Жамбыл облысында Президент Жолдауы аясында су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі талқыланды
Құрылтай депутаты Әбілхайыр Тамабек Жамбыл облысының тұрғындарымен кездесіп, Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді түсіндірді.
Кездесуде өңірдің агроөнеркәсіп саласының өкілдері Жолдаудағы басым бағыттар мен жергілікті тұрғындарды толғандырған мәселелер бойынша өз ұсыныстарын жеткізді.
Жиынға Қазақстан халық кеңесінің мүшесі Уәлихан Болатбек, Ауыл шаруашылығы, Энергетика, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Су ресурстары және ирригация, Ұлттық экономика вице-министрлері де қатысты.
Агроөнеркәсіп кешенінің өкілдерімен өткен кездесуде ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру, су ресурстарын тиімді пайдалану, өндірісті жаңғырту, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау және ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту мәселелері көтерілді.
Жамбыл облысы үшін агроөнеркәсіп кешені – экономиканың маңызды салаларының бірі. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар, оларды өңдеу, сақтау және нарыққа шығару жұмыстарын жетілдіру де өзекті.
Депутат Әбілхайыр Тамабек өңірдегі су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне арнайы тоқталды.
– Жамбыл облысы жер асты суларын пайдалану көлемі бойынша республикадағы алдыңғы қатарлы өңірлердің бірі. Облыс аумағының үштен бір бөлігінде тұрғындар мен шаруашылық нысандары жер асты суын пайдаланады. Алайда бұл қор шексіз емес. Сондықтан су ресурстарын үнемді пайдалану және сақтау жолдарын қазірден бастап қарастыруымыз қажет. Мемлекет басшысы Жолдауында су ресурстарын есепке алу негізінде Ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесін құру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Бұл жүйе суды тиімді пайдалануға, сондай-ақ су құбырлары мен жеткізу желілеріндегі шығынды азайтуға мүмкіндік береді, – деді депутат.
Жиынға қатысушылар аграрлық саладағы өзгерістер шаруашылықтардың дамуына және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға ықпал етуі керектігін атап өтті. Сонымен қатар өңірдегі ауыл шаруашылығын дамыту және саладағы мәселелерді шешу жолдарын қарастырды.
Abai.kz