Жұма, 22 Қараша 2024
Саясат 15839 0 пікір 18 Сәуір, 2014 сағат 10:08

Украина дағдарысы «Кариб дағдарысын» еске түсіреді

Бейбітшілікке тағы бір қауіп төнді. Бұл қауіп халықтың емес, саясаткерлердің өктемдігі мен мемлекет басындағылардың парасатсыздығынан орын алуда. Билік үшін және геосясат үшін жанталас тағы бір соғысқа алып баратындай. У. Уэстморланд айтқандай «Соғысты әскерилер бастамайды, соғысты саясаткерлер бастайды» дегені де расқа келетіндей. Әңгіме Украинадағы дағдарыс туралы болмақ.

Бұл қауіп әсіресе Ресей және АҚШ президенттерінің сөздерінен кейін одан әрі өрши түсті. Ресей Президенті Украинадағы жағдайға орай «Басқа елдердегі отандастарымыз зәбір көріп шағымданатын болса, ол елге әскер кіргізіп оларды қорғауға дейін барамыз» дегендей мәлімдеме таратты. Бұл сөзден кейін Ресеймен көрші республикалардағы, яғни  бұрынғы КСРО құрамында болған елдердегі орыстардың құлағы көтерілсе, жергілікті ұлтты алаңдатты. Тіпті кейбір Ресейлік саясаткерлер территориялық тұтастыққа қауіп төндіретін сөздер де айтты, айтып да жатыр. Ал АҚШ президенті Б. Обама телеарналардың біріне берген сұқбатында «АҚШ-тың әскери қуаты Ресейдікінен әлдеқайда асып түседі» дегендей сес те көрсетті. Парасатты саясаткерлер  бұлай айтпауы керек еді.  

Бүгінгіні және болашақты ойлау үшін де өткенді еске алып одан сабақ ала білу де керек.  Мемлекет басшыларының жұдырық көрсетуінен болған жағдай өткен ғасырдың 60-жылдарының басында орын алған еді. Бұл кезде әлем ядролық соғыс қарсаңында тұрды.  Бұл «Кариб дағдарысы» болатын.  Украина дағдарысының қалай өрбитіндігін болжау үшін де өткенге қөз жүгірткен артық болмайды.

«Кариб дағдарысы» атауы АҚШ пен КСРО арасындағы жаппай қарулану  бәсекелесінің ең қауырт кезеңінде, 1962 жылы қазан айында КСРО-ның Кубада өз зымырандарын, оның ішінде ядролық қару тасымалдай алатын зымырандарын орналастыруы мен АҚШ-тың Куба аралын блокодаға                алуы мен  шабуыл жасауға дайындалуы кезінде пайда болды. Ядролық соғыс қауіпінің тұтануына шақ қалған бұл дағдарыс 1962 жылы күзде КСРО мен АҚШ арасында Кубаға байланысты пайда болған саяси-әскери жанжалдан туындады.

Бұл жанжалдың туындауының алғышарттары 1959 жылы 1 қаңтарда Кубада Фидель Кастроның басшылығымен болған революциядан кейін-ақ басталған еді. Төңкеріс нәтижесінде үкімет басына коммунистер келді. Құлатылған үкімет жақтаушылары АҚШ-ты паналады және АҚШ елінен көмек сұрады. 1961 жылы сәуірде АҚШ-тың қолдауымен ұйымдастырылған Куба эмигранттарының шабулы сәтсіз аяқталды. Бірақ АҚШ Кубадағы коммунистік үкіметті құлатудан бас тартпады. КСРО үкіметі де Кастро билігін сақтап қалу әрекеттерін жасап бақты.

1962 жылы шілде айында Мәскеуге Раул Кастро бастаған Куба делегациясы келеді. Олар КСРО басшылығынан әскери көмек беру туралы келіссөздер жүргізеді. Бұл келіссөзге Н.Хрущев та қатысып, Куба жерінде кеңес елінің ядролық қаруларды тасымалдай алатын зымырандарын орналастыру туралы ұсыныс жасайды. Куба басшылығы бұл ұсынысты қабыл алады. Көп ұзамай-ақ Куба аралына кеңес зымырандарын жеткізу басталып та кетеді. Бұл оқиғаны білдірмеу және әлем назарын басқа жаққа аудару үшін Н.Хрущев өзінің билігі кезеңіндегі ең ұзақ ел аралауға шығады. Ол екі айға жуық арада елдің солтүстігі Мурманскіде, Петрозаводскіде, Мурманск облысында, орталықтағы Тула, Орлов, Курск облыстарында, шілде айының соңында Украинаның Кременчук, Днепропетровск, Херсон облыстарныда болып, тамыз айының бір бөлігін Қырымда демалыста болады. Демалыстан кейін Орта Азия рестубликаларына барады, Өзбекстанның өзінде ғана бір  апта болады. Зымырандар Кубаға жеткізіліп, оларды құрастыру қызу жүріп жатқан кезде ғана, 10 қазанда Мәскеуге оралады.

КСРО-ның Куба еліне әскери көмек беру туралы хабары американдық саясаткерлер мен әскерилерді мазаландырмай қоймайды. Куба аралын бақылау күшейтіледі. КСРО-ның Куба жерінде балықшылар кентін салып жатырмыз деген желеумен зымыран алаңдарын салып жатқандағы белгілі болады. АҚШ үкіметі КСРО-ның Вашингтондағы елшісі А.Добрынын арқылы өзінің «аландаушылығын» білдіреді және Кубаға жақын манда 45 әскери кеме және 10 мың теңіз жаяу әскерлері қатысқан әскери жаттығу өткізеді. «У-2» әскери барлау ұшағы Куба жеріндегі суретке түсіру әрекеттерін жиілетеді. АҚШ президенті Джон Кеннеди Конгрестен 150 мың  адамды әскерге шақыру туралы рұқсат сұрайды және КСРО-ның Куба жерінде қандай да зымырандық қарудың орналастыруына төзе алмайтындығын мәлімдейді.

КСРО Кубаға зымырандар мен бомбылаушы ұшақтарды жеткізу арқылы халықаралық нормаларды бұзбаған еді. Куба тәуелсіз ел болғандықтан әскери көмек беру және әскери көмек алу екі елдің арасындағы уағдаластық арқылы шешілетін. Мысалы, АҚШ үкіметі КСРО-ға жақын орналасқан Түркия, Норвегия, Жапония, Италия, ГФР елдеріне ядролық қару тасымалдайтын ұшақтар мен зымырандарды орналастыруда КСРО-ның рұқсатын сұраған да жоқ. Түркия жерінен КСРО–ның евролық бөлігіне жіберілген  зымыран осы бөліктегі кез келген нүктеге 10 минутта жетсе, КСРО зымырандары АҚШ жеріне 25 минутта ғана жететін. АҚШ армиясы КСРО-ға қарсы кез келген қашықтықтағы зымырандарын пайдалана алса. КСРО тек алыс қашықтықтағы құрлықаралық зымырандарын ғана пайдалана алатын. Осы теңсіздікті жою үшін де КСРО үкіметі Кубаның әскери көмек беру өтінішін пайдаланып қалуға тырысты. Бірақ Н.Хрущев АҚШ-тың әскери қуаттылығы мен Кеңес Одағы зымырандарын Батыс жарты шарында орналасуына батыл қарсы тұратынын және оны болдырмау үшін барлық мүмкіндікті, оның ішінде ядролық қаруды да пайдалануға бартындығын ескермеген еді. АҚШ-тың жоғары билігі Кубада Кеңес ракеталарын орналастырмау үшін барлық жағдайды, соның ішінде үлкен соғыстың болуына да дайын тұрды.

Кеңес басшылығы АҚШ президентінің мұндай батыл әрекетін және американдық флоттың Куба жағалауындағы ірі әскери жаттығу жасауын ескермеді. Н.Хрущев Кеңестік зымырандарды Кубаға орналастыру арқылы американдықтарды қорқытып, ядролық шабул жасау тепе-теңдігін жасауға болады деп ойлады. Бірақ бұл ой жүзеге аспады, Хрущев қателесті.

12 қыркүйек күні Кеңес Одағы телеграфтық агенттігінің (ТАСС) хабарламасы шықты. Онда «КСРО Үкіметі Кеңес Одағының басқа елге, оның ішінде Кубаға жаудың соққысына жауап қайтару үшін өз зымырандарын орналастыруының ешқандай қажеттілігі жоқ. Өйткені, біздің ядролық қаруымыздың күштілігі және үлкен қашықтыққа жеткізілуінің жылдамдығы өте зор. Сондықтан да Кеңес Одағы өзінің ядролық қаруларын басқа жерлерге орналастыруға зәру емес» деп мәлімдеді. Н.Хрущевтің АҚШ президенті Джон Кенеденге жазған жеке хаттарында да осылай деп айтылды. Ал бұл кезде аралға КСРО-ның 42 ядролық зымырандары жеткізіліп болған еді.

Қыркүйектің соңы мен қазан айының басында Куба аумағы бұлтты болғандықтан АҚШ суретке түсіру ұшуларын жасай алмады. Осыны пайдаланған Кеңес әскерінің басшылары зымырандарды әскери дайындыққа келтіру жұмыстарын жеделдете түсті. Н.Хрущев пен Ф.Кастро АҚШ барлау қызметі Кубадағы зымырандарды байқап болғанша оның толық дайындыққа келетініне кәміл сенді. Хрущев өзінің кейіннен жазған естеліктерінде «Біздің Кубадағы ядролық қарудың күштілігі сондай, Нью-Йорк, Чикаго және басқа да ірі өндірістік қалалардың күлін ғана қалдырады. Ал Вашингтон туралы айтудың қажеті де жоқ. Ол шағын ауыл ғана»  деп жазған еді.

АҚШ барлау ұшағының 10 қазанда түсірген суреті американдықтарды қатты алаңдатты. Бұл суретте он күн бұрын ғана джунгли орманы болған жерде автомобиль жолдары мен құрылыстың жүріп жатқаны айқын көрінген еді. Кеннеди суретке түсіру барлауын жалғастыруға тапсырма береді. Бірақ  Кубаға тайфун жақындап, суретке түсіру 14 қазанда ғана мүмкін болады. Американдық барлау ұшағы жоғары биіктіктен ғана емес, 130 метр биіктіктен де суретке түсіру жасай алады. Куба жерінде зениттік зымырандар емес, ядролық қарулар тасымалдай алатын «Жер-Жер» зымырандарының орналастырылып жатқаны айқын белгілі болады. 17 қазан күні жасалған суреттерден зымырандардың тұмсықтары да анық көрінеді.

Мұқият барлау нәтижесінде Кубада КСРО-ның 42 зымыраны мен 40 мың әскерінің орналастырылғаны мәлім болды. Кеннеди «Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің атқару комитетін» құрады. Джон Кеннеди және оның інісі Роберт Кубаны теңіз арқылы толықтай оқшаулауға (блокодаға) алуды ұсынады. Әскерилер Кубада орналастырылап жатқан зымыран алаңдарын толық бомбылау қажеттігі туралы айтады. АҚШ үкіметі КСРО сыртқы істер министрлігінен Кубадағы орналастырылып жатқан қару жөнінде нақтылы жауап ала алмағаннан кейін 22  қазан күні Кубаны теңізден де, әуеден де қоршауға алып, оқшаулайды. АҚШ президенті Кубаға шабуыл жасау туралы ұсынысты кейінге қалдыра тұрады.

Кариб теңізі аумағында АҚШ-тың 180 әскери кемесі орналасады. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі американдық әскерлер де толық дайындыққа келтіріледі. Атом сүңгуір қайықтары да өздерінің бұрынғы бағыттарын өзгертіп, бұйрықты күтіп тұрады. Стратегиялық бомбалаушы ұшақтар да ядролық қарумен жабдықталып, бірі ұшып келіп қонып жатса, екіншісі аспанға көтеріліп жатты. Оңтүстіктегі Флорида түбегінде 6 дивизия орналастырылып, олар да мұздай қаруландырылады.

22 қазан күні Джон Кеннеди телеарна арқылы сөз сөйлейді. Ол Кубаның толық оқшаулануға алынғанын, және АҚШ-тың мұндай қадамға неліктен барғандығын түсіндіреді. «Бұл біздің алғашқы қадамымыз. Пентагонға әскери қимылдарды одан әрі жүргізу туралы бұйрық берілді» деп мәлімдейді. Оның бұл мәлімдемесі АҚШ-ты ғана емес Батыс елдерін де, әлемнің басқа да елдерін шошытты. Әлемде ядролық соғыс қаупі төнді. АҚШ-тың әскери министрі Р.Макномари Кубаны бомбылау және басып алу жоспары ұсынады. Бұл жоспарды жүзеге асыру үшін министрдің есебі бойынша 250 мың солдат, 90 мың теңіз жаяу әскері және жүзден астам десанттық кемелер қажет болды.

Кеңес басшылығы да АҚШ-тың бұл әрекеттерінен толық хабардар болып отырды. Ақ үй мен Кремльде саясаткерлер мен әскерилердің кеңестері үзілмеді. Куба жеріндегі зымырандарды дайындыққа келтіру жұмыстары тәулік бойы жүргізілді. Бұл зымырандардың толық дайындыққа келтірілуі үшін әлі де бірнеше күн қажет болды.  Дегенмен де Хрущев ядролық соғысты қаламады, ол тек Куба жерінде күшті әскери база орналастырғысы ғана келді.

24 қазан күні КСРО үкіметі АҚШ-тың Кубаны толық оқшаулауға алуын және басқа да әскери әрекеттерін батыл айыптаған мәлімдеме таратты және Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесін шұғыл түрде шақыруды талап етті. КСРО Қорғаныс министрі елдің қарулы күштерін жоғары дайындықта ұстау туралы және қызмет мерзімі жеткен жауынгерлерді әскерден қайтаруды кейінгі қалдыру туралы бұйрық берді. Кеңес басшылығы Кубада ядролық қарудың жеткізілгенін мойындамады, ол жерде тек қорғаныс санатындағы қарулар бар деуден танбады.

Кубаның революциялық басшысы Фидель Кастро да бүкіл елде жаппай шақыру жариялады. Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл түрде шақырылған отырысында Кеңес елінің уәкілді өкілі В.Зорин Куба жерінде бірде-бір ядролық қарудың жоқ екендігін мәлімдеді. Бұл уақытта Кубаға қарай Кеңес Одағының тағы да 20 кемесі келе жатты және оның алғашқы тобы Кубаны оқшаулау аймағына жақындап қалған еді. Н.Хрущев сезік тудырмау үшін өзін сабырлы ұстады, сыртқы жаулардың оның әрбір қадамын аңдитынын білген ол 23 қазан күні кешке Үлкен театрға барып концерт тамашалады. Осы күні АҚШ президенті Джон Кеннеди Кариб теңізіне кеңестік атом сүңгуір қайықтарының келіп кіргені туралы хабар алды. 24 қазан күні таңертең кеңестік екі кеме Кубаны оқшаулау аймағына жақындады, оны сүңгуір қайықтар қорғап жүрді. Оған қарсы американдық ұшақ тасымалдайтын «Эссекс» кемесі шықты. Бұл кеме сүңгуір қайықтарға қарсы күрес қаруларымен жабдықталған болатын. АҚШ-тың әскери министрі Р.Макномари қажет болған жағдайда кеңестік атом сүңгуір қайыған атқылауға бұйрық берді.

Бұл жағдайдан хабардар болған Хрущев тәуекелге бара алмады, кемелерге тоқтауға бұйрық берді және Кеннедиге тез арада кездесу туралы ұсыныс жасады. Кеннеди Кубадан кеңестік зымырандар толық әкетілген жағдайда ғана кездесуге әзір екендігін жеткізді. Американдық  барлау ұшақтары бұл зымырандардың бірнеше күн ішінде дайын болатындығы туралы мәліметтер берді. Кубаға кеңес елі басшыларының бірі А.И.Микоян ұшып келді. Хрущев Кастро жағдайды ушықтыратын шешім қабылдап қояр деп қауіптенді.  Микоянға Кеңес және Куба үкіметтерінің іс-әрекеттерін үйлестіру туралы тапсырма берілген болатын. Сол күні кеңестік зенитшілер Куба үстін барлап жүрген АҚШ ұшағын атып түсіреді, ұшқыш Андерсон да қаза табады.

26 қазан күні Кеннеди Кубаға шабуыл жасауға  дайындалуға бұйрық береді. Кешке қарай Хрущев Кеннедиге жаңа хат жібереді, ол Кубада кеңестік ядролық қарудың бар екендігін мойындайды және ядролық соғыстың басталуы бүкіл әлем үшін үлкен зардап болатындығын, сондықтан да екі жақтың да сабырлылық сақтау қажеттігін, зымырандарды кеңестік офицерлердің толық бақылауында екендігін, бұл қарулардың АҚШ-қа бағытталмағандығын айтады. Хрущев бұл хатында Кеннедиге Кубаны оқшаулауды алып тастауды және Кубаға АҚШ-тың шабуыл жасамайтындағы туралы уәде беруін сұрады. Осындай жағдайда ғана КСРО Кубаға жеткізілген қаруларды алып кетеді және оларды жояды деген уәде берді. Бұл хатқа жауап келмей жатып ертеңіне таңертең Хрущев Кеннедиге екінші хатын жібереді, бұл хатта АҚШ-тың Түркиядағы зымырандарын алып кетуі туралы айтылады. АҚШ президенті Кеннеди 28 қазан күні шешім қабылдауға тиіс болатын. Осы күні таңертен Кеңес Одағы Кубадағы өз әскерлері мен зымырандарын алып кететеіндігін мәлімдеді. Осылайша, әлем бірер сағат қалғанда ғана ядролық соғыс қаупінен құтылады.

Кейіннен саясаткерлер мен әскерилер айтқандай «Әлемге ядролық соғыс қаупі «Кариб дағдарысы» кезеңіндегідей ешқашан төнген емес». Шындығында да ядролқ соғыс қаупінің күшейгені соншалықты, АҚШ президенті Джон Кеннеди КСРО-ның Куба жерінде орналастырып жатқан әскери нысандарын зымыранмен атқылау туралы мәлімдемесін өз қолымен қағазға жазып, дайындап қойған еді. Кейіннен жарияланған бұл мәлімдемеде «Мен американдық отандастарым алдындағы үлкен жауапкершілікті сезіне отырып, әскерге бұйрық бердім. АҚШ әуе күштері қазір Куба жерінде ядролық қаруларды жою үшін атом қаруына жатпайтын зымырандармен әскери қимылдар жүргізіп жатыр» деп жазылған еді. Әлем елдерінің бақытына қарай бұл мәлімдеме сол күйі жүзеге аспай қалды.

Гарворд университетінің Белфер ғылыми орталығының директоры және «Кариб дағдарысын» зерттеуші Грэм Аллисон: «Бұл құжаттарға қарап АҚШ президенті Кеннедидің Кубадағы зымырандарды әуеден атқылауға бұйрық беруге шақ қалғанын байқаймыз. Егер Кеннеди КСРО-ның Кубаға ядролық зымырандарын орнатып қойғанын білгенде 48 немесе 72 сағат ішінде шабуыл жасау туралы бұйрық беруге мәжбүр болатын  еді. Оның соңы ядролық соғысқа ұласар еді» деп жазды.

Осылайша, екі ел басшыларынаң сын сағатта сабырлылық танытуының арқасында ғана «Кариб дағдарысы» бейбіт түрде шешілді.  Бұл теке-тіресте екі жақ та жеңілген жоқ. Кариб дағдарысынан кейін Хрущевтің да, Кеннедидің де халықаралық деңгейдегі беделі артты. Бірақ Вашингтонда да, Мәскеуде де және Кубада да бұл соғыстың болғанын қалағандар да болды. Бір жылдан кейін Кеннеди қастандықпен өлтірілді, ал Хрущев бүкіл қызметінен айырылды. Әлем бүгінгі күнге дейін Кариб дағдарысының сабақтарын ұмытқан жоқ. Бұл оқиға мемлекет басшыларының қиын сәттарде ерік-жігерлік таныта алса кез келген жанжалды бейбіт түрде шеше алтындығын да көрсеткен еді.

Украинадағы дағдарыста да саясаткерлердің парасаттылық пен ерік-жігер таныта алатынына сенейік. Бұл әсіресе АҚШ және Ресей президенттерінің ұстанымына байланысты болмақ. «Кариб дағдарысы» кезіндегі басты саяси орындаушылар да  осы екі елдің басшылары болатын. Украина қазір Кубаның кебін кигендей күйде. Украина халқы және бүкіл әлем жұртшылығы Украина дағдарысының дипломатия арқылы шешілетіне үмітті. Соғыс ешкімге де жеңіс әкелмейді. Оның әкелетіні қайғы-қасірет пен бүліншілік және қиранды ғана. Уолтер Мондейл деген данышпан «Үшінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлері болмайды» деген сәуегейлік айтыпты. Солай болып жүрмесін деп тілейік. Бұл дағдарыс  дипломатия арқылы шешілсе АҚШ пен Ресей президенттерінің де беделі көтеріліп, әлем жұртшылығының оларға алғыс та айтатындығы анық.

Кешегі Женевада 3+1(АҚШ, Ресей, Еуропа одағы және Украина) тұрпатында өткен  келісімде жағдайды сауықтыруға бағытталған уағдаластыққа қол жеткізілді. Келіссөзге қатысқандар, әсіресе Ресей мен Украина осы уағдаластықты орындар болса  әлемге төнген қауіптің беті де қайтар еді.  Әлем халқы да осыны күтеді.

 

Бекмырза   СЫРЫМБЕТҰЛЫ, Қызылорда қаласы

 Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5295