Қазақ тілінің орфографиялық тәртібі мен сөздік қоры
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X съезінде сөйлеген сөзі елдегі ғылыми қауымдастықта қызу талқы тудырды.
Мемлекет басшысы 2027 жылдың соңына дейін қазақ тілінің орфографиясын ретке келтіруді, сондай-ақ, сөздіктерді толық жаңартуды қатаң тапсырды.
Бұл тапсырма жай ғана техникалық түзету емес, жылдар бойы қоғамда жиналып қалған жүйелі мәселелерді – тілдің жазба және ауызекі сөйлеу нормаларының бұзылуын, сөз қабылдаудағы қиындықтарды және жасанды сөздердің көбейіп кеткенін шешуге бағытталған маңызды қадам десек еш артық айтпаймыз.
Тілдік дағдарыс: Жазу мен сөйлеу тілінің бұзылуы...
Президент атап өткендей, бүгінде кейбір сөздер, ұғымдар мен анықтамалардың әртүрлі қолданылуы халықты шатастырып, тілдің тазалығына нұқсан келтіруде.
1. Нормативтік бей-берекетсіздік: Соңғы ресми түрде бекітілген бірыңғай орфографиялық сөздіктің 1983 жылы шығарылуы – үлкен олқылық. Кейін шыққан әртүрлі авторлардың сөздіктерінің мемлекеттік заңды күші жоқ болғандықтан, мектеп оқулықтарынан бастап бұқаралық ақпарат құралдарына дейін бір сөздің әр түрлі жазылуы қалыпты жағдайға айналды.
2. Ауызекі сөйлеу мен жазба тілдің арақашықтығы: Күнделікті ауызекі сөйлеу тілінде орыс тілінің немесе басқа тілдердің грамматикалық құрылымына еліктеп сөйлеу (калька) белең алды. Ал ресми жазба тілде түсініксіз, архаикалық немесе шамадан тыс қатаң қағидалардың сақталуы екі тілдің арасындағы алшақтықты тереңдетіп жіберді.
Калькалар мен сөз қабылдаудағы кедергілер
Мемлекет басшысы тілді «тазарту» барысында шектен шығушылыққа жол беріліп жатқанын да ашық айтты. Оның айтуынша, кейбір жасанды түрде ойлап табылған сөздердің өміршеңдігі күмәнді:
• «Күйсандық» (пианино)
• «Қылтима» (балкон)
• «Субұрқақ» (фонтан)
• «Себезгі» (душ)
• «Қырыққабат» (капуста)
• «Үнқағаз» (газета)
• «Жеделсаты» (лифт)
• «Желкөз» (форточка)
Бұл мәселе тілтану ғылымындағы ең күрделі тақырыптардың бірі – шет тілдерінен сөз қабылдау мәдениетіне келіп тіреледі.
Әлемдік тәжірибеде халықаралық терминдер (интернационализмдер) ғылым мен техниканың дамуына байланысты өзгеріссіз немесе аз ғана фонетикалық өзгеріспен қабылданады. Ал қазақ тіліндегі кейбір пуристік (тазалықты шектен тыс аңсау) әрекеттер халықаралық ұғымдарды түсініксіз аударуға әкеп соқты.
Нәтижесінде халық бұл жасанды сөздерді қабылдамай, орыс немесе ағылшын түбірлерін қолдануға мәжбүр болып жүр. Енді сөйлеу тілі негізінде ағылшын және орыс тілдерінен сөз қабылдауды тілтанушылар бір ізге келтреді дегенге кәміл сенеміз.
Президенттің діни ұғымдарды ескі, байырғы қазақша сөздердің орнына араб сөздерімен жаппай алмастыру үрдісіне тоқталуы да өте орынды. Дін мен ұлттық мәдениеттің ажырамас екені рас, алайда тілдің өз ішкі табиғи қорын ысырып қойып, жаппай шет тілінің (бұл жолы араб тілінің) терминдерін кіргізу тілдің дербестігіне қатер төндіреді.
Халықаралық интеграция және заманауи сөздіктер
Тоқаев көтерген екінші маңызды бағыт – қазақ тілін халықаралық деңгейге шығару және БҰҰ-ның ресми тілдерімен, сондай-ақ, француз, испан, қытай, араб, неміс, италиян, жапон, корей және парсы тілдерімен байланыстыратын көптілді электронды сөздіктерді жасау.
• Oxford Qazaq Dictionary жобасының сәтті жалғасуы тілімізді әлемдік академиялық стандартқа көтерудің бір жолы.
• Алайда шетелдік сөздерді тікелей және сапалы қабылдау үшін қазақ тілінің ішкі әлеуетін әлемдік ғылыми-техникалық прогресспен үндестіру қажет. Тіл жабық жүйе болмауы тиіс: ол жаңа ұғымдарды сіңіре отырып, фонетикалық заңдылықтарына негізделген грамматикалық төлтумалыққа бағындыра алуы керек.
Сөз түйіні: Президенттің орфографияны ретке келтіруге 2027 жылдың соңына дейін уақыт беруі – уақытылы жасалған батыл қадам деп санаймыз. Бұл жұмысқа тек шенеуніктерді емес, кәсіби тілдік ғалымдарды, әдебиетшілерді, БАҚ өкілдері мен IT-мамандарды тарту (цифрлық жүйе құру арқылы) аса маңызды.
Егер біз тілдің тазалығын сақтаймыз десек, жасанды калькалардан арылып, халықаралық терминдерді қабылдаудың әділ де орынды ретін табуымыз керек. Сонда ғана қазақ тілі шенеуніктердің қағазында емес, заманауи ғылымның, технологияның және жастардың өмірлік тіліне айнала алады.
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz