Сейсенбі, 10 Қараша 2026
Этнография 180 0 пікір 10 Қараша, 2026 сағат 17:03

Тез қасында қисық ағаш жатпас...

Суреттер: Автордың мұрағатынан алынды.

«Қазақ халқының өмірінде ежелден бері ағаштан жасалатын үй бұйымдарының алатын орны ерекше. Көшпелі мал шаруашылығы мен немесе жартылай отырықшылыққа ауысып, егіншілікпен айналысқан қазақ қауымының күнделікті тұрмысына қажетті ағаштан жасалатын бұйымдардың түрі сан алуан болды. Ағаш өңдеуді кәсіп еткен шеберлерді халық олардың өндіретін бұйымдарына қарай «үйші», «ерші», «арбашы», «ұста» деп даралады...

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Ағаш өңдеу өнерінің ішіндегі аса іскерлік пен қыруар еңбекті, шынайы талғамды керек ететін түрі - киіз үй сүйегін жасайтын үйшілер ісі. Мұны халық тілінде «үй басу» деп те атайды. Киіз үй сүйегі, яғни керегесі мен уықтары, көбінесе өзен жағасында өсетін әр түрлі талдан жасалады...» [Арғынбаев. Х 1987:9]

«Керегең талдан болсын, бақытың малдан болсын!» деген бата - тілек сол бағзы заманнан біздерге жеткенді. Шындығында ағаш ұсталығымен ғасырлар бойы қалыптасқан шикізат таңдау мен оны өңдеудің барлық технологияларын толық меңгерген қыры мен сырына қанық шағын рулар, немесе шеберлік бабасынан қанына сіңіскен ерекше икемдікке ие отбасы мүшелері айналысты.

Шығыс өңірінде «Ыршанға ұл туса, ағашқа күн туады» деген мәтел содан қалыптасқан.

«Киіз үй - көшпелі өмір салтына бейімделген көне тұрғынжай түрлерінің бірі. Ол Евразия даласын мекендеуші көшпелі, жартылай көшпелі ортада кеңінен таралып, өзіндік көне формасын осы күнге шекті сақтап келді. Киіз үйдің шығу тегі, мүмкін, ертедегі малды жаз мезгілінде жайлауға шығару кезеңіне өту тұсына байланысты болар. Қазақстанда негізінен киіз үйдің басымдылыққа ие түрі дәл жарты шар формалы және сфералық (барлық нүктелері бірдей қашықтықтағы) күмбезімен ерекшеленеді. Ол конструкциясы жағынан XIII–XIV ғасырлардағы қыпшақ киіз үйлеріне барып тіреледі. Осы типтес киіз үйлер Орталық, Солтүстік және Солтүстік Батыс қазақстан өңірлеріне тән. Қыпшақ типті үйлермен қатар Жетісу жерінде конус формалы күмбезі өзгеше үлгідегі қалмақ типті киіз үйлер сақталған. Шамасы шығу тегі анағұрлым арыда болса керек.

Дешті - Қыпшақтағы осындай киіз үйлерді XVI ғасыр басында Ф. Рузбихан суреттеген: «Мен бұрын киіз үйлерді білмедім: Алғаш рет оны Яссы (Түркістан) қаласы маңынан көрдім. Мен олардың құрылымын көріп таң қалдым: Терезелері бар, түрлі - түсті киізбен көмкерілген. Киіз үйлердің кейбірі тура арбаның үстіне орналастырылыпты... Сопақша келген киіз үйлер асқан шеберлікпен әрі көркемділікпен жасалынған. Осы үйлердің алды мен арт жағына тұрғындары қарап тұру үшін шағын терезелер қойылыпты... Тұрғынжайдың мәртебесі көкке бой созған асқақ, әрі сән - салтанаты келіскен... Мен үйлердің құдды бір ауа кеңістігінде тұрғызылғандай ерекше құрылымына қарап қатты таң қалдым... Донғалақтардың үстіне қойылған, сондай алып шатырларды көрдім! Кең көлемді, терезелері бар киіз жабындыларымен жабылып, өте әдемі және шебер көмкерілген үйлерді көріп мен кемелдендім. Барлық сұлтандар мен әмірлердің үйлері жанынан мен осындай үлкен шатырлар мен жылжымайтын үйлерді көрдім, және байқағаным, орданың барлық аумағы осындай таңғажайып үйлермен толыққандай екен... Сондықтан сұлулық пен шеберліктен және әсемдікке таң қалудан ақыл-ойың арбалып басың айналады.» [Маргулан. А Х 1986:89]

Ф. Рузбихан аса бір сүйіспеншілікпен суреттеген киіз үйлер немесе үй тігілген ағаш арба болсын дәстүрлі ағаш ұсталары қаңқа (сүйегін) жасап шығарған туындылар екендігі анық. «Бүкірді көр түзейді, қисықты тез түзейді» деген көне мақалдай, жалпылай ағаш өңдеушілерге, қисығын түзетіп немесе түзуін ию үшін пайдаланатын басты құрал халық арасында «тез» деп аталатындығы ертеден бері белгілі. Үйшілер осы станокты кереге мен уық ағаштарын ию үшін пайдаланған.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

«Кереге мен уықтарға қажетті иілімді қазақ шеберлері кеңінен тараған «тез» станогының көмегімен беретін. Ол диаметрі 25-30 см, ұзындығы 100-130 см болатын ағаш кесіндісі еді, діңнің бойына көлденең ойық ойылған. Басқа пішінді станоктар да кездесетін. Жерге орнатқанда тез ағашаяқтарға (тіреуішке) немесе басқа да бір тұғырға сүйенетін, ал кейде ағаштың өз айыры болса, соған сүйенетін.» [Масанов.Э 1958:37]

«Тез — үйшінің ең басты, негізгі құралдарының бірі. Тезді, көбінесе, сүйегі ауыр, тығыз және жарыла қоймайтын мықты қарағаш, қайың және жиде ағаштарының (ұзындығы 80—100 сантиметр) жуан кесінділерінен жасайды. Тез жасау үшін мүмкіндігінше ағаштың қатар өскен екі мықты бұтағы бар тұсын таңдайды. Өйткені, бір метрдей жерінен кесілген екі бұтақ сүйірлеу ұштарымен жерге кіре тездің бір басындағы екі аяғының рөлін атқарады. Ал, екінші басын қолдан жасалған, жерге мықтап орнатылған арнайы аша ағашқа жатқызады. Жерге бұлайша орнатылған тез оның үстінен қанша күш түссе де, мызғымайтын берік болады және үйшінің жұмыс істеуіне жағдай туғызады. Бұтақты ағаш кесіндісінің жөні келмегенде тез ағашты айыр ағаштарға жатқызады. Қайткен күнде де үйші іске кіріскенде тез солқылдамай, нық тұратындай болуы қажет. Үйші тез басқанда ылғи түрегеп тұрып жұмыс істейтіндіктен, оның биіктігі бір метр шамасында болуы керек.

Тез ағаштың үстіңгі жағының дәл ортасына ені бір қарыс, тереңдігі сынық сүйемдей көлденең кертпек жасалады. Кертпектің екі басының оң және сол жағынан арнайы жасалатын тік тесіктерге кертпек биіктігінен сәл асып тұратын екі қайың қазықшалар орнатылады. Қисық ағашты түзетуде немесе түзетілген ағашқа иін жасап мүсіндеуде осы қазықшалардың атқаратын қызметі өзгеше. Өйткені, ағаштың қисық тұсы осы қазықшалардың бірімен сықаурын алақанының арасында сығылудың нәтижесінде түзетіледі.» [Арғынбаев. Х 1987:10]

Қарақол өзені бас жақ саласы бойына орнатылған «тез» тасы / Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Жоғарыдағы авторлардың еңбектерінде суреттелген үйшілердің негізгі құралы - тез станогының ағаштан жасалған түрінен бөлек, Абай облысы аумағы Тарбағатай тауы бөктерінде XX ғасырдың бас кезіне тиесілі қазақы қыстау жұрттарында тасты кертіп астыңғы жағын қазып жерге мығым орнатқан түрлері кездеседі. Олардың биіктігі мен ию кертпелерінің тереңдігі аталған ағаш станоктардың сипаттарына сәйкес келеді. Ұзақ жылдар бойы үйшілердің бірнеше буын өкілдері пайдаланғандықтан кертпесінің қырлары мүжілген. Жалпа осындай тез тастарын таулы аймақтардың барлық өңірінен жолықтыруға болатын сияқты. Шу-Іле аралық тауларынанда көрдік деушілер бар. Кеңес одағы тұсында ауыр техникалар бара алатын жерлердегі барлық қазақы көне қыстаулықтар тастарын материал ретінде пайдалану үшін жаппай қирандыға ұшырағандығы белгілі. Үйшілердің үйі іргесіне орнатылған тез тастары – тікірейген баяғы қалпы сол жұрттарды мәңгіге күзетіп тұрғандай көрінетін көненің көзіндей құнды ескерткіштер болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Масанов Э. Из истории ремесла казахов (Вторая половина XIX – начало XX в.) // Советская этнография. – 1958. – № 5. – С. 31, 37.
  2. Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері: Ғылыми-зерттеу еңбек. – Алматы : Өнер, 1987. – 9, 10 б
  3. Маргулан А. Х. Казахское народное прикладное искусство. – Алма-Ата: Өнер, 1986. – Т. 1. – С. 89.

Садықов Серікбосын,

«Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей қорығы, суретші-рестовратор

Abai.kz

0 пікір