Жасындай жарқ еткен жампоздар
Футболдан әлем чемпионатында ерекше шеберлігімен тәнті еткен таңдаулы ойыншылар жөніндегі әңгімені әрі қарай жалғаймыз.
«Стадионға» айналған аңыз-адам
1978 жылы Марио Кемпес алмаған атақ қалған жоқ: ол әлем чемпионы және Оңтүстiк Американың таңдаулы ойыншысы атанды, әлем чемпионатының үздiк футболшысы және сұрмергенi болды. Егер ол кезде қазiргiдей әлемнiң үздiк футболшысын таңдау жүргiзiлген болса және ФИФА мен «Франс футбол» өз байқауына еуропалық емес ойыншыларды да қосқан болса, бұл екi жүлденi де Кемпес алған болар едi...
Бiр таң қаларлығы: Аргентина құрамасының шабуылшысы бұған дейiн де, бұдан кейiн де ешқандай жарыста артылып көзге түскен емес. 1974 жылы ол әлі 20-ға да толмаған едi, сондықтан батысгерман алаңдарында желкесiн жапқан ұзын шашы арқылы болмаса, басқа ешқандай қырымен есте қалған жоқ. 1982 жылы құрамадағы ойын тiзгiнiн Марадона қолына алып үлгергендiктен, Кемпес тағы да мамандар назарын өзiне аудара алмады. Ал клубтық деңгейде испандық «Валенсияның» сапында 1980 жылы Кубок иелерi кубогын және Еуропа Суперкубогын ғана жеңiп алды. Рас, екi дүркiн Испания чемпионатының сұрмергенi атанғаны тағы бар.
Оның жұлдызды шағы – 1978 жыл болды.
Бойшаң (182 см), жылдам, баспен де жақсы ойнайтын, соққысы күшті Марио Кемпес жұртшылық назарын 17 жасында-ақ аударған. «Росарио» клубында 105 ойын өткізіп, 86 гол соққан жас мерген жиырма жасында-ақ Аргентина құрамасына шақырылды. 1976 жылы Еуропаға кетті. Арада бір жыл өткенде оның «Валенсиясы» Испания кубогының финалында Мадридтің «Реалын» 2:0 есебімен жеңді. Екі голдың да авторы – Кемпес болатын.
1978 жылғы доп додасының алғашқы айналымында бiрде-бiр доп соқпаған Марио Кемпес одан кейiн бас бапкер Меноттидiң кеңесiмен мұртын қырып тастап едi, соны күтiп жүргендей оның тепкен добы қақпаға түсе беретiн болды. Шын мәнiнде, мұның тағы бiр себебi бар едi: бұған дейiн жартылай қорғаушыларға өте тәуелдi орталық шабуылшының мiндетiн атқарған Кемпес екiншi айналымда алғы шепке тылдан келiп қосылып, тосыннан дем беретiн шабуылдаушы жартылай қорғаушының орнына ауысқан-ды.
Бiрақ екiншi айналымдағы алғашқы матч алаң иелерi үшiн оңайға соққан жоқ. Польша футболшылары бiрiншi таймда олармен терезесi тең өнер көрсеттi. Яцек Гмохтың шәкiрттерi 16-минутта Кемпес есеп ашқан соң да бiлгенiнен жаңылған жоқ. 37-минутта Анджей Шармах сол қапталдан айып соққысын орындады. Жанұшыра ұмтылған Фильол қателестi де, бәрiнен биiк секiрген Гжегож Лято допты баспен нысанаға дәл бағыттады. Бiрақ қайдан тап болғаны белгiсiз... Кемпес допты тура қақпа сызығынан қолмен қайтарды. Ол кезде мұндай әрекеттi бiрден қызыл карточкамен жазалау ережеге енбеген едi, сондықтан төрешi оған ескерту бердi және пенальти белгiледi. Өкiнiшке қарай, Казимеж Дейна оны өте нашар орындады, аргентиналық қақпашы әлсiз соққыны қиналмай-ақ қағып алды. Ал алаңда қалған Кемпес екiншi таймда тағы да қанжығасын майлады.
Топтық кезеңде алғы шепке үш шабуылшыны қатар қойған бас бапкер Менотти кейін бұл қадамының аса сәтті болмағанын сезді. Сөйтіп, чемпионаттың екінші бөлігінде Кемпесті орталық алаңға ауыстырды. Ол бұдан былай ойын тізгініне батыл иелік етті. Шешуші ойындарда тіпті өзін нағыз сұрмерген ретінде танытты. Аргентнианың финалдағы үш голының екеуін сол соқты.
1954 жылдың 15 шiлдесiнде Кордобада дүниеге келген Кемпес Аргентина құрамасының сапында 43 ойын өткiзiп, қарсыластар қақпасына 26 доп енгізген. Биыл жетпістің екеуіне шығатын Кемпес қазір зейнетте. Туған қаласы – Кордобадағы стадион қазір даңқты футболшының атында, «Марио Альберто Кемпес» стадионы деп аталады.

Сурет: football.ru сайтынан алынды.
Айып алаңының королі
«Мерген шабуылшы болып туу керек пе, әлде ондай деңгейге талантты шыңдап, талмай тер төгу арқылы жетуге де бола ма?» деп сұрапты осыдан бірнеше жыл бұрын журналистер 1982 жылғы әлемдік доп додасының үздік ойыншысы Паоло Россиден. Сонда ол: «Меніңше, әу баста-ақ адам бойында мергендік қасиетімен, доптың бағытын аңдаусыз-ақ сезетін түйсігімен шабуылшы болып туу керек. Онсыз шелектеп төгілген терден де түк шықпайды», – депті.
Паолоның тағдыры тура өзі айтқандай болды: ол қаршадайынан қарсы қақпаны қарауылынан бір сәт қағаберіс қалдырмайтын мерген шабуылшы ретінде танылды. Ойын сайын доп соғатын жас талап туралы дақпырт бірте-бірте Италияның ең атақты клубы – «Ювентустың» жаттықтырушыларына жетеді. Дарынды баланың аяқ алысына олардың да көңілі толғандықтан шығар, көп ұзамай мұны туриндік клубтың жастар командасына қабылдайды.
Әуелде бәрі ойдағыдай өрбігенімен, бірер жылдан соң, жарақаттанған тізесі жиі-жиі сыр беріп, Паолоның аяғына үш рет операция жасалады. «Негізгі құрамға қосылуға дайын» деп үміт күтіп жүрген балақайдың алаңнан гөрі ауруханада жиі бола беруі жүйкелеріне тиіп бітті ме екен, «Ювентустың» қожалары оны төменгі лигадағы «Виченцаға» екі жылға жалға береді.
Россидің нағыз өрлеуі, шын мерген ретінде танылуы Б сериясында (Италия чемпионатының екінші дәрежелі лигасы) өнер көрсететін осы командада басталды. 1977 жылы шабуылшының 21 голы команданың А сериясына шығуына мүмкіндік берді. Ал 1978 жылы Россидің арқасында «Виченца» күтпеген жерден ел біріншілігінде 2-орын алып, күміс жүлдеге ие болды! Шабуылшының өзі 24 доппен бас мерген атанды, ұлттық құрамаға шақырылып, оның негізгі мүшелерінің біріне айналды. Аргентинада өткен әлемдік доп додасында Паоло барлық ойынға қатысып, 3 гол соқты.
Россидің ғұмырындағы ең бір қаралы кезең – «Перуджаға» ауысқан кез. Рас, ол жаңа командасында да мергендер қатарынан көрініп жүрді. Бірақ пәле аяқ астынан келді: елдің футбол федерациясы матчтардың нәтижелеріне ақша тігетін тотализатор жүйесімен байланысқан клубтар мен ойыншыларды әшкерелеп, оларды жазалауға кірісті. Күдікті ойыншылар тергеуге алынды. Олардың ішінде біздің кейіпкеріміз де бар еді. Тексерушілер «Перуджа» – «Авеллино» (2:2) кездесуінің есебі алдын ала келісілгенін дәлелдеді. Бұл астыртын келісімдегі Россидің міндеті – 2 гол соғу болған екен (расында да, қарсы қақпаға енген 2 допты да Паоло енгізген). Кейін бір сұхбатында П.Росси бұл жағдай туралы: «Құдай куә, мен арымнан аттағаным жоқ, бірақ федерация жанжалдың соңын елдегі ең атақты ойыншыны жазалаумен қорытындылағысы келді, мен арқылы алдағы уақытта мұндай оқиға қайталана қалса, ешкімді де аямайтынын көрсетпек болды», – дейді.
Қалай болғанда да, Паоло үш жыл бойына доп тебуден қалды (сәл кейінірек жазаны жеңілдетіп, бір жылын кемітті). Шабуылшы спорттық бабын жеке жаттығулар арқылы сақтауға тырысты. 1982 жылдың басында «Ювентус» екі жылдан бері жасыл алаңға шықпаған ойыншыны «Виченцадан» біржола сатып алды. Сол жылдың көктемінде Россидің жаза мерзімі бітті де, ол туриндік клубтың чемпионаттағы соңғы 3 ойынына қатысты. Тағдыр дегенді қойсаңызшы, «Ювеге» алғаш 1971 жылы шақырылған ол аталмыш клубтың жейдесін араға 11 жыл салып бір-ақ киді!
Кигені дұрыс-ау, бірақ иек артпада кезекті әлем чемпионаты тұрды. Италия құрамасының бас бапкері Энцо Беарзот екі жылдық үзілістен соң, яғни 1982 жылдың 29 сәуірінде ғана алаңға шыққан ойыншыны сонда да Испанияға ала кетті. Бәрі әу бастан сәтті бола қойған жоқ. Алғашқы кездесудің 90 минутында шабуылшы поляктардың қақпасына... жалғыз соққы бағыттады. Ол ол ма, Перумен болған екінші ойында тіпті аяғына доп та тимеді (үзілісте оны Франко Каузио алмастырды). Зығырданы қайнаған күллі Италия Беарзотты түтіп жеуге шақ қалды. Алайда бапкер Россиді үшінші матчта да үздік 11-дің сапынан қалдырған жоқ. Бұл жолы қимылы сәл ширақ болғанымен, бәрібір ол команданы жеңіске жетелей алмады: тағы да тең нәтиже! Үшінші рет!
Қызықтың бәрі келесі кезеңде басталды. Аргентинамен ойында қанжығасы бос қайтса да, Паоло Росси бұл жолы белсенді ойынымен қарсы жақ қорғаушыларын әбден сілелетті. Ал Бразилиямен белдесу – жартылай финалға берілер жолдама үшін талас еді. Италияға тек жеңіс қажет болса, оңтүстікамерикалықтарды тең ойын да қанағаттандыратын. Қайталанбас драмалық сюжетімен жанкүйер жадында мәңгі қалар матчтың 4-минутында Кабрини сол қапталдан айып алаңына әуелете доп асырып еді, Росси баспен ұрып, өзінің осы додадағы бірінші голын соқты. Теңбіл доптың теңдессіз шеберлері сасқан жоқ, көп ұзамай Сократес таразы басын теңестірді. 25-минутта Бруно Конти керемет паспен Россиді бразилиялық қақпашымен жекпе-жек шығарды – бабына ене бастаған шабуылшы мүлт кетпеді. Бұдан кейінгі 40 минут Беарзот шәкірттері үшін өте қиын болды: Фалькао таразы басын теңестірген 68-минутқа дейін Дино Дзофф қорғаған Италия қақпасының маңында талай гол соғуға қолайлы сәттер туындады. Бірақ бұлар бәріне төтеп берді. Ал Росси қарсы шабуылдың бірінде жеңіс добын соқты – 3:2! Бұл – шабуылшының құрама сапындағы жалғыз хет-тригі! Есесіне, қандай десеңізші! Елдің бәрі күдерін үзген Италияны жартылай финалға алып шыққан, нағыз ерлікке парапар тарихи хет-трик!
Әрі қарай Россидің шабытымен шарықтаған «Скуадра адзурраны» тоқтату мүмкін емес еді. Паоло топтық кезеңде өліспей-беріспеген Польшаның қақпасына қос доп тоғытып, командасын финалға алып шықты. Чемпионаттың шешуші ойынындағы үш голдың алғашқысы да біздің кейіпкеріміздің еншісінде: 57-минутта қорғаушы Клаудио Джентиленің оң қанаттан тастаған добына қос команданың бес-алты ойыншысы қатар ұмтылды, бірақ, шабуылшылық һәм мергендік түйсік дегенді қойсаңызшы, допқа бәрінен бұрын Росси жетті! Бұдан кейінгі Тарделли мен Алессандро Альтобеллидің голдарына немістер тек Пауль Брайтнердің жалғыз добымен жауап қайтарды...
...1986 жылғы әлемдік доп додасында Беарзот жастарға көбірек сенім артты да, Росси құр алаң жиегін күзетіп отырды да қойды. Мексикадан келген соң, ол бір-ақ жыл ойнады: 1987 жылы футболмен қош айтысты. Небәрі 31 жасында! Себебі баяғы үш рет операция жасалған аяғы жиі-жиі сыр берді, соның салдарынан ол бұрынғы бабына қайта келе алмайтынын түсінді.
Үш әлем чемпионатына барғанымен, Кемпес секілді, Россидің де жарқ ете қалған шағы – 1982 жыл ғана еді.
П.Росси 2020 жылы қайтыс болды.
Сәкен Сыбанбай
Abai.kz