Жұма, 22 Қараша 2024
Саясат 19140 0 пікір 1 Сәуір, 2014 сағат 11:40

«ЕУРАЗИЯ - ҰЛЫ ШАХМАТ ТАҚТАСЫ»

 

«ЕУРАЗИЯ - ҰЛЫ ШАХМАТ ТАҚТАСЫ»: ЖЕҢІСКЕР БҮКІЛ ӘЛЕМГЕ ИЕ БОЛАДЫ

 

З. Бжезинскийдің осы бір болжамы расқа айналатындай. Мұны Украинадағы жағдай да дәлелдей түсуде. Әлемдегі ең ірі алпауыт мемлекет АҚШ-тың бүгінгі сыртқы саясаты осыған келеді. Бұрынғы КСРО-ның мұрагері, астам державашылдығынан айырылғысы келмей жанталасып жатқан Ресейдің бүгінгі әрекеті де осыған итермелейді.

 Бжезинский – антикоммунизмнің және социалистік жүйе мен Кеңес Одағының күйреуінің басты идеологтарының бірі және «жаңа әлемдік тәртіп» идеясының авторы болып саналады. «Ұлы шахмат тақтасы: Американың артықшылығы және оның геостратегиялық императивтері» (1997) кітабы осы заманғы геосаясат жөніндегі танымал еңбектердің қатарынан орын алады. Осы еңбекте айтылғандай американдық артықшылық өзінің қалыптасуының қарыштылығымен, жаһандық ауқымдарымен және жүзеге асыру тәсілдерімен ерекшеленеді

Жаңа тұрпатты гегоманияны сипаттап жазған З.Бжезинскийдің айтуынша, Еуразия - «Ұлы шахмат тақтасы», ондағы «бірден-бір шынайы әрі ең соңғы астам держава» - Америка Құрама Штаттары өзінің әлемдік артықшылығын сақтап қалу үшін өз партиясын ойнатуға тиіс. Бұл аталмыш кітапқа өзек болған идеяның темірқазығы. Бжезинский кітабының тарихта орын алып, континенттік және әлемдік үстемдіктен дәметкен бұрынғы-соңғы империяларды талдауға арналған тарихи бөлімі ғылыми-тарихтық тұрғыдан оның эссесінің ең сәтті бөлімдерінің бірі болып табылады.

Кеңес Одағының ыдырау себептерін талдаған З.Бжезинский кеңестік әскери қуат және ол Батыс елдерін тітіреткен үрей ұзақ уақыт бойы бақталастар арасындағы елеулі ассиметрияны жасырып келгендіктен болды дейді. Автордың айтуынша: «Америка әлдеқайда бай еді, технологияларды дамыту саласында әлдеқайда ілгерілеп кеткен-ді, әскери салада неғұрлым жасампаз да тартымды болатын. Идеологиялық сипаттағы шектеулер де Кеңес Одағының жасампаздық әлуетін әлсіретті, оның жүйесін барған сайын кертартпа, ал экономикасын барған сайын берекесіз және ғылыми-техникалық тұрғыдан бәсекеге қабілетсіз ете түсті. Бейбіт жарыс барысында таразы басы Америка пайдасына қарай аууға тиіс болатын».

Осылайша, бұрын болған көптеген империялар сияқты Кеңес Одағы сайып келгенде тікелей әскери жеңілістің емес, экономикалық және әлеуметтік проблемалар жеделдеткен ыдырау процесінің құрбаны болып іштен жарылды да, бөлшектеніп кетті. Социалистік жүйе мен КСРО-ның бөлшектеніп кетуінің нәтижесінде АҚШ бірегей жағдайда болып шықты. Олар бірінші және бірден-бір шын мәніндегі әлемдік державаға айналды.

КСРО-ның ыдырап бітетінін болжай алған Бжезинский АҚШ-тың көшбасшылық рөлін жоғары бағалады және оның әлемдік үстемдігінің алдағы едәуір уақытқа дейін жалғасатына сенді.  Бжезинскийдің айтуынша қазіргі уақыттағы әлемдік держава ретіндегі Америка Құрама Штаттарының ауқымы мен ықпалы бірегей. Ол әлемнің мұхиттары мен теңіздерінің барлығын бақылап қана отырған жоқ, теңіз десанты күштерімен жағалаулық бақылау үшін көз жеткізерлік әскери мүмкіндіктер жасады, мұның өзі оған құрғақтағы өз билігін елеулі саяси салдарлармен жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Оның әскери легиондары Еуразияның батыс және шығыс шеттерінде сенімді бекініп алды. Мұның үстіне ол Парсы шығанағын бақылауда ұстап отыр. Американың вассалдары мен тәуелді мемлекеттері (олардың кейбіреулері Вашингтонмен бұдан да берік ресми байланыстар орнатуға тырысады) бүкіл Еуразия континентіне таралды.

КСРО-ның ыдырауына қарамастан әскери-күш қуатын жоғалта қоймаған және үстемдікке ұмтылу әрекетінен бас тартпаған Ресей мен жедел экономикалық даму үстіндегі Қытай АҚШ-тың әлемдік көшбасшылығы мен үстемдігіне жол бергісі жоқ. Мұның өзін олар ұлттық мүддеге қайшы деп есептейді. Және бұл елдерде АҚШ-тың өмірлік стратегиялық маңызды мүдделеріне қатер төндіре алатын ядролық күш-қуаттары да бар. Десек те, Бжезинскийдің айтуына сенсек осы сәтке және таяудағы болашаққа, бұл елдер өзін-өзі құртып тынатын ядролық соғысты бастай алуы мүмкін болғанымен, олардың ешқайсысы да онда жеңіске жете алмайды. Өзінің саяси ырқын күштеп тану үшін әскерлерін алыс жерлерге жеткізе алу мүмкіндігі жоқ және технологиялық тұрғыдан Америкадан көп артта қалған олардың бүкіл дүние жүзінде тұрақты саяси ықпал жасайтын құралдары (немесе таяудағы уақытта өздерін мұндай құралдармен қамтамасыз ете алмайды) жоқ.

Бжезинскийше айтсақ, Америка әлемдік биліктің шешуші маңызы бар төрт саласында басым позицияға ие: 1) әскери салада оның әскерді жедел жеткізуге теңдесі жоқ жаһандық мүмкіндіктері бар; 2) экономика саласында, тіпті жекелеген бағыттарда Жапония мен Германия (бұл елдердің ешқайсысына әлемдік құдіреттіліктің басқа өзгешелік белгілері тән емес) тарапынан болатын бәсекеге қарамастан әлемдік дамудың негізгі қозғаушы күші болып отыр; 3) технологиялық жағынан ол ғылым мен техниканың жетекші салаларында абсолютті көшбасшылықты сақтап отыр; 4) мәдениет саласында, оның біршама қарабайырлығына қарамастан, Американың, әсіресе дүние жүзінің жастары арасында, теңдесі жоқ тартымдылығы бар, - мұның бәрі Құрама Штаттарға әлемнің ешбір мемлекеті маңайлай алмайтын саяси ықпалды қамтамасыз етеді. Нақ осынау төрт фактордың ұштасуы Американы осы сөздің толық мағынасында бірден-бір әлемдік астам держава етеді.

Автор Еуразиялық шахмат тақтасы мен ондағы фигураларды (елдерді) және жасалатын жүрістерді ойната отырып Америка үшін басты саяси жүлде болатын - Еуразияға үстемдік етудің ықтималдығын көрсетеді. «Ұлы шахмат тақтасы» кітабындағы Бжезинскийдің айтқанына сенсек: «Мыңжылдықтың жартысы бойында дүниежүзілік істерде еуразиялық мемлекеттер мен халықтардың ықпалы басым болды, олар аймақтық үстемдік үшін бір-бірімен қырқысып, жаһандық билікке ие болуға тырысты. Бүгінде Еуразиядағы басшылық рөлді еуразиялық емес мемлекет ойнайды және Американың жаһандық біріншілігі оның Еуразия континентіндегі артықшылығы қаншалықты ұзақ әрі тиімді сақталуына, тікелей байланысты болады.

Бжезинский айтқандай Американың Еуразияны қалай «басқаратыны» аса маңызды болып табылады. Еуразия жер шарындағы ең ірі континент және геосаяси тұрғыдан өзекті орын алады. Еуразияда үстемдік ететін мемлекет ең дамыған және экономикалық жағынан жемісті әлемдік аймақтардың үштен екісін бақылауда ұстар еді. Тіпті қартаға бір қарағанның өзі Еуразияға бақылау орнату Африканың автоматты дерлік бағындырылуын ілестіріп, Батыс жарты шар мен Океанияны дүние жүзінің басты континентінің геосаяси шет аймағына айналдырады деп топшылауға мүмкіндік береді. Әлем халқының 75 пайызы Еуразияда тұрады, сондай-ақ әлемдік табиғи байлықтың көп бөлігі де оның кәсіпорындарында және жерінің қойнауында жатыр. Еуразияның үлесіне дүниежүзілік ЖҰӨ-нің 60 пайызы және белгілі әлемдік энергетика қорларының төрттен үшіне жуығы тиесілі.

Сондай-ақ Еуразияда әлемнің саяси жағынан ең белсенді және серпінді мемлекеттері орналасқан. Құрама Штаттардан кейінгі келесі ең ірі алты экономика және қарулануға ең көп қаржы жұмсайтын алты ел Еуразияда жатыр. АҚШ-тан басқа барлық ашық ядролық державалар да,  барлық жасырын ядролық державалар да Еуразияда. Аймақтық гегемонияға және жаһандық ықпалға ең көп халқы бар екі үміткер Еуразияда. Бжезинскийдің айтуынша «Американың артықшылығына барлық ықтимал саяси және немесе экономикалық қыр көрсету Еуразиядан шығады. Жиынтығында еуразиялық құдырет американ құдыретінен әлдеқайда асып түседі. Американың бағына қарай, саяси тұрғыдан біртұтас болуға Еуразия тым ұлан-ғайыр».

Осылайша, Бжезинский сипаттап көрсеткен Еуразия жаһандық үстемдік үшін күрес жалғасып жатқан шахмат тақтасы болып табылады. Геостратегияны - геосаяси мүдделерді стратегиялық басқаруды - шахматпен салыстыруға болса да, біршама сопақшалау болып келетін еуразиялық шахмат тақтасында екі емес, бірнеше ойыншы ойнауда, олардың әрқайсысының әртүрлі билік дәрежесі бар. Жетекші ойыншылар шахмат тақтасының батыс, шығыс, орталық және оңтүстік бөліктерінде орналасқан. Шахмат тақтасының батыс бөлігінде де, шығыс бөлігінде де адам тығыз орналасқан аймақтар бар, олар салыстырмалы түрде халқы тым көп кеңістікте бірнеше құдыретті мемлекетті құрайды. Ал Еуразияның шағын батыс шет аймағына келсек Американың қуаты тікелей сонда өрістетілген. Барған сайын қуатты да тәуелсіз болып келе жатқан, орасан зор халықты бақылауда ұстайтын ойыншының мекені - Қиыр Шығыстық материк - әлгі ойыншының бірнеше жақын аралдарға қамалған жігерлі қарсыласының аумағы мен шағын қиыршығыстық түбектің жартысы американдық үстемдіктің енуіне жол ашады.

Осынау орасан зор, жиектері таң қаларлық, Лиссабоннан Владивостокқа дейін созылып жатқан еуразиялық шахмат тақтасында «ойын» фигуралары орналасқан. Бжезинскийдің болжамынша «егер орталық бөлікті Америка басым Батыстың кеңіп келе жатқан орбитасына енгізу мүмкін болса, егер оңтүстік аймақта бір ойыншы үстем болып шықпаса және егер Шығыс Американы өзінің теңіздің арғы бетіндегі базаларын тастап кетуге мәжбүр ететіндей ғып бірікпесе, онда Америка жеңіске жетеді деуге болады. Бірақ егер орталық бөлік Батысқа тойтарыс берсе, белсенді біртұтасқа айналса, не Оңтүстікті бақылауда ұстаса, не ірі шығыс мемлекеті қатысатын одақ құрса, онда Американың Еуразиядағы жетекші рөлі күрт тарылады. Егер екі ірі шығыс ойыншысы әйтеуір бір жолмен біріге алса да, солай болып шығады.»

З.Бжезинский АҚШ-ты бүкіл Еуразияға қатысты кешенді, жан-жақты әрі ұзақ мерзімді стратегияны талдап әзірлеуге шақыра отырып, «Ұлы шахмат тақтасы» кітабын былайша қорытындылайды: «Алдағы уақытта, Құрама Штаттар тегінде Американы Еуразиядан ығыстыруға тырысатын аймақтық коалицияларды қалай жөнге салу керектігін шешуге тиіс болады, өйткені, бұл әлемдік держава ретіндегі Америка мәртебесіне қатер төндіреді. Алайда мұндай коалициялар американ үстемдігі қыр көрсете ме, жоқ па, бұл Құрама Штаттар осында нобайланған негізгі дилеммаларды қаншалықты тиімді шеше алатынына іс жүзінде өте үлкен дәрежеде байланысты болмақ.

Бжезинскийдің «Ұлы шахмат тақтасы» кітабының басты қорытындысы АҚШ-тың және оның әлемдік үстемдігінің болашақ тағдыры Еуразиядағы геостратегиясына қатыстылығын көрсету еді. Әлемнің кіндігі саналатын Еуразияны шахмат тақтасы ретінде сипаттаған және бұл ойында жеңіске жеткеннің Еуразияда ғана емес, дүниежүзілік империяның және геостратегияның маңызды ықпалына ие бола алатындығын көрсеткен Бжезинский АҚШ басшылығын Еуразияға қатысты кешенді, жан-жақты әрі ұзақ мерзімді стратегияны талдап әзірлеуге шақырды. Автордың аталған кітаптағы және басқа да еңбектеріне өзек болып отырған бір ғана идея Американың әлемдегі геосаяси басымдығының қажеттілігін дәлелдеу болып табылады.

Ресей де бұрынғы Кеңес Одағы кезіндегі ықпал мен беделді қайтаруды ойлайды. АҚШ-тың, атап айтқанда НАТО-ға мүше мемлекеттердің Ресей шекарасына тым таяп келуі Ресей билігін алаңдатпай қоймауда. НАТО-ға ұқсас бұрынғы Варшава Шарты Ұйымы бүгінде жоқ. Сондықтан да Ресейдің бұрынғы кеңестік елдерді өз уысында ұстауға жанталасуы да осыдан. Ғасырлар бойы Ресейдің бауырындай болып келген Украинаның Батысқа қарай интегациялануға ұмтылуы бұл алаңдаушылықты одан әрі үдете түсті. Орыс мемлекеті өзінің алғашқы мемлекеттік құрылымын сонау IX ғасырда Киев Русінен бастағанын да ұмытуға болмайды. Өзінің бауырындай болған елдің Батысқа бет бұрғанын Ресейдің кешіргісі де жоқ. Дипломатиялық жолмен шеше алмағанын күшпен шешуге ұмтылуы барлық астам мемлекеттерде бар.

Еуразия тақтасындағы ойында Ресейдің де жеңіске жеткісі келеді. Кезінде Ресей билеушілерінің бірі «Орыс солдаттары Үнді мұхиттарында аттарын суаратын болады» деп айтқаны да ұмыт бола қойған жоқ. Бүгінгі күні де Ауғанстандағы жағдайды сылтауратқан Ресейдің Оңтүстік Азияға қарай ұмтылу әрекеті байқалады. Алпауыт елдердің бұл әрекеттері әлемдік бейбітшілікке қауіп төндіруде.

Саясатты тұлғалар жасайтындығы да рас екен. Мемлекет мүддесінен асып түсетін олардың жеке мүдделері саясатты шиеленістіруде. Путин де, Обома да айтқандарынан қайтар емес. Олардың бір-бірінен кішірейгісі жоқ. К. Клаузевицтің «Өнерлердің ішінде соғысты тек саудамен ғана салыстыруға келер  еді, өйткені , ол адам мүдделері мен іс - әрекетінің кикілжіңі, соғысқа саясат анағұрлым жақын, оны ірі деңгейдегі өзіндік сауда деп қарастыруға болады» деп айтқанындай мемлекет басшыларының бір-біріне доқ көрсетуі де әлемдік қауіпсіздікке қатер төндіреді. Сол Клаузевиц айтқандай «Саяси ниет – мақсат, ал соғыс тек құрал, сондықтан құралды ешқашан мақсаттан бөліп алуға болмайды».  Бірақ әлемге бейбітшілік керек. Сондықтан да саясаткерлерге парасат пен сабырлылық тілейміз.

Бекмырза Сырымбетұлы,

Қызылорда қаласы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5240