Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Анық 11558 0 пікір 19 Маусым, 2014 сағат 12:19

Қазақстан коммунисттік халық партиясы - САЯСИ НОНСЕНС

Бүгін Астанада Қазақстанның коммунистік халық партиясы құрылғанына 10 жыл толуына орай мерекелік шара өткізіп жатыр.

Коммунистік партияның қандай партия екені, қазақ халқына қандай нәубет әкелгенін көзі ашық жұрттың бәрі де біледі. Өкінішке қарай, сол партия әлі де тірі. Әлемнің көптеген елдерінде тыйым салынған бұл партия Қазақстан еркін жұмыс істеп, Парламентте отыр.

Коммунисттік партияның не себепті әлі күнге саяси сахнадан түспей келе жатқаны жайлы саясаткер Әміржан Қосановтың пікірін білген еді.


Әміржан Қосанов, саясаткер:

Әрине, заңға салсақ, бізде коммунистік партия құруға тыйым салынбаған. Бірақ та, менің ойымша, лениндік-сталиндік зұлматты бастан кешірген, сол кезеңдерде ұлттық геноцидке ұшыраған Қазақстан секілді елде дәл сол большевиктік-коммунистік партияның болуы әрі биліктің қолдауына ие болуы – тарихи, саяси, керек десеңіз, моральдық нонсенс! Өзі кешегі коммунистік партияның шинелінен шыққан бүгінгі бас билік өкілдері әзірше ондай батыл қадамға баруы екі талай. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, бізде қоғам санасында десталинизация, декоммунизация үдерісі болған жоқ. Ел тарихындағы сол ауыр кезеңге, ондағы Компартияның жетекші роліне өркениетті түрде баға берілген жоқ. Миллиондаған қандастарымыздың өмірін қиған, тағдырына обал жасаған ол ауыр қылмыстар ресми түрде айыпталмады. Сол шараларды қолға алу керек!

Екінішіден, КНПК секілді қуыршақ партияның дүниеге келуінің себебін баршамыз білеміз. Сол кезде оппозициялық лагерьде белсенділік танытқан Серікболсын Әбділдин, Ғазиз Алдамжаров секілді тұлғалар басқарған Қазақстан Компартиясын бөліп-жару сцениарийінің бір жемісі ғой бұл КНПК. Биліктегілердің ел ішінде әлі де сақталып келе жатқан коммунистік идеяларды қолдайтын электоратпен (олардың дені – сталиндік режим туралы барлық шындықты тыңдағысы келмей, кешегі Совет Одағын, ондағы арзан картошка мен нанды аңсаушы аға ұрпақ өкілдері, бар болса халқымыздың екі-үш пайызы ғана болар) жұмыс істеу ниетінің бір формасы ғана. Керек кезде оларды сайлау кезінде пайдаланады. Қаласа, парламентке кіргізіп, улап-шулатып қояды. Ал олар болса, сол рольдеріне риза әрі мәз. КНПК секілді ұйымдардың жасанды өміршеңдігінің басты себебі де осы ниеттен құралып отыр. Өз басым, уақыт өте осы секілді, ескіні аңсаушы ұйымдар біртіндеп, өздерінен өздері саяси сахнадан кететініне нық сенемін! Өйткені тарихи даму логикасы соған ерте ме, кеш пе, өзі әкеледі!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963