Араб банкі қазақстандықтарға несие бере бастайды
БАӘ-нің ADCB банкінің Қазақстандағы еншілес компаниясы әмбебап банктік лицензия алды. Бұған дейін банк елімізде тек ислам банкі ретінде жұмыс істесе, енді дәстүрлі банктік операциялардың барлығын жүзеге асыра алады.
Қазақстан қаржыгерлерінің конгресінде банкке жаңа лицензия табысталды. Исламдық қаржыландыру қызметі бұрынғыдай «исламдық терезе» арқылы ұсынылады, яғни дәстүрлі банк құрылымындағы жеке бөлімше осы бағытқа жауап береді. Бұл туралы National Business Kazakhstan жазды.
– ADCB-ге жаңа лицензия беру елімізге шетелдік банктерді тартуға, бәсекені күшейтуге және экономиканың нақты секторын несиелеу көлемін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова.
Оның айтуынша, банк ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыруға да қажет.
Abai.kz