Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 8189 0 пікір 20 Тамыз, 2014 сағат 11:50

Кәкен Қамзин. КЕЗДЕЙСОҚТЫҚ ПЕН ЗАҢДЫЛЫҚ

Осы әңгіменің нобайы Орал қаласының аэропортында қойын дәптеріме түсіп еді. Ақпанның аяғы, наурыздың басы болса керек. Алматыға ұша алмай отырмыз – түтеген боран. Көз аштырмайды. Басты кейіпкердің аты да сол жерде ойыма сарт ете қалды. Орал облыстық телерадиокомитетінің төрағасы Наурыз Сыдықов деген аса тәрбиелі, инабатты ағамыз бар еді – сол кісінің есімін сюжетке таяныш еттім. Әрі қарай оқиға өз арнасын тауып жүре берді.

                                                                                                                    

                                                                        (әңгіме)

      Осы аэропорт біткеннің бәрі бір-біріне ұқсас-ау. Қайыр мен Кейптаундыкі, Алматы мен Дүйшенбінікі. Зәулімі де, тәбенегі де. Ұлы қаланыкі де, шағын шаһардыкі де. Қонып жатқан лайнерлер, ұшып жатқан лайнерлер. Қайшалыстың қайнар көзі нақ осында ма дерсің. Адамзат ұтқырлығы, тірі жан сапырылысы да аэропорт сияқты жерде ғана анық сезіледі. Сеңдей соғылысқан халық. Түстіктің ала тақиялары мен терістіктің унталары осы жерде тоқайласады. Баку, Новосибирск, Ташкент, Норильск, Ашхабад, Магадан. Алуан-алуан мегаполистердің аттары эфирді шырқ айналдырады. Париж, Берлин, Пекин, Мадрид, Стамбул, Варшава. Тағысын тағылар. Толассыз келдік-кеттік.

     Аэропорттар бір-бірінен аумайды. Сырты да, іші де. Дауылдан кейінгі ұйи қалу да осында. Дауылдан кейін емес-ау, дауыл ұйлықтырған тыныштық. Қалжыраған, қалғыған жұрт. Асыққанда дүниедегі тұман, бұрқасын біткеннің небір көкесі аэропорт төбесіне төне қалады. Жол бермейді, түге. Жартылысқа әлі де тәуелді екеніңді  енді неге мойындамасқа, осындайда мойындайсың. Табиғат пен аэропорт лауазымыңа пысқырмайды да. Тауыңнан да, тағыңынан да түсіп, рейсін күткен қатардағы жолаушылар қатарына қосыласың. Самолет дегенің аяқ арта салар дербес мәшинең емес.

     Үдеріс пен ырғақ, тыныштық пен сылбырлық – бәрі аэропортта. Қарама-қайшылық, парадокс. Айтқандайын, қарама-қайшылық іліп аларды ілгері басқызбаушы ма еді, динамиканы, дамуды демеуші ме еді...

     Осы күні не көп – жолаушы көп, турист көп, романтиктердің сандалбайы көп. Сен де – солардың бірісің. Жолаушысың, аспанға жалынышты мүсәпірсің. Отыра қалып, бажайлай қарасаңыз, сапаршылардың өзі екі түрлі. Бірі – тызылдақтар, екіншілері – сабырлылар. Тызылдақтар «әрі жылдам, әрі сенімді, әрі жайлы» «Аэрофлотты» жерііне жеткізе сыбап ресторанға тартады, сабырлылар басқа салған соң, не қайран дегендей кітап, журнал қарайды, көз шырымын алады. Бәрінікі бір харекет – уақыт өткізу.

     Осы мына өзімді қай топқа жатқызсам екен, биологиядағыдай бауырымен жорғалаушылардың бәленінші класының түгленінші түрі дегендей. Күлемін-ау, күлкі сенің не теңің, алдымен үйіңе жетіп алсаңшы, сорлы-ау? Омалып отырғаныңа да бір күн. Әбден мезі болдың. Бүйтіп демалғаны бар болсын, бала-шағамды сағындым. Мына жұрт та мен секілді іштей тынып отыр-ау, үйреншікті тіршілігіне, дағдылы күйбеңіне оралғанға не жетсін.

     Жан-жағыма көз тастаймын – қалғып-мүлгіп отырған ел. Менің оң қолтығымнан сәл әріректеу жасы отыздарды алқымдаған ақсары жігіт жайласыпты. Қасы сиректеу ме, қалай? Сол жақ шекесінде болар-болмас сызаты бар. Жирен шашы осы күнгі бозбалалардыкіндей, құлағы мен желкесі көрінбейді. Қадалып қалыпты. Қадалғаны – жасыл мұқабалы екі елі кітап. Бір кітаби ғана, момақан жан болдың ғой деп сырттай тон пішемін тек отырмай. Өзге жастар дуылдасып, жарқылдай күлісіп, сырттағы арбасу мен арпалысты елең қылғысы келмейді, мынау сықылды бұйығы емес.

     Аэропорт, аэропорт, аэропорт. Артур Хейлидің осы аттас роман бар ма еді. Қалай еді, оқиғасы алпыс жетінің қысында басталушы ма еді? Әй, қойшы, соны, әне, біздің рейсті жариялап жатыр-ау деймін. Ия, сәт...

- Москва – Орал – Жезқазған – Алматы   маршруты  бойынша  ұшатын  №511  рейске тіркеу басталды! – деген Домодедово бикешінің сүйкімді сұңқылы құлағыма майдай жағып барады. Жолымыз болғай. Кететін болдық, әйтеуір, ұшатын болдық, әйтеуір. Тексеруден екі мәрте өтіп, тиесілі креслома жайғасқанда барып, дәл қазір қанат қомдарымызға анық көзім жеткендей болды. Әйтпесе, кім білсін... Маңдай терімді сүртіп, салонның бас-аяғына көз жүгірттім. Мәссаған, манағы көршім тағы дәл оң жағыма жайғасыпты. Кездейсоқтықты қара. Қолында баяғы жасыл кітабы. Әкем-ау, осы не оқып отыр, соншама шұқшиятындай қандай детектив. Осы күні елдің бәріне детективтің шалығы тиген. Өзім де кітапқұмармын.

-  Ғафу етіңіз, қызық пе екен? – мынау нақұрыстың сұрағы болды енді, не шаруам бар

еді?

- Ағасы,      орекеңдердің     Шукшині     ғой,   «Айлы     түнгі    сұхбат»    қой,    ермек болсын дегенім ғой, - деді де қойды. Үнінен мазамды алмаңызшы, жайыңызға отырғаныңызға не ақы аласыз деген тілек аңғарылады. Е-е, қойсақ қойдық. «Ғой» мен «қойды» жиілетіп жібереді екенсің, француздарша «р» дыбысына «ғ» дыбысын араластыра сөйлейді екенсің  дедім іштей ерекше белгілерді тізбелей. Мені де профессионал дейді-ау, өзім де «қой» мен «ғойға» ауысып бара жатқаннан саумын ба? Қой, жарқыным, мызғып ал деп өзімді өзім үгіттей бастадым.

     «ТУ-154» - ің жайлы ғой, шіркін. Самауырын қайнағандай болар-болмас ызылы ғана, жүрісі білінбейді. Тіпті бір орнында қалықтап тұрғандай. Еш аңғармайсың. Биіктік пен қашықтыққа мұрын шүйіре қарайсың. Солай, әне, құшақ-құшақ километрлер бұрынғы билігінен айрылған, адам психикасы қара жердің бетімен емес, зеңгір көктің астымен зымырауға әбден дағдыланып алған. Шақырымдар щарттылықққа айналды. Түске таман Алматыдан шығып, кешке қарай Мәскеу шайына ілігесің. Рас-ау, осы... Әне-міне дегенше, әп-сәтте Алматының дәл төбесінен дік етте түстік. Кәдімгі күнде көріп жүрген өз қалам. Күз ортасының қаласы. Басқа жақтан да келмеген сықылдысың. Қоңыржай түн, шамдары жарқыраған қоңырқай көшелер. Аэропорт пен қала арасына  қатынайтын жүрдек автобус зырылдатып отырып үйдің жанына әкеліп тастады. Бала-шағама базарлығымды үлестіріп, мәре-сәре болып жатырмыз. Ой, дәурен-ай, осының өзі бір ғанибет. Елуге ентелеген шақта отбасы қызығын он жұмаққа да айырбастамайсың. Кім не десе, о десін, өз жөнім – осы.

     Алдыға ас та келді. Әйелім шәй құйып отырып:

- Қатқан «Европа» стенкасын тықтырып қойдым. Соған пұл керек боп тұр. Қарастыр бір жерден, - деді.

- Оны қайтпексің, осындайды екі жыл бұрын алған жоқпыз ба? Сонда мыналарыңды отқа жағасың ба? - дедім журнал қарай отырып.

- Елден   кембіз   бе,  ана    Фтордың   төрінен  «Адмиралды»  көріп,  шалқамнан  түсе жаздадым. Қалай қатардан қаламыз. Келген жұрттан ұят. Ана біздегі жаман-жәутік музыканттардың өзі «Дрезден» мен «Зальцбургті» алып жатыр, алып жатыр...

-  Құлақ  етін  жемеші, ызыңдамашы, бүгін  түні өліп қалмасақ, ертең де күн бар ғой, - осылай дедім де шынаяғымды төңкердім. Олай демей гөр, түн ұйқыңды төрт емес, сегіз бөлер.

     Ертеңінде прокуратурадағы қызметіміе кіріп шықтым. «Демалыста жүрген адамсыз, Нәке, ешкім мазалаған жоқ. Орталық Комитет жақ та тыныш. Қам жемеңіз, сізді жоқтатпаймыз», - деп жатыр жалтыр бас көмекшім. Бопты, дұрыс екен. Жарайды, абажадай кабинетте тектен-тек отыра беру жөн бола қоймас мына кісіге сенбегендей. Қызметкерлерден ұят-ты. Бір қағаздарды алуға ғана келіп едім дейін де кетейін. Гараждан мәшине шақыртайын.

     Алматы шетіндегі бұраң-бұраң көшелерге түсіп ұзақ жүрдік. Ақыры күншығыс жақ төбедегі зиратқа келіп тұмсық тіредік. Мана балалар мен жасөспірімдер театры артындағы гүл базарынан бір шоқ қызыл раушан сатып алғанмын. Бұл жерде менің жалпақ дүниедегі ең жақыным – анам жатыр. Алыс сапардан оралғанда осында бір соқпай кетпеймін. Келіні мен немерелері мұнда ат ізін салмайды. Әжесінің тәрбиесін көрген үлкен қызым келіп тұрушы еді, тұрмыс құрғалы ол да қойды. Өзінің мамасы болмағасын қайтсін, өз шешесі тірі.

     Өлілер басына гүл әкелу қазақ дәстүрінде жоқ. Бірақ менің шешем көзі тірісінде хош иісі аңқыған раушанды өлердей жақсы көруші еді. Қолымдағы гүлгүлді тықыр шөп басқан төмпешік үстіне қойдым. «Мен келдім, апа». Шляпамды алып орындыққа отырдым. Жым-жырттық, күздің жылымық күні. Оны бұл жарандар қайтсін, пәни қызығына қайта қалай қол созсын. «Ұмытпасаң бопты» дегендей мылқау төмпешік. Сұлық түскен дүние. Тыныштық. Қай жердің моласын көрсең де осындай. Бір-біріне ұқсайды. Анау жерде зират жұмысшылары шым қопарып, дәм-тұзы таусылған біреуге орын сайлап, әлек болып жатыр. Сонадайда қайтып бара жатқан қаралы шеру. Дариға-ай, үлкен мен кішінің, ұлы мен сұмырайдың бас қосар жері, теңелер жері, міне, осы-ау. Зират-ау... Аңғарсам, мұнда да өзіндік субординация бар екен. Мықтылар моласы әлі де мықтылықтан кенде емес, еңсесі биік ескерткіш, әшекейлі-бояулы, «Өлгеннен кейін де біз аруақтар әлемінің төріндеміз» деп тұрғандай. Менің апам ғой, менің апам, шап-шағын темір шарбақтың ортасында. Жалғыз адамға арналған мәңгілік түрме. Зират аэропорт емес. Сапырылысудан ада, қайта оралу жоқ... Бәріміз де, ерте ме, кеш пе, осы төбешіктен табылармыз. Мен де, сен де. Анау да. Мен кіммін осы? Адам баласымын. Мен кімнен кеммін осы? Ешкімнен кем емес шығармын. Менің анам ше? Ол кісі заты бөлек жан еді ғой, мен үшін ұлы тұлға еді ғой. Ендеше, мен оны неге кішірейтем, менің шешемнің зираты осы жұпыны қалпында қала бермек пе? Жетімсіретіп қоям ба? Қой, ағашы құрысын, мүлігі құрысын. Дүние өртеніп кетсе де мына деген ескерткіш жасатамын. Тоқтай тұрыңдар, бәлем, көрерміз әлі-ақ... Дұрыс, осың жөн деп өзіме өзім дем беремін. Көптен бері ұстатпай жүрген қылмыскерді қолға түсіргендеймін. Ол кім? Не болмаса, талай жыл адасып жүріп, енді дұрыс шешім тапқан ғалымға ұқсатамын өзімді. Қылмыскер де, ғалым да – менің өзім. О, тоба! Өзімді өзім ұстадым...

     Қас қарайып қалыпты. Ақырындап сыртқа беттедім. Тірі адам тірлігін жасайды. Жел соғып тұр. Күз ызғырығы, мұздай жел, сай-сүйегіңнен өтеді. Тура көрден соғып тұрғандай.

-  Сәлеметпісіз,  ағасы!  -  қайдан   шыққан   үн?  Состиып   тұрып   қалдым. Ау,  мына қызықты қара! Самолеттегі ақсары танысым әлгі. Не дерімді білмей сасып қалдым.

-  Ағасы, мен сізді бағана көрдім ғой, ұзақ отырдыңыз ғой, шамасы, жақыныңыз ғой, - деді ақсары жігіт бұл жолы таңданарлық сөзшеңдік танытып.

- Иә, айналайын, шешем ғой, жатқан жері жайлы болғыр.

- Сіздей баласы бар ол кісі бақытты ғой, - деді ол менің апамды тірілер санатына қоса сөйлеп. - Менің де анам осында. Сағынып қалыппын. Ресейдегі Қасым қаласында тұрамын ғой. Сіз секілді біраз мұңдасқым келді ғой. Ал, ағасы, танысып қоялық, менің атым Наурыз, өзіңіздің ныспыңыз ше?

     Апырмау, аппай, мынау зауал болмаса игі еді. Толып жатқан неткен сайма-сайлық, неткен дәлме-дәлдік. Сескенбейін десең де болмайды, Аузыма сөз түсер емес. Расында да...

- Менің де атым Наурыз, адаш, аттас болдық, -  дедім  дауысым  қалтырай.  Ол  бәлен демеді. Бұл ұқсастық оны селт еткізбеген сияқты. Мен оның бетіне ұзақ қарадым, анықтай қарадым. Ойлы жүзді, көңілі жүдеу адам. Қасына отырдым, темекі тұтаттым. Қара мәрмардағы орта жастағы әйел суреті екеумізге мүсіркей қарайды. Екі Наурызды да аяйтын сықылды. Аналардың бәрі аяушылықтан жаратылған-ау осы.

     Кіші Наурыз маған қарады.

- Мен   әнеу   күні   Василий   Макарович   Шукшинді   оқып   отырдым   ғой.  «Айлы түнгі сұхбат» қой. Ең соңғы әңгімесіне «Зиратта» деп ат қойыпты. Сонда мынандай жолдар бар, ағасы: «Өз басымды зиратқа белгілі бір мақсат жетелейді. Осынау төмпешіктер арасында еркін де оқыс ойлар келеді». Қалай тауып айтқан. Осындай жерде ғана алды-артыңа қарамай терең ойға шомасың. Ойың да, бойың да тазарады. Секемденбей, үрейленбей батыл сілтейсің. Шіркін, мүндай ашықтыққа не жетсін... Ағасы, менің көзім көркем әдебиетпен ашылды десем де болады. Өзім оқыған кітаптардың беттерінде біз сияқтылардың «былшылдапсың, бәрі жалған» деген резюмелері өріп жүретін. Көсемсіген бозбалалар мен қыз-қырқынның нигилизмі де баяғы. Өз басым ондай шатпақтардан аулақ едім. Шешемнің арқасында кітап сыйлап өстім. Шукшиннің әлгі әңгімесі маған қатты әсер етті. Қай-қайдағылар есіме түсті. Мен, ағасы, шешемнің о дүниеге аттануына себепші жандардың бірімін десем де болады. Оның жыры көп. Сіз, неге екенін білмеймін, маған ұнап отырсыз. Егер сіз жазушы болсаңыз, сентименталдық шағын әңгімеге сюжет тауып берер ем, - деді кіші Наурыз күрсіне отырып.

     Мен жазушы емеспін дегендей басымды шайқадым. Оған бәрібір секілді. Әйтеуір, біреуге айтылатын әңгіме ғой түбінде. Тыңдайын. Ол орамалымен алақанын ысқылай отырып, әңгімесін онан әрі сабақтады.

- Мен  осы  Алматыда туып-өстім.  Әкем трамвай жүргізушісі болатын. Ол кісі жақын туысымдай ғана есте қалыпты. Ол бізден бөлек тұратын, оның себебін осы күнге дейін білмеймін. Шешем де маған ашып айта қоймады. Әкем маған өмірі ықылас білдіріп, бауырына тартқан емес... Шешем ажарлы кісі еді. Мына сурет жасы ұлғайғанда түскені ғой. Мен бес жасқа келгенде әкем дүние салды. Ол кісі Ташкент даңғылындағы ескі зиратқа жерленді. Шешем марқұм мұнда. О дүниеде де бастары бірікпеді. Солай, солай. Шешем мұғалім еді, Осындағы бір мектепте химиядан сабақ беретін. Мені адам қылып шығаруға бар күш-жігерін жұмсап бақты марқұм. Есейген кезім, бәрін түсінем ғой. Бізді тастап кетті екен деп шешем әкемді әсте жамандамайтын, қайта, жақсы қылықтарын еске алудан еш жалықпайтын. «Сенің әкең аса момын, адамгершілігі мол жан еді», - дейтін. Бұл сөзіне бұлқан-талқан болатынмын. Төрелігін өзіңіз айтыңызшы, отбасынан безіп кеткен жанды адамгершілігі мол еді деудің өзі моральға маңайлай ма? Маңайламайды. Менің о кездегі түсінігім сондай, оқтай түзу болатын, біржақтылық қой, әрине. «Сенің әкеңе мен сүйіп қосылдым. Әйтпесе университетте оқыған кезімде бір галоген, химиялық элемент өлердегі сөзін айтып бес жыл жүрді», - деп күлетін. Сөйтсем, сондай бір кісі бар екен, қазір профессор, бір факультеттің деканы көрінеді. Аты кім еді, жаңа ғана тілімнің ұшында тұр еді. Апырай, осы...

     Мені тағы үрей билей бастады. Мына жігіттің айтып отырғаны біздің тапалтақ Фтор екендігіне шәк келтіргенім жоқ енді. Сенер-сенбестей:

-  Бәлки, Фтор Демеуов шығар, - дедім. Басқа  біреуді атар деген түйірдей үміт сәулесі

лып-лып еткендей ар жағымда.

-  Дәп өзі, оны  сіз  қайдан білесіз? Фтор  Пішпекұлы Демеуов. Әй, бірақ ондай белгілі адамды білмей сізге не бопты. Бірақ мәселе онда емес. Шешем екеуміз ел қатарлы түтін түтетіп жаттық. Мен ержеттім, орта мектепті медальмен бітірдім. Сол жылы КазГУ-дің заң факультетіне оқуға түстім. Бәрі шешемнің арқасы, өзімнің өлермендігім. Ешкімнен кем болғаным жоқ. Материалдық жағын айтпаймын. Сүйенері жоқ бала қайсар боп өседі екен. «Ә» десе, «мә» деуге даяр тұратынмын. Шешем марқұм мені шпана болып, көше кезіп кете ме деп безек қағатын. Осы күні телевизордан «Адам және заң» циклынан жап-жас қылмыскерлерді көріп жүрген боларсыз. Мен солардың жасында едім. Әйтеуір, абырой болғанда, ештеңеге ұрынбадым, ешкімге соқтықпадым. Бірінші курсты ылғи «беспен» бітіргенімде шағын той жасадық. Өзімізге жақын кісілерді ғана шақырдық. Дастарханымыз аста-төк болмағанымен көңіліміз кереметтей шалқыды. Шешем өзінің сүйікті «Ләйлім шырағын» айтып отырды. Шіркін-ай, қараған екеш қараған да өз жерінде дүрілдемей ме... Өз ортаңа не жетсін. Енді, міне, бөтен елдің ішінде жатырсың, қайран шешем, бейбақ анам. Ұлың да бөтен жұрттың бодауында жүр...

     Ол маңдайын сипап әлденені ойына түсіргендей біраз отырды. Онан соң иығын езіп тұрған зіл-ауыр салмақтан арылардай қос жауырынын қозғап-қозғап жіберді, онан соң барып:

- Сіз  де  студент  болған шығарсыз, ол ешқашан ұмытылмас шақ қой. Ол жылдардың

қайта оралмайтыны өз алдына. Жолдас, дос қаншама. Камал деген досым бар менің, қазір Талдықорғанда тұрады. Тамаша әнші, сауықшыл жан, қаладғы ойын-тойдың туы. Бір күні өнер институты, қазір қайтадан консерватория аталыпты ғой, студенттерінің Жаңа жылдық кешіне қоярда-қоймай ертіп барды. Ондай жиынға баруым алғаш рет емес-ті. Бірақ дәл, дәл сол кештің менің өмірімде өшпестей із қалдыратынын білсемші сол уақытта (ол әлдебір шапағатты сәттерін еске алғандай сүйсінерліктей жымиып қойды). Шейк, твист, рок-н-ролдың түбін түсірдік. Вальспен қоса басымыз шыркөбелек айналды... Айтпақшы, сіз жалыққан жоқпысыз? Кеш батып келеді. Онанда ойға түсіп, әңгімемізді бір жылылау жерде, мәселенки, ресторанда жалғатырсақ қайтеді? – деген ұсыныс айтты. Оп-оңай көне кеттім. Мен білсем, адамның өз қылықтарын өлшеп-пішіп жатпайтын кездері де болады ғой...

- Мен онымен сол кеште таныстым, дәлірек айтсам, Камал таныстырды. Бірден құлап

түскенімді алғашында мойындағым келмеді. Қайтейін, әй-шәйға қарамай ала жөнелсе. Әлия екен ол қыздың аты. Мына қызықты қараңыз, менің шешемнің де аты Әлия. Ғашықтық жырларындағыдай біраз уақыттан кейін ес-түстен айрылдым. Ондай иірімге түскен адам не құриды, не бақыт құсына қолы жетеді. «Махаббат – адам баласының ең  ұлы туындысы», - депті ғой бір данагөй. Осы сөздің ақихатқа қаншалықты жуық екенін білмеймін, бірақ сүйіспеншілік адамның өзін данышпандар қатарына қосатынына әлі де сенемін. Философтардай өз тезистерімді шатпақтап кеттім. Айып етпеңіз. Сіз тамақ ала отырыңызшы. Сонымен ол композиция факультетінде оқиды екен. Айлар өте бір-бірімізді көрмесек... Иә, дұрыс айтасыз, тұра алмайтын болдық. Келе-келе оның «Пинкертон, Пуаро, Мэгре, Плевако» деген әзілін естімесем, қоңылтақситын болдым. Сағынатынды шығардым. Оңашада, үйде отырғанда оның скрипкаға арналған шағын пьесаларын тыңдайтынмын. Иә, магнитофонға жазып алғанмын, өзі орындаған. Таласып та, бұртиысып та қаламыз. Ол Алемдар Караманов сияқты модернге іш тартатын сияқтанатын, мен болсам ұлттық дәстүрді ұнатамын. Бірақ біз үшін бұл не, тәйірі. Әлияны мен жанымдай жақсы көріп кеттім. Не үшіні несі, ағасы-ау? Оны қайдан білейін. Не үшін ғашық болғанын білетін адамға мен ат басындай алтын берер ем. Ол да мені сүйетін. Рас айтам. Күздің осындай бір түнінде:

- Наурыз, мен сені сүйемін.  Сен  сенесің  бе?! Алыстап  кететін  секілдісің сен менен.

Қорқамын, бойымды үрей билейді, - дегені бар мойыл көздері шарасынан шығып. Сол кезде-ақ жарқыраған күніміздің баянсыз екенін сезген екен ғой байқұс қыз. Мен сырт сипатқа мәз боп жүріп, ішкі сырға үңіле алмаппын. Көңіл аудармаппын.

     Кіші Наурыз сол бір дүдамал шағын қайта еске алғандай шанышқымен алдындағы мәзірін шұқылап біраз үнсіз отырды. Мен де жарытып ештеңе айта қоймадым. Тыңдап қана отырмын. Бейтаныс адамға ілесіп ресторанға келгенім не деген ой мазалайды ана жағымнан да, мына тұсымнан да. Дегбірім қаша бастады. Іштей әй қойшы, болары болды, күттім ақырын деп орындығымда бір еңкейіп, бір шалқайдым.

- Әне-міне дегенше, екі  жыл  зымырап   өте шықты. Шешем  зейнетке шықты. Ауыра

беретінді шығарды, - деп ақсары жігіт әңгімесін сабақтады. - Ана-мынаны айтып қыңқылдауын көбейтті. Өзім отбасы қызығын көре алмадым, ең бомаса келін жұмсап қалайын. Қос Әлия болып жарасып отырайық, алып кел деп күнде мазамды алады. Қабыл алдым, қабыл алмай қайтейін. Шешеме уәде берсем де жайымды Әлияға имене-имене жеткіздім. Ол мені жаңа көргендей күлімсірей ұзақ қарады. Я жоқ, я жарайды демеді. Мамасымен ақылдасатын болды. Дұрыс қой, туғана анасынан асып қайда барады, ата-анасының ақ батасын алмаған қыз оңа ма. Мен, шындығын айтсам, оның әке-шешесін де, қайда істейтінін де білмеймін. Оның маған бір тиынға қажеті жоқ.

     Ертеңінде бас поштаның қасындағы университет скверінде жолықтық. Әлияның жүзі өрт сөндіргендей. Ішім мұздап сала берді, бір сұмдықтың боларын сездім. Еске алудың өзіне жиренем қазірдің өзінде, жаным түршігеді. Әлияның шешесінің айтуынша, мен оның қызына тең емес екенмін. Сіз сенесіз бе, біздің мына заманда сондай тоғышарлар бар екеніне? Бар! Бас шайқап отырсыз, сенбейтін сықылдысыз. Әрине, нану қиын. Жабайылық па, топастық па – имансыз бірдеңе. Алғашында мен де өз құлағыма өзім сенбедім. Әлияға: «Сен ше, сен өзің не дейсің, сен қай жақтасың?» - деп тепсініп тұрып алдым. Ол мойныма асылып, жылап қоя берді. Айтып едім, сол тексізбен қол ұстасып кетсең, асылып өлем деді деп солқылдап қоя берді. Мамам рұқсат бермесе, мен келісе алмаймы, Наурыз, деді. Бұл – қорлау, қорлаудан да зорғы нәсте, менің ойымша. Шыдай алмадым, морт сындым. Иілуге көнбейтін албырт шақ қой. Олай болса, сенің сүйемін деуің жалған, енді сенің бетіңді көрмеймін деп атып тұрдым орнымнан. Бәлкім, одан да ауыр сөз айтып жіберген болармын. Ашу үстінде не демейсің. Ондайға шыдаудың өзі мүмкін емес. Сүйтіп, махаббатты ар-намыс жеңді... Төзе алмадым. Бір көңілім қалған адамға ішім сирек жылиды. Содан көрмей кеттім... Иә, сонан соң не болды дейсіз бе? Сонан соң...

     Үйге қалай жеткенімді білмеймін. Үсті-басым малмандай. Шелектеп құйған жаңбырды да сезбеппін. Дақ бір мен үшін көз жасын көл қылғандай мына аспан. Шешеме бәрі ойдағыдай болады деп кеткенмін. Ендігі пошымым мынау. Ерке жетім боп өссем де бұндай соққы көрмеп ем, бетім қайтпап еді мұншалық. Мыналары өтіп кетті, жер қып кетті.

     Іші білген болу керек, шешем тырс етпеді. Жым-жырт. Тым-тырыс. Жынданып кете жаздадым. Тыныштықты да тыңдауға болады екен, ағасы, бірақ мен соны жаратпаймын. Шағын бөлмеде шешем екеуміз ғана. Есірік басым бейкүнә анама барып соқтықтым. «Не ғып үндемей қалдың? Балаңды тексіз деді, сүмелек деді. Сенің ақылың болса, баяғыда әлгі химия элементіне тие салар едің ғой. Қай-қайдағы трамвай жүргізуші сорлыға қосылып. Онысы бізді тастап кетеді тағы!» - деп булықтым. Өкіріп жылап жүрмін. Шешемнің шапалағы бетіме шарт ете түскенде, аздап есімді жиғандай болдым. Жағымнан отым шықты. Кішкентай кезімде де маңдайымнан шертіп көрген жоқ еді. Анам марқұм кең кісі еді ғой. Ақырын айтты: «Байы өлген қатындай озандама, балам. Мен дүние-мүлік, атақ-даңққа қызықпаймын. Әкеңе тіл тигізуші болма өмірі, оның еш жазығы жоқ. Бәрі сенің өрісіңнен әрірек. Бәрінен де ар-намыс, адамгершілік биік. Үһ! Шәкірттеріме осыны үйретуші едім, егер өз балама оны ұғындыра алмасам, менің ұстаз деген атым қайсы. ҮҺ!» Анам ауыр күрсінді. Мен сорлы ана жүрегіне жазылмас жара салғанымды білмеппін ғой сол мезетте. Диван үстінде бүктүсіп жата бердім. Анам тағы ауыр күрсінді. Орындық сықыр ете түсті. Жалт қарадым. Шешем орнынан сырғып бара жатыр екен. Оң қолымен жүрек тұсын ұстай берді. Атып тұрып құшақтай алдым. Үзіліп бара жатқан анамның аузынан бір-ақ ауыз сөз шықты. «Кіші апа», - деді, деді де дір етіп барып басылды. Ақырғы демі таусыларда өз шешесін қасына шақырды, бірақ өзі кетті қасына. Дәрігерлер инфаркт деді, инсульт деді. Оның не керегі бар енді. Үһ... Екі күннен кейін жамбасы жерге тиді. Сүйтіп, бұл дүниедегі жалғыз жақынымнан айрылдым. Ең болмаса менің қызығымды көріп, немере сүйіп аттанбады-ау. Өзегімді сол өртейді. Қайғы мен қасыретімді айтып қайтемін. Сол жалғыз қалған қаралы күндерімде жұбанышты тағы кітаптан таптып. Хемингуэйдің: «Қайғы-қасыреттен өлім ғана айықтыра алады, ал басқаның бәрі оны тек жұмсартады, бәсеңдетеді... Қайғыға уақыт та емші дейді ғой, егер оған өзіңнің өліміңнен өзге нәрсе шипа болса, онда сенің қасыретің шын қасырет болмағаны», - деген түңілу сөздерінің астын сызып қойдым. Бір сәт менің де өлгім келді. Күнәм таудай. Бірақ жан беру оңай ма, тәуекел ете алмадым. Шынымды айтсам. қорықтым. Өлімнен тайсалмайтын кім бар?..

     Енді Алматыда қайтіп қалайын. Сырттайға ауысып, алыстағы құрылсқа кеттім. Оқуымды жақсы бітіріп шықтым. Іштегі жара жазылған секілді. Кейін бәрін ақылға салсам, менікі ұшқалақтық екен. Ақылым түстен кейін кірді. Бел шешіп күресуім керек еді. Өзім үшін, Әлия үшін. Ашудың жетегінде кетіппін, енді не пайда бармақ шайнағанмен. Оралмас нәрсеге өкіндің не, өкінбедің не... Қазір Касимовада прокурормын, қылмысты істерді қадағалаймын. Соның бәрін анам қадірлейтін Адамгершілік таразысынан өткіземін ылғи. Солай, ағасы. Ал ана Әлия тұрмыс құрыпты. Зебраға ұқсас бір аспирант жігіт бар болатын. Алапес киімге құмарлығы үшін алған аты да. Осындағы бір сабаздың баласы дейтін. Қыздар жағы оны ғажап көретін, оригинал дейтін, өздері дедектейтін соңынан. Ен байлыққа күмп ете түскісі келетін. Ал, меніңше, ол әке даңқын жамылған  кәдімгі ынжық ұрпақ. Одан басқа дәнеңе емес. Қызғаныштан бекерлеп отырғам жоқ. Сіз дұрыс түсініңіз. Әркімнің потенциалы, ой-өрісі деген бар емес пе? Әке бағы инерциясымен келе жатқан жанның бірі. Солай, ағасы... Дәм ала отырыңыз. Мен де үйлендім. Жо-жоқ, орыс емес, құдай сақтасын, өзіміздің Ноғайлы, ноғай қызы. Өзіміздің Орынбордың тумасы. Екі балам бар. Суреттері мінеки, төс қалтамнан өмірі тастамаймын Қалай, ә? Әйелім әсем, ұлдарым ақылды, маңдайлары кереқарыс... Осылай болған, ағасы. Мына ініңіздің қысқаша өмір тарихы осы. Уақытыңызды алғаныма айыпқа бұйырмаңыз... Әйтеуір, бір кісіге жайымды айтқым келді, мұңымды шаққым келді. Ондай-ондай сізде де болатын шығар... Ал, жеңгей, үкіміңізді айта беріңіз, - деді ол даяшыны шақырып.

     Біз орнымыздан тұрдық. Ұзақ қоштастық, жылы қоштастық, туыстардай қоштастық. Жолшыбай менің ойыма Марк Твеннің бір әңгімесі түсті. Оның ұзын-ырғасы мынадай. Бір кісі адамзат баласы тарихында ең ұлы қолбасы кім болғанын білгісі келеді. Біреулер оның қайтыс болғанын, енді оны о дүниеден іздеу керек екенін айтады. Әлгі қуаяқ о жаққа да жетеді. Ұжұмақ қақпашысы әулие Петрден керек адамының қайда екенін сұрайды. Ол анадай жерде тұрған адамды көрсетеді.

- Қойыңыз, бұл кісіні мен көзі тірісінде білетінмін. Бұл қарапайым етікші болатын.

- Рас  айтасың. Егер  ол   қолбасы  болғанда, сөз  жоқ, теңі  табылмас  еді. – деп жауап

беріпті Петр әулие.

     Кездейсоқтық па, заңдылық па? Реті келгенде, сен де жақсы жар болар едің кіші Наурыз! Ең маңдайалдысы болар ең деймін өзіме өзім күбірлеп. Үйге де күбірлей кірдім. Ұсқынымнан әйелім шошыды.

- Зебра үйде ме?! – дедім зілдене.

- Қайдағы  зебра? Зоопарк  қой  деп  пе  ең?!  Өзіңнің   денің   сау  ма? Түн  ортасында

келуді қайдан шығардың?! Гарнитурға ақша таптың ба? - әйелім қолындағы шәйнегін плитаға тарс еткізді..

- Әлия қайда? – дедім ақырын ғана.

- Қайда  болушы  еді. Қызың  мен  күйеу бала құдалардыкіне кеткен, - деді әйелім сәл

жұмсара.

- Кеткен  екен  ғой  әкесінікіне.  Сол  Фтордыкіне  неге  тұрмайды  осылар?  Зебрадан

аумайды. Мықтының сағыз ұрпағы. Қандай контраст. Әкет әрі пижаманы. Алапес болғым келмейді. Осы біз не боп барамыз, бәйбіше? Кездейсоқтық дейін десең, заңдылыққа ұқсайды. Заңдылық дейін десең, кездейсоқтықтан аумайды. Ақыл-ой бойламайтын бірдеңе. Ә-е-е, кездейсоқтықтың жиі қайталанғаны – заңдылыққа айналғаны. Философтар солай дейді, бәйбіше. Оны сен білесің бе, білмейсің, білгің де келмейді. Осы сен ертеңнен бастап сапарға шықшы, аттаншы самолетпен бір жаққа...

Орал, 1979 жыл.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5297