Дүйсенбі, 16 Қараша 2026
Жаңалықтар 144 0 пікір 16 Қараша, 2026 сағат 16:25

Цифрландыру – біздің өмірімізді жеңілдетті: Алматылық ғалымдар не дейді?

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Алматыда ғылымды дамыту мен ғылыми зерттеулерді қала өміріне енгізуге бағытталған жаңа бастамалар қолға алынып жатыр. Биыл қала әкімдігі алғаш рет ғылыми жобаларды қолдауға 348 миллион теңге бөліп, 229 өтінімнің ішінен 23 жобаны қаржыландыруға таңдады.

Қаржыландырылған бастамалардың қатарында экология, қала қауіпсіздігі, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект бағытындағы зерттеулер бар. Солардың бірі – «Алматы – сенім аумағы» жобасы. Жоба авторы, саясаттанушы Нұрболат Нышанбай бастаманың мақсаты, ғылыми зерттеулерді цифрландыру және жасанды интеллектінің ғылымдағы рөлі туралы пікір білдірді.

Нұрболат Нышанбай:

– Біздің жобамыздың тақырыбы – «Алматы – сенім аумағы». Негізгі мақсаты – ресми институттар мен ғалымдар арасында ортақ платформа қалыптастыру. Қалаға маңызды деген проблемаларды ғалымдардың көзқарасы, зерттеулері тұрғысынан айқындау, талқылау, қалаға қажетті кез келген мәселені жобамыздың аясында ғылыми негізде зерттеп, халыққа түсіндіру. Осы бағыт – жобамыздың негізгі мақсаты.

Әрине, цифрландырусыз бұл мүмкін емес. Жоба аясында орталықтың арнайы цифрлық порталы жұмыс істейді. Портал аясында пікірталастар цифрлық форматта да, дәстүрлі форматта да жүргізіледі.

229 жобаның ішінен жиырма үш жобаның қатарына ену оңай болмады. Бірнеше акселерациялық кезеңнен өттік. Әрбір кезеңде осы саланы, жалпы бизнес саласын, біздің идеямыздың құндылығын тексеретін арнайы комиссия өкілдері сұрақ қойды. Біз жобамызды үш кезеңде де қорғап, әр кезеңде айтылған сын-ескертпелерді ескеріп, толықтырып отырдық.

Биыл қаржыландырылған жобалармен көрме барысында таныстық. Жиырма үш жобаның да бағыты өте ерекше. Бірі экологиялық мәселелерді қамтыса, бірі қалдықтармен жұмыс істеуге бағытталған. Екіншісі цифрлық технологияларды қолдану арқылы қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сондықтан осы жобалардың әрқайсысы қаланың бір мәселесін шешеді деп есептесек, қаланың жиырма үш мәселесі нақты инновациялық шешімін тауып отыр.

Бұл жерде жасанды интеллект, керісінше, ғалымға көмекші құрал ретінде ғылымның даму жылдамдығын арттырып жатыр деуге болады. Себебі жасанды интеллектіні біз ғалымға қарама-қарсы немесе оның орнын басушы құрал ретінде емес, үшінші бір әріптес ретінде қабылдадық.

Сондықтан үш тараптың арасында дәстүрлі түрде кездескен көптеген қиындықтар азайып, осыған дейін қол жеткізу мүмкін болмаған деректерге қол жеткізіп, жалпы әлеуетімізді арттырып жатырмыз. Бұл бір ғана бағытта емес, жалпы ғылыми зерттеулердің даму процесін ілгерілете түсті.

Жалпы, Алматы қаласында ғана емес, еліміз бойынша цифрландыру мәселесі алға шыққаны анық. Оны өзім шетелге шыққанда да байқаймын. Шетелде елімізді таныстырған кезде де бұл туралы нақты айтамыз. Цифрландыру расында да біздің өмірімізді жеңілдетті, бюрократиялық түрлі процестерді қысқартты, жалпы шешім қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз етті.

Алматы еліміздегі өндіріс, экономика мен инновация шоғырланған қала болғандықтан, қала әкімдігінің ғалымдарды, осындай фаундерлерді, стартап бастайтын жас топтарды қаржыландырып, қолдау көрсетуі басқа өңірлерге де үлгі болуы керек деп ойлаймын.

Бұл, әрине, бастамасы. Бұл жобалардың нақты нәтижесін келесі жылдан бастап көре бастаймыз.

Томирис Маратқызы

Abai.kz

0 пікір