«Шәмiл-оу, бiлесiң бе, өмiр деген...»
Базына сөз
Базына сөз
Мәскеу олимпиадасының чемпионы, ғажайып балуан Шәмiл Серiков жайлы бұл күнде бiр ауыз сөз айтылмайды. Өмiрден озғанына 20 жылға жуықтаған арыс жайлы әлi де ақиқат ашылған жоқ, құр сыпсың сөз, жанама долбар, әншейiн «ұзынқұлақ». Ал шындыққа үңiлсек, Серiков әлемiнiң өзiндiк тереңi болғанын, онда түрлi қуаныштар мен өкiнiштер, жабығу мен торығулар болғанын аңғарар едiк. Қазiр неге Шәмiл туралы ештеңе айтылмайды? Кеңестiк идеология «адасқан ұл» ретiнде жағымсыз етiп көрсеткен Серiковтың есiмiн бүгiнгi тәуелсiз қазақ қоғамы неге шетке қағады? Әлде қазақтан шыққан олимпиада чемпиондары сансыз көп пе? Әлжан Жармұхамедов (баскетбол), Жақсылық Үшкемпiров (грек-рим күресi), Шәмiл Серiков (грек-рим күресi), Бекзат Саттарханов (бокс), Ермахан Ыбырайымов (бокс) және Бақтияр Артаев (бокс)... Құдай-ау, бар-жоғы алтау-ақ қой... Менiң көзiме Алматыдан Шәмiл Серiков көшесi түскен емес. Астанада тiптi жоқ шығар. Кезiнде беделдi «Советский спорт» газетi «Серiковтың белдесулерiн таспаға түсiрiп алып, жас балуандарға әдiстемелiк құрал есебiнде көрсетуге болады» деп бағалаған балуанды бүгiнгi күннiң батыры ету неге қолымыздан келмейдi?
Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлiгiндегi атқамiнер ағалардың құлағына алтын сырға: Серiков есiмiн мәңгi есте қалдыру үшiн нақты шараларға кiрiскен жөн. Тез және жедел. Тезден де тез. Шәмiлдi өзiнiң аз-кем тұстасы, сосын бес-алты журналист қана бiлгенi ешкiмге қызық емес
Жылнамадағы жазулар
Шәмiл Серiков кiм едi? Небары 33 жыл ғұмыр кешкен азаматтың өмiр соқпағы қандай болды? Осы сауалдарға жауап iздесек, көз алдымызға мынадай жылнама тiзiлер едi...
Шәмiл Алматыда өстi. Күн сайын мәдениет және демалыс саябағына ұрланып келiп, күзетшi Петр ағайдың көзiн ала берiп, «Басуға болмайды!» делiнген тақтайшаны тығып тастап, күресе кететiн қарасирақтардың бiрi едi ол. Петр ағай қанша қуса да, топ бала бәрiбiр ебiн табатын. Бiр күнi күресiп жатқан балалардың тұсына әдемi спорттық киiм киген жiгiт келiп, қызықтап бiраз тұрды. Балалар әдеттерiне басып, ересек адамның көзiнен тезiрек сытылып кетпек болған. Бiрақ өзiн «Аянбек Алдабергеновпын» деп таныстырған жiгiт олардың күресi өзiне ұнағанын, қаласа күрес секциясына келулерiне болатынын айтып кеттi. Бiраз күннен соң балалар кәдiмгi нән спорт залында жаттыға бастады. Көзi жiтi Аянбек ағайдың балаларды тез үйiрiп әкететiн қасиетi де бар екен. Бiрде өзi жеңiп алған жүлделердi әкеп көрсеттi, бiрде мақтау қағаздарын әкелдi. Ендi бiрде әлемге атағы жайылған балуандардың фотосуретiн көрсеттi. Балалар аз уақытта дүниеде «классикалық күрестен керемет ештеңе жоғын» түсiнiп үлгердi. Аянбек Ысқақұлының топ баланың ортасындағы Шәмiлдi қалай аңғарғанын қайдам, Шәмiл бiрте-бiрте жақсы нәтижелер көрсете бастады. Бiр күнi күрделi тәсiлдi тез меңгерiп алған «еңбегi үшiн» ұстаз Шәмiл-шәкiртiне өзiнiң балуан аяқ киiмiн сыйға тартты. «Борцовка» Шәмiлге 5-6 өлшемдей үлкен болса да, ол есi шыға қуанды. Балалар жарыстардан жеңiспен оралса, бапкер олардың жүлдесiн түгел жинап алып, ертеңiне секциядағы барлық баланың көзiнше зор марапатпен қайта тапсыратын. Шәмiлдiң мерейi талай өсiп едi осылай... Кейiн А.Алдабергенов Алматыдан қоныс аударып бара жатып, Шәмiлдi бiлiктi бапкер Анатолий Жарковқа табыстап кеттi.
Жарков Шәмiлдi шебер ұштады. Оның әдiс-тәсiлге бай екенiн аңғарды, бiрақ күшiнiң аздығынан бiр тәсiлдi қолданбай жатып, екiншiсiне ауыса беретiнiн байқады. Мұндай әдеттен арылту үшiн ұстаз шәкiртiне ауыр тас көтертiп, айналдырып қоятын болды. Бiр жыл iшiнде Шәмiлдiң еттерi қатайып, серiппедей ширығып шыға келдi.
Ш.Серiков жасөспiрiмдер арасында Қазақстанның төрт дүркiн чемпионы атанды, Бүкiлодақтық оқушылар спартакиадасын ұтып алды. Ересектер арасындағы сынға Шәмiл алғаш 1977 жылы түстi. 21 жасар жiгiт Ташкентте өткен КСРО чемпионатында алғашқы белдесуде-ақ олимпиада чемпионы, әлем чемпионы, ульяновскiлiк Владимир Константиновтан жеңiлiп қалды. Бiрақ арада жыл өтпестен, 1978 жылдың ақпанында И.Поддубный мемориалында ол Константиновты 6:4 есебiмен қапы қалдырып кеттi. Сол жылғы КСРО бiрiншiлiгi Запорожье қаласында өттi. Серiков осы сында өзiнiң саңлақ спортшы екенiн Кеңес Одағына әйгiледi. Шәмiл 7 кездесу өткiзiп, соның бесеуiн таза жеңiспен аяқтады! Оның жолына көлденең тұра алмай, Владимир Погудин, Александр Сазонов, Нұритдин Майлов, Юрий Церковный сияқты атақты балуандар жарыстан шығып қалды. Содан кейiн... Константинов. Есеп 11:3, Шәмiлдiң жеңiсi! Чемпиондыққа барар жолда Шәмiл Мақсұт Михрали мен Владимир Каратаевтi де тiзерлеттi. Серiков – КСРО чемпионы! Осы жеңiс Шәмiлге КСРО құрамасына жол ашты. Серiков екi жыл қатарынан (1978 және 1979 жылдары) әлем чемпионы атанды, 1979 жылы Еуропа чемпионы атағын иелендi. Ал 1980 жылы Шәмiл Серiков Мәскеу олимпиадасында топ жарды. Бельгиялық Жульен Мевис, румын Михал Боциле, италиялық Антонио Кальтабиано, чех Йожеф Криста, швед Бенни Юнгбек және финалда поляк Юзеф Липень арда туған алматылық балуанға қайрат көрсете алмады.
«Шәмiлдiң күресi – спектакль едi»
Шәмiл туралы оның командалас досы, КСРО құрамасындағы қанаттасы, олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпiров таңды-таңға ұрып әңгiме айтуға бар. 2006 жылы «Ер-Дәулет» баспасынан жарық көрген «Жақсылық» атты Төлеген Жәкiтайұлының сыр-сұхбат кiтабында Жақсылық аға былай деп ақтарылады:
«О, несiн айтасың, Шәмiлдiң күресi спектакль едi ғой. Оның тұла бойы тұнып тұрған шеберлiк едi. Барлық жағынан да қарсыласынан анағұрлым басым тұратын. Олимпиададағы белдесулерiн көзiммен көрдiм. Ешкiмдi шенiне келтiрмей қойды емес пе? Iрi жарыс десе, Шәмiлдiң арқасы қозатын. Ондайда әдеттегiден он есе артық қайраттанып кетедi. Ол нағыз балуан едi. Грек-рим күресiнiң ең әдемi әдiстерiнiң көбiн әлем көз тiккен жарыстарға алып шыққан осы Шәмiл болатын. Техникасы мiнсiз едi. Түр-тұлғасы келiстi, жайсаң жiгiт кiлемде кәдiмгi жаттығуда жүргендей түрленiп сала беретiн. Кiлемде тiк тұрып күресуде, тiк тұрған қалпы қиын әдiстердi оп-оңай жасай салуда, қарсыласын таза жеңуде оның алдына ешкiм түскен жоқ. Сол тұста кейбiр тәсiлдердi Шәмiлден өзге жан баласы жасай алмайтын. Оның күресiне елiктегендердiң көбейiп кеткенi кейiн ғой. Шәмiл бiр «захваттан», яғни, қарсыласын жақсылап ұстаған бетте қатарынан үш әдiстi үзбей жасайтын.
КСРО құрама командасына алынғаннан бастап екеумiз жұп жазбадық десем, ешкiм күмән келтiрмес. Жарыстарға барғанда екi қазақ ылғи бiрге тұрдық. Мәскеу олимпиадасында да бiр бөлмеде жаттық. Ол сұмдық әңгiмешiл едi. Менен еш сырын жасырмай айта бередi. Қашан көрсең қабағы ашық, жадырап жүредi. Адам баласын жатырқамайтын керемет мiнезi бар едi. Бет-жүзге қарамай көкейiндегi ойын тура айту – қанына сiңген әдетi болатын. Жабырқау, томаға-тұйық қалпын құрамада жүргенде бiр рет көрмеппiн. «Ертең не болады, мына жарысқа атағы дардай осынша балуан келiптi, ұтылып қалмас па екенмiн?» деген ой оның қаперiне кiрмейтiн.
Шәмiлдiң бiр ғаламат қасиетi – жүректi едi. Күресте аты шыққан қарсыласыңмен ең алғаш ұстасқанда кемiнде бiр-екi минут мiндеттi түрде аңысын аңдайсың, шамасын байқайсың. Небiр атақты балуанның өзi қарсыласын барлап барып шабуылға көшедi. Ал Шәмiл шүу дегеннен шабуылға шығатын. Атойлап күресетiн. «Барыңды сал, бүкпесiз көңiлмен ашық айқасайық» дегендей шабынып тұратын. Кiлемге сымдай тартылып шыға келедi де, ә дегеннен қарсыласының әптер-тәптерiн шығарып жiбередi. Есiн жиғанша жауырынымен түсiре салады. Басқасы басқа, Мәскеу олимпиадасының өзiнде төрт бiрдей белдесуiн таза жеңген Шәмiлден өзге ешкiм болмады. Және қандай жеңiс! Бiр-екi минуттан асырмайды. Сондағы Шәмiлдiң: «Осы жолы терлеп, шаршап күресейiн деп едiм, тағы сәтi түспедi, Жәке», – деп басын шайқап, жадырай күлiп тұрған тұлғасы әлi көз алдымда».
Шәмiл неге спорттан ерте кеттi?
Бүгiнде бұл турасында түрлi әңгiме айтылады. Бұл сұраққа да жауапты бiз «Жақсылық» кiтабынан, Жақсылық Үшкемпiровтiң естелiгiнен тапқандаймыз.
«Мәскеу олимпиадасынан соң олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлерiн марапаттауға, көтермелеуге, материалдық жағынан қамсыздандыруға көп мән берiлдi. Д.Қонаев олимпиадашыларды қабылдап, алғысын айтып, ақ жол тiледi. Жаңа пәтер мен кезектен тыс мәшине алуымызға көмектестi. Қомақты қаржы да бердi. Неге екенi белгiсiз, сол кезде Шәмiлге жаңа емес, бұрын бiреулер тұрған екi бөлмелi ескi пәтер берiлдi. Әлде оны «әлi жас, болашағы бар» дедi ме, әлде бiреулер әдейi қысастық жасады ма, ол жағын анық бiлмеймiн. Бiлетiнiм, өзiн осылай шеттеткенге Шәмiл жаман намыстанды. Олимпиада жүлдегерлерiне үш бөлмелi жаңа пәтер берiп, ал чемпионды екi бөлмелi ескi пәтерге «барсаң бар, бармасаң өзiң бiл» дегендей елеусiз қалдырғаны, шынында да, әдiлдiк емес қой. Шәмiл осы әдiлетсiздiкке қатты ренжiдi. Бұл жағдайды бапкерлерден көрiп, олармен де сөзге келiсiп қалды.
1981 жылдың мамыр айында олимпиадашыларды БАМ-дағы жұмысшы жастармен кездесуге жiберетiнi белгiлi болды. Қазақстаннан үшеумiз. Мен, Шәмiл және А.Быков. Дәл жүрер кезде Шәмiл: «Мен бұл кездесуге бара алмаймын», – дегендi кесiп айтты. «Неге бара алмайсың?» деген бапкерлерге: «Үйiмдi жөндеуiм керек. Жөндеудi бастап қойған едiм, соны аяқтамай ешқайда бара алмаймын», – дедi. Бұл сөзiнiң астарында бапкерлерге: «Маған да ел қатарлы жаңа үй бермедiңдер», – деген өкпе жатыр едi. КСРО құрамасының мұндай өкпе-базынаны, еркелiктi ешқашан көтермейтiнiн, айтқанды орындамағанды еш кешiрмейтiнiн талай жылдан берi өте жақсы бiлемiн ғой. Ертең-ақ Шәмiлдi құрамадан оп-оңай сырғыта салады. Соны ойлағанда шыр-пырым шықты. Шәмiлдiң үйiне төрт-бес рет бардым. Айтқаныма мүлде құлақ аспады. Ақыры не керек, сол сапардан Шәмiл қалып қойды.
Сапардан келген соң он күннен кейiн бапкерлер Шәмiлдi құрамадан шығарды да тастады. Стипендия берудi де дереу тоқтатты. Олимпиада чемпионы ай сайын 680 сом алатын. Ол кезде бiр айлық асқанда 150-200 сом едi ғой. Мiне, Шәмiлдiң үлкен спорттан кету себебiнiң түп негiзi осында» («Жақсылық». Төлеген Жәкiтайұлы. «Ер-Дәулет», Астана, 2006, 110-124 беттер).
Бұл мәселе туралы ойымызды Ш.Серiковтың жары Светлана Сақыпқызының 2007 жылы «Айқын» газетiне берген сұхбатынан толықтыра түсуге болады.
– Шәмiлдiң басынан бағы неге тайды деп ойлайсыз?
– Спортпен қоштасқысы келгендiгi үшiн. Шәмiл үлкен спорттан олимпиададан кейiн-ақ кеткiсi келген. Ол елге берерiн бердi. Жетер биiгiне жеттi. Жаттықтырушы болғысы келдi. Осы өтiнiшiмен талай есiктi тоздырды. Бiрақ атақ қуған идеология оны кiлемге қуумен болды. Кiлемге шыққаннан кейiн жарақат алуы жиiлеп кеттi. Денсаулығы нашарлады. Бұғанасы сынды. Сонда да Шәмiлдi жарыстарға сүйрейтiн. Жарыстарға барудан бас тартқаны үшiн басшылықпен қақтығыстар басталды. Бiз жас болдық. Өмiрдiң қызығын бiрге көргiмiз келдi. Бiрақ оны ешкiм түсiнгiсi келмедi. Күндiз-түнi ұшақ. Климаттың ауысуы, туған жерiңнен, отбасыңнан жырақта жүру. Түннiң бiр уағына дейiнгi тынымсыз жаттығулар. Үш жылдың iшiнде екi әлем, бiр олимпиада, бiр Еуропа бiрiншiлiгiнде топ жару. Бұл кiмнiң болмасын да жүйкесiне керемет күш түсiредi. Басынан өтпеген адам айтқандарымды түсiнбеуi де мүмкiн. Спорттан күшпен кеткеннен кейiн Шәмiлдi ешқайда жұмысқа алмай қойды. Барлық жерге нұсқау берiлген. Оны қудалағандар «Бiздiң дегенiмiзбен жүрмесең, күн көрсетпеймiз» деген болатын. Ақыры дегендерiне жеттi.
– Осы қудалаулардан кейiн Шәмiл кәуәп пiсiрiп, жемiс-жидек сатқан деседi...
– Ол рас. Қудалаулардан кейiн Шәмiл тағдырға мойынсұнғандай болатын. Әр жұмыстың басын бiр шалып жүрдi. Тұрақты жұмыс iстеуiне мүмкiндiк берiлмедi. Бiраз уақыттан кейiн оны ЦСКА-ға жаттықтырушы болуға шақырды. Барлық құжаттарын реттестiрiп барған кезде, жұмысқа алмай қойды. Амалсыз спортқа қатысы жоқ жұмыстармен айналыса бастады. Осыған қатты намыстанатын. Бiрақ отбасыңды асырау керек қой. Кооператив ашып, жемiс-жидек сата бастады. Осы күндерi ол өзiн жоғалтып алды. Ылғи көзiнен мұң көретiнмiн. Қолымыздан келгеннiң бәрiмен айналыстық. Мен «есектiң артын жусаң да мал тап» деген қағиданы ұстанатын адаммын. Ал Шәмiл ондай жан емес едi. Кәуәп сатып тұрған Шәмiлдi елдiң бәрi танып: «Олимпиада чемпионы басыңмен не iстеп тұрсың?» – деп таң қалысатын. Бұған ол қатты арланатын. 1984 жылы екiншi ұлымыз Елдар өмiрге келдi. Сол кезде оның қуанғанын көрсеңiз. Үлкен ұлымыз Тимур туғанда үнемi сыртта жүрдi ғой. Емшектегi баланы тастап, жұмысқа шығып кеттiм. Үзiлiс кезiнде емiзейiн деп жүгiрiп келсем, әкесi құндақтаулы баласын қолына алып, бетiне үңiлiп қарап отыратын. Сол жылдары достары: «Шәмiл, бiзге сенiмен араласпау туралы нұсқау берiлдi. Ренжiмешi», – деп табалдырықтың алдынан талай қайтқан. Бiр жолы Шәмiлдiң қадiрiн бiлетiн спортшылар жоғарыға: «Шәмiлдi қудалау тоқтатылсын», – деген өтiнiш жазып едi. Бiрақ оларға: «Шәмiлдiң кебiн кигiлерiң келмесе, тыныш отырыңдар!» – деген ескерту жасалыпты. 1989 жылдың жазында Шәмiл iнiсiнiң артынан Мәскеуге барды. Көшеде КСРО Мемлекеттiк спорт комитетiнiң төрағасы Пархоменкомен жолығып қалады. Ол бiрден: «Шәмiл, қайда жоғалып кеттiң?» – деп құшағын жаяды. Қолынан жетелеп, үйiне алып барады. Асықпай, ұзақ сөйлесiптi. Шәмiл жағдайын айтады. Ана кiсi «бара бер, мен сенiң шаруаңды реттестiрiп беремiн» деп шығарып салады. Алматыға келiсiмен бiр апта өтпей жатып, Мәскеудiң шешiмiмен Шәмiл грек-рим күресiнен Қазақстанның аға жаттықтырушысы қызметiне шақырылғаны белгiлi болды. Бақыттан бал-бұл жанып жүрдi. Барлық құжаттарын көтерiп, тиiстi орынға барғанында, «сенi жұмысқа алмайтын болдық» деп меселiн тағы қайтарды. Мен оған «Мәскеуге хабарлас» дедiм. Бiрақ Шәмiл тура адам болатын. Хабарласпай қойды. Шәмiл қайтыс болғаннан кейiн Мәскеуге әдейiлеп барып, Пархоменкомен жолықтым. Мән-жайды айтып едiм, өзi түсiнбей қалды. «Бұлай болуы мүмкiн емес. Мен сiздерге телефон соққанда ешкiм көтермедi. Шәмiлдi iздеп, бiраз адамға хабарластым. Бiреуi мардымды жауап бермедi» дедi. Неге екенiн бiлмеймiн, сол кезде үйдегi телефонымыз жарты жылдай өшiп қалды. Ақшасы төленген. Аппарат жұмыс iстеп тұр. Шағымданып барғанымда, «өзiмiз де бiлмеймiз» деп шығарып салған. Сол жылдың күзiнде, яғни, 1989 жылы Шәмiл қайтыс болды. Небары 33-те едi. Қайтыс болатын күнi әдеттегiдей жаттығуға барып келдi. Түрiнен ешқандай өзгерiс байқамадым. Мен балаларды алып қонаққа кеттiм. Бiз сонда қонып қалдық. Кетерде қонып қалатынымызды ескертiп айтып кеткенмiн. Таңертеңгiсiн келген соң бөлмеден оның өлi денесiн тауып алдық... («Шәмiл өмiрден озған 18 жылдан берi оны жоқтаған жан болмады», авторы – М.Қаратайқызы. «Айқын», 25 қаңтар, 2007 жыл)
Есей Жеңiсұлы, «Жас қазақ» газеті, №17, 2008 жыл