Дүйсенбі, 9 Қараша 2026
Жаңалықтар 136 0 пікір 10 Қараша, 2026 сағат 00:13

Алматыда өзін заңнан жоғары санаған жүргізуші әйел жауапқа тартылды

Сурет: polisia.kz телеграм арнасынан алынды.

Әлеуметтік желіде заңды елемейтінін ашық көрсетіп, өзіне ешқандай шара қолданылмайтынын мәлімдеген жүргізушінің әрекеті жауапсыз қалмады.

Полиция қызметкерлері әлеуметтік желіде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған видеосын жариялаған әйелді анықтап, жауапқа тартты.

Видеода әйелдің қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарғаны және бұл талапты орындаудан ашық бас тартқанын байқауға болады.

Тексеру барысында өзге де заң бұзушылықтар анықталды. Әйелдің бұған дейін сот шешімімен көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, рөлге отырғаны белгілі болды.

Осыған байланысты оған қатысты бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық дерегі бойынша іс қозғалды. Атап айтқанда, көлік басқару құқығынан айырылғаннан кейін көлік жүргізу, қауіпсіздік белдігін пайдалану талабын бұзу, сот шешімін орындамау және жалған ақпарат тарату фактілері бойынша материалдар рәсімделді.

Жинақталған материалдар сотқа жолданды. Автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды.

Сонымен қатар көлік басқару құқығынан айырылған адамға автокөлігін берген көлік иесі де жауапкершілікке тартылды.

Полицияның ұстанымы айқын: заң алдында бәрі тең. Ешқандай таныстық та, байланыс та, орынсыз мәлімдеме де заң талаптарын бұзуға негіз бола алмайды.

Өзін заңнан жоғары санап, белгіленген талаптарды елемеуге ешкімнің құқығы жоқ. Заң бәріне ортақ, ал оны бұзған адам жауапкершіліктен жалтара алмайды.

Abai.kz

0 пікір