Жұма, 22 Қараша 2024
Қоғам 6636 0 пікір 17 Сәуір, 2014 сағат 12:49

БОЗЫМБАЕВТЫ БҰРМАЛАҒАННАН НЕ ШЫҚТЫ?

Сонымен, Қанат Бозымбаев қазақтарды жек көреді екен... Павлодар облысының басшысы қазақ еместерді ғана қызметке тағайындамақ екен.. «Караван» газетінің жазғанына сенсек, Бозымбаев соңғы кездері осылайша бұзылып кетіпті... Ақпараттың төркінін тексергіш тілшілер мұны, әрине, бос сөз дейді. Бірақ, қарапайым оқырман көп жағдайда баспасөзге шыққан әр сөзді шындыққа бағалайды. Сонда, «Караванның» көксегені не болды?  Оқиғаның тарихы мынадай:  Қанат Бозымбаев Павлодар облысына әкім болғанына орай жүз күндікті сылтауратып, жергілікті жердегі қырық шақты тілшіге дастархан жайған. Мақсат біреу: танысу, білісу, бірігіп жұмыс істеу. Жас ет желініп, құрт қосылған сорпа ішілген. Артынан сүт қатқан шай берілген. Бауырсақ та молынан төгілген. Астын сызып тұрып айта кетейік, дастарханда ішімдік атауы қойылмаған. Яғни, масайып, бірінің сөзін бірі қате түсінетіндей жағдай болмаған. Әкім бәрін айтам деп тұрған соң «сорпасы бетке шыққан» сап-сау тілшілер де түрлі сұрақты өкіртіп қойған. Қ. Бозымбаев кәсіпкерлікте жүріп жинаған байлығын да жасырмаған. Әйелінің бизнеске икемдігін де айтып салған. Үкіметтегі достары арқылы өңірдегі шетін мәселелердің шешімін қалай таппағын да жайып салған.  Сосын, әрине, жергілікті тұрғындарды алаңдатқан ауыс-түйіс барысы бойынша былай деген: “Павлодар облысында кадр бойынша қиындықтар бар. Кез-келген адам әкім иә болмаса  мұрағат немесе денсаулық сақтау басқармасының басшысы бола алам деп ойлайды. Олар үшін бәрі оңай секілді. Біз негізгі күшті жергілікті мамандарға саламыз. Барын өсіреміз, қолдаймыз. Егер ондайлар жоқ болса, қай өңірден екеніне қарамастан сырттан шақырамыз”. ...Облыстағы ең шетін мәселе – ұлттық сұрақ.  Өңірде көптеген ұлыстар тұрады. Басшылық орындарда қазақтардың көбеюі байқалады. Онда тұрған ештеңе жоқ.  Бірақ, асықпай, кезең-кезеңімен нағыз мамандарды таңдау қажет және бұл мәселе шешіледі. ...Мен өзімнің таныстарыма «А» корпусына жарамды орыс тілді мамандарды тауып беруге ұсыныс жасадым.  Адам тіл білмесе, ол сорақылық емес. Үйретеміз. Алты тілді білетіндер де бар. Асықпай, күнделікті өтетін жиындарда қазақша сөйлей жүріп, үйретіп аламыз. Осы өңірдегі қазақ бастықтардың тең жартысы қазақша сөйлей алмайтынын байқадым. Түсінеді, бірақ сөйлей алмайды. Бұл олардың мәселесі емес, бұл олардың қасіреті».

Бар болған әңгіме осы ғана. Сол жерде айтылған сөз сан басылымға жазылып, енді естен шыға бастаған сәтте «Караван» газеті «жерден жеті қоян тауып алып», «Бозымбаев қызметке қазақ еместерді алмақ» деп айғайлата жөнелді. Сондағы мақсаты не? Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақтың кебі ме?

Әлде, «Қазақстан байырғы жеріміз» деп аузына келгенін айтып жүрген ресейлік ессіз  шенеуніктердің әсері тоқсаныншы жылдардың басындағы айғайынан айырылып қалған «Караванның» қанын қайтадан қоздыра бастады ма? Сөйтіп, «қазақтар өздерін өзі басқара алмайды екен» деген пікірді Бозымбаев арқылы қалыптастырмақ болды ма?  Мүмкін, әкімнің  «қазақша білмейтінді сөйлетеміз» деген ықыласы теріскейдегі тіл тағдырының тоңын жібітпей жүргендер үшін тозақ отындай көрінді ме? Қалай десек те, «Караван» мұқатты екен деп Қ. Бозымбаевтың мысы басылып қалмас.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320