Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 8262 0 пікір 22 Мамыр, 2009 сағат 06:19

ЕУРАЗИЯЛЫҚ КЕҢIСТIКТЕГI МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ЖАҺАНДАНУ

Бүгiнгi заманғы әлемде “дау-жанжалдардың негiзгi көзi ендi идеология да, экономика да болмайды... Адамзатты бөлетiн аса маңызды межелер мен дау-жанжалдардың төркiндерi ендi мәдениет арқылы белгiленетiн болады”

(С.Хантингтон)

 

 

Бүгiнгi заманғы әлемде “дау-жанжалдардың негiзгi көзi ендi идеология да, экономика да болмайды... Адамзатты бөлетiн аса маңызды межелер мен дау-жанжалдардың төркiндерi ендi мәдениет арқылы белгiленетiн болады”

(С.Хантингтон)

 

 

Жаһанданудың қазiргi заманғы қоғамдарға экономикалық, әлеуметтiк және мәдени тұрғыда тiкелей жаңа серпiн беретiнi баршаға аян. Экономикалық саланың ауқымына сыймайтын осы феномен елдердiң өзара қарым-қатынасын күшейте отырып, сәйкестiк пен мәдени саналуандық проблемасына тiкелей ықпал етiп, бiзге бұрын белгiсiз болған алапаттар мен соларға шара қолданудың жаңа тәсiлдерiн табуды талап етедi.
Бiрқалыпты және белгiлi стандартты мәдени үлгiлердi бүкiл әлем бойынша тарату осы заманғы мәдени жаһанданудың тiкелей салдарына айналып отыр. Бұған бiрқатар факторлар себеп болды, солардың iшiнде мәдени ықпал жасау мен қарым-қатынас үшiн шекаралардың ашықтығы, бұқаралық ақпарат құралдарының, әсiресе ғаламды “виртуалды деревняға” айналдырған телевизияның теңдессiз әсерi, және ең соңында, адамзат баласының бұрын-соңды болмаған әлеуметтiк жұмылғыштығының ауқымдарын атап кеткен жөн. Осының нәтижесiнде мәдениеттердiң ассимиляция мен басқа мәдениетке сiңiп кету қаупi төндi.
Жаһандану процестерi мiндеттi түрде бiрыңғай (бiртұтас) мәдениет құруды талап етпесе де, зерттеулер көрсеткендей ол, космополиттi және мәдени бiркелкiлiктi, бұқаралықты, ұлттық мәдениеттердiң, әсiресе әлемдiк аренада бекiп үлгермеген, басым емес мәдениеттердiң шекараларын жою үрдiсiн енгiзiп отыр. Мұндай жағдайда мәдени жаһандану әсiресе бiздiң мәдениетке қауiп-қатер тудыруы әбден мүмкiн. Бiрақ бұл жаһандануды терiске шығаруды емес, керiсiнше, оған сын көзбен қарай отырып, “бiраз” өзгертулер мен түзетулер жасауды меңзейдi.
Осыған байланысты, жаһандану “хаосын” бақылау тетiгiнiң бiрi ретiнде мәдениеттердiң ерекшелiгiн әлеуметтiң танып-бiлу, яғни олардың өзiндiк ерекшелiктерiн, қайталанбас өзгешелiктерiн әйгiлеуi заңды құбылыс және бұл кездейсоқ процесс те емес. Бұл мәдени өзiндiк оқшаулануды немесе “мәдени гетто” жасауды бiлдiрмейдi, өйткенi әрбiр ұлттық мәдениетте барлығына ортақ базалық гуманистiк құндылықтар негiзделген. Оның үстiне, жаһандану мәдени мұра туралы ғаламдық ауқымда да, сондай-ақ жергiлiктi ұлттық ауқымда да бiлiм мен ақпаратқа қолжетiмдiлiктi қамтамасыз етедi. Сондықтан ұлттық мәдениет жаһандану мұхитының иiрiмiне батып кетпеу үшiн оған темiрқазықтай бағдар болатын мемлекеттiң күш-жiгерi қажет.
Адамзат тарихы мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы айырмашылықтардың көбiне жанжал мен зорлық-зомбылықты ақтау үшiн себеп ретiнде пайдаланылғанын айғақтайды. Өкiнiшке қарай, бүгiнгi заманның да тұрақты еместiгiн, керiсiнше одан сайын ушыға түскенiн амалсыз мойындауға тура келедi.
Жаһанданудың қоғамның бақылауында болуы керек екендiгi және де бiр елдiң дүниежүзi мәдениетiне әсерi-ықпалының” жойылуы керектiгi басы ашық мәселе. Кейбiр елдер үшiн өркениеттердiң қақтығысуы — олардың басқалардан үстем болуға қатысты геосаясаттық стратегиясының бiр бөлiгi, билiк құралы. Бүгiнде, мұның көбiне әлемнiң қалыптасқан бiр полярлығының салдары екенi — көпе-көрiнеу, сондықтан халықаралық саясатта көпполярлылыққа қайта оралу ауадай қажет, әрi осы үрдiс оған жұртшылықты қатыстыру мен мәдени айырмашылықтарды құрметтей бiлу жағдайларында ғана жүруi тиiс.
Нобель сыйлығының лауреаты Джозеф Стиглиц “Жаһандану саясаты өзiнiң мiндетi мен берген сертiн орындай алмады. Қазiргi заманғы институттардың барлық халықтардың мүдделерiн ескере бермейтiнiн мойындауға тура келедi” деп атап өттi.
Кеңiнен қанат жая бастаған жаһандану әлсiз мәдениеттердi немесе азшылық мәдениеттердi өздерiнен күштi мәдениеттермен қақтығыста жеңiлiске ұшырататыны даусыз. Ирактағы, Ауғаныстандағы соғыстар мұның айқын дәлелi.
Осыған орай, халықаралық саяси-гуманитарлық институттардың мәдени жаһандануға байланысты келеңсiз үрдiстердiң алдын алуға өздерiне басты жауапкершiлiк жүктеуi қисынды болар едi. Адамзат баласы “басқаны” құрметтеу идеясына қайта оралуы тиiс.
Расында да, ЮНЕСКО-ның жалпыға бiрдей Декларациясы мәдени саналуандықты адамзаттың құрмет көрсетiлуi тиiс ажырамас-құқығы ретiнде белгiлесе, ал БҰҰ-ның адам дамуы жөнiндегi Бағдарламасы (БҰҰДБ) еркiндiк пен мәдениеттi бiрiншi орынға қояды және мәдени саналуандықты сыйламайтын жерде экономикалық даму да мүмкiн емес дегендi кесiп айтады.
Бiрақ, нақты болмыс көрсеткендей, БҰҰ осыдан жарты ғасырдан астам бұрын жариялаған қағидалары әлемдiк саяси институттардың рөлiн қайта қарау қажеттiлiгi, толғағы жеткен мәселе екендiгiн көрсетiп отыр.
Әлемдегi мәдени саналуандықты қорғау жөнiндегi қыруар қарарлар шыққанына қарамастан, түрлi мәдениеттер бейбiт қатар өмiр сүретiн заманға нақты қол жеткiзу мүмкiндiгi әлi тым алыста. Сайып келгенде, аждаһадай жойқын жаһандану жағдайларында мәдени саналуандық жанжалдарды болдырмау мен шешуге қатысты негiзгi құралдардың бiрi ретiнде ерекше құндылыққа ие болады.
Қазiргi кезде, бiр жағынан мәдени немесе өркениеттiк айырмашылықтардың негiзiнде туындайтын жанжалдар толастамай тұрған кезде, екiншi жағынан мәдениеттiң жаһандануы жүрiп жатқан уақытта өркениеттердiң диалогы ауадай қажет. Дүниенiң бiр мезгiлде қатар жүретiн бiрлiгi мен ыдыраңқылығы жағдайларында, адамдар саясат пен экономикадан еркiн, барлық мәдениеттердiң өзiндiк құндылығын тең мойындау негiзiндегi кроссмәдени қатынас арқылы ғана нағыз жаһандық пайым жасай алады. Шын мәнiнде, бұл тек мәдениеттiң ғана емес, сонымен бiрге саясаттың да, экономиканың да ортақ проблемасы.
Мемлекетаралық, этникалық, экономикалық байланыстар өрiстей түскен жағдайда, түрлi қауымдастықтар кездесетiн аймақтарда, көбiне жанжалдарға (айтыс-тартыстарға) ұласатын шиеленiс потенциалы өсе түседi. Мұндай жағдайда жанжалдардың шешiмiн табу өнерi қоғамдар мен мемлекеттер арасында диалогтар орната бiлу жөнiндегi ғылымға айналады, әрi бұл ретте гуманистiк идеяның рөлi айрықша маңызды.
Сондықтан қалыптасқан жағдайларда мәдени саналуандықты қорғауға азаматтық бастаманың барған сайын көбiрек қатынасатындары кездейсоқ емес, мұнда үкiметтiк емес деңгейде, ең алдымен “Өркениеттер Диалогы” Халықаралық Қоғамдық Форумы”, немесе “Барселона Форумы” сияқты халықаралық қоғамдық ұйымдар зор белсендiлiк танытуда. Осы ұйымдар “виртуалды” емес, нақты мәдениетаралық диалог жүргiзу және қалың жұртшылыққа да, сондай-ақ саяси институттарға да ұсыныстар әзiрлеу үшiн бiрегей мүмкiндiктер бередi.
Әрине, мәдени жаһанданудың қайшылықтарына қарсы және өз мәдениетiн қорғау үлгiлерiн жасауға, нақты аймақтық және еларалық деңгейде де, соның iшiнде еуразиялық посткеңестiк кеңiстiкте, атап айтқанда, құрлықтың кiндiк ортасына орналасқан Қазақстанда да осыған байланысты ұсыныстар пайда болуы заңды нәрсе.
Бұл топырақта бағзы замандардан берi мәдениеттер және идеялар арасында өзара алмасу үрдiстерi жүрiп тұрған. Еуразиялық кеңiстiк аумағындағы мәдени байланыстардың бiрнеше өркениеттiк мәдени сабақтастықты сiңiрген әрi бай, әрi көне тарихы бар. Еуразиядағы ашық, әрi байтақ далалар аймағы көшпелi және отырықшы халықтардың түрлi мәдениеттерiнiң өзара ықпалдастығы мен тоғысуына ұйытқы болған.
Қазақстанның қазiргi аумағында сан түрлi тайпалар мен халықтардың жолы түйiсiп отырды: шығыс ирандықтар, сақтар, түркiлер, монғолдар, манчжурлар, угро-финдер, славяндар. Осы халықтар туралы деректер бiзге сан түрлi көрiнiстерде, соның iшiнде өнер, халықтың естелiгi арқылы жетiп отыр. Еуразияның шежiресi өркениетаралық қарқынды және жемiстi өзара ықпалдастық, әлеуметтiк-мәдени және экономикалық өзара кiрiгу мысалдарына толы.
Солардың iшiндегi ең негiзгiсi:
Сол оқиғалардың нәтижесiнде бүгiнгi Еуропаның нобайлары пайда болған халықтардың Ұлы көшi-қонына байланысты оқиғалар;
— ежелгi заманның басты сауда-экономикалық күре тамырына айналған Ұлы Жiбек жолы;
— көшпелi-номадтардың мемлекеттiк құрылымдары: Түрiк қағанаттары, ғұн державалары, Алтын Орда хандықтары симбиозының, түрлi мәдениеттер мен дiндер бiрлестiктерiнiң (одағының) үйлесiмдi үлгiлерi.
Өркениеттiк тұрғыда, Қазақстанның тарихы өткен ғасырдың 30-шы жылдарында шаруашылық жүргiзудiң негiзгi үлгiсi ретiндегi тiршiлiгiн тоқтатқанына қарамастан, номадизммен, көшпелi тұрмыспен ажырамас сабақтастықта. Қазақстан топырағында тұрған тайпалар мен халықтар өздерiнiң дербес, көшпелiлерге ғана тән бiрегей мәдениетiн жасады, осы мәдениет Батыстың да, Шығыстың да түрлi мәдени дәстүрлерiмен өзара ықпалдастық жүргiздi. Көшпелiлердiң өркениетiне де бiрқатар ерекшелiктер, соның iшiнде мәдени, саяси және экономикалық өзгешелiктер тән.
Сонымен бiрге, номадтардың жалпыадамзат өркениетiне қосқан нақты үлесi көбiне елене бермейдi. Бiрақ сол көшпелiлер әскери тiрлiгiнде (қару-жарақ, ат әбзелдерi), мал шарушылығын да, ою-өрнек өнерiн де нағыз революциялық жаңалықтар жасады. Түрiк мәдениетiнiң көптеген элементтерiн Еуропаның да, сондай-ақ Азияның да егiн шаруашылығымен айналысатын отырықшы халықтарының сiңiргенi таңқаларлық жәйт емес.
Бүгiнгi Қазақстан өткен замандардан ұлттық мәдениеттер мен дәстүрлердiң саналуандығын мирас еттi. Ел аумағында тұратын жүзден аса этникалық топтың өкiлдерi азиялық және еуропалық компоненттердi үйлестiретiн бiрегей мәдени нақышты құрайды. Сондықтан жаһандық мәдени стандарттар мен үлгiлердi жаппай тарату жағдайларында мәдени саналуандық пен өзiндiк ерекшелiгi бар мәдени дәстүрдi сақтау әсiресе өзектi мәселеге айналып отыр. Өз мәдениетiн қорғау үлгiлерiн әр ел өз қолымен жасайтыны кездейсоқ емес.
Осы проблеманың маңыздылығын ұғынған Қазақстанда, мемлекеттiк деңгейде басым-бағыт — мәдени саясат нысаналы түрде жасай бастады. “Мәдени мұра” ұлттық жобасы соның негiзгi күретамырын құрайды, осы бағдарламаның қазақ ұлтының мәдени – тектiк кодын сақтауға, дамыту мен таратуға қатысты жүйелi жолын жасап бердi.
Осы бағдарлама бiздiң қоғамымыздың мәдени және рухани жаңғыруында негiзгi рөл атқарып отыр. Посткеңестiк кеңiстiкте теңдесi жоқ бұл бағдарлама Қазақстан Республикасында тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың тарихы мен мәдениетiне қатысты ескерткiштердi анағұрлым тереңiрек зерделеуге, жүйелi есеп жүргiзуге, сақтауға септiгiн тигiзедi.
Сөйтiп, постиндустриялы ғасырда, жаһандану тегеурiнiнде, мәдени сәйкестiктi сақтап қалу үшiн өткенге қызығушылық өзектi мәнге ие болады.
Мемлекетiмiз өзiнiң әлеуметтiк және мәдени саясатын жүргiзуде елдiң этникалық-мәдени саналуандығын, атап айтқанда, жанында ұлттық-мәдени орталықтар жұмыс iстейтiн Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты құрылымның қолдауы арқылы сақтауға күш салады. Мәдениетаралық, конфессияаралық диалогтың түрлi нысандарын реттей отырып, осындай құрылым Еуразия халықтарының рухани бiрiгуiне, тiлдердiң, мәдениеттер мен дiндердiң үйлесiмдi үндестiгiнiң дамуына септiгiн тигiзедi. Этникааралық және дiн аралық келiсiмiнiң орнықтылығы, түрлi этникалық топтар мен конфессиялардың бейбiт қатар өмiр сүруiнiң бай тарихи тәжiрибесi бүгiнгi көп мәдениеттi Қазақстанды сипаттайды.
Сонымен бiрге, Қазақстан нақты болмыстан оқшауланбайды, керiсiнше, Еуразиядағы аймақтық үрдiстерге белсендi қатысып отыр. Интеграция, жаһандану үрдiстерiне белсендi қатысу, халықаралық және аймақтық қауiпсiздiктiң жаңа жүйелерiн жасау iстерiн Қазақстан қарқынды екпiнмен iлгерi жылжытуда. Осы орайда, Еуразиялық кеңiстiкте аймақтық экономикалық және саяси блок құру жөнiндегi Қазақстанның бастамасы ерекше маңыз алады. Бұл үрдiс аймақтық блоктар құруға қатысты әлемдiк үрдiстерге сәйкес келедi, ол өз кезегiнде, көпполярлы әлем орнату мен жаһандануға қатысуға қосқан үлес болып табылады. Екiншi жағынан, бұл жаһанданудың келеңсiз әсерлерiне шара қолдану тетiктерiн жасайды. Нақты ақиқат көрсеткендей, тек iрi топтасулар ғана бұған қабылеттi. Еуроодақ немесе АСЕАН сияқты аймақтық бiрлестiктер жаһандық экономиканың дамуына ықпал етудiң нақты орталықтарына айналу жолында.
Еуразиялық аймақтық құрылымның негiздемесiнде халықтары ғасырлар бойы бiр-бiрiмен ұдайы байланыста дамыған құрлықтағы елдердiң геоэкономикалық жақындығы жатқанымен, бiрақ мәдени-рухани молықтырусыз ол тiршiлiкке қабылетсiз болады.
Әрине, азаматтық бастама мәдени өрiс жасауда шешушi рөл атқарады. Бiрақ, гуманитарлық кеңiстiктiң мемлекеттiк күш-жiгерлер саласы екенi және мемлекеттiк саясатсыз оны iс-жүзiнде ыдыраудан тоқтауға мүмкiн еместiгi де айқын мәселе.
Сондықтан Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа аймақтық блок жасаудың негiзi ретiнде Еуразиялық мемлекеттер одағын құру жобасын ұсынуы, посткеңестiк ыдыраудың салдарларынан күйзелiссiз арылу үшiн қажет шешушi бағдарларды айқын белгiлеп бердi және Еруазия елдерiнiң арасындағы қатынастарды жаңа деңгейге шығарды. Еуразиялық идея жалпыадамазаттық та, сондай-ақ жеке халықтардың да тарихымен және мәдениетiмен тығыз байланысты. “Президент Н.Назарбаев атап көрсеткендей, Еуразиялық интеграцияның құндылығы мынада, ол халықтардың бiрегейлiгiне қысым жасамастан және ассимляцияламастан, керiсiнше олардың саналуандығын сiңiретiндей бiрлiк пен тұтастықты иеленуi тиiс. Өйткенi этномәдени байлық пен батысеуропалық славян, ислам және түрiк өркениеттерiнiң элементтерiн қосу бүгiнгi Еуразия үшiн айрықша ерекшелiк болып табылады.
Бiздiң өңiрiмiзде, одан да нақтырақ айтсақ, бiздiң елiмiзде, Шығыс пен Батыстың дәстүрлерi өзара сабақтасады және өзара кiрiгедi, мәдениеттер мен өркениеттердiң ынтымақтастыққа ұласатын нақты диалогы жүзеге асуда”.
Өркениетаралық диалог баламаларының бiрi ретiндегi еуразиялық идеяны практика жүзiнде iске асыру аймақтық экономикалық институттар мен аймақтық қауiпсiздiк құрылымдарын ЕурАЗЭҚ, ШЫҰ, АӨСШК аясында кезек бойынша жасау арқылы жүредi.
Саяси, әлеуметтiк-экономикалық және мәдени байланыстардың көптеген бағыттары бойынша түрлi халықаралық ұйымдардың, интеграциялық құрылымдарды дамыту бағдарламаларының тұтас қатары жұмыс iстейдi. Бұл қазiр-ақ өзiнiң нәтижелерiн бере бастады. Гуманитарлық салада осы өңiрдегi халықтар мәдениеттер диалогынан баяғыда-ақ мәдени ынтымақтастыққа ауысты, соның iшiнде, мәселен, Гуманитарлық ынтымақтастық Қоры, ТМД елдерiнiң мәдени ынтымақтастық Кеңесi, шығармашылық және ғылыми интеллигенция Форумы, кiтапханаралық ынтымақтастық Ассамблеясы сияқты түрлi үйлестiрушi құрылымдардың қызметi арқылы да. Айталық, мәдени ынтымақтастық жөнiндегi мемлекетаралық Кеңес гуманитарлық байланыстардың басымдықтарын жасайды, ал оның жобалық жұмысы интеллигенцияның қоғамдық форумдары ұсыныстарының негiзiне құралады. Гуманитарлық ынтымақтастық Қоры мәдениет, ғылым, спорт, жастар байланысы саласындағы жобаларға қолдау көрсетедi. Ұлттық әдебиеттерге, кiтап шығаруға, өзара аудармалар жасау мен кiтапхана iсiне қолдау көрсететiн жобалар шешушi бағыттардың бiрiне айналады.
Сонымен, тұрақтылық пен экономикалық өсiп-өркендеуге мүдделi түрлi мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың белсендi үлгiсiн жасау арқылы бiздiң өңiрiмiздегi елдердiң жаһандану үдерiстерiне бейiмделуiн әбден нақты тұрғыда жұмсартуға болады.
Бұл әсiресе, осы елдердiң бәрi бiрдей ұлттық-мемлекеттiк идеяны қалыптастырып үлгiрмеуi себептi де аса маңызды. Қазiргi кезеңде еуразиялық кеңiстiктегi халықтар үшiн ұлттың қайта өркендеуге ұмтылуы өзектi мәселе, бұл олардың мәдени сәйкестiктi ұғынуынан айқын көрiнiс табады. Осы мәселе жаһандық мәдени ағындардың алдында айрықша осал етедi, солардың жаппай таралуы қазiргi заманғы ақпараттық коммуникациялар арқылы жеңiлдетiледi. Сондықтан жаһандану мен мәдени байланыстың (қарым-қатынастың) этникалық, ұлттық, дiни және лингвистикалық (тiлдiк) өзiндiк ерекшелiктердiң сақталуына сеп болған жөн. Еуразия елдерiнiң өңiрiндегi мәдени саналуандықты сақтауға ұмтылулары қажет, бiрақ сонымен қатар өздiгiнен оқшаулану әрекеттерiнiң әрқашан мәдени тоқыраумен аяқталғанын ұмытпау керек.
Сондай-ақ аймақтық ынтымақтастық арқылы еуразиялық кеңiстiк бiр жағынан, жаһандану үдерiстерiне белсендi қатысуға және екiншi жағынан оның керексiз салдарын түзетуге мүмкiндiк алады. Дүние тарыла, ал байланыстар барған сайын қарқындана түскен жағдайларда, елдер арасындағы өзара ықпалдастық қажеттiлiкке, әрi оның үстiне, жалпыәлемдiк дамудың мәнi мен қисынына айналады.
Әйтсе де мынаны мойындау керек, мемлекетаралық мүдделердi үйлестiрудiң құқықтық тетiктерiнiң шалалығын ескергенде, ынтымақтастықтың пайдасы бұдан да көп болар едi. Сонда да болса, еуразиялық өзара ықпалдастықтың тәжiрибесi, осы аймаққа кiретiн халықтар мен елдердiң экономикалық және мәдени мүдделерi үндестiгiнiң бiрегей мысалына айналуы мүмкiн.
Бұл орайда, Шығыс пен Батыс арасындағы диалогты және өзара түсiнiстiктегi жаһандық деңгейде нығайтуға Қазақстанның Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық жөнiндегi Ұйымға 2010 жылы төрағалық етуi де бiрегей мүмкiндiк бередi.
Осының барлығы жеке аймақ және мемлекеттерде мәдени жаһанданудың келеңсiз жақтарына жауап беру тетiктерi қалыптасып жатыр. Елiмiз осының үлгiсi бола алады.

 

 

Ерлан САИРОВ, Мәдени саясат және өнертану
институтының директоры, Саясат ғылымдарының кандидаты

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543