Сәрсенбі, 18 Қараша 2026
Дидар-ғайып 95 0 пікір 18 Қараша, 2026 сағат 14:35

«Қазақ елі соңғы Халық ақынынан айрылды!»

Сурет: qazaq1913.com сайтынан алынды.

Қазақ айтысы қара жамылды – Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова өмірінің 77 жасында дүниеден өтті…

Әсия Беркенова 1950 жылғы 22 сәуірде Қостанай облысы Әулиекөл ауданына қарасты Сұлукөл ауылында дүниеге келген.

Ақын халықаралық деңгейдегі сөз сайыстарында да ел намысын қорғады. Атап айтқанда, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Ресей және Қазақстан ақындары қатысқан халықаралық айтыстың жүлдегері атанды.

Әсия Беркенова – Қазақстанның халық ақыны, «Құрмет» және III дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері. Ол ұлттық айтыс өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан сөз шебері.

Айтыс өнеріндегі айтулы тұлғаның бірі, баяғы Манап Көкенов, Көкен Шәкеев, Көпбай Омаров, Тәушен Әбуовалардың ізін жалғап, өзінен кейінгі бірнеше буын ақындарға үлгі бола білген тұлға еді…

Марқұмның туған-туыс, бала-шағасына көңіл айтамыз…

Жанарбек Әшімжан:

«Қазақстанның халық ақыны, аяулы апамыз Әсия Беркенова 77 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Өкінішті…

Алла әйгілі тұлғаның иманын жолдас, алдын пейіш, артын кеніш қылғай. Әсия Әйіпқызымен атамұра өнеріміздің бүтін бір дәуірі кетіп барады…

Барша әріптестеріне, ағайын-туыстарына, шәкірттеріне, артындағы ел-халқына, әсіресе Әсия апаны өмір-бойы алақанына салып өткен Аңамызға, қайғырып көңіл айтамыз. Бар ғұмырын Қазақтың өнері мен мәдениетіне арнаған асыл жанның бейнесі жанымыз барда жадымызда сақталады. Бақұл болыңыз, Апа», - деп жазды.

Айбек Қалиев:

«Қазақ елі соңғы Халық ақынынан айрылды! Жаның жаннатта болсын, жан апа», - деп жазды.

Мейірбек Сұлтанхан:

«Жұртымның жүзіне тік қарау үшін,

Әйтеуір ұятымды қалғытпадым», – деп жырлаған Әсия Беркенова апамыз да бұл жалғаннан көшіпті. Паңдығына парасат пайымы жарасқан аяулы жан еді. Арамызда жүрген жалғыз Халық ақыны еді апамыз. Әселхан құрбысы мен Салтанат сіңлісінің ізінен кете барыпты. Қимаймыз. Бірақ амал қанша», - деп жазды.

Abai.kz

0 пікір