Дүйсенбі, 16 Қараша 2026
Жаңалықтар 118 0 пікір 16 Қараша, 2026 сағат 21:54

Боқаевтың ісі бойынша сотта Тәшімова өз айғақтарының қауесеттерге негізделгенін айтты

Сурет: baq.kz сайтынан алынды

Санжар Боқаевтың ісі бойынша Алмалы аудандық сотында куәгер ретінде қоғам белсендісі Салтанат Тәшімовадан жауап алынды. Оның сөзінен кейін белсендінің құқық бұзушылықтары мен заңсыз ағаш кесу туралы жария мәлімдемелері ешқандай құжатпен расталмағаны, тек қауесеттерге, болжамдарға және баспасөз тақырыптарына негізделгені анықталды.

«Samal Development» компаниясының тұрғын үй кешенін салып жатқаны туралы мәселені талқылау кезінде куәгердің жауабы ерекше назар аудартады. Бастапқыда ол құрылыс салушының табиғи парк аумағына кіргенін мәлімдеген. Алайда прокурордың нақтылайтын сұрақтарынан кейін Тәшімова жауабын өзгертіп, құрылыс жұмыстары «аумаққа жапсарлас» жүргізілгенін айтты. Кейін, тіпті бұл жөнінде нақты әрі шынайы деректерді білмейтінін мойындады. Мемлекеттік айыптаушының тиісті құжаттардың бар-жоғы туралы тікелей сұрағына куәгер бұл жағдайдан тек «тұрғындардың сөзінен және БАҚ-тан» хабардар екенін жеткізді.

Қоғам белсендісінің заңсыз ағаш кесу туралы мәлімдемелері де дәл осылай негізсіз болып шықты. Тәшімова шамамен 80 ағаштың зақымданғанын және полицияның бұған қатысты ешқандай әрекет жасамағанын кесіп айтты. Алайда мәселені егжей-тегжейлі талқылау барысында кесілген ағаштардың нақты саны туралы да, құқық қорғау органдарының қандай процестік шаралар қабылдағаны жөнінде де куәгердің шынайы деректері жоқ екені анықталды.

Сондай-ақ, куәгер ауруға шалдыққан 11,4 мың ағашты санитарлық мақсатта кесу жоспарланып отыр деген мәселені қозғағанда да баспасөздегі материалға сүйенді. Прокурор соттың назарын бұл мәселеге қатысты бейінді ведомствоның бұған дейін-ақ теріске шығаратын мәлімдемелерді жасап, түсініктеме бергеніне аударды. Тәшімованың өзі де сотта осы уақытқа дейін ресми мәліметтерден хабарсыз екенін мойындады.

Куәгердің тоғайдың жай-күйіне қатысты уәждері де ерекше назар аударуға тұрарлық. Қараңғы тоғайды абаттандыру қажеттігіне күмән келтірген қоғам белсендісі тосын мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Баум тоғайына жарық орнатудың қажеті жоқ, өйткені онда «зорлау оқиғалары көп емес».

Жауап алу қорытындысы бойынша мемлекеттік айыптау тарапы куәгердің өз тұжырымдарын бастапқы дереккөздерден хабарсыз болса да жасайтынын анықтады. Статистикалық мәліметтер талқыланған кезде Тәшімова нақты ақпарат көзін атай алмады. Ол тіпті ақпаратты қате түсінген немесе жаңсақ қабылдаған болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Сонымен қатар белсенді тоғайды абаттандыру мәселесіне қатысты жергілікті тұрғындардың жаппай наразылығы болғанын алға тартқанымен, бұл талқылауға шамамен он шақты ғана тұрғын қатысқаны белгілі болды.

Қорғау тарапының куәгері ретінде сөз сөйлеген Тәшімова өзі байқамай сотқа айыптау нұсқасын растайтын дәлелдер ұсынды. Қоғам белсендісі Боқаевпен жеке хат алмасуын сотқа тапсырды. Онда ол 26-сы күні белсенділермен бірге Баум тоғайына келетінін хабарлаған. Тергеу материалдарына сәйкес, Боқаев дәл осы хабарламаны алғаннан кейін, яғни бір күн бұрын ағаштарды кесуге кірісіп, «жалған қойылымға» дайындалған. Осылайша, қорғау тарапының куәгері өз қолымен айыптау тарапы келтірген оқиғалардың хронологиясы мен инсценировканың ықтимал себебін растады.

Жауап алудың соңында мемлекеттік айыптау тарапы 26 қазандағы, яғни ағаштардың алдын ала кесілгені анықталған күнгі оқиғаларға егжей-тегжейлі тоқталды. Тәшімова бұл оқиғаның тікелей куәгері болмағанын мойындады. Ал оқиғаның болған уақыты туралы тұжырымын жаңа кесілген ағаштарға қарап қана жасағанын айтты.

Коммерциялық құрылыс жүргізіліп жатқаны туралы нұсқа да түбегейлі жоққа шығарылды. Куәгер тоғайға іргелес аумақта салынған бірде-бір тұрғын үй кешені жоқ екенін растады. Ағаш діңдеріне зақым келтірген болуы мүмкін деген мердігер компанияның атауын да атай алмады.

Сонымен бірге қоғам белсендісі тергеу үшін маңызды бір жайтты – бұталардың арасынан тастап кеткен бензинмен жұмыс істейтін араның табылғанын растады. Алайда прокурордың кесілген ағаштарды алғаш болып нақты кім анықтағаны туралы бірнеше рет қойған сұрағына куәгер жауап бере алмады. Ол бұл жайтты есіне түсіре алмайтынын айтты.

Abai.kz

0 пікір