Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4467 0 пікір 21 Наурыз, 2010 сағат 06:39

МАҒЖАН ЖӘНЕ ЕСІЛ БОЙЫНДАҒЫ АШТЫҚ

Азамат соғысынан берекесі кетіп, күйреген Ресейдің халық шаруашылығын аяғынан тұрғызу қиын болды. Орталықтағы өндірістік аймақтарда азық-түлік тапшылығы асқына түсті. Қазақстан сияқты қиыр аймақтағы астық пен мал күшпен жиналды. Сақталған құжаттарға қарағанда 1920 жылы Петропавл станциясы арқылы орталықтағы өнеркәсіп аймақтарына 2 408 738 пұт астық, 3 119 пұт картоп, 28 144 бас ірі қара мен 48 679 қой, 168 мың пұт ет, 224 мыңнан аса жұмыртқа жөнелтілген[1].

1920 жылғы 3-тамызда Петропавл уездік ревкомы болыстарда азық-түліктің салғырт жиналып жатқаны туралы мәселе қарап, «жұмысты ширату туралы» қаулы алды. Бұл арада «салғырт» деген атауды түсіндіре кетейік. «Салғырт» - орысшасы «продразверстка», яғни өенркәсіпті орталықтарды жабдықтау үшін, ауыл шаруашылығы саласындағы адамдардың қолындағы азық-түлігінің артығын күшпен тартып алу.

Кезінде Петропавл-Көкшетау теміржолы Қазақстанның орталық аймақтарындағы ет пен сүтті Ресейге көп мөлшерде және тез жеткізу үшін асығыс салынған болатын. Дәлірек айтқанда оның құрылысын бастау жөніндегі қаулы 1920 жылғы 5-тамызда қабылданып, 1922 жылғы 28-маусымда Көкшетауға поезд қатынасы ашылды.

Азамат соғысынан берекесі кетіп, күйреген Ресейдің халық шаруашылығын аяғынан тұрғызу қиын болды. Орталықтағы өндірістік аймақтарда азық-түлік тапшылығы асқына түсті. Қазақстан сияқты қиыр аймақтағы астық пен мал күшпен жиналды. Сақталған құжаттарға қарағанда 1920 жылы Петропавл станциясы арқылы орталықтағы өнеркәсіп аймақтарына 2 408 738 пұт астық, 3 119 пұт картоп, 28 144 бас ірі қара мен 48 679 қой, 168 мың пұт ет, 224 мыңнан аса жұмыртқа жөнелтілген[1].

1920 жылғы 3-тамызда Петропавл уездік ревкомы болыстарда азық-түліктің салғырт жиналып жатқаны туралы мәселе қарап, «жұмысты ширату туралы» қаулы алды. Бұл арада «салғырт» деген атауды түсіндіре кетейік. «Салғырт» - орысшасы «продразверстка», яғни өенркәсіпті орталықтарды жабдықтау үшін, ауыл шаруашылығы саласындағы адамдардың қолындағы азық-түлігінің артығын күшпен тартып алу.

Кезінде Петропавл-Көкшетау теміржолы Қазақстанның орталық аймақтарындағы ет пен сүтті Ресейге көп мөлшерде және тез жеткізу үшін асығыс салынған болатын. Дәлірек айтқанда оның құрылысын бастау жөніндегі қаулы 1920 жылғы 5-тамызда қабылданып, 1922 жылғы 28-маусымда Көкшетауға поезд қатынасы ашылды.

Ал, оның маңызы осы уақытқа дейін «Қазақ халқының экономикасы мен мәдениетін көркейту үшін кеңес үкіметінің қамқорлығы» деп түсіндіріліп келеді. Бірақ, төңкерістен-төңкеріс, берекесі кетіп, бүлінген мемлекет қайдағы бір «киргиздарды» көркейту үшін сондай шығын мен құрбандыққа барды дегенге сәбиді де сендіре алмайсыз... Ал, шындықты көрсетіп, тарихи оқиғалардың себебі мен салдарын бүкпесіз түсіндірсек, одан теміржолдың да, басқаның да беделі түсіп қалмайды.

 

Сонымен, салғырт (продразверстка) науқаны басталып кетті. 1920 жылғы ақпанның 25-не дейін Ресейдің орталық аудандарына 305897 пұт астық және 163729 пұт ет жөнелтілді. Бұл - революциялық үкімет белгілеген жоспардың 5/1 бөлігі ғана болатын.

1920 жылғы 16-июльде Омбы губерниялық азық-түлік комиссары Мәскеуге, азық-түлік халық комиссары Цюрупаға мынадай жеделхат соқты: «В. И. Лениннің бұйрығы бойынша батыс майданға Петропавл, Петухов, Қостанай станцияларынан 300 мың пұт астық жібердік және Орталыққа жіберу үшін 20 вагон май дайындап қойдық». Сонда олардың қазақ жерінде өсіріп қойған егіні, бордақылап қойған малы бар ма еді? Әрі қарай оқиық: «Қазақ аудандарында ет дайындауды (тартып алуды.- З.Т.) күшейтіп жатырмыз. Олардың тапсырған малының бес проценті мөлшерінде товар бермекпіз. Ал, орыс аудандарында ет дайындау продразверстка жүзінде жүргізіледі»[2].

Осылайша, «бес процентке мал сатып алу арқылы» халықты қатты күйзелткен үкімет, қысымды одан әрі күшейте берді. Халыққа жасалған қиянат жауапсыз қалмақ емес. Жер-жерде наразылықтар бой көтерді. Шаруалардың ұраны: «Еркін сауда», «Коммунистерсіз кеңес үкіметі!» Бірақ, коммунистік тәртіптегі өкімет мұндай наразылықтарды халық атынан аяусыз басты.

Мұндай наразылықтар жөнінде 1920 жылғы желтоқсанда Петропавлда өткен бірінші уездік-қалалық партия конференциясында ашық айтылды. Мысалы, азық-түлік жөніндегі баяндамашының көрсетуіне қарағанда: «саудада мата, сіріңке, сабын, кәресін, тіпті бір тиындық түйме де жоқ... Соған қарамастан астығымызды, шөбімізді, майымызды... тегін алып отыр» делінген. Делегаттар азық-түлік салғыртының шаруаларға ауыр екендігін көрсетті[3].

 

Қазақстанның Орталық және Солтүстік аймақтарынан мал мен астық жеткізу үшін Ресей Совнаркомының Ленин қол қойған 1920 жылғы 5-тамыздағы қаулысымен Петропавл-Көкшетау теміржолы шұғыл түрде салына бастады. Күз түсе басталған, ешбір ақылға симайтын төтенше жұмыс елге үлкен ауыртпалық әкелді. Онсыз да аштыққа ұшыраған халықтың жағдайы қиындап кетті.

Бірден-бір жұмыс көлігі жылқы ғана болғандықтан, әскер күші-мен жергілікті ауылдардан жегін аттары жиналды. Оларға жеткілікті жем-азық табу да оңай болмады. Сонда да зорлықтың күшімен алғашқы үш айдың өзінде ғана 600 атқа қажет 22 мың пұт жем теміржол танабына жақын жерлерден жиналды[4].

Губерния халқынан азық-түлік жинау (тартып алу, деп оқыса, дұрыс болар)  үшін Ресейдің орталық қалаларында арнайы әскери күштер жасақталды. Оларға қоса жергілікті жерлерден отрядтар құрылды.

1921 жылдың 30-желтоқсанында Мәскеуде мынадай бұйрық жарияланды (түсінікті болу үшін орысша түпнұсқасын берейік):

«Части Особого назначения Киргизской Советской Социалистической Республики выделяются из состава частей Особого назначения Приволжского Военного округа с самостоятельным управлением с 1 января 1922 года. ЧОН Акмолинской и Семипалатинской губерний в оперативном отношении остаются в подчинении Комчонсиб, в остальных отношениях подчиняются Комчонкир респ»[5].

Бұл құжаттың ерекшелігі - Ақмола және Семей ЧОН-дары іс жүзінде Сібірге (Ресейге) ал, сөз жүзінде Қазақстанға (Кирреспублика) бағынатынын көрсетеді. Осыған да назар аударайық. Қарулы күштерге келгенде «республика дербестігі» деген түсініктің бос сөз екендігінің бір айғағы осындай.

Осылайша, Петропавлда Ақмола губерниялық Ерекше қызмет бөлімдері (ЧОН) құрылды. Ақмола, Атбасар, Көкшетау уездерінде де осындай бөлімдер құрылды. Ал, Петропавлдағы ЧОН губернияға тікелей бағынатын еді.

Ардақты ағамыз, атақты жазушы Сәбит Мұқановтың атқа мініп, көзге түсетіні нақ осы кез. Осы ЧОН-ның белсенді қызметкері ретінде ол жоқ жерден жау тауып, аяусыз күрескен. Бұл жөнінде Сәбең өзі былай жазады:

«Продразверстка жұмысы қанша қиыншылықпен жүрсе де, 1921 жылдың қаңтар айының жоспарын Пресногорьковкадағы райпродком орындады да, телеграмма арқылы Россияның Социалистік Федеративтік Советтік Республикасының Халық комиссарлар Советінің Предсе-дателі Владимир Ильич (Ульянов) Ленинге рапорт берілді. Рапортқа қол қоюшы бес кісінің бірі болу бақыты - менің де маңдайыма жазылды!..»[6].

Сәбең бір ауданның жоспарын орындап тастап, «Қызылжардан Пресновкаға барған кезде, продразверстканың халі аса нашар екен, азық-түліктің барлық түрі де планды мөлшерден әлдеқайда кем орындалыпты. Сол күні райпродкомның комиссары Дерявинді Ленин прямой проводқа шақырыпты. Дерявиннің Ленинмен сөйлесуі түн ортасы ауа біткен...» (Шіркін, Ленин де ғажап қой, Москва емес, Омбы емес, Қызылжар емес, Пресновтың өзінен Дерявинді іздеп тауып алған. Ал, «күн көсеммен» түн ортасына дейін сөйлескен Дерявин де осал емес! - З.Т.).

Бұл арада ескерте кету керек, большевиктік үгіттің дәл осындай өтірікке, қисынсыз қиялға негізделген мысалдары аз болмаған. Мына жолы да қараңғы халықты үркітіп-қорқытып, алдап, Ленин атымен үгіттеп, көндіру амалы қолданылған.

Сәбеңнің жазуына қарағанда сол күні ол жоспар орындалмай қалған «Бірер қазақ болысына баратын отрядтың бастығы болып кетеді де... тапсырманы тағы да мүлтіксіз орындап қайтады». Тапсырма болғанда, елдің өз еркімен алдына салып беріп отырған малы болмаса да, үгіттеп, реті келгенде «қысып» ет жинау мәселесі.

Соның алдында ғана, 1920 жылғы 21-қарашада азық-түлік жинау барысы жөнінде Қызылжарға Бүкілодақтық атқару комитетінің төрағасы Михаил Иванович Калинин келіп жиналыс өткізеді. Сәбеңмен сырласады. Сәбең Калининнің вокзал басында тұрған «Салон-вагонында» қонақ болады, «... орысша сырнай тартып, өлең айтады. Михаил Иванович... кей жерінде күле отыра... құмарлана тыңдайды».

Ресейге азық-түлік жинап жіберу мәселесі қаралған жиналыста Калининнің айтқандарын Сәбит Мұқанов өз естеліктеріне былай түсіріпті:

Калинин «...әуелі көпшілікті күлдіре Совет өкіметінің орнауымен құттықтап алды да:

- Бұл жолы мен сіздерге Москва мен Петроград халқының сәлемін ғана әкелдім, - деді, олардың сәлемінен соң айтқаны: - Ақмола облысы бір қысша бізді азық-түліктен тарықтырмасын, ол қарызды біз де бірдеме ғып өтеуге тырысармыз...»[7].

Жиналыс соңында «Ақмола облысынан 3 миллион пұт астықты, 43 мың бас малды үш айдың ішінде Москва мен Ленинградқа жөнелтуге қаулы алынды»[8].

Нәтижесінде «Жағдай сонша қиын болғанымен, уәделі күні аудандағы продразверстка түгел орындалды да, Лениннің атына жоғарыда аталған рапорт жазылды. Продразверстка жұмысы, әрине, онымен тоқтаған жоқ. Продотрядтар қызметін қызу жүргізіп жатты»[9].

Жоғарыда айтылғандардың дұрыс-бұрысын тексере алмаймыз. Өзі қатысқан, көзімен көрген жазушының сөзіне сөз қоспаймыз. Бірақ, сол «тоқтамаған, қызу жүріп жатқан» разверстканың бүкіл өлкені, тіпті Қазақстанның тең жартысын аштық қырғынына ұшыратқаны, мыңдаған адамдардың өмірін қиып, тағдырын талқандағаны да ақиқат.

Ал, үлкен бастық Калинин, сонша ақылды кісі, Сәбеңнің сырнайын тыңдап отырып не ойлады екен? Сол кезде-ақ Еділ бойынан, ішкі Ресейден Қызылжарға ағылып келіп жатқан аш-жалаңаштарды көрмеді ме? Көрді. Малын, астығын сыпырып алса, мына табиғаты қатал қазақ даласындағы халықтың жаппай аштыққа ұшырайтынын білді ме? Білді.

«Ақмола облысы бір қысша бізді азық-түліктен тарықтырмасын, ол қарызымызды бізде бірдеме ғып өтеуге тырысармыз...» дегені рас болса, оның жұрт алдындағы сайқымазағы да рас болады. Шын мәніндегі өтеуі сол жылы 500 мың адамның аштық қасіретіне ұшырауы болады. Бәсе, Ленин Пресновкадағы қайдағы бір Дерявинді сол үшін іздеген екен-ау!

 

Малынан, астығынан айырылған халықтың ертеңгі күні қараң екенін Сәбит Мұқанов өзі де байқаған, жазып кеткен. Қызылжарға келе жатқанда бұрын «қойын сойып, қолын қусырып» дегендей құрметпен қарсы алатындардың» көбі енді теріс айналғанын, тіпті қондырмайтынын ашық жазған. «...су татырар емес. «Тамақ сат» десең, «бар тамақты өзің жинап алған жоқпысың, аштан өлгелі отырмыз, бізге өзің бер!» деп кекетеді»[10].

 

ЧОН-дар, продотрядтар және олардың халықты қан қақсатқан қасіретті қызметі туралы қалған әңгіме «Өмір мектебінде» тәтпіштеп, көркем жазылған... Халық тағдырын осылайша ойыншыққа айналдырудың мысалдары аз емес.



[1] СҚО МА 1482-қор,  1-тізім, 75-құжат,  63-бет.

[2] ЦГАОР 1943-1-789, 326 бет

[3] Горвиц Б. Г. СКО в 1917-1957гг. стр. 52-53.

[4] СҚОМА 53-3-3, 53 бет.

[5] 889-2-1, 46 б

[6] Өмір мектебі. 2-кітап, 344 бет.

 

[7] Сонда, 343 бет.

[8] Сонда, 345 бет.

[9] Сонда 349 бет.

[10] Сонда, 352 бет.

 

Толығымен жүктеу...

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366