Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Билік 8415 0 пікір 24 Сәуір, 2014 сағат 14:18

"МӘҢГІЛІК ЕЛ" КӨРІНІСІ

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты мен тарихшылардың Ұлттық Конгресі ұйымдастырған «Қазақстан және әлемдік тарих кеңістігі: жалпы мен ерекшенің «Мәңгілік Ел» ұлттық идея арқылы көрінісі» тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Аталмыш іс-шараға алыс және жақын шетелдерден, сондай-ақ еліміздегі белгілі маман тарихшылар қатысты. Институт директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор Х.М. Әбжанов кіріспе сөзімен ашып, ҚР БҒМ вице-министрі Т. Балықбаев пен тарихшылардың ұлттық конгресінің төрағасы Е.Б. Сыдықов құттықтау сөздерімен таныстырып өтті. Өзінің ғылыми баяндамасында XVІІІ ғасырдағы Қазақ еліндегі билік пен халықтың арақатынасы, жауынгерлік рухты ер тұлғаларына тарихи бағасын беріп, «Абылай құбылысы – халқымыздың жасампаз табиғаты мен әлеуетінің, бәсекеге қабілеттілігінің мәнді белгісі, мәңгі ел мен ұлттық идеясының символы» деп тарихи бағасын берді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы Қ.Т. Жұмағұлов өз баяндамасында отандық тарих ғылымын зерттеуде дүниежүзілік тарихи кеңістік тұрғысынан қарастыруды ұсынып, Батыс деректік материалдары негізінде ғұн-авар тарихына қатысты жаңаша тың мағлұматтарды көпшілік назарына ұсынды.

ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор М.Х. Асылбек жаңа және кеңестік Қазақстан тарихының пікір-таласты тақырыптарының кейбір мәселелері төңірегінде ой қозғады.

Манас атындағы (Қырғызстан, Бішкек қ.) Қырғыз-түрік университеті профессоры Д.Б. Сапаралиев ХVIII-ХІХ ғғ. Қырғыз-қазақтар халықтарының  саяси қатынастары көріністері жөнінде баяндама жасады. Қырғызстан және Қазақстан тарихы бойынша тарихи жарияланымдардағы өзекті мәселелерді саралады.

Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясы Тарих институтының аға ғылыми қызметкері Ш. Ахмет Үйсін тайпасы шығу тегі мен тарихына, нақтырақ келгенде, үйсін этнониміне талдау жасады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, т.ғ.д. Т.О. Омарбеков «Мәңгілік Ел» идеясының ежелгі және орта ғасырлардан бастау алатындығын, тарихи сабақтастыра отырып, мәні мен мазмұнын айшықтады.

Экономика ғылымдарының докторы, профессор О.С. Сабден бүгінгі ғылымдағы инновациялық жаңашылдықтар, Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясы жобасында көтерілген ғылым мен білім саласындағы бастамаларды атай келе, адамзаттың өмір сүру стратегиясының тұжырымдамасы аясында ғылыми баяндамасын оқыды.  

Институттың бас ғылыми қызметкері, т.ғ.к., доцент Қ.С. Алдажұманов Кеңес Одағы құрамындағы Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Қазақстан тарихы бойынша мұрағат деректері негізінде ғылыми ой-тұжырымдарымен таныстырды.

С. Аманжолов атындағы ШҚМУ профессоры, т.ғ.д. С.К. Игібаев ғылыми баяндамасын тарихи зерттеулердегі тарих методологиясы және тарихи зерттеулердегі әдіс-тәсілдер мәселесіне арнады.

Конференция соңына қарай ғалымдар арасындағы өзара ғылыми пікір алмасушылық орын алып, тарих ғылымына қатысты көкейкесті сауалдарына жауаптарын алуға мүмкіндік алды.   

«Әлемдік тарихи кеңістіктегі Қазақстан», «Көптомдық «Отан тарихы»: идеялар мен іркілістер», «Ұлттық идея тарих толқынында»  тақырыптарында секциялық мәжілістер жұмыс атқарды.  

Оралова Ақнұр, Сыртқы байланыс, ақпарат және ғылыми кластер бөлімінң ғылыми қызметкері

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969