі сол 1940-1950 жылы таланты ақын Қуандық Шаңытбаев пен Қасым Аманжолов өте-мөте шет қақпай көрді. Ол кезде еш жер жұмысқа алмағасын Шаңғытбаев туған жері Қарабұтақта 3-4 жылдай аудан орталығында жұмыс істеді.

«Өмірдегі жаңа бетбұрыс»

1944 жылы Қуандық Шаңғытбаев өміріндегі бақытты кездерін бірге өткізген жары Мариямға үйленеді. Бірінші ұлы Сардарбек 9 айлығында қайтыс болады. Екінші ұлы Әнуарбек 90 жылдары қайтыс болады(оқыстан). 1953 жылы дүниеге келген Жанна деген үлкен қызы қазір Англияда тұрады. Одан кейінгі ұлы Жәнібек пен кіші қызы Гәухар Алматыда тұрады. Қуандық Шаңғытбаевпың бірінші әйелі қайтыс болғаннан кейін, 70 жылдарға таяу уақытта Ханшайымға үйленеді. 1995 жылы «Махаббат пен ғадауат» атты кітабы шыққаннан кейін «Қазақстанның халық жазушысы» атанып, туған жеріне келіп, Қарабұтақ халқы Қуандық атамызға 70 жас мерейтойын жасап, қазақтың салт-дәстүріне сай шапан жауып жылы, лебіздерін білдірген болатын.

Шаңғытбаев 1944-1955 жылдары Ақтөбе педагогикалық институнда кафедра меңгерушісі болып, әдебиет туралы лекцияларын оқыған. Сол кезде орыс тіліндегі «Актюбинская правда» газетінде тілші, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, Нұрпейіс Байғаниннің әдеби хатшысы болды. 1948 жылы А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романын аударғанда ол небәрі 23 жаста еді. Кейін оны қайта тәржімалады. Леопольд Седар Сенгордың «Чака» драмалық дастанын аударды. Ол романның негізгі бет-бейнесін қазақтың тұрмыс-тіршілігіне, ақыл-парасатына, түсінік талғамына лайықтап жеткізді. Ақын көзі тірісінде: «Қазақ ақынының бір міндеті бар. Ол міндет – өз өлеңін жазудан басқа, өзі жақсы көріп ұнатқан басқа елдің ақынының өлеңін ана тіліне аударып, халқына таныстыру», - деп аманат айтып кеткен болатын. Ақын Қуандық Шаңғытбаев шығыс пен батыстың танымал ақындарының өлеңдерін аударды. Мысалы Омар Хаямның рубайларын қазақша сөйлетті. Сонымен қоса Р.Хафиз, Р.Бернс, Г.Гейне, Хо Ши Мин, Н.Кучак, Надир Надирпур, Али Сардар Джафари, Хизмет Абдуллин, Миртемир, Муса Жәлил,  және т.б. ақындардың өлеңдерін шырайын ашып қазақшаға аударды.

«Шырқап бүгін шалғай кеткен шағалаң!»

Ақын 1955-1973 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы, «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары, кейін бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, «Қазақфильм» киностудиясының сценарий-репертуар алқасының бас редакторы болды. «Мәдениет пен тұрмыс» журналының жауапты хатшысы, қазақ радиосының әдеби хабар тарату бөлімінің бас редакторы, 1974 жылы Қазақстан Жазушылар одағының кеңесшісі болды. 1980-1987 жылдар аралығында «Жыр жаһаны», «Гүлтолқын», «Саршатамыз», «Жыл құсы» атты лирикалық шығармалары жарық көрді. Ол Қуаныш Байсейітовпен бірігіп «Беу, қыздар-ай»(1960), «Ой, жігіттер-ай»(1967), «Құтырғаннан құтылған»(1976) пьесаларын, «Алтын таулар»(1960, музыкасы Қ.Қожамьяров пен Н.Тілендиевтікі), «Айсұлу»(1963, музыкасы С.Мұхамеджановтікі) операларының либреттосын жазды.

Қуандық Шаңғытбаевтың көптеген өлеңдеріне ән жазылған. Сыдық Мұхамеджановтың «Тербеледі тың дала», «Тыныштық – әлемге», «Әйтеуір, сол қыз бір сұлу», «Уа, жеңгелер, жеңгелер», «Есімде» және т.б. сазгерлердің біраз әндеріне жазған мәтіндері халық жадында.

1945 жылғы «АР» атты еңбегі ақынның жүрек сөзің жеткізіп тұрғандай көрінеді. Аз жазса да, саз жазатын ақын бұдан кейін 1968 жылы «Аққу әні», 1970 жылы Орыс тілінде «Өлеңдер», 1976 жылы «Арма, республикам», «Лирика» өлеңдер жинағын шығарды. 1995 жылы «Махаббат пен ғадауат» өлеңі шыққаннан кейін Қуандық Шаңғытбаевқа Қазақстанның халық жазушысы атағын алды. Бұл ақынның көзі тірісіндегі соңғы өлең жинағы. 2001 жылы 19 наурызда 76 жасында тарлан ақын Алматы қаласында көз жұмды.

Бар саналы өмірін шығармашылыққа арнаған ақынның 100 жылдығы 2025 жылы туған жері Қарабұтақ өңірінде аталып өтті. Бұл шараны өткізуге ақынның қызы Гаухар Қуаңдыққызы тікелей атсалысты. Мерейтой Әйтеке би жұртшылығы үшін айтулы оқиға болып тарих бетінде қалды. Гаухар Қуаңдыққызының әкесінің 100 жылдық мерейтойын Қарабұтақта өткізу себебі, ақынның өмірі мен шығармашылығында Қарабұтақ айрықша орын алады. Оған «Есіңде ме Қарабұтақ, Тахауи?!» т.б. әндері дәлел.

Асқар Рахымжанұлы, тарихшы, өлкетанушы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 1145
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1595