ЕРЛАН ЫДЫРЫСОВ ҚЫТАЙ ЕЛШІСІН ЖЕҢДІ
Бүгін Астанадағы «Алау» мұз айдынында шетелдік дипломатиялық корпустар арасында «Ұлы Жібек жолы» атты үстел теннисінен турнир өтуде.
Шараны «Астана дипломатиялық корпусына қызмет көрсету басқармасы» АҚ мен Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі ұйымдастырған. Турнирді ашқан ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов: «Мен бүгін барлықтарыңызды осынау спорттық шарада көргеніме қуаныштымын. Қазақстанда спортқа ерекше назар аударылады. Елімізде ірі спорттық шаралар өткізіліп, заманауи спорт сарайлары салынуда. Өздеріңіз білесіздер, 2017 жылы Қысқы Универсиада өтеді, сонымен қатар біз 2022 жылы Қысқы Олимпиаданы өткізуге үміткерміз. Спорт барша әлем халықтарын жақындастырады, сондықтан да біз бүгін осында тағы да бір достық қарым-қатынасымызды нығайта түсу үшін жиналып отырмыз», - деп сөз сөйлеген.
«Бұл турнирдің мақсаты - салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ Астанада қызмет етіп жатқан дипломатиялық корпустардың достасып, өзара тіл табысуы. Қыста біз барлығымыз бірге шаңғы тебеміз, ал жазда футбол және басқа да спорт түрлерімен шұғылданамыз. Бүгін үстел теннисінен турнир өткізуді дұрыс деп шештік. Бұл спорт түрі Қытайда өте жақсы дамыған. Сіздердің елдеріңізде де тенниске қызығушылар өте көп. Сондықтан турнир қызықты болып өтеді деп ойлаймын», - деп атап өткен өз кезегінде Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Лэ Юйчэн.
Қазақстанда аккредиттелген 15 шақты шетелдік елшіліктерден 20-дан астам команда қатысқан турнир аясында шараны ашу рәсімі ретінде ҚХР Елшісі Лэ Юйчэнмен үстел теннисін ойнаған Ыдырысов екі ұпай артық жинап, Қытай елшісін жеңіп кеткен.
Абай-ақпарат