Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 7583 0 пікір 28 Тамыз, 2014 сағат 17:11

... ата-бабамның алынбаған құны бар

Nurlan Sadir

Қазіргі уақытта ел азаматтары түрлі әлеуметтік желілер арқылы елдің іші-сыртындағы түрлі саяси өзгерістерге ашық пікір, анық позиция білдіріп жатыр. Солардың бірі «Facebook» әлеуметтік желісінде белсенді посттар жазып жүрген ұлтшыл азамат Нұрлан Сәдір. Ол 1971 жылы 12 ақпанда Батыс Қазақстан облысы, Қарауылтөбеде дүниеге келген. 

 

Нұрлан Сәдірдің  жазған пікірлері әдетте көп қолдауға ие болып, қызу талқыға түсіп жатады, батыл жазбаларының салмағы мен сырын білуге  ұлтшыл азаматпен аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Әуелі батыл посттар жазып жүрген Нұрлан Сәдір туралы жұрт біле бермейді, өзіңізді таныстырып кетсеңіз, қайда жұмыс істейсіз, қандай идеяға жұмыс істейсіз?

– Мен өзімді бір интервью алатындай танымал тұлғамын деп санамаймын. Бірақ бірнеше сұрақ қойған екенсіздер, бәлсінгендей болмай, барынша бүкпесіз ашық жауап беріп көрейін. Бір жылдың ішінде аты-заты, бағыныштылығы әлденеше мәрте ауысқан, қазір де кезекті рет осындай ауыс-түйісті бастан кешіріп жатқан мекемеде жұмыс істеп жатқандықтан тап қазір тап қайда істейтінімді, шынымды айтсам, өзім де тап басып айта алмаймын. Бұрынғы аты – СЭС, әйтеуір. Мамандығым – санитарлық дәрігер-эпидемиолог. Ұлттық идеяға – Алаш идеясына жұмыс істегім келеді.

Alash-orda

 - Сіздің посттарыңыз көбінде Ресейге бағытталған, бұндай азаматтық пікірлер ұстануыңызға және оны ашық айтуыңызға не(кім) ықпал етті?

- Мен Ресейге, орыстарға қарсы емеспін. Мен Ресейдің империялық саясатына қарсымын. Мен сонау патшалық Ресейде басталып, Кеңес үкіметі кезінде күшіне еніп, өкінішке орай, әлі де жалғасып келе жатқан қазақ мемлекетіне қарсы саясатқа қарсымын. Мен мысалы мына нәрселерді осы саясаттың жемісі/бөлігі деп санаймын:

1) қазақтың құйқалы жерлерін переселендерге, казактарға тартып алып беру. Мысалы, менің өлкемде Жайық өзеніне осы жердің иесі қазақтарды казактар жолатпаған. Бұдан артық не қорлық керек?

2) ана тілінен айыру, оның мәртебесін төмендету. Қазір, шындығында мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесі, қолданыс аясы ресми тіл – орыс тіліне қарағанда әлдеқайда төмен. Мысалы, Қазақстанда бір ауыз қазақ тілін білмейтін орыс тілді адам емін-еркін өмір сүре алады, ал бір ауыз орыс тілін білмейтін қазақ тілді адам жайлы бұлай айта аламыз ба?

3) ділін өзгерту: қас-қағым уақыт ішінде коллективизация, кәмпеске деген қанқұйлы құралдар арқылы көшпелі өркениетті отырықшы мәдениетке зорлықпен, көз жасы мен қанын ағызып отырып ауыстырды.

4) Қолдан ұйымдастырылған ашаршылық. Бұндай зұлмат ашаршылық империялық саясатқа қарсы тұруға қабілетті деп саналатын Қазақстан мен Украинада ғана алапат ауқымда жүргізілді (өзге он үш республикада тап бұндай болған жоқ). Нәтижесінде, қазақтардың жартысына жуығы қырылды. Бұның орны ешқашан толмайды

5) Мәңгүрттендіру саясаты. Елдің қаймағы – зиялы қауымды жаппай қуғын-сүргінге ұшыратып, ату-қамау, жер аударудың нәтижесінде бетке ұстар азаматтардың басым көпшілігі жойылып кетті. Бұл рухани қабаттан айрылып қалғанымыздың зардабын тартып келеміз, тарта да беретін боламыз.

6) Тың игеру. Мыңғырған малды асыраған және табиғаты мал асырауға ғана жаралған орасан зор аймағымызды тың игеру құртты. Данышпан ата-бабаларымыз егіншілікті емес мал бағуды кәсіп қылғаны – біздің жерімізді жете білгендігінен еді. Енді келіп, осы жайылымды рекордтар үшін ең жабайы және ең зиянды тәсілдер арқылы игерді. Бұдан түскен валютаның қызығын Қазақ ССР-нің көргеніне үлкен күмәнім бар. Тың игеруге СССР-дың шеттен шыққан қояншықтары, бұзақылары, тюремщик-зектері жұмылдырылды. Олар жергілікті елге қарсы қойылды. Осы азғындардың қаптауынан, басынуынан қазақ жерінде бұрын-соңды болмаған қылмыс – қыз зорлау пайда болды. Қанында алкогольдегидронеза жоққа жақын қазақтың талай азаматының түбіне, осы тың игерумен ілесе кірген арақ жетті.

7) Ең сұмпайы ядролық, химиялық, бактериологиялық сынақтар қазақ жерінде ұйымтастырылды. Әлі де толық тоқтай қойған жоқ. Бұлардың зардабын айтып жеткізу мүмкін емес. Айта берсең әлі де көп, өте көп. Осы айтылған аштық, тілсіздік, алкоголизм, радиация ….-лардың кесірінен қазақтың гені өзгерді. Ал генннің қалпына келуі ұзақ та азапты процесс. Қазақта біреуге қатты өшіккен кезде – «әкеңнің құны бар ма?» деп жатады. Ресейдің империялық саясатында, осы саясатта жүргізгендер мен жүргізіп жатқандарда менің ата-бабамның алынбаған құны бар. Осы құнды қаламмен/клавиатурамен болса да сұрауға, қайтаруға тырысып бағып жатырмын. Мен жас бала емеспін, біраз жасқа келдім, өзімнің білген-түйгенім, азаматтық ұстанымым бар. Басқаша айтқанда ешкімнің маған тікелей және айтарлықтай ықпалы жоқ.

 - Біздің байқауымызша сіз әлеуметтік желіде көп боласыз, Нұрлан Сәдірдің уақыты зая кетіп жатқан жоқ па?

- Әлеуметтік желіде көп болатыным рас. Егер сіздің сөзіңізбен айтқанда «оқырмандарым көп, жазбаларым өтімді және қызу талқыға түсіп жатқаны» рас болса онда желідегі уақытымның ондай босқа кетпегендігі деп білемін. Айтарымның біразын айтып та тастадым, сондықтан әлеуметтік желідегі белсенділігімді біраз азайтып, тек үлкен оқиғалар кезінде ғана қызу ат салыссам ба деп те жүрмін, сірә, бұйырса сөйтетін шығармын.

- Өз замандастарыңыздың көбі түрлі саяси жағдайларға үнсіз қалып жатыр, оларға не дейсіз, жалпы қазақ қоғамы саяси оқиғаларға қаншалықты белсенді көзқарас танытуда?

- Өз замандастарымның көбі түрлі саяси жағдайларға үнсіз қалып жатқанын түсіністікпен қабылдаймын:

Біріншіден, бұлар – бұндай белсенділік үшін міндетті түрде таяқ жегендердің ұрпағы. Кейде қорқыныш гендік деңгейге – қанға өтіп кетеді. Екіншіден, біраз жанның тұрмыс тауқыметінің себебінен мұрын сіңбіретін уақыты жоқ, жалақысы жиырма мыңнан сәл асатын не мойнында бірнеше несие бар адамнан қандай белсенділік күтуге болады?!  Үшіншіден, көбі белсенділік арқылы бірдеңе бітіруге болатына сенбейді.  Құдай қабілет берген бетке ұстар азаматтар осы сенімнің пайда боларына негіз жасамайынша бұл үшінші топты да сөгуге еш құқығымыз жоқ. Жалпы қазақ қоғамына келсек, үмітсіз емеспіз, қазақ қоғамы біртіндеп қалыптасып келеді деп ойлаймын. Бәлки, бұған белгілі бір дәрежеде «фэйсбук» сықылды әлеуметтік желілер де оң әсер еткен шығар. Ұйықтап жатқан адамнан атып тұрып, шауып кеткенді күтпейтініміз сияқты, қалғып келген қазақ қоғамынан да ерекше оқыс белсенділікті күткеніміз де әбестік болар еді.

 - Соңғы уақыттарда үкіметте болып жатқан ауыс-түйістерді қалай бағалайсыз?

- Соңғы уақыттарда үкіметте болып жатқан ауыс-түйістерді еш бағаламаймын. Бағалауға тұрмайды.

- Бірнеше айдан соң жұмысына кірісетін экономикалық одаққа қалай қарайсыз? Не күтесіз?

- Бірнеше айдан соң жұмысына кірісетін экономикалық одаққа онша қарамаймын. Кеңес Одағымен және оның мұрагері Ресей федерациясымен одақ құрып экономикалық табысқа жеткен бір де бір елді білмеймін. Біз үшін Түркі мемлекеттерінің одағы немесе өзімізбен терезесі тең, алпауыт емес мемлекеттермен одақ құрған әлдеқайда тиімді болар еді деп санаймын. Ресеймен ортақ шекара мен зорлық-зомбылыққа толы ортақ тарихтан басқа бізде ортақ түк те жоқ. Біздің олардан діліміз, дініміз, тіліміз, түріміз, бәрі де бөлек. Бұл олармен мүлде араласпай керек дегенді білдірмейді. Құдай көрші қылғаннан кейін араласпай қайда барамыз – терезесі тең, екі жаққа да шынымен пайдалы қарым-қатынастар керек-ақ. Бірақ, маған салса, ұзақ мерзімді ешқандай одақты орыс мемлекетімен құрмас едім. Ресеймен жасалған одақтан жақсы ештеңе күтпеймін. Қазір бүкіл әлем дерлік Ресейге теріс қарады. Біздің алдымызда не осы елмен не бүкіл әлеммен жақсы болу деген таңдау тұр. Біздің саясаткер, экономистер дұрыс шешім қабылдап, дұрыс таңдау жасар деп әлі де үміттенемін.

 - Сіздің белсенділігіңіз бір мезгілге жеткенде тоқырауы мүмкін бе, өз посттарыңыздан қандай нәтиже күтесіз?

- Бұл сұраққа, жаңа үшінші сұраққа жауап берген кезде, ішінара жауап беріп өттім. Ненің де, соның ішінде менің де қай кезде тоқырайтын-тоқырамайтынымды бір Алла біледі. Маған салса тоқырай қоймаспын. Постымнан қандай нәтиже күтемін? Әрине, пікірлестерімнің санының артқанын күтемін. Мен кейде постымды қияпырыстандырып, сөз ойнатып шығарып жатамын. Бұны көбінесе қызық үшін емес, қазақ тілінің байлығын, оның сан алуан мағыналы екендігін, бір сөзбен бірнеше мағына беру мүмкін екендігін жастарға көрсету үшін жасаймын. Кейде сөйтемін деп кәдімгі қырт болып кететінімді де білемін. Жалпы, жазбаларымнан бір терең мағына, күшті ой, тағы басқа керемет бірдеңе күтіп қажеті жоқ. Кейде шындап, кейде ойнап бірдеңелерді жазып жатамыз. Өмірдің өзі де сол емес пе? Алысты жақындатқан желіде жүздесу қиын жандармен ой бөлісіп, тіпті шүйіркелесіп-шұрқырай табысып жатасың. Осының өзі ғанибет емес пе? Өз басым «фэйсбук» пен ондағы достарыма ризамын. Осы ФБ-дағы аз-кем белсенділігімді елеп сұхбатқа шақырып жатқан Сізге де рахмет. Ел-жұртымызбен бірге аман-сау болайық!

Сұхбаттасқан: Нұрғали Нұртай

Qamshy.kz

(Әуелгі тақырып: Нұрлан Сәдір: Қалғып келген қазақтан оқыс белсенділік күткеніміз  – әбестік)

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5318