Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 8188 0 пікір 2 Мамыр, 2014 сағат 18:00

СЫН мен КӨҢІЛ

Қашан да «заман біздікі» дейтін жастардың сөзіне де құлақ қоюға бейілміз. Әдебиеттің бүгінгі жәй-күйін толық білу үшін де олардың пікірі маңызды сияқты көрінеді. Сын, проза, кітап оқу, поэзия туралы сөз айтатын «жаңа өспірім, көк өрім» «Желқазықта».

Анығында, қазіргі қарапайым халық жазушы мен жазғыштарды ажырата алмай қалды. Бүгінде кім көрінген өлең жазғыш, кім көрінген кітап шығарғыш. Ұйқастыра білсе болды, өзін шайыр санайтындары да бар. Ал, өзінің ата-тегі туралы роман жазып және соны «көркем әдебиет» деп ұғатындар да көп. Осындай сәтте кәсіби сыншылардың аздығын байқаймыз.
Сондай-ақ, өзара сын мәселесі қазіргі қазақ әдебиетінде кемшіндеу екені рас. Біреудің көңі­ліне қарау – әдеби сын үшін ең қауіпті әрі қажетсіз қылық. Кезінде жақсы болсын, жаман болсын, өзара сын әдебиеттің жетілуіне айтарлық­тай әсер етті. Мысалы, Ғаббас Тоғжановтың 1929 жылы шыққан «Әдебиет және сын мә­се­лелері» деген еңбегі бар. Оқып отырсаңыз, әдеби сын­ның олқылығы туралы ол кітапта да көп айтылады. Әрине, негізгі басымдық шығарманың көркемдік қуатынан гөрі автордың шыққан тегін тексеру, ұлтшылдығы мен байшылдығын анықтау мәселелеріне қарай берілген. Заманы солай талап етіп, билігі желкесінен түйіп, тоқпағын сіл­теп отырған соң да сарыны әсіре-қызылшыл бо­л­уы да заңды еді. Бірақ әдеби сынның үлгісін жасау, бір қалыбын қалыптастыру, арнайы сыншылардың тобын құру сынды мәселелерді күн тәртібіне қоя білген. Дәл осы талап бүгінгі күнге де қажет. 60-70 жылдары шыққан толқынды біз бүгінгі әдебиеттің классиктері ретінде оқи­мыз. Олардың бәрі де кезінде өзара сынның нә­ти­жесінде ысылған, танылған тұлғалар. Сол ақын-жазушылардың арасында өз кезінде сын жазбаған, сыналмағандары кемде-кем. Тіпті, бір-бірінің шығармаларын жабыла отырып талқылап, газет-журналдарда қайта-қайта сы­нау­дың арқасында әдебиеттің әлеуетін арттырды.
Әдеби сын – ермек емес. Танылудың да, ат шы­ғарудың да құралы болмауы керек. Әдеби сын­шылық – әдебиетті сүю. Оның ыстығына күйіп, суығына төзу оңай деп айта алмаймыз. Бірақ қалай болғанда да мағыналы, абыройлы қызмет. Кейде жас жазушылармен жеке сөйлесе қалғанда, кейбіреулерінің шығарманы талдау, тану дарыны, қабілеті күшті екенін аңғарамыз. Бірақ көбінде мінез жоқ. Кәдімгі табандылық таныта алмайды. Бірге жүрген жолдастарының кемшілігін көре тұра үндемейді. Достығымыз бұзылады деп ойлайды. Бұл – әдебиетті екінші орынға ысыру. Дәл осындай жалтақтық пен көңілшектік жайлап алған ортадан жөні түзу шығарма шықпайды. Жазылған күнде де уақыты жетпей өліп қалуы мүмкін. Сол сияқты, жалпы, әдеби сын не үшін жазылатынын есімізден жиі шығарып аламыз. Әдеби сын – ең біріншіден, шығарманың олқылығын толтыруды көздейді. Даттауды емес. Ендеше, бірге жүрген жолдастар бір-біріне сын айтуда қорқақтаудың жөні жоқ. Әдебиетке келдім және оған жаным ашиды деген әрбір жас жазушы сынмен айналысуы тиіс деп білем. Тіпті, «Қисық сынға әділ төрелік» айтудан да тартынбауы керек. Сын айтқанның бәрі сыншы боп кетпейді. Сыншының бәрін де әділ төреші деу де ағаттық. Сыншыны, сынның өзін сынауды көбіне жазушы қауым жақсы атқарады.
Бірде артынан ерген інілеріне аға буын ақыл айтты, сын жазды. Бірақ көтере алмай тулаған інілерді көрдік. Жер-жебіріне жетіп, көрінген ортада ағаларын сыбап отырған­дарына да куә болдық. Бұдан кейін ондай ақын-жазушы­ларды сынауға әлгі ағалары жүрексініп қалды. Шын­ды­­ғын­да, тіксінді деуге болады. Мұндайды көріп-бі­ліп жүрген жастар енді бір-біріне сын айтудан тіпті де қашқақтай беретіні жасырын емес. Сынды көтере алмаған ақын немесе жазушы ұзаққа бармайды. Сынды қабылдау бір бөлек, көтере білу тіпті басқа. Тағы бірде қатар жүрген ақындар­дың біреуі жолдасына жаны ашып сын жазды. «Әдебиетті даңғазаға алмастырып алдың-ау» деп ескертіп еді, сыналушы бұлқан-талқан боп бүлін­ді. Өзін шын әдебиетші санайтынын және «даң­ға­заның» уақытша ермек, күн көріс үшін қажетті әрекет деп түсіндіріп бақты. Мұнда да сынды кө­тере алмаған шайпаулық қылық байқалды. Ендеше, «сынға шыдай алмайтының бар жазу­шы­лық­та нең бар» деген сұрақ туады.
Орыс әдебиеті Тургенев пен Толстойды бір-бі­ріне «жау» деп қарастырады. Жау болғанда да «саналы, ерікті» түрде емес, «болмысынан жау» еке­нін талдап көрсетеді. Алайда, осы «жаулық» орыс әдебиетін өсірген еді. Жазушылар да, ұлт та, әдебиет те ұтылған жоқ. Олай болса, әдебиеттің игілігі үшін өзара сыннан жалтара беруге болмайды. Шығарма жаза білген жазушы сынала да білуі тиіс және сын да жаза алуы керек. Қала бер­ді, өзіне міндет етіп жүктесе құба-құп. «Роман жаз­дым, әңгіме тудырдым, енді мені сынаңдар» деп қарап отыра беру де көп жағдайда дұрыс ем­ес. Елеулі болғың келсе, өзгелерді де елей біл! Әдеби талқылаудан бойын аулақ ұстау, әсіресе, жас ақын-жазушыларға кері әсер ететінін түсіну ләзім!

Нұрбек Түсіпхан,
жас сыншы

"Қазақ әдебиеті" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5292