Сәрсенбі, 18 Қараша 2026
Күбіртке 166 0 пікір 18 Қараша, 2026 сағат 14:19

Сапасыз оқулық – ұлттың рухани батпағы: Қазақстан қай жолды таңдайды?

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Қазақстандық мектеп оқулықтарының сапасы – жылдар бойы қоғамның қызу талқысын, ата-аналардың наразылығын туғызып, емі табылмайтын жазылмайтын жараға айналды.

Әлеуметтік желілерде оқулық беттерінен табылған өрескел қателер, қисынсыз есептер мен күмәнді деректер жарияланған сайын, ел арасындағы дау да барынша күшейе түседі.

Осы түйткілді тұңғыш рет жоғары деңгейде мойындаған Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Құрылтайда өткен брифингте маңызды мәлімдеме жасап, қолданыстағы оқулықтардан 700-ге жуық өрескел фактологиялық қате анықталғанын мәлімдеді.

Ең сорақысы – осы уақытқа дейін миллиондаған тиражбен басылып, бюджеттің миллиардтаған қаржысына сатып алынған қате оқулықтар үшін баспалар да, авторлар да мойындарымен ешқандай заңды жауапкершілік көтермеген.

Қазіргі таңда министрлік Құрылтай депутаттарымен бірлесіп, осы олқылықтың жолын кесу үшін жаңа заң нормаларын әзірлеуге кірісті.

Дегенмен, басты сұрақ әлі де ашық қалып отыр: Қазақстан оқулық сапасын түзету үшін әлемдік тәжірибенің қайсысының жалына жабысуы керек?

ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ: ҮШ ТҮРЛІ ЖОЛ, БІР МАҚСАТ...

Бұл мәселені шешу үшін озық елдердің ұстанған бағыттарына көз жүгіртіп көрейік:

Финляндия үлгісі: Бұл елде үкіметтің немесе министрліктің «жалғыз ресми оқулығы» деген ұғым жоқ. Мемлекет тек ортақ стандарт қояды, ал оқулықты жазу мен таңдауға толық еркіндік беріледі. Жүйе баспалардың өзара адал бәсекесі мен нарықтағы беделіне сүйенеді. Қате жіберген баспа нарықтан автоматты түрде ығысып, қайраңдағы қайықтай  өзінен өзі шығып, қалады.

Оңтүстік Корея үлгісі: Мұнда оқулықтар Білім министрлігіне қарасты институт арқылы академиялық, педагогикалық және этикалық-лингвистикалық қатаң үш сатылы сараптамадан өтеді. Сонымен қатар, цифрлық платформалар арқылы қателерді лезде түзету тетігі жақсы жолға қойылған.

Жапония үлгісі: Жапонияда әрбір оқулық министрліктің қатаң лицензиясынан өтеді. Тәуелсіз сарапшылар комиссиясы әр сөзді айлап тексереді. Ең бастысы – мақұлданған оқулық жобасы алдымен қоғамның (ата-аналар, мұғалімдер) талқылауына ашық ұсынылып, содан кейін ғана баспаға жіберіледі.

БІЗДІҢ ТАҢДАУ ҚАНДАЙ БОЛУЫ ТИІС?

Осы орайда алдымызда заңды сұрақ тұр: Қазақстан бұл үш жолдың қайсысын таңдауы керек?

Бүгінгі қазақ білім беру жүйесінің шындығына үңілсек, біздің қоғамдағы баспалар мен авторлар әлі Финляндиядағыдай "нарықтық бедел мен адал бәсекеге" толықтай сүйене алатын деңгейге жеткен жоқ. Себебі мемлекеттік тапсырыс пен бюджет қаржысы бөлінген жерде монополия мен салғырттық қатар жүреді.

Сондықтан Қазақстан үшін қазіргі кезеңде Оңтүстік Корея мен Жапонияның қатаң мемлекеттік бақылау, көпсатылы сараптама және заңды жауапкершілік тетіктерін ұштастыру – бірден-бір дұрыс жол болуға тиіс демекпіз.

Министрліктің баспалар мен авторлардың мойнына заңды жауапкершілік жүктеу туралы бастамасы – саланы сауықтыруға бағытталған һәм өте-мөте дер кезінде жасалған қадам. Себебі қаржылық немесе құқықтық жауапкершілік болмаған жерде, сапа да, жауапкершілік те болмайтындығы да әмбеге аян жайт.

Мектеп оқулығы – жай ғана белгілі бір пән бойынша білімдердің жиынтығы емес, бұл – ұлттың болашақ дүниетанымын, санасын қалыптастыратын стратегиялық қару болып иабылады. Оның қатесіз, сапалы болуы – мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігімен пара-пар дүние. Ендігі кезекте қабылданатын заң нормалары қағаз жүзінде қалып қоймай, әрбір баспа мен автордың жұмыс стилін түбегейлі өзгертетін қатаң тетікке айналуы тиіс. Әйтпесе, сапасыз оқулықпен сапалы ұрпақ тәрбиелеу мүмкін емес дүние.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір