Жұма, 22 Қараша 2024
Анық 7428 0 пікір 15 Шілде, 2014 сағат 12:15

Жолтай Жұмат. Ел мен Елес

Ел мен Елес

(мінездер миниатюрасы)

 Қазақтықтан сақтану

Ауырып қалдым. Жүрегім сыр берген тәрізді. Сол құрғырға сонша салмақ салып жүр екенмін деп ойласамшы!

Содан не керек, ауруханадан бір-ақ шықтым ғой.

Дәрігерлердің қолына түскен соң, тосыннан жабысқан сырқатқа шипа іздейді, ауруыңды жеңілдетуге тырысады. Арада бірер күн өткенде әжептеуір ес жинап, қайтадан өз-өзіме келіп, оң-солыма қарадым.

Палатада екі кісі екенбіз. Өзі тым кәрі де емес, менімен жасы шамалас. Аты-Арыс екен. Ә дегеннен әңгімеміз жарасып-ақ кеткен тәрізді еді, бірақ уақыт өте келе пікіріміз қайшыласып та қалып жатты. Орысшалау болып шықты, екі ауыз қазақша айтса, үшіншісі – орысша... Маған осы қылығы ұнамады да, амалсыз ішімдегіні айтып салдым.

– Әй, достым! Сен таза қазақша сөйле, не болмаса... 

– Өзім білем...

– Жоқ, ана тілін бұлай қорлауға болмайды. Тіпті сөйлей алмайды екенсің, біржола орысшаға көш!...

– Өзімнің шаруам дедім ғой жаңа!

Мен тоқтамасам, тіпті дауыс көтеріп, керілдесіп ала жөнелуге де әзір тұрғандай көрінді.

Сосын амалсыз өзімді-өзім сабырға шақырған болдым.

*   *   *

Бөлмеде жалғыз теледидар бар еді. Кешкісін екеуміз жата қалып кино, не басқа бір қызықты хабар көреміз. Әуелде өйтіп-бүйтіп ортақ келісімге келіп жүр едік, бір күні тағы да ойда-жоқта талас туындап кетті.

– Орыс фильмін көрейік, – деді Арыс.

– Жоқ, қазір қазақша хабар басталады, онда ұлттық салт-дәстүр туралы мәселе көтеріледі, – дедім мен.

– Әй, Талас! – деп Арыс маған едірейе қарады. – Осы сен неге қазақтығыңды алға тарта бересің, а? Тілді таза біледі екенсің, сол да мақтаныш болып па!

– Мен не деп мақтаныппын! – дедім түкке түсіне алмай. – Жазығым-қазақша хабар көрейін дегенім бе?

– Жоқ, сен күннен-күнге менің ит жынымды келтіріп барасың. Тіл, дәстүр деп малтаңды көп езіп болдың-ау! Соны білетін жалғыз өзің сияқтанып...

– Енді... білетінімді айтсам да жазықты болам ба! Қазақтың дәстүр-салтын біз ұсатанбасақ, кім ұстайды? Тіл мәселесін біз көтермесек, кім көтереді?

– Әй, қойшы! – деді Арыс. – Қазақы дәстүрі сақталмаса, қазақ аштан қырылып қалар деп пе ең! Қазақ тілі болмаса, қазақ ел болудан қала ма екен!...

– Әңгіме міне, тап осында, – дедім мен оның ашуын баса сөйлеп. – Ұлттың қай кезде де көзге ұрып тұратын белгілері солар ғой.

Арыс сонда да басылмады.

– Біз тілді, салт-дәстүрді айта-айта бүгінгі жастарды әбден мезі еттік. Қазір көшедегі кез-келген жасөспірімді тоқтатып «сен таза қазақсың ба» десең, тұра қашуға әзір тұрады. Неге?

 – Бәсе, неге! – дедім мен де жағаласа. – Бәсе-ау, олар неге сөйтеді? Өйткені сіз бен біз осы ұлтты шын сүйе алмай отырған жоқпыз ба? Үлкені шөре-шөре болып жатқанда жастары қайда барып оңады!

Менің бұл сөзім де Арыстың жүрегінің түбіне жете қоймаған тәрізді. Ол тағы да ашуға басты.

– Қазақты сақтау – ол қазақтықты сақтау емес қой, - деді. – Қазақ қай тілде сөйлесе де, өзінің қазақ екенін білсе болды. Соны ұмытпай жүрсе, ол жаман ба?

– Жаман емес, - дедім мен. – Тіпті де жаман емес. Бірақ тілі мен ділінен айрылған қазақты қазақ деп айтуға болар ма екен сосын!...

–  Міне, – деді Арыс. – Міне, сендер осындайсыңдар! Сендерге салса-қазақтықты сақтау  қазақ болудан да қиын. Мен осы күні қазақтықтан сақтанудан қорқа бастадым. Шын сөзім – менің кеудемде үлкен үрей бар...

Бір палатада жатқан сырқат танысымды, имандай шыным, мен мүлде түсіне алмадым. «Не дегеніңді ұқпадым» дейін десем, тағы да қаны басына теуіп, тулап кетер деп қауіптендім.

Сосын үндеген жоқпын.

*   *   *

Осы сіз, оқырманым, қазақтықтан сақтану дегенді қалай түсінесіз,а?

 


Ақырзаманды күткен адам

 

Оның тұла бойы толы қорқыныш. Не туралы айта бастаса да, сөз аяғы-ақырзаманға келіп тіреледі.

– Заман мынау, – дейді ол. – Заман бұзылды. Жастардан ұят кетті. Үлкендер сөзден тайды.

– Бәрі емес шығар, – деймін сөзін бөліп. – Көпке күйе жағуға бола ма!

– Ол ғана емес, табиғат та бұзылды, – дейді ол. – Қыс ортасында жаңбыр жауғанын көргенің бар ма! Немесе, көктемнің жазға ұласар шағында қар жауғаны сұмдық қой.

– Енді табиғатта бір өзгеріс болып жатқан шығар, – деймін мен. – Сонша үрейленетіндей не болды сізге?

 Бойына үрей  ұялап қалған танысым – Ұлархан болатын.

Сол Ұлархан бүгін тағы да зәре-құтымды алды.

– Сен білесің бе, – деді маған. – Келер жылы ақырзаман болады дейді.

– Оны бір жаратушы ғана біледі ғой. Сіздікі не сөз! – дедім.

– Жоқ, бұл ғылыми дәлелденген нәрсе.

– Сонда ғылым не дейді?

– Ғылым айтады: экология бүлінді; ауа ыластанды; жер жарамсызданды; судың құрамы өзгерді...

– Ақырзаманның белгісі осы ма?

– Ол ғана емес. Енді адамдарды айтайын: бүгінгі ұрпақтың денсаулығы өте нашар; жүрек талмасы көп; өкпесі тесік балалар қаптады; қаны көтеріле беретін жастар аурухана жағалап жүр; бүйрек пен бауыр да...

– Оның ақырзаманға қандай қатысы бар?

– Ойбай-ау, – дейді Ұлархан күйіп-пісіп. – Бұдан өткен қандай ақырзаман керек! Адам түп-түгел ауру болса, табиғат түгел бүлінсе... одан кейін қандай өмір болмақ! Айтшы өзің, одан соңғы өмір не өзі!

Оны сөзден жеңу еш мүмкін емес. Сосын да қасынан қашып құтыласың. Тезірек кетіп қалуға тырысасың.

*   *   *

Бүгін тағы да автобусқа бірге мініп, қатар отыра қалып ек. Үш аялдамаға дейін малтасын езіп, құлағымды сарсытып жіберді.

– Сен мені дұрыс түсінбей жүрсің, – дейді. – Ойлануың керек. Ақырзаман болса, әне, терезеден қарап тұр.

Үндеген жоқпын.

Ол сонда да тоқтамады.

– Сенің де отбасың, бала-шағаң бар. Тым селқос болуың қалай? Адамзатқа ортақ апат аузын арандай ашып тұрса, сен үндемей...

– Әй, ағасы! – дедім күйіп кетіп. – Келсе келер енді! Алла өзі берген жанын өзі алар. Ең ақыры сол ғана емес пе!

Ұлархан маған шошына қарады.

Ұзақ қарады. Көпке дейін үндей алмай қалды.

Келесі аялдамадан түсуге беттей бергенімде тілі шығып:

– Сенің де психологияң бұзылыпты, – деді маған. – Сенен де қорқайын дедім.

*   *   *

Мен Ұлархан ағаны одан соң да әлденеше рет көрдім. Кездескен сайын сыпайы сәлемдесіп те қоям. Бас изейді де, менен тез-тез алыстап кете барады.

Ол қашқалақтаған сайын мен де өзімді ыңғайсыз сезінетін болдым. Расында да осы менің психологиям өзгеріп бара жатқан жоқ па екен! Қанша дегенмен-экология... Ауа ылас. Жер бүліне бастаған.

Осы кешеден бері сол ақырзаманды күтіп жүрген ана Ұлархан ба, жоқ мен бе –  түсіне алмай қала беретін болдым.

*   *   *

Елес айтады: «Әр кеудеде бір үрей ұялап жататыны рас-ақ».

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5241