Кіші Буш жазған әкесі туралы кітап миллион данамен сатылады
АҚШ-тың 43-ші президенті кіші Джордж Буш әкесі, Американың 41-ші президенті үлкен Джордж Буштың өмірбаянын жазып шықты. Кітап ағымдағы жылдың қарашасында оқырман қолына тимек. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
«Джордж Герберт Уокер Буш - ұлы қызметкер, саясаткер және әке. Оның өмір тарихын жазып шығу маған ұнады және оқырмандардың барлығына да оның ұнайтынына үміт артамын», - деген кіші Джордж Буш.
Кітапта 41-ші президенттің өмірі мен қызметтік мансап жолы кеңінен қамтылған. Өмірбаянды жарыққа шығаратын Crown баспа үйінің ақпаратына қарағанда, кітап 11 қарашада, АҚШ-тағы ардагерлер күнінде оқырман қолына тиетін болады. 300 беттік кітаптың алғашқы таралымы 1 миллион дананы құрайды, бұған қоса аудиокітабы да жарыққа шықпақ.
Үлкен Джордж Буш 1989-1993 жылдары АҚШ президенті болған еді. Сонымен қатар ол 1981-1989 жылдары Рональд Рейган әкімшілігінде вице-президент болған. Бүгінде ол паркинсон ауруына шалдығып, мүгедек арбасына таңылған.
Абай-ақпарат