ҚазҰУ-дегі қайғылы оқиға: асығыс айыптау ақиқатқа жеткізбейді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жатақханасында болған студент қазасы қоғамды дүр сілкіндірді. Жас адамның өлімі – орны толмас қасірет. Марқұмның жақындары әділдік күтуге, ал студенттер мен ата-аналар қауіпсіздікке қатысты нақты жауап алуға құқылы.
Бірақ қоғамның алаңдаушылығы жаппай айыптауға ұласпауы керек. Заңгер Жұлдыз Қанатқызының айтуынша, жауапкершілік әлеуметтік желідегі пікірге емес, анықталған фактілерге сүйенуі тиіс.
«Жеке жауапкершілік болжаммен емес, дәлелмен анықталуы тиіс», – дейді ол.
Қазір ақша талап ету, қысым көрсету, әлімжеттік туралы түрлі нұсқалар айтылып жатыр. Әрқайсысы тексерілуі қажет. Егер студенттерге бұрыннан қысым жасалса, оны кім білген? Шағым түскен бе? Тергеу осы сұрақтарға да жауап беруі тиіс.
Заңгердің пікірінше, университет басшылығының жауапкершілігін бағалау нақты міндеттер мен өкілеттіктерге негізделуі керек. Жатақханадағы тәртіп пен қауіпсіздікке комендант, күзет, қауіпсіздік қызметі және тиісті бөлімшелер жауап береді. Олардың қайсысы өз міндетін орындады, қай тұста әрекетсіздік болды – осының бәрі анықталуға тиіс.
Міндеттердің бөлінуі басшылықты қауіпсіздік жүйесінің жұмысына жауап беруден босатпайды. Алайда қоғамдық талқылауда ректорды қаралауға бағытталған, тапсырыспен жазылуы мүмкін материалдардың бар-жоғын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Біреудің қайғысын жеке мүддесіне пайдаланып, одан бедел не қаралым жинауға тырысатындар болуы мүмкін. Алайда мұндай күдік те дәлелді қажет етеді. Негізді сын айтылуы тиіс, ал қайғылы оқиғаны желеу етіп, дәлелсіз айып тарату ақиқатты анықтауға көмектеспейді.
Оқиғадан кейін әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор мен факультет деканы қызметінен босатылды. Бірақ кадрлық шешім тергеудің орнын баса алмайды. Біреуді жұмыстан шығару арқылы барлық сұраққа жауап берілді деуге де, оның заңдық кінәсі дәлелденді деуге де болмайды.
Қоғамдық талқылаудың ортасында студенттердің өздері қалып отыр. Оларға сенімді ақпарат, психологиялық қолдау және қауіп төнгенде жүгінетін нақты көмек тетігі қажет. Тексерілмеген мәлімет пен тұтас университетке тағылған айып олардың алаңын күшейтеді.
ҚазҰУ – мыңдаған жастың болашағы қалыптасып жатқан, ғылым мен халықаралық ынтымақтастықты дамытып отырған іргелі оқу орны. Университеттің жетістіктері де, оқытушылар мен ғалымдардың еңбегі де әділ бағалануы керек. Осы беделді сақтаудың ең сенімді жолы – ашықтық, нақты жауапкершілік және студент қауіпсіздігін күнделікті қамтамасыз ету.
«Бүгінгі басты міндет – кінәлі деп санауға ыңғайлы адамды іздеу емес, ақиқатты анықтау, әділдікті қамтамасыз ету және мұндай қайғылы оқиғалардың қайталанбауына жағдай жасау», – дейді Жұлдыз Қанатқызы.
Abai.kz